34) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактiсiн және масаң күйде болғанын анықтау тұрғысынан куәландыруды жүргiзуге, ал мүмкін болмаған кезде - куәландыру үшін медициналық мекемелерге жеткізуге;
35) көлік құралдарының жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, азаматтарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына және оған iргелес аумаққа кіргізбеуге немесе ерекше жағдайлар режимiн енгiзу кезiнде оларды сонда қалуға не сол жерден кетуге мiндеттеуге;
36) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық және діни бірлестіктерді қылмыстық-атқару жүйесі қызметіне тартуға;
37) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуға;
38) ішкі істер органдарының қызметін жария ету үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға;
39) ішкі істер органдарының әуе кемелеріне өтеусіз аэронавигациялық қызмет көрсетуге;
40) дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыруға;
41) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Ішкі істер органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілері және жұмыскерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзған жағдайда, ішкі істер органдары бұл құқықтарды қалпына келтіруге, келтірілген залалдың орнын толтыруға, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кінәлілердің жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз етуге міндетті.
3-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ
7-бап. Ішкі істер органдары жүйесі
1. Ішкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, әскери-тергеу органдары, Ішкі әскерлер құрайды.
2. Полицияны криминалдық полиция, әкiмшiлiк полициясы, тергеу, анықтау бөлімшелері және өзге де бөлімшелер құрайды.
Криминалдық полиция ұйымдасқан қылмысқа, экстремизмге, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі бөлімшелерден, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерден тұрады.
Әкімшілік полициясы полицияның учаскелік инспекторлары, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы бақылау жөніндегі бөлімшелерден, жол-патрульдік, көші-қон, табиғатты қорғау полициясынан, арнаулы мекемелерден, қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерден тұрады.
3. Ішкi iстер органдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен (бұдан әрі - Ішкі істер министрлігі), ведомстволардан, аумақтық органдардан, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардан тұрады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттері, қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық, желілік ішкі істер органдары, әскери-тергеу органдары аумақтық органдар болып табылады.
4. Қылмыстық-атқару жүйесін ведомство, оның аумақтық органдары және жазаларды орындайтын мекемелер, өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.
5. Ішкі әскерлер құрамы мен оның қызметінің ұйымдастырылуы «Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
6. Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерін, ведомстволарды, аумақтық органдарды және Iшкi iстер министрлiгiне ведомстволық бағынысты ұйымдарды құруды, қайта ұйымдастыруды және таратуды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (бұдан әрі - Ішкі істер министрі) жүзеге асырады.
8-бап. Ішкі істер министрлігі
1. Ішкі істер министрлігі iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Ішкі істер министрлігінің туы, жалауы және рәмізі болады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының жалаулары болады.
Ішкі істер министрлігі туының, жалауының және рәмізінің, аумақтық органдар мен жоғары оқу орындары жалауларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
9-бап. Ішкі істер министрі
1. Ішкі істер министрлігін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Ішкі істер министрі басқарады.
2. Ішкі істер министрі:
1) iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiне басшылықты жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде ішкі істер органдарының құрылымы мен штат санын белгілейді;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ішкі істер органдарының штат санының лимитін өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
4) ішкі істер органдары қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін тағайындайды, тәртіптік жазаға тартады және қызметтен шығарады;
5) көтермелейді, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттайды;
6) Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсыныс енгізеді;
7) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар беруге ұсыныс енгізеді;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне Ішкі істер министрінің орынбасарлары, Ішкі әскерлердің Бас қолбасшысы лауазымдарына тағайындауға ұсыныс енгізеді;
9) Қазақстан Республикасының Президенті алдында ішкі істер органдарының қызметі туралы есеп береді;
10) Ішкі істер министрлігінің атынан ішкі істер органдарының орындауы үшін міндетті құқықтық актілер, өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер шығарады;
11) өзінің орынбасарларына, Ішкі істер министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволардың, аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына өкілеттіктер береді;
12) мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарда Ішкі істер министрлігі атынан өкілдік етеді;
13) өз құзыреті шегінде халықаралық шарттарға қол қояды;
14) ішкі істер органдарындағы сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
15) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ішкі істер органдарының қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) Ішкі істер министрлігі туралы ережені бекітеді;
3) қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын бекітеді;
4) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың криминалистикалық талаптары мен әдістерін, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын бекітеді;
5) жарылғыш материалдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету қағидаларын бекітеді;
6) азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды пайдалану арқылы жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын бекітеді;
7) атыс тирлерi (атыс орындары) мен стендтерiн ашу және олардың жұмыс iстеу қағидаларын бекітеді;
8) есiрткiнің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында объектiлердi және үй-жайларды пайдалану қағидаларын бекітеді;
9) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
10) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, әкету, транзиттеу қағидаларын бекітеді;
11) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекітеді;
12) жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесін бекітеді;
13) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының үлгілік паспортын бекітеді;
14) жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларын бекітеді;
15) жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олардың ведомстволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын пайдалану қағидаларын бекітеді;
16) қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгілік ережені бекітеді;
17) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
11-бап. Ішкі істер министрлігінің құзыреті
Ішкі істер министрлігі:
1) Қазақстан Республикасындағы криминогендік ахуалдың жай-күйін және даму үрдістерін талдайды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және қабылдайды;
2) жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
3) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
4) есiрткiнің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, олардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдалануына қарсы іс-қимылды қамтамасыз етеді;
5) азаматтық, халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
6) ішкі істер органдары жүйесіндегі біртұтас мемлекеттік кадр саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар күзететін Қазақстан Республикасының объектілерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының жай-күйін және олардың басшыларының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды орындауын бақылауды ұйымдастырады;
8) мемлекеттiк күзетілуге жататын жеке тұлғалар мен объектiлердi күзетудi ұйымдастырады;
9) күзет қызметімен, күзет дабылы құралдарын монтаждаумен, баптаумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын субъектілерді және жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтарының қызметін мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
10) арнаулы және әскери тасымалдарды ұйымдастырады;
11) ішкі істер органдарындағы лицензия-рұқсат беру қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
12) ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінің және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;
13) қамауға алынғандар мен сотталғандарды күзетуді және айдауылдауды бақылауды қамтамасыз етеді;
14) iшкi iстер органдарының жүйесi үшiн, оның ішінде халықаралық шарттар негізінде шет елдерде кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
15) ішкі істер органдары жүйесінде ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырады;
16) ішкі істер органдарының өз қауіпсіздігін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
17) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастырады және ішкі істер органдарында құпиялылық режимiнiң сақталуын ведомстволық бақылауды жүзеге асырады;
18) ішкі істер органдары жүйесінде кинологиялық қызметті дамытуды ұйымдастырады;
19) ішкі істер органдарында іс жүргізудің және мұрағаттық істі ұйымдастырудың біртұтас мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
20) ішкі істер органдарының қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;
21) ішкі істер органдары жүйесін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, сотта, өзге де мемлекеттік органдарда ішкі істер органдарының мүдделерін қорғауды үйлестіреді және қамтамасыз етеді;
22) ішкі істер органдары қызметін ақпараттық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етеді;
23) ішкі істер органдары жүйесіндегі жұмылдыру даярлығын жоспарлауды, ұйымдастыруды және оған басшылық жасауды жүзеге асырады, жүктелген жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстарының орындалуын қамтамасыз етеді;
24) мыналарды:
Ішкі істер министрлігі туралы ережені;
көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын;
жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесін;
азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын;
азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың криминалистикалық талаптары мен әдістерін, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын;
жарылғыш материалдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету қағидаларын;
азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды пайдалану арқылы жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын;
атыс тирлерi (атыс орындары) мен стендтерiн ашу және олардың жұмыс iстеу қағидаларын;
есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектiлердi және үй-жайларды пайдалану қағидаларын;
есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қағидаларын;
есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, әкету, транзиттеу қағидаларын;
жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларын;
жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олардың ведомостволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдардың және ұйымдардың құжаттарын пайдалану қағидаларын;
террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының үлгілік паспортын;
қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi ұйымдастыру жөнiндегi жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгілік ережені әзірлейді;
25) мыналарды:
құрылымдар мен штаттарды, оның ішінде үлгілік құрылымдар мен штаттарды, штаттық нормативтерді, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлерінің жүктеме нормативтерiн;
лауазымдар номенклатурасын, ішкі істер органдарындағы лауазымдар санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын, конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, қызметке кіру кезінде конкурс пен тағылымдама өткізудің шарттары мен тәртібін;
Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, ведомстволар, Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты аумақтық органдар мен ұйымдар туралы ережелерді;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің құрылымдық бөлімшелері туралы үлгілік ережелерді;
Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес туралы ережені, оның құрамын және аумақтық ішкі істер органдары жанындағы қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ережені;
