4) мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдар - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орган;
5) ішкі істер органдары - қоғамдық тәртіпті сақтауды, қылмысқа, есірткі заттары мен қарудың заңсыз айналымына, бақылаусыз көші-қонға қарсы күресті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын, қылмыстық жазалардың орындалуын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыратын атқарушы органдар;
6) Қорғаныс министрлігі - мемлекеттің қорғаныс қабілетін, Қарулы Күштердің тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтап тұратын және қамтамасыз ететін, өз құзыреті шегінде сыртқы барлауды, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылды, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын, халықаралық бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін іске асыруды, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін, шет елде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
8) байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігі мен байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлейді, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын, жұмылдыру даярлығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын, ішкі және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгіленген құзырет шегінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
12) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган - агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган - көлік-коммуникация саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) қаржы саласындағы уәкілетті орган - қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданатын, салық, кеден және бюджет заңнамасының сақталуын, мемлекеттік мүліктің ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, экономикалық және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қызмет саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, оларды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
15) индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган - елдің экономикасында өнеркәсіп пен өндірістің индустриялық-инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
16) энергетика саласындағы уәкілетті орган - экономиканың энергия және энергия ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыруды, отын-энергетика кешенін дамытуды, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган - азаматтық қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) әділет органдары - мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы органдар;
19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган - әлеуметтік және еңбек қатынастарында, халықты жұмыспен қамтуда заңдылықтың сақталуын және келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
20) мәдениет саласындағы уәкілетті орган - қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
21) білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган - сапалы және қолжетімді білім беруді, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
22) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - халық денсаулығын қорғауды, аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
23) туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган - Қазақстанда туризмнің, бұқаралық спорттың дамуын, ел халқының дене шынықтыру мәдениетін нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
24) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті орган - жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
25) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
26) бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзудың алдын алуды, анықтауды және жолын кесуді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
27) жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган - жер қойнауын геологиялық зерделеу, ұтымды және кешенді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат пен бақылаудың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдалану саласында өзге де функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
28) дін істері жөніндегі уәкілетті орган - діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі - қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін Қазақстан Республикасының орталық банкі;
30) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті - бюджет қаражатын, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының бұзылуын анықтауды, жоюды және оны бұзуға жол бермеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ республикалық бюджетке түсімдердің толық және уақтылы түсуіне, салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігіне бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылаудың жоғары органы.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыреттері шегiнде:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар етеді, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргізеді;
5) іс-әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауіп төнуіне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiсті жауаптылыққа тартады.
16-бап. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiктерi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегiнде:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады және жұмыс ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етедi.
4-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегi адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi
1. Қазақстан Республикасы заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағында әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген Қазақстан азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен және конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты ғана шектелуі мүмкін. Бұл ретте аталған адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен тиісті мемлекеттік органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуi жөнiнде түсiніктер алуға құқылы.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланған лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жәрдемдесетін адамдарға мемлекеттiк қолдауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтық жағынан қорғалуына кепiлдiк берiледi.
18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар
1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң аражiгi нақты ажыратылған және олардың үйлесімді жұмыс iстеуi қамтамасыз етілген кезде дәйектілікпен iске асырылатын мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткізіледі.
2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билігіндегі барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:
1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;
2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:
1) мемлекеттің осы саладағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындау;
2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауіп-қатердi, сондай-ақ шет елде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын ілгерілету мүмкіндіктерін анықтау және болжау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауіп-қатердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қауіп-қатердi туындататын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;
4) ұлттық қауіпсіздікке тiкелей қауіп-қатер төнген, оған қол сұғушылық болған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетішілік, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған кезде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;
5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен iс-әрекеттердi кідіріссіз қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттердiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын жүзеге асыру;
6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделер қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.
4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құрылуы мүмкін.
Осы Заңның 15-бабына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белгілі бір саласында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың басшылары ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың басшылары болып табылады.
Ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың құрамына өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді.
