3) аумақтық суларға (теңізге) немесе ішкі суларға кіру мақсаты, қозғалыс схемасынан ауытқу себептері туралы хабарлауға;
4) тексеру (кеме жайларын қарап тексеру) үшін тоқтауға және қарап тексеру тобын қабылдауға, кеме және навигация құжаттарын, экипаж мүшелері мен жолаушылардың құжаттарын, жүктерге немесе тауарларға құжаттарды ұсынуға;
5) бағытты өзгертіп, Қазақстан Республикасының портына немесе өзге де көрсетілген пунктке баруға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
Осы баптың 4-тармағы 4) және 5) тармақшаларының ережелері шетелдік әскери корабльдер мен коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын шетелдік мемлекеттік кемелерге қолданылмайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген қазақстандық және шетелдік кемелерге:
1) өткізу пункттері ашылмаған Қазақстан Республикасының порттарына (рейдтеріне) кіруге;
2) қозғалыстың белгіленген схемаларынан ауытқуға, жүзу үшін тыйым салынған немесе жүзу үшін уақытша қауіпті ауданға, сондай-ақ жасанды аралдың, қондырғының немесе құрылыстың айналасында белгіленген қауіпсіздік аймағына, егер осындай аудан немесе аймақ туралы теңізде жүзушілерге хабарламаларда хабарланса, кіруге;
3) аялдауға, адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге), кез келген жүзу құралдарын суға түсіруге немесе бортқа қабылдауға, кез келген ұшу аппаратын, оның ішінде пилотсыз ұшу аппаратын әуеге көтеруге, қондыруға немесе бортқа қабылдауға, кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті уәкілетті органның рұқсатынсыз не осындай рұқсаттың шарттарын бұза отырып жүргізуге тыйым салынады.
6. Шетелдік әскери корабльдер және коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын басқа да шетелдік мемлекеттік кемелер болжамдалған кіру күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей дипломатиялық арналар арқылы сұрау салынатын, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің алдын ала рұқсаты бойынша аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға кіру үшін Мемлекеттік шекараны кесіп өтеді.
16-бап. Кәсіпшілік жүргізуші қазақстандық кемелердің теңізде, өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында
Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өту құқығы
1. Аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраң үстінде кәсіпшілікті шетелдік кемелерге кәсіпшілік өнімдерін ауыстырып тиемей жүзеге асыратын қазақстандық кемелер, сондай-ақ мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында балық және өзге де өнімдерді өткізу немесе өндіру үшін кәсіпшілік өнімдерін жеткізу болып табылатын кәсіпшілік қызметін жүргізген жағдайда, өздеріне қатысты шекаралық бақылау жүзеге асырылған қазақстандық кемелер Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсаты негізінде шекаралық, кедендік бақылаудан және бақылаудың өзге де түрлерінен өтпестен, Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өте алады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қазақстандық кемелерге:
1) шет мемлекеттің аумақтық суларына (теңізге), ішкі суларына, шетелдік порттарға кіруге;
2) адамдар мен кемелерді құтқару қажеттігінен туындаған немесе кеменің капитаны бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін дереу хабардар ететін басқа да төтенше жағдайларды қоспағанда, шетелдік кемелердегі, сондай-ақ өздеріне қатысты шекаралық бақылау жүзеге асырылған қазақстандық кемелердегі адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге) тыйым салынады.
3. Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өтуге рұқсат беру тәртібін, осындай рұқсат қолданысының кеңістіктегі және уақыттық шектерін, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетілген қазақстандық кемелерді бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
17-бап. Әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны кесіп өту
1. Мемлекеттік шекараны кесіп өту орнынан өткізу пункттеріне дейін және кері қарай ұшатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде әуе кемелері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы уәкілетті органның мынадай талаптарын орындауға:
1) егер ұшу үшін тыйым салынған немесе уақытша қауіпті ауданға апаратын болса, бағытты өзгертуге;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіру мақсаттары немесе ұшу жоспарынан ауытқу себептері туралы хабарлауға;
3) көрсетілген жерге келіп қонуды жүзеге асыруға міндетті.
2. Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері қарай бағытта ұшу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде, дүлей зiлзаланы, апатты, аварияны, авариялық жағдайды және адамдардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да жағдайларды қоспағанда, әуе кемелеріне:
1) ұшу жоспарында көрсетілмеген, халықаралық болып табылмайтын әуежайларға немесе әуеайлақтарға, сондай-ақ әуежайлардан және әуеайлақтардан тыс жерлерге қонуға (ұшып көтерілуге);
2) белгіленген (ұсынылған) дәліздерден және ұшу маршруттарынан ауытқуға, аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жарияланған, ұшуға тыйым салынған аймақтар мен ұшу шектелген аймақтар аумағының үстінен ұшып өтуге;
3) адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге) тыйым салынады.
