18-тарау. Сот шешімі және оны атқару тәртібі
217-бап. Шешім шығару
1. Істі мәні бойынша шешетін бірінші сатыдағы сот қаулысы шешім нысанында шығарылады.
2. Шешім кеңесу бөлмесінде шығарылады. Бұл бөлмеде өзге адамдардың болуына жол берілмейді. Жұмыс уақытының аяқталуына қарай, сондай-ақ жұмыс күні ішінде сот (судья) кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жариялауға құқылы.
218-бап. Шешімнің заңдылығы және негізділігі
1. Сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
2. Сот шешімді сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
219-бап. Шешім шығарған кезде шешілетін мәселелер
1. Шешім шығарған кезде сот дәлелдемелерге баға береді, іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенін, осы іс бойынша қандай заң қолданылуға тиісті екенін және қойылған талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды.
2. Сот істі талап қоюшы талаптардың шегінде шешеді. Алайда талап қоюшының келісуімен сот, егер бұл талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін қажет деп таныса, сондай-ақ көзделген басқа да жағдайларда, талап қоюшы мәлімдеген талаптардың шегінен шығуы мүмкін.
3. Сот іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайларды анықтауды немесе дәлелдемелерді қосымша зерттеуді қажет деп тапса, істі мәні бойынша қарауды қайта жалғастыру туралы ұйғарым шығарады. Сот істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот жарыссөздерін, ал осы Кодекстің 213-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 220-бап өзгертілді
220-бап. 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 221-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
221-бап. Шешімнің мазмұны
1. Шешім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешім кіріспе, сипаттау, дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
3. Шешімнің кіріспе бөлігінде шешімнің шығарылған күні мен орны; шешім шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер; даудың нысанасы немесе мәлімделген талап көрсетіледі.
4. Шешімнің сипаттау бөлігі талап қоюшының талаптарын, жауапкердің наразылығын және іске қатысушы басқа адамдардың түсініктемелерін қамтуға тиіс.
5. Шешімнің дәлелдеу бөлігінде істің сот анықтаған мән-жайлары, құқықтар мен міндеттер туралы соттың қорытындылары негізделген дәлелдемелері; сот қабылдамай тастаған белгілі бір дәлелдемелердің негіздері, және сот басшылыққа алған заңдар көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда дәлелдеу бөлігінде талап қоюдың танылғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
6. Шешімнің қарар бөлігі талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы сот қорытындысын, сот шығындарының бөлінуін, шешімге шағым беру мерзімдері мен тәртібін көрсетуді, сондай-ақ өзге де қорытындыларды қамтуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде жазады және оған қол қояды. Шешімге түзету судьялардың қол қоюының алдында айтылуға тиіс.
222-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы шешім
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру кезінде сот дауға түсіп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп таниды, азаматтың талабын қанағаттандыруды міндеттейді, оған қолданылған жауаптылық шараларын жояды не оның нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын өзгедей әдіспен қалпына келтіреді. Нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімнің қарар бөлігінде ол қабылданған кезден бастап бұл акті қолданылмайды деп есептелетіні көрсетілуі мүмкін.
2. Соттың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабарлама нормативтік құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
223-бап. Ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім
Сот ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім шығарған кезде шешімнің қарар бөлігінде өндірілетін ақша сомасының мөлшерін және валюта түрін цифрмен және сөздермен көрсетеді.
224-бап. Атқару құжатының немесе өзге құжаттың күші жойылды деп тану туралы шешім
Өндіріп алу даусыз (акцептсіз) тәртіппен, оның ішінде нотариустың атқарушы жазбасының негізінде жүргізілетін атқару құжатының немесе өзге құжаттың күші жойылды деп тану туралы дау бойынша талап арызды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлігінде атқарылуға тиісті емес құжаттың атауы, нөмірі, күні және есептен шығарылуға жатпайтын сома көрсетіледі.
225-бап. Шартты жасасу немесе өзгерту туралы шешім
Шарт жасасу немесе өзгерту кезінде туындаған дау бойынша қарар бөлігінде шарттың әрбір даулы жағдайы бойынша шешім көрсетіледі, ал шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы дау бойынша шарттың түрі және тараптар шарт жасасуға міндетті талаптар көрсетіледі.
226-бап. Мүлікті немесе оның құнын алып беру туралы шешім
Мүлік заттай алып берген кезде сот шешімде оның дербес - белгілі бір белгілерін және, егер шешімді орындау кезінде алып берілетін мүлік болмай қалса, жауапкерден өндірілуге тиіс мүліктің құнын көрсетеді.
