2. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында спутниктік навигациялық қызметтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ұсынады.
19-бап. Ғарыш зымыран кешендерiн пайдалану
1. Ғарыш зымыран кешендерi ғарыш объектілерін ғарыш кеңістігіне ұшыруға арналған.
2. Ғарыш зымыран кешендерiн қолдану арқылы ғарыш объектілерін ұшыру Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібіне сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң шешімі болған кезде жүзеге асырылады.
4-тарау. ҒАРЫШ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
20-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы объектілері
1. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы объектілері оның ғарыш саласының негiзiн құрайды және:
1) жерүстi ғарыш инфрақұрылымының объектiлерiн;
2) ғарыш объектiлерiн қамтиды.
2. Ғарыш инфрақұрылымы объектілері стратегиялық объектілер болып табылады.
21-бап. Жерүстi ғарыш инфрақұрылымы объектілері
Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілеріне мыналар жатады:
1) ғарыш зерттеулерінің ғылыми-эксперименттік базасы;
2) ғарыш қызметін қамтамасыз етуге арналған ғарыш техникасы мен ғарыш зымыран кешендері өндірісінің құралдары;
3) ғарыш айлақтары;
4) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандары;
5) ғарыш объектілерін басқаратын жерүсті кешендері;
6) ғарыш объектілерінен ақпарат қабылдауға, оны өңдеу мен таратуға арналған жерүсті нысаналы кешендер.
Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің сақталуы және қауіпсіз пайдаланылуы мақсатында, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлшектер құлайтын аудандарды қоспағанда, күзет аймақтары - солардың шегінде аймақтарды белгілеу мақсатымен сыйыспайтын қызметке шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын жер учаскелері белгіленеді.
22-бап. Ғарыш техникасы өндірісінің құралдары
1. Ғарыш техникасы өндiрiсiнiң құралдарына ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюролары мен құрастыру-сынау кешенi жатады.
2. Қазақстан Республикасы үшiн жасалатын ғарыш техникасы өндiрiсiне арналған мемлекеттiк тапсырмалардың тiзбесiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
23-бап. «Байқоңыр» ғарыш айлағы
1. Байқоңыр» ғарыш айлағы ғарыш инфрақұрылымының құрамдас бөлігі болып табылады және оған техникалық, ұшыру, қондыру кешендері, ғарыш объектілерін ұшыруды дайындауға және жүзеге асыруға арналған жер учаскелері кіреді.
2. «Байқоңыр» ғарыш айлағы стратегиялық объект болып табылады және жекешелендіруге жатпайтын мүлiктiк кешенді білдіреді.
24-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерін таңбалау
Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерінде уәкілетті орган халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайтын таңбалар болуға тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
25-бап. Ғарыш объектілерін және техникалық құралдарды кәдеге жарату
Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері және техникалық құралдар уәкілетті орган және халықаралық шарттар айқындайтын тәртіппен кәдеге жаратылуға жатады.
26-бап. Ғарыш саласы объектісін жалға беру
Ғарыш саласы объектісін ғарыш қызметінің халықаралық немесе шетелдік қатысушысына жалға беру тәртібі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
5-тарау. ҒАРЫШ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ
27-бап. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
1. Ғарыш қызметі адамдар денсаулығының сақталуы мен қоршаған ортаның қорғалуы, жеке және заңды тұлғалар мүлкінің қорғалуы қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады.
Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін уәкілетті орган - белгіленген қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде қамтамасыз етеді.
2. Ғарыш қызметін жүзеге асыру салдарынан туындаған жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залалды өтеу ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі.
Зиян жәбірленушінің еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, оның емделуіне және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындар, аурудың күтіміне байланысты шығындар ескеріле отырып, толық көлемде өтелуге жатады.
3. Ғарыш объектісін штаттық ұшыру жүргізілгенге дейін ғарыш қызметіне қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тасымалдағыш зымыраннан бөлінетін бөліктердің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан құлау аудандарының координаттарын жолдайды.
4. Ғарыш объектісін ұшыруды жүргізу салдарынан адамдар немесе жануарлар өлімі болған, сондай-ақ азаматтарға және қоршаған ортаға залал келтірілген жағдайда, ғарыш қызметіне қатысушылар келтірілген залалды осы баптың 2-тармағына сәйкес өтеуге тиіс.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Шетелдік жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі ғарыш объектісі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдармен алдын ала келісілген жағдайда оның ғарыш кеңістігіне шығарылуы немесе Жерге қайтып оралуы процесінде ол Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы қауіпсіз ұшып өтуін жүзеге асыра алады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-бап. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезіндегі аварияларды тексеру
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тексерілуге жатады.
