2. Осы бапқа сәйкес бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындаған кезде, қажет болған жағдайда, осы Кодекстің 102-бабының 1-тармағының 4) - 6) тармақшаларында көзделген шығыстардағы елеулі айырмашылықтарды есепке алу үшін біртекті тауарлармен жасалған мәміле құнына бағаланатын және біртекті тауарларға қатысты оларды тасу (тасымалдау) арақашықтығынан және көлік түрлерінің айырмашылықтарынан туындайтын түзетулер жүргізіледі.
3. Егер біртекті тауарлармен жасалған мәміленің біреуден артық құны айқындалса (осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес тиісті түзетулер ескеріле отырып), онда бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін олардың ең төмені қолданылады.
105-бап. Құнды шегеру әдісі
1. Егер бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің 101, 103 және 104-баптарына сәйкес айқындау мүмкін болмаса, тауарды декларациялаушы тұлғаның өтініші бойынша осы баптың және 106-баптың қолданылу тәртібі кері қолданылуы мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, олардың кедендік құны осы бапқа сәйкес айқындалады.
2. Егер бағаланатын (әкелінетін) тауарлар немесе бірдей немесе біртекті тауарлар Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінген күйінде сатылатын болса, Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында бағаланатын (әкелінетін) тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен уақыт кезеңінде немесе оған сәйкес кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына осындай сатуды жүзеге асыратын тұлғалармен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғалар сататын бағаланатын, бірдей немесе біртекті тауарлардың ең көп жиынтық мөлшері бойынша тауар бірлігінің бағасы, мынадай сомалар:
1) әдетте делдалға (агентке) төленетін немесе төленуге жататын сыйақыны не әдетте пайда табу және коммерциялық және басқару шығыстарын жабу үшін әдетте Кеден одағының кедендік аумағында бір сыныптағы тауарларды немесе тауар түрлерін сатуға байланысты орын алған мөлшерде жүргізілетін бағаға үстемені;
2) Кеден одағының кедендік аумағында тасуды (тасымалдауды) және сақтандыруды жүзеге асыруға жұмсалған кәдуілгі шығыстарды және осындай операцияларға байланысты өзге де шығыстарды;
3) Қазақстан Республикасының аумағына әкелумен және (немесе) сатумен байланысты төлеуге жататын кедендік төлемдердің, салықтардың және өзге де салықтардың сомалары шегерілген жағдайда қолданылады.
3. Егер бағаланатын да (әкелінетін де), бірдей де, біртекті де тауарлар әкелінетін тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасынан кесіп өткен уақыт кезеңінде немесе соған сәйкес кезеңде Кеден одағының кедендік аумағында сатылмаса, мұндай тауарлардың кедендік құны тиісінше бағаланатын (әкелінетін), немесе бағаланатын (әкелінетін) тауарлармен бірдей, немесе бағаланатын (әкелінетін) тауарлармен біртекті тауарлар Кеден одағының кедендік аумағында осындай тауарлар бірлігінің бағасын белгілеу үшін жеткілікті мөлшерде, әкелінген кездегідей жай-күйінде, тауарлардың келген күніне қатысты күннен ең ерте, бірақ осы күннен кейін тоқсан күннен кешіктірілмей, Кеден одағының кедендік аумағында сатылатын тауарлар бірлігі бағасының негізінде айқындалады.
4. Егер бағаланатын да (әкелінетін де), бірдей де, біртекті де тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген кездегідей жай-күйінде Кеден одағының кедендік аумағында сатылмаса, тауарларды декларациялаушы тұлғаның мәлімдеуі бойынша, бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құны осы баптың 2-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құн шегерілген жағдайда бұл тауарларды Кеден одағының кедендік аумағында сатып алған тұлғалармен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғаларға қайта өңдегеннен (өңдегеннен) кейін сатылатын олардың неғұрлым көп жиынтық мөлшері сатылатын осындай тауарлар бірлігінің бағасы негізінде айқындалады.
Қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнды шегеру қайта өңдеу (өңдеу) құнына қатысты дұрыс, саны айқындалған және құжатпен расталған ақпарат негізінде жүргізіледі.
5. Егер:
тауарлар өзінің дара белгілерін жоғалтуына қарамастан, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құн мөлшерін дәл айқындау мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, бағаланатын (әкелінетін) тауарлар одан әрі қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде өзінің дара белгілерін жоғалтатын болса;
бағаланатын (әкелінетін) тауарлар өзінің дара белгілерін жоғалтпайтын болса, бірақ Кеден одағының кедендік аумағында сатылатын тауарлардың соншалықты елеусіз бөлігін құрайтындықтан, бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың құны сатылатын тауарлардың құнына елеулі әсер етпейтін болса, осы баптың 4-тармағының ережесі кедендік құнды айқындау үшін пайдаланылмайды.
Осы баптың 4-тармағын қолдану мүмкіндігі нақты мән-жайларға байланысты әрбір жеке жағдайда айқындалады.
6. Бағаланатын (әкелінетін) немесе бірдей, немесе біртекті тауарларды Кеден одағының кедендік аумағында сату қаралған кезде Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарларды өндіруге және беруге байланысты осы Кодекстің 102-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді пайдалану үшін тікелей немесе жанама, тегін немесе төмен бағамен беретін тұлғаға сату есепке алынуға тиіс емес.
7. Осы баптың мақсаты үшін пайда мен коммерциялық және басқару шығыстарының (тауарларды өткізу жөніндегі тікелей және жанама шығыстар) сомасы осы шығыстарды жабатын, сондай-ақ бағаланатын (әкелінетін) сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сатуға байланысты пайда табуды қамтамасыз ететін тауарлар бағасына үстеме ретінде қаралады.
Пайда мен коммерциялық және басқару шығыстарының сомасы тұтас есептеледі және өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған мәліметтер негізінде айқындалады. Егер осы мәліметтер Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату кезінде кәдуілгі пайда мен коммерциялық және басқару шығыстары туралы кеден органдарының қарауындағы мәліметтермен сәйкес келмесе, кеден органы кәдуілгі пайда мен жалпы шығыстар сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде анықтай алады.
Егер кеден органы пайда мен коммерциялық және басқару шығыстарының сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде анықтаса, кеден органы мұндай деректер көзін, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есепті жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
8. Осы баптың мақсаты үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарлар өндірілген елде сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату туралы мәліметтер пайдаланылады. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлар және олар салыстырылатын тауарлар сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлар болып табыла ма деген мәселе тиісті мән-жайлар ескеріле отырып, әрбір нақты жағдайда жеке шешіледі. Бұл ретте, оларға қатысты ақпарат берілуі мүмкін бағаланатын (әкелінетін) тауарларды қоса алғанда, сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың мүмкін болатын неғұрлым шағын тобын немесе бірқатарын Кеден одағының кедендік аумағына әкелу үшін сату қарастырылады.
106-бап. Құнды қосу әдісі
1. Осы бапқа сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде тауарлардың есептік құны негіз ретінде қабылданады, ол:
1) материалдарды дайындау немесе сатып алу жөніндегі шығыстарды және әкелінетін тауарларды өндіруге, сондай-ақ өндіруге байланысты өзге де операцияларға жұмсалатын шығыстарды;
2) пайда мен коммерциялық және басқару шығыстарының Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін экспорт елінде өндірілетін бағаланатын тауарлардың сол сыныбындағы немесе түріндегі тауарларды сату кезінде әдетте ескерілетін сол шамаға балама сомасын;
3) осы Кодекстің 102-бабының 1-тармағының 4) - 6) тармақшаларында көрсетілген элементтердің құнын қосу жолымен айқындалады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар тауарларды өндіруші табыс еткен немесе оның атынан табыс етілген және өндірушінің коммерциялық құжатымен расталған, мұндай құжаттар тауарлар өндірілген елде қолданылатын бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей принциптеріне сай келген жағдайда бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың өндірісі туралы мәліметтер негізінде айқындалады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар, егер кедендік мақсат үшін ыдыс әкелінетін тауарлармен біртұтас зат ретінде қаралса, ыдысқа жұмсалған шығыстарды; буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құнын; әкелінетін тауарлар өндірісіне байланысты пайдалану үшін сатып алушы тікелей және жанама берген, осы Кодекстің 102-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген әрбір заттың тиісті түрде бөлінген құнын (осы Кодекстің 102-бабы 5-тармағының ережесіне сәйкес - тиісті құрамдас бөліктер бойынша) қамтуға тиіс. Кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерде орындалған және Кеден одағының кедендік аумағында өндірілген әкелінетін тауарлардың өндірісі үшін қажетті жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыстар, көркемдеп безендіру, дизайн, эскиздер мен сызбалар құны осы заттардың құнын өндіруші төлеген дәрежеде ғана қамтуға тиіс. Бұл ретте шығыстар есеп айырысу құнын айқындау кезінде қайтадан есепке алынбауға тиіс.
