9. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш рет кіретін азаматтарға жасасатын келісімшарт мерзіміне байланысты мынадай мөлшерде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді:
3 жылға - 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
5 жылға - 10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
10 жылға - 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде.
Көрсетілген ақшалай сыйақыларды төлеу келісімшарт жасаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
Алынған біржолғы ақшалай сыйақы:
1) осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызметтен шығарылған кезде;
2) егер әскери қызметті одан әрі өткерумен сыйыспайтын жаралануы, контузиясы, жарақаты, мертігуі немесе ауруы әскери қызметші заңға қарсы іс-қимыл жасаған немесе алкогольдік, есірткілік, уытты масаңдануы немесе өзіне қандай да бір дене жарақатын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтіруі себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, қайтаруға жатады.
Төленген біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару әскери қызметші әскери қызмет өткерген мемлекеттік органға әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізіледі.
Әскери қызметші әскери қызмет өткерген кезеңде қаза тапқан (қайтыс болған), әскери қызметті одан әрі өткерумен сыйыспайтын жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару жүргізілмейді.
10. Осы Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап:
1) «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1993 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 2, 32-құжат; № 18, 429-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; № 22, 133-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 23, 920-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат; 2003 ж., № 15, 135-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 2-3, 8-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 16, 129-құжат);
2) «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 14, 60-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2010 ж., № 10, 48-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 17, 136-құжат; 2011 жылғы 15, 16 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 15, 16 және 19 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2011 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 16-ы.
№ 561-IV