29-бап. Ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған қоршаған ортаны және өңірлердегі халық денсаулығының жай-күйін экологиялық бақылау
1. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингін қоршаған ортаны қорғау, жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізеді.
2. Ғарыш қызметіне қатысушылар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаға өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
3. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау және денсаулық caқтау саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш қызметін жүзеге асыруға байланысты қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар саласындағы ақпарат ашық болып табылады, ол хабар тарату және байланыс жүйесін пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуға жатады.
30-бап. Ғарыш қызметіндегі тыйым салулар мен шектеулер
1. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіруге;
2) жаппай қырып-жою қаруын орбитаға шығаруға, ғарыш кеңістігінде орналастыруға;
3) ғарыш техникасын және (немесе) аспан денелерін қоршаған ортаға теріс әсер ету үшін пайдалануға;
4) ғарыш кеңістігінің ластануы жөніндегі халықаралық нормалар мен стандарттарды бұзуға тыйым салынады.
2. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірілген, қоршаған ортаға материалдық нұқсандар немесе залал келтірілген кезде жекелеген жоба шеңберіндегі ғарыш қызметі Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес шектеледі немесе оған тыйым салынады.
6-тарау. ҒАРЫШКЕРЛІККЕ КАНДИДАТТЫҢ, ҒАРЫШКЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ
31-бап. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесі. Ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді даярлау
1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі береді.
2. Ғарышкерлер Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағын қалыптастырады. Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ереже негізінде әрекет етеді.
3. Мемлекет ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді даярлауды, қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
4. Ғарышкердің ғарышқа ұшуға даярлығы және оны орындауы ғарыш қызметіне тиісті қатысушымен (ғарышқа ұшу жүзеге асырылған жағдайда ұшу-ғарыштық сынауларды және (немесе) ғылыми зерттеулер мен эксперименттерді жүргізетін тапсырыс берушімен) жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асырылады, онда тараптардың міндеттемелері айқындалады.
5. Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің даярлықта, қайта даярлықта болған уақыты, сондай-ақ оның ғарыш қызметі саласындағы жұмыс уақыты ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жұмыс өтіліне кіреді.
32-бап. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мертіккен, ауырған немесе қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы кепілдіктер
1. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақатының, мертігуінің, ауруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бюджет қаражаты есебінен:
1) І топтағы мүгедекке - 3000 айлық есептік көрсеткіш;
2) ІІ топтағы мүгедекке - 2000 айлық есептік көрсеткіш;
3) ІІІ топтағы мүгедекке - 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
2. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның мұрагерлеріне бюджет қаражаты есебінен 6000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
3. Осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көзделген біржолғы өтемақыны төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Егер ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің қаза табуы (қайтыс болуы), мертігуі немесе ауруы қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты емес мән-жайлармен байланысты болғандығы белгіленген тәртіппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
5. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, мемлекет аталған адам қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап алты ай өткен соң қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің меншігіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді бөліп беруді немесе ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үйді қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің меншігіне тегін беруді не егер ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үй басқа мемлекеттің аумағында болған жағдайда, қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің қалауына қарай Қазақстан Республикасының елді мекеніндегі мемлекеттік тұрғын үй қорынан соған ұқсас тұрғын үй беруді қамтамасыз етеді.
6. Осы баптың 5-тармағының ережесі ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің және оның мұрагерлерінің меншігінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын жай болмаған жағдайда қолданылады.
33-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу
Қаза тапқан (қайтыс болған) ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді жерлеу тұрғылықты жері бойынша не оның туыстарының қалауы бойынша Қазақстан Республикасының басқа жерінде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындауға, мәйітті тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасатуға және орнатуға байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеледі.
34-бап. Ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету
1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оның жыл сайынғы профилактикалық тексерілуі, медициналық және санаториялық-курорттық емделуі қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қолданылмайды.
35-бап. «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерді материалдық қамтамасыз ету
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерге лауазымдық жалақысына 2,9 мөлшеріндегі арттыру коэффициенті белгіленеді.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
36-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
37-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 6-ы.
№ 528-IV