Коммерциялық және басқару шығыстары ретінде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына енгізілмейтін Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін тауарларды өндіру мен сатудың тікелей және жанама шығындары есепке алынуға тиіс.
4. Пайда мен коммерциялық және басқару шығыстарының сомасы тұтастай есепке алынады және өндіруші табыс еткен немесе оның атынан табыс етілген мәліметтер негізінде айқындалады. Егер бұл мәліметтер кеден органдарының қарамағында бар, Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату кезінде кәдуілгі пайда мен коммерциялық және басқару шығыстары туралы мәліметтермен сәйкес келмесе, кеден органы кәдуілгі пайда мен жалпы шығыстар сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде анықтай алады.
Егер кеден органы пайда мен коммерциялық және басқару шығыстарының сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде анықтаса, кеден органы мұндай деректер көзін, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есепті жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
5. Осы баптың мақсаты үшін тауарлар әкелінетін елде өндірілген сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату туралы мәліметтер пайдаланылады. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлар және олармен салыстырылатын тауарлар сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлар болып табыла ма деген мәселе тиісті мән-жайлар ескеріле отырып, әрбір нақты жағдайда жеке шешілуге тиіс. Бұл ретте, оларға қатысты ақпарат берілуі мүмкін бағаланатын (әкелінетін) тауарларды қоса алғанда, сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың мүмкін болатын неғұрлым шағын тобын немесе бірқатарын Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін сату қарастырылады.
6. Кеден органдары Кеден одағына мүше мемлекеттердің резиденті болып табылмайтын қандай да бір тұлғадан құжаттарды және оның коммерциялық құжаттарында бар бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың өндірісі және сатылуы туралы мәліметтерді табыс етуін талап етуге құқылы емес. Алайда, осы баптың ережелеріне сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаты үшін тауарларды өндіруші берген ақпаратты өндірушінің келісімімен Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары басқа елде тексеруі мүмкін. Шетелдік өндірушілер табыс еткен немесе олардың атынан табыс етілген құжаттар мен мәліметтерді тексеруді кеден органдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және жалпыға бірдей қабылданған халықаралық принциптер мен нормаларға сәйкес жүргізеді.
107-бап. Резервтік әдіс
1. Егер тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің 101, 103 - 106-баптарына сәйкес айқындау мүмкін болмаса, бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің принциптерімен және ережелерімен үйлесетін тәсілдерді пайдалану арқылы Кеден одағының кедендік аумағында бар деректер негізінде айқындалады.