3. Ерекше жағдайларда техникалық, мәжбүрлі түрде қонуларды және гуманитарлық рейстерді орындауға, сондай-ақ мемлекеттік міндеттерді орындауға байланысты халықаралық ұшуларды орындау кезінде әуе кемелерінің қонуы мен ұшып көтерілуі халықаралық болып табылмайтын әуежайлардан немесе әуеайлақтардан жүргізіледі. Көрсетілген ұшулар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, кедендік және өзге де мемлекеттік органдармен келісім бойынша азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар беретін уақытша рұқсат болған кезде орындалады.
18-бап. Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өту
1. Мынадай төтенше жағдайларға:
1) дүлей зілзалаларға, апаттарға, аварияларға, авариялық жағдайға және адамдардың өміріне немесе денсаулығына, қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери корабльдің, мұз үстімен жылжитын құралдардың, сондай-ақ әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да жағдайларға;
2) қазақстандық немесе шетелдік бүлінген кемені, шетелдік әскери корабльді, мұз үстімен жылжитын құралдарды тіркеп сүйретуге;
3) құтқарылған адамдарды жеткізуге;
4) қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери корабльдің, мұз үстімен жылжитын құралдардың экипаж мүшелеріне немесе жолаушыларына шұғыл медициналық көмек көрсетуге байланысты Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өту (белгіленген орындардан, теңіз немесе әуе дәліздерінен тыс) оны кесіп өту тәртібін бұзу болып табылмайды.
2. Қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери корабльдің, мұз үстімен жылжитын құралдардың капитаны (кеме жүргізушісі), әуе кемесінің командирі Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өткен немесе Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері қарай бағытта жүрудің осы Заңда айқындалған тәртібін мәжбүрлі түрде сақтамаған жағдайда:
1) бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне дереу хабар беретін жақын жердегі қазақстандық теңіз немесе өзен портының, әуежайдың немесе әуеайлақтың әкімшілігін дереу хабардар етуге;
2) көмек көрсету немесе болған мән-жайларды анықтау үшін келген, уәкілетті органдардың, Қазақстан Республикасының шекаралық немесе әскери кораблі командирінің, теңіз, өзен кемесі капитанының немесе әуе кемесі командирінің нұсқауларына сәйкес әрекет етуге міндетті.
3. Өзге де адамдар және көлік құралдары Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өткен немесе Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері қарай жүрудің осы Заңда айқындалған тәртібін мәжбүрлі түрде сақтамаған жағдайда:
1) бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жақын жердегі бөлімі (бөлімшесі) басшылығына дереу хабардар етуге;
2) болған мән-жайларды анықтау үшін келген, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілінің нұсқауларына сәйкес әрекет етуге міндетті.
19-бап. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу. Өткізу пункттері
1. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ашылған өткізу пункттерiнде жүргізіледі.
2. Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларын, сондай-ақ олардың жұмысын техникалық жарақтандыру және ұйымдастыру бойынша талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Өткізу пункттерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыру үшін өз құзыреті шегінде жауап беретін бақылаушы органдардың бөлімшелері орналастырылады.
5. Өткізу пункттерінде адамдарды өткізген кезде Мемлекеттік шекара ретінде паспорттық бақылау сызығы қолданылады.
6. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
7. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды өткізу Қазақстан Республикасына кіру немесе Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттар болған, сондай-ақ осы адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер болмаған кезде жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік шекара арқылы көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу кеден және өзге де бақылаушы органдардың Қазақстан Республикасына көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету құқығына рұқсат беру белгілері болған кезде жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу шекаралық бақылау рәсімі аяқталғаннан кейін және өткізу пункті шегінен адам, көлік құралы шыққан немесе жүктер мен тауарлар әкетілген кезде аяқталған болып есептеледі.
10. Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген не кіруі шектелген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынғаны туралы шешім қабылданған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Мемлекеттік шекара арқылы өткізілуге жатпайды. Өткізу пунктіне келген және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу үшін негіздемелері жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өздері келген елге немесе өзі азаматы болып табылатын елге қайтарылады.
20-бап. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі.
Оңайлатылған өткізу пункттері
1. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарында тікелей белгіленеді, оларда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес оңайлатылған өткізу пункттері жабдықталады.
2. Мемлекеттік шекара арқылы оңайлатылған өткізу пункттерінде жүктер мен тауарларды коммерциялық мақсаттарда өткізуге тыйым салынады.
