73. Хаттамада мынадай деректер болуы тиіс:
1) тендер комиссиясының құрамы;
2) объектінің атауы;
3) объектінің техникалық сипаттамасы;
4) тендердің шарттары;
5) тендерге қатысушылар және олардың ұсыныстары туралы мәліметтер;
6) тендерге қатысушылардың тізімі;
7) ұсынылатын жалға беру ақысының ставкасы;
8) тендер жеңімпазы;
9) тараптардың мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартына қол қою жөніндегі міндеттемелері.
74. Тендер нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі тендердің жеңімпазына беріледі және мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартын жасасуға оның құқығын растайтын құжат болып табылады.
75. Жалға алушымен мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты тендер хаттамасына қол қойылған күнінен бастап 10 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде немесе жалға беруші мақсатты бағыты бойынша объектіні мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) туралы шешім қабылдағаннан кейін жасалады, одан кейін теңгерімді ұстаушы 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде объектіні қабылдау-беру актісі бойынша жалға алушыға береді.
76. Қабылдау-беру актісін жалға беруші бекітеді және мыналарды қамтуы тиіс:
1) актіні жасау орны мен күнін;
2) оларға сәйкес өкілдер тараптардың мүдделерін білдіруге уәкілетті құжаттардың атауы мен деректемелері;
3) оларға сәйкес объектіні беру жүргізілетін мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартының нөмірі мен қол қою күні;
4) анықталған ақауларының тізбесімен берілетін объектінің техникалық жай-күйі;
5) тараптардың мөрлерімен расталған өкілдердің қолдары.
77. Қабылдау-беру актісі мемлекеттік және орыс тілдерінде алты данада жасалады, екеуі жалға берушіде сақталады, екеуі теңгерімді ұстаушыда сақталады және екеуі жалға алушыға беріледі.
78. Тендердің жеңімпазы мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартын жасасудан бас тартқан жағдайда Жалға беруші қалған тендерге қатысушылар қатарынан жеңімпазды айқындауға (егер қалғандардың саны екеуден аз болмаса) не жаңа тендер өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
79. Мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты міндетті түрде мынадай жағдайларды қамтуы тиіс:
1) объектінің техникалық сипаттамасы;
2) жалға алушыға жалға берілген мүліктің мерзімі және шарттың қолданылу мерзімі;
3) жалға алынған мүлікті пайдалану ақысын енгізу тәртібі, мөлшері мен мерзімі;
4) жалға алушының міндеттері;
5) жалға берушінің міндеттері;
6) шартты мерзімінен бұрын бұзу негіздері мен шарттары.
80. Бір жылдан астам мерзімге жасалған мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты мемлекеттік тіркеуге жатады.
81. Коммуналдық қызмет көрсетулерге төлемдер, ағымдағы және күрделі жөндеуге ақша аудару, объектіге қызмет көрсетуге төлемдер мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) ақысына кірмейді. Бұл төлемдерді жалға алушылар ведомстволық күзетке, пайдалану, коммуналдық, санитарлық және басқа да қызметтерге тікелей төлейді.
82. Егер мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартында өзгеше көзделмесе, мүлікті пайдалану үшін жалдау ақысының ставкалары жылына бір реттен көп емес өзгертілуі мүмкін.
83. Егер заңнамалық, актілерде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушінің келісімінсіз жалға алушы жасаған бөлінбейтін жақсартулардың құны өтеуге жатпайды.
84. Қазақстан Республикасының аумағындағы қорғаныс объектілері мүдделі мемлекеттер үкіметтері арасындағы арнайы келісімдер негізінде басқа мемлекеттердің ұйымдарына мүліктік жалға берілуі (жалгерлікке берілуі) мүмкін.
85. Қорғаныс объектілерін мүліктік жалға беруден (жалгерлікке беруден) түскен қаражат республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.