2. Тауарлардың кедендік құнын айқындаудың осы бапқа сәйкес пайдаланылатын әдістері осы Кодекстің 101, 103 - 106-баптарына көзделген нақ сондай әдістер болып табылады, алайда, осы бапқа сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде оларды қолдануда икемділікке жол беріледі. Атап айтқанда мыналарға жол беріледі:
бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарлар өндірілген елден өзге елде өндірілген бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны негізге алынуы мүмкін;
бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміле құнының негізінде айқындау кезінде бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың уақыт кезеңінде немесе соған сәйкес кезеңде немесе бағаланатын (әкелінетін) тауарлар әкелінгенге дейін күнтізбелік тоқсан күннен ерте емес кезеңде бірдей немесе біртекті тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін сатылуға және Кеден одағының кедендік аумағына әкелінуге тиіс екендігі туралы осы Кодекстің 103 немесе 104-баптарында белгіленген талаптардан ақылға қонымды ауытқуға жол беріледі;
бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін осы Кодекстің 105 және 106-баптарына сәйкес айқындалған олармен бірдей немесе біртекті тауарлардың кедендік құны негізге алынуы мүмкін;
бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің 105-бабында жазылған әдіс негізінде айқындау кезінде осы Кодекстің 105-бабының 3-тармағында белгіленген күнтізбелік тоқсан күн мерзімнен ауытқуға жол беріледі.
3. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың осы баптың ережелеріне сәйкес айқындалған кедендік құны бұрын айқындалған кедендік құнға барынша мүмкін болған дәрежеде негізделуге тиіс.
4. Осы бапқа сәйкес тауарлардың кедендік құны:
1) Кеден одағының кедендік аумағында өндірілген Кеден одағының ішкі нарығындағы тауарлардың бағасы;
2) кедендік мақсаттар үшін баламалы екі құнның неғұрлым жоғарғысы қабылдануын көздейтін жүйе;
3) әкету елінің ішкі нарығындағы тауарлардың бағасы;
4) кедендік құнды осы Кодекстің 106-бабына сәйкес айқындау кезінде тауарлардың есеп айырысу құнына енгізілуге жататын шығыстардан өзге шығыстар;
5) әкетілетін елден үшінші елдерге берілетін тауарлардың бағасы;
6) ең төменгі кедендік құн;
7 еркін немесе жалған құн негізінде айқындалуға тиіс емес.
Егер кеден органы осы бапты қолданатын болса, онда кеден органы пайдаланылған деректер көзін, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген егжей-тегжейлі есепті жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
108-бап. Тауарлардың кедендік құнын декларациялау
1. Декларант тауарлардың кедендік құнын декларациялауды осы Кодекстің осы тарауына және 32-тарауына сәйкес тауарларды кедендік декларациялау шеңберінде жүзеге асырады.
2. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісі, тауарлардың кедендік құнының шамасы туралы, тауарлардың кедендік құнын айқындауға қатысы бар сыртқы экономикалық мәміленің жай-күйі мен шарттары туралы мәліметтерді мәлімдеу, сондай-ақ оларды растайтын құжаттарды беру арқылы жүзеге асырылады.
Әкетілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тауарлардың кедендік құнының шамасы туралы, тауарлардың кедендік құнын айқындауға қатысы бар сыртқы экономикалық мәміленің жай-күйі мен шарттары туралы мәліметтерді мәлімдеу, сондай-ақ оларды растайтын құжаттарды беру арқылы жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтер кедендік құн декларациясында мәлімделеді және кедендік мақсаттар үшін қажетті мәлімет болып табылады.
Тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі, сондай-ақ кедендік құнды декларациялау нысандары және оларды толтыру қағидасы Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
Кедендік құнды декларациялау тауарға арналған декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Егер кедендік құн декларациясы Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген жағдайларда толтырылмаса, әкелінетін тауарлардың кедендік құны туралы мәлімет тауарларға арналған декларацияда мәлімделеді. Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарлардың кедендік құны туралы мәлімет дұрыс емес болуы мүмкін не тиісті дәрежеде расталмаған екендігін көрсететін белгілер анықталған кезде кеден органы кедендік құн декларациясын табыс етуді дәлелді түрде талап етуге құқылы.
4. Тауарлардың мәлімделетін кедендік құны және оны айқындауға қатысты табыс етілетін мәліметтер дұрыс, саны айқындалған және құжатпен расталған ақпараттарға негізделуге тиіс.
