Қазақстан Республикасының
Заңы
Құқық бұзушылық профилактикасы туралы
(2014.07.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдарының және азаматтарының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік бейімдеу - қоғамдағы мінез-құлықтың нормалары мен қағидаларын қабылдауға және сақтауға қабілетті жеке адамды қалыптастыруға бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын шаралар кешені;
2) әлеуметтік оңалту - құқыққа қарсы мінез-құлқы бар адамға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, педагогтік көмек көрсетуге бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын шаралар кешені, сондай-ақ психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі;
3) заңға мойынсынушылық мінез-құлық - адамның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мінез-құлық нормаларына сәйкес келетін, адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін бұзбайтын саналы мінез-құлқы;
4) құқық бұзушылық профилактикасы - құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық шаралар кешені;
5) құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері - құқық бұзушылық профилактикасын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдары мен азаматтары;
6) құқықтық тәрбие - азаматтардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын, құқықтық санасын және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені.
2-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының осы Заңынан және өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері
1. Осы Заңның мақсаты құқық бұзушылық профилактикасы саласында бірыңғай мемлекеттік саясат белгілеу болып табылады.
2. Осы Заңның міндеттері:
1) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету;
2) құқық бұзушылық деңгейін төмендету;
3) құқық бұзушылық профилактикасы жүйесін жетілдіру, сондай-ақ оларға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою;
4) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және әлеуметтік оңалту;
5) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру;
6) азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру;
7) азаматтар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасына қатысуларын қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Құқық бұзушылық профилактикасының принциптері
Құқық бұзушылық профилактикасы:
1) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және сақтау;
2) заңдылық;
3) жариялылық;
4) құқықтар мен міндеттердің бірлігі;
5) ізгілік;
6) ғылыми негізділік;
7) жеке өмірге қол сұғылмаушылық;
8) құқық бұзушылық профилактикасында алдын алу шараларының жазалау шараларынан басымдығы;
9) кешенділік пен жүйелілік принциптеріне негізделеді.
2-тарау. Құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі республикалық ведомствоаралық комиссияны құрады және таратады;
4) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимылын және олардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;
5) құқық бұзушылық санының өсуіне әкеп соғатын дағдарыстық демографиялық процестерге жол бермеу, жұмыссыздықтың күрт өсуін және халықтың өмір сүру деңгейінің құлдырауын тежеу жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді;
6) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті
1. Жергілікті өкілді органдар:
1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) әкімнің ұсынуы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамын бекітеді;
3) жергілікті бюджеттерді құқық бұзушылық профилактикасына арналған шығыстар бөлігінде бекітеді және олардың орындалуын бақылайды;
4) азаматтар мен ұйымдардың осы Заңның нормаларын орындауына жәрдемдеседі;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Жергілікті атқарушы органдар:
1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимылын жергілікті деңгейде қамтамасыз етеді;
3) құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтар мен ұйымдарды есепке алуды жүргізеді, оларды көтермелеудің түрлері мен тәртібін айқындайды;
4) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі;
5) тиісті жергілікті өкілді органдарға құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамын бекіту үшін ұсынады және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
6) құқық бұзушылық профилактикасы жүйесінің ұйымдарын құруды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
7) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің ұсынылуын ұйымдастырады;
8) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;
9) азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті
Ішкі істер органдары:
1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) азаматтарға құқықтық тәрбие беруге қатысады, құқық тәртібінің жай-күйі және ішкі істер органдарының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыруы бойынша шаралар туралы қоғамдық пікірді зерделейді;
4) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
5) профилактикалық есепке алуды жүргізеді және профилактикалық бақылауды жүзеге асырады;
6) қоғамдық тәртіпті қорғауға және құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
7) күзет қызметі субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
8) өздеріне белгілі болған, өзге де құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға хабарлайды;
9) қылмыстық қудалауды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;
10) ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша арнаулы оқу курстарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
11) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды
11-1) сотталған адамдардың, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуді қамтамасыз етеді;
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 11-2) тармақшамен толықтырылды
11-2) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес сотталған адамдармен тәрбие жұмысын жүргізеді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8-бап. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың құзыреті
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдар:
1) сыбайлас жемқорлықтың қауіп-қатері туралы халықтың хабардарлығын арттырады;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Әділет органдарының құзыреті
Әділет органдары:
1) мемлекеттік органдардың құқықтық насихат жөніндегі қызметін үйлестіреді;
2) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін нормалар қабылдануының алдын алу мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларына заңдық сараптама жүргізеді;
3) 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) өздеріне белгілі болған, құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға хабарлайды;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Әскери полиция органдарының құзыреті
Әскери полиция органдары:
1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) әскери қызметшілерге құқықтық тәрбие беруге қатысады;
3) құқық бұзушылықтар профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
4) құқық бұзушылық жасауға бейім әскери қызметшілерді профилактикалық есепке алуды жүргізеді және оларға профилактикалық бақылауды жүзеге асырады;
5) әскери бөлімдер және мекемелер қолбасшылығымен құқық бұзушылық профилактикасы бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
6) өзге де құқық қорғау органдарына өздеріне белгілі болған, сол органдардың құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлайды;
7) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қылмыстық қудалауды, іс жүргізуді жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Прокуратура органдарының құзыреті
Прокуратура органдары:
1) Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасының дәл және біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады;
2) қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырады және арнаулы есепке алуды жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
1) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне құқықтық тәрбие беру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
2) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінде заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлейді және оларды білім беру ұйымдарының жұмыс практикасына енгізеді;
3) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері арасында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларды өткізеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
1) салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
2) алкогольдік ішімдіктерді үнемі пайдалануды, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуды ерте анықтау және олардың профилактикасы әдістемелерін әзірлейді;
3) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының құзыреті
Денсаулық сақтау ұйымдары:
1) салауатты өмір салтын насихаттауды жүргізеді;
2) наркологиялық, психологиялық, психиатриялық, емдеу-профилактикалық көмек көрсетеді және оны қажет ететін адамдарға медициналық оңалтуды жүргізеді;
3) алкоголизммен, нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын, психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамдарды анықтауды, есепке алуды және оларды байқауды жүзеге асырады;
4) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) құқық бұзушылықтан зардап шеккен адамдардың жәрдем сұрауы және оларға медициналық көмек көрсету фактілері туралы ішкі істер органдарына хабарлайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және кедейлікті азайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысады;
2) 2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесудің белсенді нысандарын қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
15-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган:
1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды дене шынықтыру және спорт сабақтарына тартуға жәрдемдеседі;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
16-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган:
1) бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық насихат жүргізуді қамтамасыз етеді;
2) бұқаралық ақпарат құралдарында құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін жазып-көрсетуге ықпал етеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17-бап. Азаматтар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасына қатысуы
1. Азаматтар мен ұйымдардың құқық бұзушылық профилактикасына қатысуы Қазақстан Республикасының осы Заңына және өзге де заңдарына сәйкес құқық бұзушылық профилактикасының басқа субъектілеріне ерікті түрде жәрдем көрсету жолымен жүзеге асырылады.
2. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысушы азаматтар мен ұйымдар өздерінің қызметін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және сақтау принциптері негізінде жүзеге асырады.
3. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысушы азаматтар мен ұйымдар өздерінің қызметін:
1) құқықтық насихатты ұйымдастыруға қатысу;
2) консультативтік-кеңесші және сараптама органдарының жұмысына қатысу;
3) құқық бұзушылық профилактикасының басқа субъектілеріне жәрдемдесу арқылы жүзеге асырады.
18-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру
1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру құқық бұзушылықтың уақтылы алдын алу, анықтау және жолын кесу, оларды жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі келісілген іс-әрекеттерді әзірлеу және оларды өздері жүзеге асыру арқылы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасындағы құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіруді құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар жүзеге асырады.
Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылады.
3. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Ведомствоаралық комиссиялар қызметінің негізгі міндеттері:
1) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру;
2) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері қызметінің тиімділігін бағалау;
3) Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы құжаттарының іске асырылу барысын қарау;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының қарауына құқық бұзушылық профилактикасы шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
6) адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөнінде шаралар қолдану;
7) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша ақпараттық материалдарды дайындау және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне, тиісті жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жіберу;
8) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері басшыларының және лауазымды адамдарының жүргізген жұмыстары туралы есептерін тыңдау және олардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
9) мемлекеттік органдарға және ұйымдарға лауазымды адамдарды құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде шаралар қолданбағаны үшін тәртіптік және өзге де жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізу болып табылады.
4. Ведомствоаралық комиссиялардың құрамы, өкілеттіктері және қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін ережелермен айқындалады.
19-бап. Үйлестіру қызметінің нысандары
1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіруді құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар мынадай негізгі:
1) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу;
2) ақпаратпен алмасу;
3) оң тәжірибені зерделеу және тарату;
4) бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу;
5) отырыстар мен кеңестер өткізу;
6) бюллетеньдер (жинақтар) және басқа да ақпараттық басылымдар шығару нысандарында жүзеге асырады.
2. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері өздеріне белгілі болған, мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын, дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға дереу хабарлауға міндетті.
3-тарау. Құқық бұзушылық профилактикасының шаралары
20-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы шараларының жүйесі
Құқық бұзушылық профилактикасы жалпы, арнаулы және жеке шаралар арқылы жүзеге асырылады.
21-бап. Құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шаралары
Құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шаралары:
1) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қорғау жөніндегі шараларды;
2) экономиканы, әлеуметтік саланы, құқық қорғау қызметін басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жоюға, сондай-ақ құқық бұзушылық профилактикасын нормативтік, ақпараттық, әдістемелік және ресурстық қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған ұйымдастырушылық-басқарушылық шараларын;
3) азаматтардың жалпы, тұрмыстық және құқықтық мәдениетін арттыратын, жалпы адамзаттық құндылықтарға, заңға мойынсынушылық мінез-құлыққа, құқыққа қарсы мінез-құлыққа төзбеушілікке бағдарланған адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру арқылы криминогендік факторларды жоятын немесе шектейтін идеологиялық шараларды;
4) құқық бұзушылық жасауға тосқауыл болатын ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы іске асырылады.
22-бап. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
23-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары
1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары адам не адамдардың шектеулі тобы тарапынан құқық бұзушылық жасаудың алдын алу, сондай-ақ оны жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою мақсатында олардың құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін қолданылады.
2. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары:
1) профилактикалық әңгімелесу;
2) қорғау нұсқамасы;
3) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс;
4) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;
5) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу;
6) профилактикалық есепке алу және бақылау;
7) әкімшілік жаза қолдану;
8) ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қамқоршыларды және қорғаншыларды өздерінің міндеттерін орындаудан босату және шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу;
9) сот үкімі бойынша қабылданатын шаралар;
10) әкімшілік қадағалау орнату;
11) жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу болып табылады.
3. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары оған қатысты қолданылатын адамның жеке ерекшеліктері, оның жасаған құқық бұзушылығының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен деңгейі ескеріле отырып айқындалады.
4. Мүдделі адамдар құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.