1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлерде алынған;
2) Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген асыл тұқымды малдан алынған;
3) өздерін бірдейлендiруге мүмкіндік беретін жеке таңбасы болған;
4) асыл тұқымдық куәлiктерi болған жағдайларда пайдаланылады.
Жеке таңбасы жоқ ұрықтар мен эмбриондарды өткізуге жол берілмейді.
Жеке және заңды тұлғалар бюджет қаражаты есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық мал уәкілетті орган бекіткен тәртіппен пайдаланылады.
Өз төлінен өсіру үшін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен бағалаудан өткен және бағаланған тұқымдық малды өз төлінен өсіру үшін ғана пайдаланылады.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 19-бап жаңа редакцияд; 2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19-бап. Бағалау
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілерге тиесілі асыл тұқымды және селекциялық мал міндетті түрде бағалауға жатады.
Бағалауды бағалаушылар (сыныптаушылар) жүргізеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер бағалаудан өтпеген асыл тұқымды және селекциялық малды тұқымды өз төлінен өсіру үшін өткізуге құқылы емес.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 20-бап өзгерді; 2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Асыл тұқымды тұқымдық малды тексеру және бағалау
Тұқымды өз төлінен өсіру үшін іріктелген асыл тұқымды тұқымдық мал тексеруге және бағалауға жатады.
Асыл тұқымды тұқымдық малды тексеру және бағалау уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүргізіледі.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 21-бап өзгертілді
21-бап. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5-тарау. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлердiң қызметiн ұйымдастыру
14.12.01 ж. № 269-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 22-бап өзгертілді
22-бап. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлер
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметтi жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметтi заңды тұлғаларды құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғаларға тиiсiнше, егер Қазақстан Республикасы заңдарынан немесе құқықтық қатынастың мәнiнен өзгеше туындамаса, осы Заңның асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлердiң қызметiн реттейтiн ережелерi қолданылады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлер асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен нысандар бойынша деректердi есепке алуды жүргiзедi және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына есептiлiктi табыс етеді.
Асыл тұқымды малы бар жеке және заңды тұлғалар оларды уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорында тіркейді.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен; 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 23-бап жаңа редакцияда
23-бап. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлердiң түрлерi
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлерге:
1) асыл тұқымдық зауыттар;
2) асыл тұқымдық шаруашылықтар;
3) асыл тұқымдық орталықтар;
4) дистрибьютерлiк орталықтар;
5) бағалаушылар (сыныптаушылар);
6) техник-ұрықтандырушылар;
7) эмбриондарды телу (ауыстырып салу) жөніндегі мамандар;
8) асыл тұқымдық репродукторлар;
9) ірі қара малдың тұқымдары бойынша республикалық палаталар жатады.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 24-бап жаңа редакцияда; 2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 24-бап өзгертілді
24-бап. Асыл тұқымды мал зауыттары қызметiнiң негiзгi бағыттары
Асыл тұқымды мал зауыттары қызметiнiң негiзгi бағыттары:
асыл тұқымды ірі қара малды қоспағанда, құндылығы жоғары малдың белгілі бір тұқымының сынақтан өткен зауыттық және бір тұқым ішіндегі, аймақтық типін, зауыттық тұқымдық желісін өсіру, жетілдіру және сату;
асыл тұқымды малдың, оның iшiнде тектiк қоры шектеулi тұқымдардың тектiк әлеуетiн ғылым жетiстiктерiне сәйкес жетiлдiру;
малдың жаңа тұқымдарын және зауыттық, бір тұқым ішіндегі, аймақтық типтерін, зауыттық желілерді шығару;
асыл тұқымдық куәліктер беру болып табылады.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңына сәйкес 25-бап жаңа редакцияда; 2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 25-бап өзгертілді
25-бап. Асыл тұқымдық шаруашылықтар қызметiнiң негiзгi бағыттары
Асыл тұқымдық шаруашылықтар қызметiнiң негiзгi бағыттары:
асыл тұқымды ірі қара малды қоспағанда, асыл тұқымды малдың белгiлi бiр тұқымдарын, асыл тұқымдық желiлерiн және типтерiн, оның iшiнде шектеулi тектiк қоры бар тұқымдарды, оларды өз төлiнен өсiру, өсiру, сондай-ақ шығарылған асыл тұқымдық өнiмдi (материалды) сату;
асыл тұқымды малдың тектiк әлеуетiн ғылым жетiстiктерiне сәйкес жетілдіру;
асыл тұқымдық куәліктер беру болып табылады.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 26-бап жаңа редакцияда; 2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 26-бап өзгертілді
26-бап. Асыл тұқымдық орталықтар қызметiнің негiзгi бағыттары
1. Асыл тұқымдық орталықтар қызметiнiң негiзгi бағыттары:
1) асыл тұқымды тұқымдық малдың ұрығын алу, жинақтау, сақтау және оларды селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорында тіркеу;
2) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен асыл тұқымды тұқымдық малдың асыл тұқымдық құндылығын айқындау;
3) бағаланған асыл тұқымды тұқымдық малдың ұрықтарын өткізу;
4) эмбриондарды алу, сатып алу, сақтау және өткізу;
5) ұрық пен эмбриондарды пайдалану нәтижелерiн есепке алу, олар туралы деректер банкiн жүргiзу;
6) тектiк қормен алмасуды жүзеге асыру;
7) асыл тұқымдық куәліктер беру болып табылады.