19-бап. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Қоғамдық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепiлдiктерiн нығайтуға;
2) қазақстандық отаншылдыққа және ұлтаралық келісімге негiзделген мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға;
3) Қазақстан халқының бiрлiгiн және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;
4) халықтың табиғи өсiмiн сақтап тұруға және дағдарысты демографиялық процестерге қарсы іс-қимыл жасау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;
5) қылмысқа, оның iшiнде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрестi күшейтуге;
6) жұмыссыздықтың өсуiн және халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тежеуге;
7) халықтың денсаулығы мен имандылығына, Қазақстан халқының гендік қорына қауiп төндiретiн нашақорлықтың, уытқұмарлық пен маскүнемдiктiң, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк факторлардың алдын алуға;
8) елдiң зияткерлік әлеуетiнiң төмендеуiне жол бермеуге;
9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге;
10) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Мыналарға:
1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйiн нашарлатуға;
2) қоғамдық келісімді бұзуға;
3) қоғамдық және діни бірлестіктердің мемлекет iстерiне және мемлекеттiң қоғамдық және діни бірлестіктердің істеріне заңсыз араласуына;
4) қылмыстың және құқық бұзушылықтың өсуiне;
5) білім беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен сапасының төмендеуіне;
6) тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылуына;
7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге әкеп соғуға көрiнеу ықпал ететiн шешiмдер қабылдау мен іс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.
3. Қоғамның саламаттылығына нақты қауіп-қатер туғызатын аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының аумағында жүрген және қоғам саламаттылығына қауіп-қатер туғызатын инфекциялық аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен шығарып жіберілуге жатады.
20-бап. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Әскери қауіпсіздік:
1) мемлекеттің қорғаныс қабілетінің қажетті деңгейін сақтап тұрумен;
2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығын сақтап тұрумен;
3) экономиканың жұмылдыру дайындығы мен елдің халқын жұмылдыруға даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құрумен;
4) қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық құрылымдарының шеңберіндегі әскери ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенімді күшейту және әскери қауіптілік деңгейін төмендету мақсатында ядролық қарусыздану бастамасын ілгерілетумен;
5) Азаматтық қорғаныстың ел халқы мен аумағын қорғау дайындығын сақтап тұрумен қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың мiндетi:
1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайтуға;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындық деңгейiн сақтап тұруға және арттыруға;
3) жұмылдыру қуаттарын сақтауға және жұмылдыру резервтері жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығына нұқсан келтiретін шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:
1) Қазақстан аумағында шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери базаларын орналастыруға;
4-тармағының 2) тармақшаcы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы транзитіне жол берiлмейдi.
5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.
21-бап. Саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Саяси қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) конституциялық құрылыстың негіздерін, мемлекеттік егемендікті және аумақтың тұтастығын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;
2) саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға;
3) мемлекеттік органдардың қызметін және мемлекеттік басқару тәртібін жетілдіруге;
4) мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
5) қоғамның саяси мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Азаматтардың, оның iшiнде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң:
1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе күштеп өзгертуге, оның iшiнде терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлiнбестігіне қол сұғатын өзге де iс-әрекеттерге;
2) билiктi басып алуға;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгiн күштеп тоқтатуға немесе қызметiне кедергi келтiруге;
4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлi дiни көзқарастарды саяси, экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi және заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.
3. Мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары басшыларының мiндетi болып табылады және олардың қызметтiк iс-қимылын бағалау өлшемдерiнiң бiрi ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерi өз қызметiнде жалпы мемлекеттiк мүдделердi басшылыққа алуға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк биліктің беделiне күмән келтiретін, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетін шешiмдер қабылдауына және iс-қимылдар жасауына тыйым салынады.
4. Мемлекет:
1) мемлекеттiк қызметтiң беделi мен абыройын арттыруға;
2) белгiленген талаптарға сай келмейтiн адамдардың мемлекеттiк қызметке кiруiне жол бермейтiн ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiртұтас жүйесiнiң;
2) Қазақстан Республикасының бiртұтас құқықтық жүйесiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.
6. Қазақстан Республикасына қарсы бүлдіру әрекетін жүзеге асыратын, Қазақстанның егемендiгiне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бiрлiгiне, елдегi қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа жария түрде қарсы шығатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ егер олар террористiк әрекетi үшiн сотталған болса не сот оларды аса қауiптi рецидивистер деп таныса, олардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұндағы жария әрекеттерге жол беретін шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен шығарып жіберілуге жатады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылықта болады.
22-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Экономикалық қауіпсіздік мыналарды:
1) мемлекет қаржы жүйесінің тұтастығын, тәуелсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті, оның нақты және ықтимал қауіп-қауіптерден қорғалу жай-күйін көздейтін қаржылық қауіпсіздікті;
2) мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейтін азық-түлік қауіпсіздігін;
3) мемлекет қоғам мен мемлекеттің энергия ресурстарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін энергетикалық тәуелсіздік пен экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті олардың нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалу жай-күйін көздейтін энергетикалық қауіпсіздікті;