Қажет болған кезде тәртiптiк комиссияның сонымен қатар куәгерлерді және мамандарды тыңдауға, материалдар сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқығы бар.
8. Тәртiптiк комиссияның ұсыныстары комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Тәртiптiк комиссияның мүшелерi өз пiкiрiн айқын айтуға және дауыс беру кезiнде қалыс қалмауға мiндеттi.
Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешушi болып табылады.
9. Тәртiптiк комиссия қызметтiк тексеру материалдары түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде басшыға қызметкердің тәртiптiк жауаптылығы туралы тиiстi ұсыныс енгiзедi.
67-бап. Тәртiптiк комиссияның функциялары мен өкiлеттiктерi
1. Тәртiптiк комиссия мынадай функцияларды:
1) қызметкердің терiс қылықтары туралы қызметтiк тексеру материалдарын қарауды;
2) жазалар түрлерiн қолдану мәселелерi бойынша ұсыныстар әзірлеуді және уәкілетті басшыға енгiзудi жүзеге асырады.
2. Тәртiптiк комиссия өз құзыретi шегiнде функцияларды iске асыру мақсатында мыналарға:
1) терiс қылық жасаған қызметкердің, куәгерлердің және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды тұлғалардың түсiнiктерiн тыңдауға;
2) материалдар, ақпарат сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқылы.
3. Тәртiптiк комиссияның төрағасы:
1) тәртiптiк комиссияны басқарады, оның жұмысына басшылық жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) тәртiптiк комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындайды;
3) қызметтiк тексеру материалдары келiп түскен кезде тәртiптiк комиссия отырысының уақытын айқындайды. Тәртiптiк комиссияның төрағасы болмағанда оның уәкiлеттiк етуi бойынша отырыстарда тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң бiреуi төрағалық етедi;
4) тәртiптiк комиссияның отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды.
4. Тәртiптiк комиссияның хатшысы:
1) тәртiптiк комиссия мүшелерiн тәртiптiк комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етедi;
2) тәртiптiк комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
3) тәртiптiк комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргiзедi;
4) тәртiптiк комиссияның ұсыныстарын басшыға жiбередi;
5) тәртiптiк комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Тәртiптiк комиссия мүшелерiне оларға қызметтiк тексеру материалдарын қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға тыйым салынады.
6. Тәртiптiк комиссия отырыстары қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi.
Тәртiптiк комиссия отырыстарында тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi, бiрақ кемiнде үш адам болған кезде ол заңды болады. Тәртiптiк комиссияның мүшелерi оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.
7. Тәртiптiк комиссияның мүшелерi отырыстың өткiзiлетiн күнi, орны, оның күн тәртiбi туралы, сондай-ақ отырыс материалдарымен отырысқа дейiн хабардар етiлуi және таныстырылуы тиiс.
8. Тәртiптiк комиссияның отырысына оған қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкердің қатысуы мiндеттi.
9. Тәртiптiк комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi, оған тәртiптiк комиссияның төрағасы мен тәртiптiк комиссияның мүшелерi және хатшысы қол қояды.
68-бап. Жаза қолдану туралы шешiм қабылдау тәртiбi
1. Уәкілетті басшы қызметтiк тексеру материалдары және тәртiптiк комиссияның ұсыныстары негiзiнде жаза қолдану туралы тиiстi шешiм қабылдайды.
2. Қызметтiк тексерудiң нәтижелерi бойынша уәкілетті басшы қызметтік тексеру жүргізуге тағайындалған лауазымды уәкілетті тұлға дайындауға жауапты болып саналатын бұйрық шығару жолымен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға мiндеттi.
3. Терiс қылық жасаған қызметкерге тәртiптiк жаза қолдану (кейiнге қалдыруды күтпейтiн жағдайларды қоспағанда) қызметтік тәртiптi бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшiн терiс қылық анықталған сәттен бастап, кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн жүргiзiледi.
4. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан және ол жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызметкердің іс-қимылында тәртіптік теріс қылықтың, әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері бола тұрып, қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан не оны тоқтатқан жағдайда, жаза бір айдан кешіктірілмей, ал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болғанда, қылмыстық істі қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешім қабылданған күннен үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
Қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзған не сыбайлас жемқорлыққа жол беруге жағдай жасайтын құқық бұзған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылықты жасаған күннен бастап бір жылдан кешіктіріліп қолданылмайды.
Қызметкер уақытша жұмысқа қабілетсіз, еңбек демалысында немесе іссапарда болған кезеңінде, сондай-ақ аталған Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзіміне байланысты тәртіптік жаза қолданылмайды.