227-бап. Жауапкерді белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттейтін шешім
1. Жауапкерді мүлік немесе ақша сомаларын берумен байланысты емес белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттейтін шешім шығарған кезде сот сол шешімде, егер жауапкер шешімді белгіленген мерзім ішінде орындамаса, онда талап қоюшының бұл әрекеттерді соттың ұйғарымы бойынша жауапкердің есебінен қажетті шығындарды өндіріп ала отырып жасауға құқылы екенін көрсете алады.
2. Егер аталған әрекеттерді тек жауапкер жасай алатын болса, сот шешімде шешім орындалуға тиіс мерзімді белгілейді.
228-бап. Бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шешім
1. Бірнеше талапкердің пайдасына шешім шығарғанда сот шешімнің олардың әрқайсысына қандай үлесі қатысты екенін көрсетеді немесе өндіріп алу құқығы ортақ болатынын көрсетеді.
2. Бірнеше жауапкерге қарсы шешім шығарғанда сот әр жауапкердің шешімнің қандай үлесін орындауға тиіс екенін көрсетеді немесе олардың жауаптылығының ортақ болатынын көрсетеді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 229-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
229-бап. Шешім жасау
Іс талқыланғаннан кейін дереу шешім шығарылады. Дәлелді шешім жасау бес күннен аспайтын мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін, бірақ шешімнің қарар бөлігін сот істі талқылау аяқталған отырыста жария етуге тиіс. Шешімнің жарияланған қарар бөлігіне судья қол қоюға және ол іс материалына тіркелуге тиіс.
230-бап. Шешімдегі қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзету
1. Іс жөнінде шешім жарияланғаннан кейін шешім шығарған соттың оны жоюға немесе өзгертуге құқығы жоқ.
2. Сот өз бастамашылығымен немесе іске қатысушы адамдардың арызы бойынша шешімде жіберілген қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзете алады. Түзетулер енгізу туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысушы адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі түзетулер енгізу туралы мәселені қаруға кедергі болмайды.
3. Шешімге түзетулер енгізу туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 231-бап өзгертілді
231-бап. Қосымша шешім
1. Іс бойынша шешімге қаулы қабылдаған сот іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен мынадай жағдайларда:
1) іске қатысушы адамдар дәлелдемелер ұсынған және түсініктемелер берген қандай да бір талап бойынша шешім шығарылмаса;
2) егер сот құқық туралы мәселені шеше отырып, алып берілген соманың, берілуге тиісті мүліктің мөлшерін немесе жауапкер жасауға тиісті әрекеттерді көрсетпесе;
3) егер сот шығындары туралы мәселені сот шешпесе;
4) егер сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi сот шешпесе, қосымша шешiм шығара алады.
2. Қосымша шешім шығару туралы мәселе шешім орындалатын мерзімнің шегінде қойылуы мүмкін. Мәселе сот отырысында қаралғаннан кейін сот қосымша шешім шығарады және оған шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін. Іске қатысушы адамдарға сот отырысының уақыты және орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі қосымша шешім шығару туралы мәселені қарауға кедергі болмайды.
3. Қосымша шешім шығарудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 232-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
232-бап. Шешімді түсіндіру
1. Шешім түсініксіз болған жағдайда істі қараған сот іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша, сондай-ақ сот орындаушысының өтініші бойынша шешімді оның мазмұнын өзгертпей түсіндіруге құқылы. Шешімді түсіндіруге ол әлі орындалмаған және шешім мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін мерзім өткенге дейін жол беріледі. Сот шешімді түсіндіру туралы өтінішті, өтінішті өтініш қабылданған күннен бастап он күн мерзімде қарауға міндетті.
2. Шешімді түсіндіру туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысушы адамдарға, сондай-ақ қарау нысанасы оның түсіндіру туралы өтініші болған жағдайларда сот орындаушысына сот отырысының уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі шешімді түсіндіру туралы мәселені қарауға кедергі болмайды.
3. Соттың шешімді түсіндіру туралы ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
233-бап. Шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, шешімді орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерту
1. Істі қараған сот іске қатысушы адамдардың арызы бойынша тараптардың мүліктік жағдайын немесе басқа да мән-жайларды негізге ала отырып, шешімнің орындалу мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға, сондай-ақ оны орындаудың әдісі мен тәртібін өзгертуге құқылы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған арыздар сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарланады, бірақ олардың келмеуі соттың алдына қойылған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оны орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерту туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 234-бап өзгертілді
234-бап. Алып берілген ақша сомаларын индекстеу
1. Сот мүдделі адамның арызы бойынша сот актісімен төлеттірілген ақшалай сомаға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сот актісі орындалған күнгі қайта қаржыландырудың ресми ставкасына сүйене отырып, тиісті индекстеу жүргізе алады.