21-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Мемлекеттік шекара арқылы өткізу
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою үшін авариялық-құтқару құралымдарын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
22-бап. Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара арқылы кемелерді өткізу
Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара арқылы адамдар мен көлік құралдарын өткізуді Қазақстан Республикасы тиісті аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдары әуежайлардың немесе әуеайлақтардың, теңіз немесе өзен порттарының әкімшілігімен бірлесіп, кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесін хабардар ете отырып:
1) халықаралық болып табылмайтын әуежайлардан немесе әуеайлақтардан арнайы халықаралық ұшуды орындайтын әуе кемелеріне;
2) халықаралық ұшуды орындайтын, белгіленбеген орындарда мәжбүрлі түрде қонуды жүзеге асырған қазақстандық және шетелдік әуе кемелеріне;
3) халықаралық тасымалдауды орындайтын қазақстандық кемелерге және мұз үстімен жылжитын құралдарға, айлақтарға, кемежайларға не қазақстандық жағаға жүзіп келген, Қазақстан Республикасының өткізу пункттері жоқ теңіз және өзен порттарына (рейдтеріне) мәжбүрлі түрде кіруді жүзеге асырған шетелдік (суүсті және суасты) кемелерге, шетелдік әскери корабльдерге, мұз үстімен жылжитын құралдарға қатысты жүзеге асырады.
23-бап. Өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық іс-әрекеті түрлерінің бірі өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау болып табылады.
2. Адамдарға, көлік құралдарына, жүктер мен тауарларға қатысты өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау:
1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту заңдылығын айқындау, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды анықтау, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасына кіру және Қазақстан Республикасынан шығу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулері бар адамдарды анықтау мақсатында құжаттарды және адамдарды тексеруді, оның ішінде биометрлік дербес деректерді өңдеу арқылы тексеруді, сондай-ақ адамдарға сауалнама жүргізуді;
2) көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың Мемлекеттік шекара арқылы өткізілу заңдылығын айқындау, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында барлық бақылаушы органдардың рұқсат беру белгілерінің болуын тексеруді;
3) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды табу және ұстау мақсатында көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарауды, қажет болған жағдайларда - арнайы (жан-жақты) тексеріп қарауды;
4) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзу белгілері болған кезде адамдарды тексеріп қарауды;
5) Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарынан өткізу пункттеріне дейін не өткізу пункттерінен Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарына дейін көлік құралдарын алып жүруді қамтиды.
3. Осы Заңның 22-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінен тыс жерлерде шекаралық бақылау жүргізуге жол берілмейді.
24-бап. Шекаралық белдеуге кіру, онда уақытша болу, тұру немесе жүріп-тұру және шекаралық белдеудің үстімен ұшуды жүзеге асыру
1. Адамдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатынсыз шекаралық белдеуге кіруіне, онда уақытша болуына, тұруына немесе жүріп-тұруына тыйым салынады.
2. Адамдардың шекаралық белдеуге кіруі жеке басын куәландыратын құжаттары және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі беретін арнайы рұқсаттамалары болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
3. Жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдардың басшыларын өз қызметтік міндеттерін орындаған кезде шекаралық белдеуге өткізу жеке басын куәландыратын құжаттар болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
4. Өздеріне жүктелген міндеттерді атқарған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің авиациясы, басқа да уәкілетті органдардың авиациясы орындайтын ұшуды қоспағанда, халықаралық ұшуды орындамайтын әуе кемелеріне әуе кеңістігінде шекаралық белдеудің үстінен ұшуға тыйым салынады. Шекаралық белдеуде уәкілетті органдар авиациясының ұшуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 1 және 4-тармақтарында көзделген шектеулер шекаралық белдеудің сыртқы шекарасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік құрылыстары мен бөгеуіштері шебіне дейінгі жергілікті жер белдеуінде, сондай-ақ оның үстіндегі әуе кеңістігінде қолданылады.
6. Халықаралық ұшуды орындамайтын әуе кемелерінің әуе кеңістігінде шекара кеңістігінің өзге де аумағының үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен орындалады.
25-бап. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу
1. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар береді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін ескере отырып, осы Заңға сәйкес рұқсаттамалардың қолданылуына шектеу енгізуі немесе оны уақытша тоқтата тұруы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне рұқсаттама алуға ұсынулар енгізу кезінде жеке және заңды тұлғалар кәсіпшілік және өзге де кемелерде, көлік және өзге де техникалық құралдарда пайдаланылатын жұмыс жүргізудің немесе іс-шаралар өткізудің сипаты, орны, қатысушылары, уақыты туралы, ал қажет болған жағдайларда, егер бұл шектес мемлекетпен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында ескертілсе, Мемлекеттік шекараны кесіп өту орны мен уақыты туралы мәліметтерді енгізеді.
3. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде жүзеге асырылатын (жүргізілетін) шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызмет, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шаралар:
1) Қазақстан Республикасының, шектес мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне залал келтірмеуге немесе залал келтіру қатерін тудырмауға;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстауына және міндеттерді орындауына кедергі жасамауға;
3) Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті бұзбауға тиіс.