ішкі істер органдарының білім беру ұйымдары қызметінің қағидаларын;
жоғары білімнің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын;
жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын;
ішкі істер органдары білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу қағидаларын;
ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің сыныптық біліктілігін беру, жоғарылату, растау, төмендету және алып тастау қағидаларын;
ішкі істер органдары жүйесінде ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізу қағидаларын;
ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұратын адамдарды профилактикалық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын;
алып қойылған, ерікті түрде тапсырылған, тауып алынған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш материалдарды ішкі істер органдарында қабылдау, есепке алу, сақтау және олардың сақталуын қамтамасыз ету қағидаларын;
учаскелік полиция инспекторларын тағайындау қағидаларын;
ішкі істер органдары мамандандырылған күзет бөлімшелерінің қызмет атқаруын ұйымдастыру қағидаларын;
ішкі істер органдарындағы жедел-криминалистикалық қызметті жүзеге асыру қағидаларын;
ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын;
ведомстволық және жедел есепке алуды құру, пайдалану және жетілдіру қағидаларын;
жалпы және арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу тактикасы қағидаларын;
ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық және телекоммуникациялық желілерді, байланыс желілерін құру, пайдалану және жетілдіру қағидаларын;
босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу және қарау қағидаларын;
босқын куәлігінің, жол жүру құжатының, пана іздеуші адам куәлігінің үлгілерін әзірлейді және бекітеді;
26) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
27) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) ішкі істер органдарымен бірлесіп, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
2) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнiндегi консультациялық-кеңесші орган құрады;
3) әкiмшiлiк полицияның штат санын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен лимиттер шегiнде облыстық бюджеттер және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерi есебiнен ұстауды қамтамасыз етедi;
4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық органдар аппараттары ахуалдық орталығының электрондық почта, бейне-конференциялық-байланыс және бейнебақылау жүйесінің көрсетілетін қызметтерiне жұмсалатын шығындарды қоспағанда, жанар-жағармай материалдарын сатып алуды, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдарының коммуналдық көрсетілетін қызметтерге, электр энергиясына, жылу беруге және көрсетілетін байланыс қызметтерiне ақы төлеу жөнiндегi шығындарды қоса алғанда, қызметтiк үй-жайлар мен көлiк құралдарын ұстауды, оларға қызмет көрсетудi және жөндеудi қамтамасыз етедi;
5) учаскелiк полиция инспекторлары қызмет көрсететiн учаскелерде оларды жиhазбен, байланыс құралдарымен жабдықталған, жұмысқа арналған үй-жаймен, сондай-ақ көлiк құралдарымен қамтамасыз етедi;
6) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағындағы әкiмшiлiк учаске халқының пiкiрiн ескере отырып, учаскелiк полиция инспекторларын тағайындау үшiн iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) ұйымдастырады;
3) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнiндегi консультациялық-кеңесші орган құрады;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Өзара іс-қимыл, ынтымақтастық және қоғамдық бақылау
1. Ішкі істер органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде басқа мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар ішкі істер органдарына көмек көрсетуге құқылы.
Жекелеген азаматтар өздерінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ішкі істер органдарымен жасырын негізде ынтымақтастыққа тартылуы мүмкін. Мәжбүрлеп ынтымақтастыққа тартуға жол берілмейді.
3. Ішкі істер органдарының шет мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Ішкі істер органдарының қызметіне халықтың сенімін арттыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады және қоғамдық бақылау жүйесі қолданылады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық байқаушы комиссиялары, сондай-ақ қоғамдық кеңестер құрылады.
5-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ ЖӘНЕ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
14-бап. Ішкі істер органдарының кадр құрамы
Ішкі істер органдарының кадрларын қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер құрайды.
15-бап. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлау
1. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауды Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдары және өзге де білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
2. Ішкі істер органдарының кадр құрамын бастапқы арнайы оқыту, кәсіптік қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдарында және мекемелерінде жүзеге асырылады.
3. Қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіптік білім ала алады.
16-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлері мен жұмыскерлерінің еңбегін құқықтық реттеу
1. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі.
2. Ішкі істер органдары жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
17-бап. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру
1. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру тәртібі мен шарттары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
2. Соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай қолданылған, терроризмге қарсы операция жүргізілген кезеңде, қарулы қақтығыс жағдайында, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезінде ішкі істер органдарының қызметкерін тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде оған жүктелген міндеттерді орындауға тартуға: қызметтік уақыт режимін өзгертуге, оған қосымша міндеттер жүктеуге, басқа жерге іссапармен жіберуге, қызмет сипатын өзгертпей басқа бөлімшеге уақытша ауыстыруға, сондай-ақ қызметкердің келісімінсіз өзге де ерекше жағдайлар мен қосымша шектеулер белгілеуге жол беріледі. Мұндай жағдайларда ішкі істер органдары қызметкерінің қызмет мерзімінің бір күні үш күн болып есептеледі және үш есе мөлшерде ақшалай қамтылым төленедi.