Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
1) дербес немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп адамдардың шекаралық аймаққа кіруіне, онда уақытша болуына, тұруына және жүріп-тұруына бақылауды жүзеге асырады;
2) шекаралық аймақта тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға шекаралық аймақ тұрғынының куәліктерін, сондай-ақ шекаралық аймақта тұрақты тұрмайтын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жеке немесе ұжымдық рұқсаттамалар беру тәртібін айқындайды, оларды беруді жүзеге асырады;
3) шекаралық аймақта және шекаралық белдеуде қоғамдық-саяси, мәдени және өзге де іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді;
4) шекаралық кеңістіктегі құқық тәртібінің жай-күйі, тұрғылықты жерінен белгісіз мән-жайларда кетіп қалған адамдар, Мемлекеттік шекараға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қатысты құқыққа қарсы пиғылдары бар қылмыстық топтар мен адамдар туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар етеді;
5) Мемлекеттік шекараны бұзған адамдарды және өзге де құқық бұзушыларды іздестіруде, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың мән-жайларын анықтауда және тексеруде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жәрдем көрсетеді;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ішкі істер органдарының күштері мен құралдарының Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысуын қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне немесе шекаралық кеңістікте орналасқан объектілерге баруын уақытша шектейді немесе баруына тыйым салады;
8) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ұстаған адамдарды Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында ұстайды;
9) дербес немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысады, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асырады;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
60-бап. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі:
1) өз құзыреті шегінде әуе, теміржол, теңіз (өзен) өткізу пункттерінің инфрақұрылымын құрады;
2) шекаралық аймаққа кіретін жерлерде жол (ақпараттық) белгілерін орнатады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
61-бап. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның құзыреті
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекараның картографиялық материалдарда бейнеленуін бақылауды жүзеге асырады, шекара белгілерін геодезиялық анықтауды қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
62-бап. Қазақстан Республикасы жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті
1. Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзіреті шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау үшін жағдайлар жасауға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін шекаралық кеңістіктегі ахуалға қатысы бар мәселелер бойынша хабардар етеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету мұқтажы үшін жер учаскелерін береді;
4) Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарға көмек көрсетеді, олардың ұсынуларын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де ден қою актілерін қарайды және орындайды;
5) Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу үшін осы Заңның, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын органдардың, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың орындауын үйлестіру функцияларын (өз аумақтарында) жүктей отырып, жауапты лауазымды адамдарды тағайындайды және шекара маңы аудандарының (қалаларының) әкімдіктері жанынан құрылатын шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңестерінің қызметін ұйымдастырады;
6) азаматтардың Мемлекеттік шекараны қорғауға ерікті негізде қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді.
63-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауы
1. Осы Заңның 56 - 62-баптарында көрсетілген уәкілетті органдар Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды, бірлескен іс-шараларды іске асырады және өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша бір-бірін хабардар етеді.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
1) тікелей Мемлекеттік шекарада өз күштерінің және Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын өз қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастырады;
2) шет мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.
9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ
64-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Шекара қызметі
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекаралық кеңістікте заңдылық пен белгіленген тәртіпті ұстап тұру мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде су астындағы ортада) Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өз туы, оның ішінде әскери-теңіз туы және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері пайдаланатын танып айыру белгілері, ал бірлестіктердің, құрамалардың және жауынгерлік бөлімдердің - белгіленген үлгідегі жауынгерлік тулары болады.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің міндеттері:
1) Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау, оны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысу;
3) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің міндеттерін шешуге қатысу;
4) Мемлекеттік шекарада және континенттік қайраңда Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға қатысу;
5) шекаралық аймақта, аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда белгіленген режимдердің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауды жүзеге асыру;
6) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсету болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне басқа да міндеттер Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелуі мүмкін.
65-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің іс-әрекеті
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекарада, шекаралық кеңістікте және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасы негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің Директоры басқарады.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылымы, Шекара қызметі Директорының құқықтары және Шекара қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен бекітілетін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ережемен реттеледі.