Қызметкердің ауырған, еңбек демалысында, іссапарда болған кезеңінде тәртіптік жазаны өткеру уақыты тоқтатылады.
5. Қызметтегi, кәсіби қызметтік даярлықты және тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы олқылықтары үшiн арнаулы (әскери) оқу орнын аяқтағаннан кейiн қызметті өткеру үшiн келген қызметкерлерге тәртiптiк жауаптылық шараларын лауазымға кiрiскеннен кейiн кемiнде алты ай өткен соң қолдануға жол берiледi.
6. Бiр-бiрiне бағынысты емес қызметкерлер жеке мiндеттердi бiрлесiп атқарған кезде, олардың қызметтiк өзара қарым-қатынастары уәкілетті басшымен айқындалмаған жағдайда олардың лауазымы бойынша үлкенi, ал тең лауазымдар кезiнде әскери атағы бойынша үлкенi бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берiлген тәртiптiк құқықтарды пайдаланады.
69-бап. Жазаларды жариялау тәртiбi
1. Қызметкерлерге жазалар қызметтік тексеруді жүргізуді тағайындаған уәкілетті басшының бұйрығымен жарияланады.
2. Тәртіптік жаза қолданғаны туралы бұйрық шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қол қоюы арқылы тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге жарияланады.
3. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері дайындайтын және қызметтік тексеру материалдарына тігілетін актімен ресімделеді.
4. Қолданылған жазалар туралы аға офицерлерге - тек аға және жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге - тек жоғары офицерлердің қатысуымен ғана жарияланады.
5. Уәкілетті басшыларға және олардың орынбасарларына бағынысындағы адамдардың қатысуымен тәртiптiк жаза жариялауға тыйым салынады.
6. Жазаны жариялаған кезде қызметкерге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәнi көрсетiледi.
70-бап. Жазаны алу
1. Қызметкердің:
1) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткенге дейiн тиiстi уәкілетті басшы көтермелеу тәртiбiмен жазаны алып тастағаннан кейiн;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Заңның 28-бабы 2-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.
2. Жазаны көтермелеу тәртібімен алу осы жазаны қолданған уәкілетті басшының немесе жоғары тұрған басшының жазбаша бұйрық шығаруы арқылы жүргiзіледi.
3. Бұрын жоғары тұрған басшы қолданған жазаны бағынысты адамнан көтермелеу тәртiбiмен алу үшiн қызметкердің тiкелей басшысы тиісті өтiнiш енгізеді.
Осы жазаны қолданған уәкілетті басшы аталған өтiнiштi оны алған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарауға мiндеттi.
4. Қызметкер қызметтен босатылған күнi алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткен соң алынған болып саналады.
5. Жазаларды алу қызметкердің жеке ісінде тиісті жазбамен ресімделеді.
6. Егер қызметкерге қолданылған жаза көтермелеу тәртiбiмен алынбаса, алты ай өткен соң «Жазалар» бөлiмiнiң тиiстi бағанында мерзiмiнiң өтуi бойынша жазаның алынғаны туралы белгi жасалады.
71-бап. Қызметкерлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiндегi олардың құқықтарының кепiлдiктерi
1. Қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тартуға:
1) терiс қылық фактiсi болмаған жағдайда;
2) егер оның iс-әрекеті (әрекетсiздiгi) құқыққа қарсы болып табылмаса;
3) дәл сондай тәртіптік терiс қылық үшiн қайтара;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi кезінде;
5) қызметтен шығаруға байланысты оны жеке құрам тiзiмiнен шығарған жағдайда жол берiлмейдi.
2. Қызметкер тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықпен келiспеген жағдайда ол жазбаша нысанда арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесіне немесе сотқа осы бұйрық бойынша шағымдануға құқылы.
3. Қызметкерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
4. Арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесінің басшысы шағымды қараудың нәтижелерi бойынша бiр ай мерзiмде мынадай:
1) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықты өзгерiссiз қалдыру туралы;
2) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы осы Заңның талаптары бұзыла отырып шығарылған бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған уәкілетті басшыны жауаптылыққа тарту туралы;
3) егер жаза осы Заңның талаптары сақтала отырып шығарылса, бiрақ жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы жаңа бұйрық шығару туралы шешiмдердiң бiреуiн шығаруға мiндеттi.
5. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата алмайды.