5. Декларант не декларанттың атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін кеден өкілі кедендік құн декларациясында көрсетілген дұрыс емес мәліметтер көрсеткені және осы Кодекстің 286-бабында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
109-бап. Тауарлардың кедендік құнын бақылау
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды кеден органы тауарлар шығарылғанға дейін де, шығарылғаннан кейін де, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып, кедендік бақылауды жүргізу шеңберінде жүзеге асырады.
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
110-бап. Тауарлардың кедендік құнына қатысты шешім
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру нәтижесі бойынша кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын қабылдау туралы не осы Кодекстің 111-бабының ережелеріне сәйкес тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы шешім қабылдайды, ол Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген тәртіппен және нысандарда декларанттың назарына жеткізіледі.
111-бап. Тауарлардың кедендік құнын түзету
1. Егер кеден органы немесе декларант тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтердің дұрыс еместігін, оның ішінде тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісі дұрыс таңдалмағанын және (немесе) тауарлардың кедендік құны дұрыс айқындалмағанын анықтаса, кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы шешімді тауарларды шығарылғанға дейін де, шығарылғаннан кейін де кедендік құнды бақылауды жүзеге асыру кезінде қабылдайды. Кеден органы қабылдаған тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы шешімде негіздеме және оны орындау мерзімі қамтылуға тиіс.
2. Кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын олар шығарылғанға дейін түзету туралы шешім қабылдаған кезде декларант дұрыс емес мәліметтерді түзетуді жүзеге асыруға және түзетілген мәліметтер ескеріле отырып есептелген көлемде кедендік баждарды, салықтарды осы Кодекстің 297-бабында белгіленген тауарлар шығару мерзімдерінен аспайтын мерзімде төлеуге міндетті.
Егер декларант тауарларды шығару мерзімінен аспайтын мерзімде дұрыс емес мәліметтерді түзетуді жүзеге асырмаса және толықтырып есептелген кедендік баждарды, салықтарды төлемесе, кеден органы тауарларды шығарудан бас тартады.
3. Кеден органы тауарлар шығарылғаннан кейін олардың кедендік құнын түзету туралы шешім қабылдаған кезде декларант дұрыс емес мәліметтерді түзетуді жүзеге асырады және түзетілген мәліметтер ескеріле отырып есептелген көлемде кедендік баждарды, салықтарды төлейді.
Декларант бұл шешімімен келіспеген жағдайда кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзетуді және төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды қайта есептеуді жүзеге асырады.
4. Тауарлар шығарылғанға дейін де, шығарылғаннан кейін де тауарлардың кедендік құнын түзету және төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды қайта есептеу, сондай-ақ оларды төлеу мерзімі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген тәртіппен және нысандар бойынша жүзеге асырылады.
112-бап. Қосымша тексеру жүргізу
1. Кеден органы тауарлар шығарылғанға дейін олардың кедендік құнына бақылау жүргізген кезде тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтің дұрыс емес болуы мүмкін не мәлімделген мәліметтің тиісті дәрежеде расталмаған екендігін көрсететін белгілерді анықтаған жағдайда, кеден органы осы Кодекске сәйкес қосымша тексеру жүргізеді, оны жүргізу мерзімі мен тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
Кеден органы осы Кодекстің 151-бабына сәйкес айқындаған кедендік баждарды, салықтарды төлеуді декларант қамтамасыз еткен жағдайда тауарларды шығару жүзеге асырылады.
Кеден органының шешімі негізді болуға және онда тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтің дұрыс емес болуы мүмкін не мәлімделген мәліметтердің тиісті дәрежеде расталмаған екендігін көрсететін нақты белгілердің тізбесі болуға тиіс. Қосымша тексеруді жүргізу туралы шешімді ақырына дейін жеткізудің тәртібі, мерзімі мен нысаны Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
Кеден органы қосымша тексеру нәтижелері бойынша тауарлардың кедендік құнына қатысты шешім қабылдағанға дейін тауарлардың кедендік құнын бақылау аяқталмаған деп есептеледі.