66-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Шекара қызметінің міндеттері
Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі:
1) Мемлекеттік шекарадан өтуді өзгертудің, Қазақстан Республикасының аумағын игерудің кез келген әрекеттерінің жолын кесуге;
2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қорғанысы бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін қамтамасыз етуге қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының аумағына қарумен басып кіруге тойтарыс беруге, Мемлекеттік шекарада қарумен жасалатын және өзге де арандатушылықтардың жолын кесуге, халықты, мемлекеттік және жеке меншікті аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауға;
4) адамдардың және көлік құралдарының белгіленген өткізу пункттерінен тыс жерлерде не өткізу пункттерінде заңсыз әдістермен Мемлекеттік шекараны кесіп өту әрекеттерінің алдын алуға және жолын кесуге, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды және шекаралық кеңістіктегі өзге де құқық бұзушыларды анықтауға және ұстауға;
5) тиісінше ресімделген құжаттар болған және өткізу пунктінде белгіленген бақылау түрлерін өту кезінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;
6) Мемлекеттік шекара режимінің және өткізу пункттеріндегі режимнің орындалуын қамтамасыз етуге;
7) шекаралық режимнің, аумақтық сулар (теңіз) мен ішкі сулар режимінің, континенттік қайраң режимінің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауға, шекаралық аймаққа кіретін орындарда бақылау бекеттерінің қызметін ұйымдастыруға;
8) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асыруға;
9) Мемлекеттiк шекара арқылы жүретін адамдардың Қазақстан Республикасына кіруге немесе Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретiн құжаттарын тексеруге, оларға тиiстi белгiлер соғуға, мұндай құжаттарды уақытша алып қоюға, сондай-ақ жарамсыз құжаттарды алып қоюға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ айыппұл салу туралы сот шешімдерін және уәкілетті органдардың қаулыларын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде орындамаған шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кіруін шектеуге;
11) шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезеңде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен өзге де адамдардың жеке басы анықталғанға дейiн оларды өткізу пункттерінде қалдыра отырып, өткізбеуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстауды және жеке тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
13) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзуға жол берген көлік құралдарын тоқтатуға, қарап тексеруге және ұстауға, құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бөлімшелерінің қарауына жеткізуге (айдауылмен жеткізуге);
14) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткі заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстауға және алып қоюға;
15) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жәрдем көрсетуге;
16) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсетуге;
17) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарын, құрылыстарын және бөгеуіштерін жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын ескере отырып, жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша орнатуға;
18) Мемлекеттік шекарадан су астындағы орта арқылы кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға;
19) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейінгі суларда су астындағы объектілерді танып айыру (жіктеу) үшін өздерінде бар құралдарды пайдалануға;
20) Мемлекеттік шекараны қорғау мүддесінде су астындағы ортада қайыққа қарсы және диверсияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға;
21) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша хаттамалар жасауға және іс жүргізуге;
22) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған істер бойынша анықтау жүргізуге;
23) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды жүзеге асыруға міндетті.
Шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне іссапарға жіберілген әскери қызметшілері жүзеге асырады.
Физикалық қорғау қамтамасыз етілетін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
67-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi
Шекара қызметінің құқықтары
1. Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің:
1) қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылыстар мен бөгеуіштерді салуға және орнатуға;
2) байланыс және коммуникация желілерінің құрылысын жүзеге асыруға, техника мен қару-жарақты орналастыруға және пайдалануға;
3) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекара режимін белгілеу мақсатында қажетті құжаттар мен материалдарды әзірлеуге қатысуға;
4) кез келген жергілікті жер учаскелерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын аумақтарда және табиғат қорғау аймақтарында болуға (шекаралық нарядтарды орналастыруға), сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару кезінде олар арқылы жүріп-тұруға, жер учаскелерінің меншік иелерінен (жалға алушылардан) шекаралық нарядтардың жүріп-тұруына арналған орындарды бөлуді, қоршалымдар арқылы өтетін немесе өзге де кедергілер арқылы өтетін жерлерді жабдықтауды және тиісті түрде күтіп-ұстауды талап етуге;
5) шекаралық саясат және Мемлекеттік шекараны, аумақтық суларды (теңізді) және континенттік қайраңды күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ барлау қызметін жүргізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдануға;
6) өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын іске асыру және уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіруге, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын қызметті жүзеге асыратын өз күштері мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруға;
7) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға шекаралық кеңістікте құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсынулар енгізуге;
8) халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің шекаралық органдарымен Мемлекеттік шекараны қорғауда өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
9) Қазақстан Республикасының шекара өкілдерінің қызметіне тікелей басшылықты жүзеге асыруға;
10) шектес мемлекеттердiң шекара өкiлдерiмен Мемлекеттік шекара режимін ұстап-тұру, шекарадағы тосын оқиғаларды реттеу, ақпарат алмасу мәселелерi бойынша хат-хабар алмасуды жүргiзу, осы Заңда белгiленген тәртiппен шекара мәселелерi жөнінде келiссөздер жүргiзу үшiн өзара уағдаластық бойынша шектес мемлекеттердiң өкiлдерiн Қазақстан Республикасының аумағына шақыруға және шектес мемлекеттердiң аумағына өтуге;
11) міндеттерді орындау үшін уәкілетті органдардан, ұйымдардан және қоғамдық бірлестіктерден қажетті ақпаратты сұратуға және өтеусіз алуға;
12) Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы міндеттерді шешуге азаматтарды ерікті жасақтар құрамында, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкерлері ретінде және өзге де нысандарда ерікті негізде тартуға, Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде көзге түскен азаматтарды көтермелеуге және қойылатын талаптарға сай келетін адамдарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің оқу орындарына түсу үшін ұсыным жасауға;
13) Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысуға, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жүргізуге, құқық бұзушылықтар, құқық бұзушыларды іздестіру туралы халықты хабарландыру үшін және өзге де мақсаттарда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға;
14) осы Заңға сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға;
15) шекаралық кеңістікте жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді немесе хабарламаларды қарауға, оларды тіркеуге және олар бойынша тиісті шаралар қолдануға;
16) Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін мамандандырылған есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құруға және пайдалануға;
17) Мемлекеттік шекараны қорғау саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге;
18) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын әскери қызметшілердің киім нысаны мен жарақтарды айқындауға;
19) Қазақстан Республикасының кеден органдарымен бірлесіп, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
20) көлік құралдарымен ілесіп жүруге және оларда шекаралық нарядтарды орналастыруға;
21) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлескен шешімдерінде айқындалатын тәртіппен Мемлекеттік шекара күзетін күшейту кезінде олар бөлетін күштер мен құралдарды пайдалануға;
22) құқық бұзушылардың ізіне түсу кезінде азаматтардың тұрғын және тұрғын емес үй-жайларына, ұйымдардың аумақтары мен үй-жайларына кедергісіз (қажет болғанда жабатын құрылғыларды істен шығара отырып) тәуліктің кез келген уақытында кіруге, сондай-ақ (жиырма төрт сағат ішінде тиісті прокурорды кейіннен хабардар ете отырып) оларды қарап тексеруге;
23) шекаралық іздеулер мен операцияларды, өзге де іздестіру іс-әрекеттерін жүргізу кезінде бақылау бекеттерін өз бетінше орнатуға, адамдар мен көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, азаматтарды жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне жібермеуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында олардың сонда қалуын немесе осы учаскелерді тастап шығуын міндеттеуге;
24) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төнген кезде Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті органдарын хабардар ете отырып, қорғаныс мақсатындағы жұмыстарды, халықаралық міндеттемелерді орындау мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде туындаған салдарларды жоюға байланысты жұмыстарды қоспағанда, шекаралық белдеуде әртүрлі жұмыстарды жүргізуді уақытша шектеуге;
25) қызметтік мақсаттарда байланыс құралдарын, ал Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруге тойтарыс берген, Мемлекеттік шекарадағы заңсыз жаппай өтуге және өзге де арандатуларға кедергі келтірген, іздестіру іс-шараларын жүргізген, құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген адамдарды жеткізген кезде, ұйымдардың көлік құралдарын, ал қажет болған жағдайларда - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен иелерінің талаптары бойынша кейіннен оларға шығындарды не келтірілген залалды өтей отырып, азаматтардың көлік құралдарын пайдалануға;
26) Мемлекеттік шекараны кесіп өту, аумақтық суларда (теңізде) және iшкi суларда жүзу кезiнде немесе кемелер қазақстандық порттарда тұрған уақытта құқық бұзушылықтарға жол берген шетелдiк әскери емес кемелер экипаждары мүшелерiнiң және оларда болған өзге де адамдардың жағаға шығуына және жағада болуына тыйым салуға;
27) азаматтардан Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті сақтауды, Қазақстан Республкасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, бұл талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тиісті шараларды қолдануға;
28) шекаралық кеңістікте белгіленген режимді бұзушыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әкімшілік ұстауға алынған адамдарды ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларында ұстауға;
29) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес әкімшілік ұстауға алынған адамдарды тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында және ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларда орналастыруға;
30) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзудың өздеріне белгілі болған мән-жайлары туралы түсініктемелер алу мақсатында адамдарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріне шақыруға;