9-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ АҚШАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
72-бап. Ақшалай қамтамасыз ету
1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің белгіленген бірыңғай жүйесі негізінде ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
2. Ақшалай үлес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ақшалай қамтудан (лауазымдық айлықақы және арнаулы атағы бойынша айлықақы), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақылардан және басқа да үстемеақылардан тұрады.
3. Қызметкер осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген уәкілетті басшының қарамағында болған жағдайларда ол соңғы қарамағына шыққанға дейін атқарған лауазымы бойынша ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
Осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында және 64-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қызметкерге атағы бойынша айлықақы төленеді.
4. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс беріле отырып, демалысының ұзақтығына қарамастан, екі лауазымдық айлықақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
Қызметкерге жыл сайынғы демалыс бөлініп берілген жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы демалысының бірінші бөлігінде төленеді.
5. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу үшін ақшалай қамтамасыз етудің және қызмет (жұмыс) өтілін айқындаудың тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.
73-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте республикалық бюджет туралы заңмен айқындалған мөлшерде тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызмет көрсетулерге төлем жасау үшін қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) ақшалай өтемақы төленеді.
2. Қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, жәрдемақылардың өзге де түрлерін төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қызметкерлерге бюджеттік қаражат есебінен зейнетақы тағайындауды, қызметкерлер қатарынан қайтыс болған зейнетақы алушылардың отбасына жерлеу үшін біржолғы төлемдер мен біржолғы жәрдемақылар беруді қызметкерлер жұмыстан шыққан күнге қызмет өткерген тиісті арнаулы мемлекеттік органдардың уәкілетті бөлімшелері жүзеге асырады.
Зейнетақы төлемдерін алушының мәртебесі тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген нысан байынша зейнетақы куәлігімен расталады.
3. Қызметкерлер қызметті өткеру ерекшелігі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша арнаулы нысандағы киіммен және басқадай заттық мүлікпен қамтамасыз етіледі. Қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) алынбай қалған заттай мүліктердің орнына арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен ақшалай өтемақы төленеді.
4. Жекелеген санаттағы қызметкерлер қызметті өткеру ерекшелігі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
5. Қызметкерлердің (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша көлікте жүргені үшін:
медициналық көсетулер бойынша стационарда емделуге жол жүру және кері қайту;
Үкімет белгілеген тәртіппен берілген жолдама негізінде медициналық тексеруге (куәландыруға) жол жүру және кері қайту;
қызмет бойынша ауыстыру;
осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, қызметтен шығарылу кезінде жолақы шығындарын өтетуге құқығы бар.
Шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және нормалар бойынша жүргізіледі.
6. Бір елді мекеннен қашықтығы елу километрден астам жердегі екіншісіне көшумен байланысты қызметін ауыстырған кезде қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметкердің өзіне екі айлық ақшалай қаражат көлемінде және онымен бірге көшкен отбасының әрбір мүшесіне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейтін көтерме жәрдемақы төленеді.
7. Қызметкерлерлердің (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызмет бойынша ауысқан кезде және қызметтен шығарылғанда, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жеке мүліктерінің 10 тоннаға дейінгі көлемін тасымалдауға кеткен шығындарын өтетуге құқығы бар.
74-бап. Қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету
Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген тәртіппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
75-бап. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету
1. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету мемлекеттің есебінен арнаулы мемлекеттік органдардың әскери-медициналық бөлімшелері мен мекемелерінде (бұдан әрі - әскери-медициналық бөлімше) жүзеге асырылады.
Қызметкерлердің қызмет өткеру орнында немесе тұратын жерінде әскери-медициналық бөлімшелер болмағанда немесе оларда тиісті бөлімдер, мамандар не арнаулы құрал-жабдықтар болмағанда медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
Қызметкерлерге медициналық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдардың шығынын өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерге емделу үшін жұмсалған қаражат Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтеледі.
3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған қызметкерлер өздері қызметін өткерген арнаулы мемлекеттік органдар қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.
4. Қызметкер қызметке келе алмайтын жағдайда ауырғандығын кез келген мүмкін тәсілмен өзінің тікелей бастығына хабарлауға міндетті.
5. Қызметкерді қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарудан ішінара немесе толық босату туралы дәрігердің ұсынымдары лауазымды тұлғалардың міндетті түрде орындауына жатады.
76-бап. Қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерді әлеуметтік қорғау ерекшеліктері
1. Арнаулы мемлекеттік органдарда қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында қызметін өткеріп жүрген, күнтізбелік есептеу бойынша кемінде сегіз жыл қызмет еткен қызметкерлердің Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарындағы ақылы негізде оқудың оқу құны шығынының елу пайыз мөлшерін мемлекет бюджеті есебінен өтетуге құқығы бар. Аталған жәрдемақы бір рет қолданылады.