2. Асыл тұқымдық орталықтардағы тұқымдық малдың тұқымдық, сапалық және сандық құрамын уәкілетті орган ғылыми ұйымдармен бiрлесе отырып өңірлік мамандануға, тұқымдық жерсiндiрiлуге қарай және Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыруды өткiзуге арналған ұрыққа деген қажеттiлiктерiн ескере отырып, белгiлейдi.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 27-бап жаңа редакцияда; 2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Дистрибьютерлік орталықтар қызметінің негізгі бағыттары
Дистрибьютерлік орталықтар қызметінің негізгі бағыттары бағаланған асыл тұқымды тұқымдық малдың ұрығын алу, сақтау және өткізу, оларды селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорында тіркеу, сондай-ақ оларға асыл тұқымдық куәліктер беру болып табылады.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен; 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 28-бап жаңа редакцияда; 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-бап. Бағалаушылар (сыныптаушылар), техник-ұрықтандырушылар және эмбриондарды телу (ауыстырып салу) жөніндегі мамандар қызметiнiң негiзгi бағыттары
1. Бағалаушылар (сыныптаушылар) қызметiнiң негiзгi бағыттары малға бағалау жүргізу болып табылады.
2. Техник-ұрықтандырушы қызметiнiң негiзгi бағыттары ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру болып табылады.
3. Эмбриондарды телу (ауыстырып салу) жөніндегі мамандар қызметiнiң негiзгi бағыттары асыл тұқымды малдың эмбриондарын алу және телу (ауыстырып салу) болып табылады.
ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен 28-1-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 28-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 28-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-1-бап. Асыл тұқымдық репродукторлар қызметiнiң негiзгi бағыттары
Асыл тұқымдық репродукторлар қызметiнiң негiзгi бағыттары:
1) құстардың тұқымдары мен кросстарының тұқымдық желілерін және (немесе) арғы ата-енелік үйірін өсіру, жетілдіру және өткізу;
2) құстардың тұқымдары мен кросстарының ата-енелік үйірін өсіру, жетілдіру және өткізу;
3) құстардың, оның ішінде тектік қоры шектеулі құстардың тектік әлеуетін ғылым жетістіктеріне сәйкес жетілдіру;
4) асыл тұқымдық куәліктер беру болып табылады.
2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 28-2-баппен толықтырылды; 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 28-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28-2-бап. Iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палата
1. Iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палата бір немесе бірнеше тұқымның бірінші және екінші санаттардағы асыл тұқымды iрi қара малын өсiрудi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн iске асыру және қорғау үшiн құрылатын және әрекет ететiн коммерциялық емес, өзiн-өзi қаржыландыратын ұйым болып табылады.
2. Iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палата заңды тұлға болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен әдiлет органдарында тiркеледi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында iрi қара малдың әр тұқымы бойынша ірі қара мал тұқымдары жөніндегі бiр республикалық палата құрылады және әрекет етедi, ол облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдарын және өкiлдiктерін) құруға құқылы.
4. Егер, бiр тұқымның бірінші және екінші санаттардағы асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн бір немесе бірнеше тұқымның iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палаталардың қайсы бірі білдіретін болса, онда ірі қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палатаның қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы жағдайларын қоспағанда, осындай тұқым жөніндегі жеке республикалық палата құруға жол берiлмейдi.
5. Iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палатаның қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен және жарғымен реттеледi.
2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 28-3-баппен толықтырылды; 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 28-3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28-3-бап. Iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палатаның өкілеттіктері
Iрi қара мал тұқымдары жөніндегі республикалық палата:
1) бірінші және екінші санаттардағы асыл тұқымды ірі қара малмен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасында тiркеу арқылы оны есепке алуды ұйымдастырады;
2) табындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты үйлестiредi;
3) бірінші және екінші санаттардағы асыл тұқымды ірі қара малға мәртебе бередi;
4) бірінші және екінші санаттардағы асыл тұқымды ірі қара малға асыл тұқымдық куәлiктер және селекциялық жануарларға селекциялық карточкалар берудi жүзеге асырады;
5) экспорттаушы елдердің құзыретті органдары ірі қара малдың импортталған асыл тұқымдық өніміне (материалына) берген асыл тұқымдық куәлікті немесе оған балама құжатты тануды жүзеге асырады;
6) көрсетілген мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты шегiнде асыл тұқымдық өнiмге (материалға) арналған субсидияларды бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
7) асыл тұқымды ірі қара мал тұқымдары бойынша асыл тұқымдық кiтапты жүргiзедi және басып шығарады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де өкілеттіктердi жүзеге асырады.
6-тарау. ҚР 14.12.01 ж. № 269-II Заңымен алып тасталды
7-тарау. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы
дауларды шешу және оның қызметiн жүзеге асыру кезіндегі жауаптылық
30-бап. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезіндегі дауларды шешу
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
31-бап. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
8-тарау. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды
мал шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастығы
32-бап. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастығы
Қазақстан Республикасы мал шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдеседi.
2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
33-бап. Шетелдiң қатысуымен асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жасау құқығы
Шетелдiң қатысуымен асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында жобаларды жүзеге асыруға қатысатын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шетелдіктермен және (немесе) шетелдiк заңды тұлғалармен шарттар жасасады.
Қазақстан Республикасының
Президентi