4. Шекаралық белдеуде кәсіпшілік мақсатта аң аулауға тыйым салынады. Көрсетілген шектеулер шекаралық белдеудің сыртқы шекарасынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарының сызығына дейінгі жергілікті жер белдеуінде де қолданылады.
5. Режимдік шектеулердің қолданысын оң экологиялық сараптама болған және су көздері санитариялық-эпидемиоголиялық талаптарға сай болған кезде уақытша тоқтата тұруға жол берілетін, шекаралық белдеуде орналасқан шекаралық өзендердің, көлдердің және өзге де су айдындарының суларындағы су алатын, суға шомылатын, жануарларды суаратын орындарды жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі белгілейді.
26-бап. Карантин белдеуі
1. Жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында тікелей Мемлекеттік шекара бойында карантин белдеуі жабдықталады.
2. Карантин белдеуі шегінде карантин режимін сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен айқындалады.
27-бап. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу
1. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешуге біржақты немесе шектес мемлекетпен бірлесіп тергеу жүргізу, шекарадағы тосын оқиғаларды Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттің шекара өкілдерінің отырыстарында қарау арқылы қол жеткізіледі.
3. Ақпарат алмасу үшін Мемлекеттік шекарада хат-хабар алмасу пункттері орнатылады.
4. Шекарадағы тосын оқиғалар бойынша бірлескен тергеулер және шекара өкілдерінің өзге де отырыстары шекара өкілдерінің кездесу пункттерінде өткізіледі. Қажет болған жағдайда аталған қызмет шекарадағы тікелей тосын оқиға болған жерде ұйымдастырылуы мүмкін.
5. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу бойынша қызметті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
Әуе кеңістігінде шекарадағы тосын оқиғаларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдері сарапшылар ретінде тартылады.
6. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тергеуге өзге де уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуы мүмкін.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі реттемеген шекарадағы тосын оқиғаларды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шешеді.
28-бап. Шекара өкілдері
1. Шекара өкілдері өз қызметінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
2. Шекара өкілдерінің қызметі халықаралық ынтымақтастық нысандарының бірі болып табылады және ол Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен достық қатынастарын дамытуға бағытталған.
29-бап. Мемлекеттік шекара режимін бұзу
1. Мынадай:
1) Мемлекеттік шекараны (Каспий теңізіндегі Мемлекеттік шекара учаскесін қоспағанда) күтіп-ұстаудың;
2) Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің;
3) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізудің;
4) шекаралық белдеуге кірудің, онда уақытша болудың, тұрудың, жүріп-тұрудың және шекаралық белдеудің үстімен ұшуды жүзеге асырудың;
5) Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге қызметті жүргізудің, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізудің;
6) Мемлекеттік шекараны бұзуға байланысты шекарадағы тосын оқиғаларды шет мемлекетпен шешудің белгіленген тәртібін сақтамау Мемлекеттік шекара режимін бұзу болып танылады.
2. Адамдардың және көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің белгіленген тәртібін кез келген санкциясыз бұзуы Мемлекеттік шекараны бұзу болып табылады.
30-бап. Мемлекеттік шекараны бұзушылар
Мыналар:
1) Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерiнен тыс жерде немесе өткізу пункттерiнде кез келген тәсілмен, бірақ оны кесіп өтудiң белгіленген тәртібін бұзу арқылы кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет еткен адамдар;
2) Қазақстан Республикасынан заңсыз шығу мақсатында шетелге бара жатқан қазақстандық немесе шетелдiк көлік құралдарына кiрген немесе кіруге әрекет жасаған адамдар;
3) аумақтық суларға (теңiзге) немесе ішкі суларға, сондай-ақ шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлігіне, осы суларға кірудің белгіленген тәртібін бұза отырып кiрген шетелдiк әскери емес кемелер және әскери корабльдер, оның ішінде су астымен Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе Қазақстан Республикасының суларында жүзу және тұру кезiнде су астында болған шетелдiк сүңгуiр қайықтар және басқа да көлiк құралдары (объектілері);
4) белгіленген тәртіпті бұза отырып Мемлекеттік шекараны кесіп өткен, сондай-ақ Мемлекеттік шекарадан белгіленген әуежайларға немесе әуеайлақтарға ұшу кезінде не Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде әуе кеңістігін пайдаланудың белгіленген қағидаларын бұзған әуе кемелері және өзге де, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттары;
5) Мемлекеттік шекараны тиiстi рұқсатсыз немесе белгiленген тәртiптi бұза отырып, кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет жасаған өзге де адамдар, техникалық және өзге де құралдар Мемлекеттік шекараны бұзушылар болып танылады.
4-тарау. ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІНДЕГІ РЕЖИМ
31-бап. Өткізу пункттеріндегі режим
1. Өткізу пункттеріндегі режим - адамдардың, көлік құралдарының өткізу пункттеріне кіру, оларда болу, жүріп-тұру және олардан шығу, жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібі осы Заңмен белгіленеді.