2. Алып берілген сомаларды индекстеу туралы арыз сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі соттың алдына қойған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Алып берілген ақша сомаларын индекстеу туралы сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 235-бап өзгертілді; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 235-бап өзгертілді
235-бап. Сот шешімінің заңды күшіне енуі
1. Бірінші сатыдағы соттың шешiмдерi, егер оларға шағым немесе наразылық келтiрiлмесе, оларға апелляциялық шағымдану, наразылық келтiру мерзiмi өткен соң заңды күшiне енедi.
1-1. Мамандандырылған қаржылық соттың қаржы ұйымдарын немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімдері олар қабылданған күннен бастап заңды күшіне енеді және дереу орындалуға жатады.
1-2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот шешімі қабылданған күнінен бастап заңды күшіне енеді.
2. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Аппеляциялық тәртіппен шағым немесе наразылық берілген жағдайда, шешім, егер оның күші жойылмаған болса, апелляциялық сатыдағы сот қаулыны жария еткен кезден бастап заңды күшіне енеді.
4. Шешім заңды күшіне енгенде тараптар және іске қатысушы басқа да адамдар, сондай-ақ олардың құқық мирасқорлары сотта бұрынғы негіздер бойынша бұрынғы талап қою талаптарымен қайтадан арыздана алмайды, сондай-ақ сот анықтаған фактілер мен құқықтық қатынастарды басқа процесте даулай алмайды.
5. Егер жауапкерден мезгіл-мезгіл төлем өндіріп алу шешімі заңды күшіне енгеннен кейін төлемдердің мөлшерін айқындауға немесе олардың ұзақтығына әсер ететін мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы төлемдердің мөлшері мен мерзімдерін өзгертуді талап етуге құқылы.
11.07.01 ж. № 238-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 224-III (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.02.04. № 262-IV (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен; 2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара)ж 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 236-бап өзгертілді
236-бап. Шешімді орындау
1. Шешім, дереу орындалатын жағдайлардан басқа, ол заңды күшіне енгеннен кейін, заңмен белгіленген тәртіп бойынша орындалады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2 бөлігі өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-тармаққа өзгерістерді қараңыз - 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңы (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады, ол өндiрiп алушыға берiледi не оның жазбаша өтiнiшi бойынша сот оны аумағы бойынша тиісті әділет органына орындау үшiн жiбередi.
Мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндіріп алынған, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залал өндіріп алынған, алимент өндіріп алынған, тарабы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге де зақым келуден, асыраушысынан айрылуынан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда сот өз бастамасымен атқару құжатын аумағы бойынша тиісті атқарушылық іс жүргізу органына орындауға жолдайды.
3. Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы жазылып, шешім шығарылғаннан кейін дереу орындауға жіберіледі.
4. Атқару парақтарын (бұдан әрi - атқару құжаттарын) бірiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтқан күннен бастап үш тәулiк iшiнде жазады және оларда:
атқару құжатын берген соттың атауы;
істің нөмірі және шешім шығарылған күн;
шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);
шешімнің күшіне енген уақыты;
атқару құжаты берілген күн;
өндіріп алушының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер мен сәйкестендiру нөмiрi, немесе, егер өндіріп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жері не Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен мәліметтер, банк реквизиттері мен салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
борышкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, оның жұмыс орны мен жұмыс орнының банк реквизиттері туралы мәліметтер (егер істің материалдарында бар болса), оның банк реквизиттері мен сәйкестендiру нөмiрi (егер істің материалдарында бар болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жері не Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен мәліметтер (егер істің материалдарында бар болса), банк реквизиттері мен сәйкестендiру нөмiрi көрсетілуге тиіс.
Атқару парағының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
5. Соттың әрбір шешімі бойынша бір атқару парағы беріледі. Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаса, атқару құжатына талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар туралы құжаттардың көшірмелері, егер оның ішінде талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тұрған жері және оның сақталуына жауапты тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттардың көшірмелері іс материалдарында бар болса, қоса тіркеледі. Егер атқару әртүрлі орындарда жүргізілетін болса не егер шешім бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шығарылған болса, сот өндіріп алушылардың өтініші бойынша атқару орнын дәл көрсетіп не осы атқару құжаты бойынша атқарылуға тиіс шешімнің сол бөлігін көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазады. Сот атқару парағына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшiрмесiн қоса тiркейдi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6 бөлігі өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Әділет органдары сот шешімі орындалған жағдайда он жұмыс күні ішінде шешім шығарған сотты бұл жайында хабардар етуге не орындаудың белгіленген процестік мерзімі өткен соң орындалмаудың себептері туралы жазбаша ақпарат беруге тиіс.
Аткарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.
Сот атқарушылық құжатты аумағы бойынша тиісті әділет органына жіберген жағдайда немесе егер атқарушылық құжат өндіріп алушыға сот шешімінің орындалғаны туралы оған хабардар етілгенге дейін берілсе борышкер өндіріп алушыны хабардар етеді.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 237-бап өзгертілді
237-бап. Дереу орындауға жататын шешімдер
Мынадай:
1) алимент алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақы, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) мертігуден немесе денсаулықты өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келген зиянды, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа өтеу туралы;
5) ереуілді заңсыз деп тану туралы;
6) қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
7) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік іс-әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы;
8) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы шешімдер дереу орындалуға жатады.
238-бап. Соттың шешімді дереу орындауға жіберу құқығы
1. Егер айрықша жағдайлардың салдарынан шешімді орындаудағы кідіріс өндіріп алушыны елеулі зиянға әкеп соғуы мүмкін болса немесе шешімді орындау мүмкін болмаса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша шешімді дереу орындауға жібере алады.
2. Шешім дереу орындауға жіберілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешімінің күші жойылған жағдайда шешімнің кері орындалуын қамтамасыз етуді талап ете алады.
3. Шешімді дереу орындау туралы мәселе, шешімі шығарылған кезде шешілмесе, сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі сот шешімін дереу орындау туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Шешімді дереу орындау туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым, наразылық беру бұл ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.
239-бап. Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету
Сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды осы заңда белгіленген ережелер бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот бұл іс-әрекеттерді сот қаулыларын орындауға құқығы бар органға атқару парағын орындау үшін жібергенге дейін жүргізеді.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 240-бап өзгертілді
240-бап. Сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, оны орындау әдісі мен тәртібін өзгерту, бітімгершілік келісімді бекіту
1. Іс бойынша шешімге қаулы қабылдаған немесе бұйрық шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысы орындалатын жердегі сот өндіріп алушысы мемлекет болып табылатын атқарушылық іс жүргізу бойынша мемлекеттік сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және атқарушылық іс-әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкін емес ететін мән-жайлар болған кезде атқарушылық іс жүргізудегі тараптардың өтініші бойынша оны орындау тәсілін немесе тәртібін өзгерте алады.
Сот атқарушылық іс жүргізу тараптарының өтініші бойынша сот қаулысын орындауды кейінге қалдыра алады немесе мерзімін ұзарта алады, сондай-ақ бітімгершілік келісімді бекіте алады.
2. Сот орындаушысының өтініші немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы сот отырысында қаралады. Іске қатысушы тұлғаларға отырыс өтетін уақыт және орын хабарланады, алайда олардың келмеуі соттың алдына қойған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Орындауды кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, сондай-ақ оның орындалу әдісі мен тәртібінің өзгеруі туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына жеке шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
4. Осы баптың ережелері бойынша кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту немесе тараптардың сот бекіткен бітімгершілік келісім немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім әдісін өзгерту жүргізілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 240-1-баппен толықтырылды
240-1-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару
Заңды күшiне енiп, толық немесе iшiнара орындалған сот шешiмiнiң күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе бір бөлiгiнде бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған не iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы немесе талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған жағдайда талапкерден күшi жойылған шешiм бойынша алғанының бәрi өндiрiлiп алынады (шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару).
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 240-2-баппен толықтырылды
240-2-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарау
1. Күшi жойылған шешiмдi орындау орын алған iс бойынша жаңа шешiм шығарған сот жауапкердiң жазбаша арызы бойынша орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарайды және бұл мәселенi жаңа шешiммен шешедi.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындауды қайта бұрып атқару мәселесiн шешпесе, жауапкердiң шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызы iске қатысушы адамдарды, ал қажет болған жағдайда күшi жойылған шешiмдi орындаған органды да хабарландыра отырып, соттың бөлек отырысында қаралады. Аталған адамдар шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды қараудың орны мен уақыты туралы хабарландырылады, алайда олардың сот отырысына келмей қалуы орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешу үшiн кедергi болмайды.
3. Шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағым немесе наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 240-3-баппен толықтырылды; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 240-3-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
240-3-бап. Апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысы сотының шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешуi
Апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы сот бірiншi сатыдағы сот шешiмiмен бұрын күшi жойылған шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе шешiлмеген iстi қараған кезде, бұл мәселенi iсте бірiншi сатыдағы соттың күшi жойылған шешiмiнiң орындалғаны туралы анық деректер болғанда ғана шешедi. Басқа жағдайда орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселе осы Кодекстiң 240-2-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шешiледi.