2. Егер тауарларды шығару үшін осы Кодекстің 297-бабында белгіленген мерзімде қосымша тексеруді жүргізу мүмкін болмаса, онда қосымша тексеру жүргізу туралы шешім тауарларды шығарудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Кеден органдары осы Кодекстің 151-бабының 5-тармағына сәйкес есептеген кедендік баждарды, салықтарды төлеудің қамтамасыз етілуін декларант берген жағдайда тауарларды шығару жүзеге асырылады.
3. Тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерге қосымша тексеру жүргізу үшін кеден органы декларанттан қосымша құжаттар мен мәліметтерді сұратуға және оларды табыс ету үшін мерзім белгілеуге құқылы, ол мерзім бұл үшін жеткілікті болуға, бірақ осы Кодекстің 268-бабында белгіленген мерзімнен аспауға тиіс.
Декларант кеден органы сұратқан қосымша құжаттар мен мәліметтерді табыс етуге не оларды табыс етудің мүмкін еместігінің себептерін көрсетіп, жазбаша нысанда түсініктеме беруге міндетті.
Декларанттың тауарлардың кедендік құнын айқындаудың өзі таңдаған әдісін пайдаланудың заңдылығын және өзі ұсынған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқығы бар.
4. Егер декларант кеден органы сұратқан құжаттарды, мәліметтерді және (немесе) оларды табыс ету мүмкін еместігінің себептері туралы түсініктемені табыс етпесе, не мұндай құжаттар мен мәліметтер осы баптың 1-тармағында көрсетілген қосымша тексеру жүргізу үшін негіздерді жоймайтын болса, кеден органы қосымша тексеру нәтижелері бойынша өзінде бар ақпараттар негізінде және Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мәселелерін реттейтін Кеден одағына мүше мемлекеттер халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы шешім қабылдайды.
5. Егер қосымша тексеру нәтижелері бойынша кеден органы тауарлардың декларант мәлімдеген кедендік құнын қабылдау туралы шешім қабылдаса, онда қамтамасыз ету сомасын қайтару (есепке жатқызу) осы Кодекстің 154-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
2-бөлім. КЕДЕНДІК ТӨЛЕМДЕР МЕН САЛЫҚТАР
12-тарау. Кедендік төлемдер мен салықтар туралы жалпы ережелер
113-бап. Кедендік төлемдер мен салықтар
1. Кедендік төлемдер мен салықтарға:
1) кедендік әкелу бажы;
2) кедендік әкету бажы;
3) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды әкелу кезінде өндіріп алынатын қосылған құн салығы;
4) Кеден одағының кедендік аумағына тауарларды әкелу кезінде өндіріп алынатын акциз (акциздер);
5) кедендік алымдар (тауарларды кедендік декларациялау үшін, алып жүру үшін кедендік алымдар, алдын ала шешім үшін төлем) жатады.
2. Төлеушiлер, кедендiк баждарды есептеу тәртібі және төлеу, қайтару (есепке жатқызу) және өндіріп алу, есепке жазу мерзімдері, сондай-ақ оларды төлеу бойынша жеңілдіктер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында және (немесе) кеден заңнамасында айқындалады.
3. Төлеушілер, кеден органдары өндіріп алатын қосылған құн салықтарын, акциздерді есептеу тәртібі және төлеу, қайтару (есепке жатқызу) және өндіріп алу, есепке жазу мерзімдері, сондай-ақ оларды төлеу бойынша жеңілдіктер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
4. Төлеушiлер, кедендiк алымдарды төлеу, қайтару (есепке жатқызу) және өндiрiп алу тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ оларды төлеу жөніндегі жеңілдіктер осы Кодексте айқындалады.
5. Кеден органдары алатын арнайы, демпингке қарсы және өтемдік баждар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді және, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік әкелу баждарын алу үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен алынады.
6. Жеке тұлғалар жеке мақсаттары үшін өткізетін тауарларға қатысты осы бөлім осы Кодекстің 56-тарауына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.