2. Қызметкерге аталған шығындарды өтеуді қызметкер қызметін өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік орган жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерлер қабылданған Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары көрсетілген арнаулы мемлекеттік органдарға қаржыландыруды ашу үшін қызметкерлерді білім беру ұйымына қабылдау бұйрығының куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Қызметкерді басқа білім беру ұйымына ауыстырған кезде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге тиіс.
4. Қызметкерге академиялық демалыс берілген кезде академиялық демалыс берілген кезеңге оқуын қаржыландыру тоқтатыла тұрып, қызметкердің Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтету құқығы сақталады.
5. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерге оқыған (оқып жүрген) білім беру ұйымы таратылған және қайта құрылған, қызметі тоқтатылған, лицензиясынан айырылған кезде басқа жоғары оқу орындарында қаржыландыруды жалғастыруға кепілдік беріледі.
6. Қатардағы қызметкер және сержант құрамындағы лауазымды иеленетін қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткергені туралы келісімшарттың мерзімін табысты аяқтағаны үшін олардың қызметтік міндеттерін және келісімшарт талаптарын мүлтіксіз орындағанын растайтын басшының баянаты негізінде келісімшарттың мерзіміне қарай мынадай мөлшерде:
3 жыл - 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
5 жыл - 10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
10 жыл - 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.
Аталған ақшалай сыйақылар келісімшарттың тиісті мерзімі аяқталғаннан кейін бір айдан кешіктірілмей төленеді.
Қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін келісімшарт жасасқан қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы қызметтің әрбір толық жылы үшін екі лауазымдық айлықақы есебінен келісімшарттың қолданылу уақытына төленеді.
Қызметкер арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру кезеңінде қызметін одан әрі өткерумен сыйыспайтын зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленеді.
Егер қызметкердің заңға қайшы әрекеттерінен немесе алкогольді, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық (олардың аналогтары) масаң болуы салдарынан арнаулы мемлекеттік органдарда одан әрі қызметін өткерумен сыйыспайтын зақымданғаны, контузия алғаны, жарақаттанғаны, мертіккені немесе ауырғаны немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен бас тарту мақсатында өз-өзіне қандай да бір дене зақымын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өзінің денсаулығына басқадай зиян келтіргені Қазақстан Республикасы заңнамасында бекітілген тәртіппен дәлелденген жағдайларда біржолғы ақшалай сыйақы төленбейді.
Қызметкер арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда мұрагерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленеді.
77-бап. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын әлеуметтік қорғау ерекшеліктері
1. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары қызмет өткеру ерекшелігіне қарай Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша мемлекет есебінен арнаулы нысандағы киіммен және басқадай заттық мүлікпен қамтамасыз етіледі.
2. Казармалық жағдайдағы арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары қызметті өткеру ерекшелігіне қарай Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
3. Арнаулы (әскери) оқу орындарының бірінші және екінші курстар курсанттарына пошталық жөнелтілімдері үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін мөлшерде қаржылай өтемақы төленеді.
4. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары:
1) стационарлық емделуге барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiр жол, әуе, су және автомобиль көлiктерiнде;
2) осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған, сондай-ақ демалысқа барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiржол, су және автомобиль көлiктерiнде жүруге жұмсалған шығындарын Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпте және нормалар бойынша өтетуге құқығы бар.
5. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына олар демалысқа кеткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша азық-түлік сыбағасының орнына ақшалай өтемақы төленеді.
6. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсанты не ол қызмет өткеруі кезеңінде алған жарақаттануы (контузия алуы), ауыруы салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
7. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсантына арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру кезеңінде алынған немесе арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткерумен байланысты контузия алуы, зақымдануы, ауыруы нәтижесінде болған мүгедектік белгіленгенде қызметтен босатылғанына бір жыл өткенге дейін мынадай мөлшерлерде:
І топтағы мүгедекке - 250 айлық есептік көрсеткіш;
II топтағы мүгедекке - 150 айлық есептік көрсеткіш;
III топтағы мүгедекке - 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
8. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсанты арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік міндеттерін орындау кезінде мүгедектікке душар етпеген ауыр жарақат (жаралану, зақымдану, контузия) алған жағдайда - оған:
ауыр жарақат үшін - 12 айлық есептік көрсеткіш;
жеңіл жарақат үшін - 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
9. Біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
10. Курсанттың қаза табуы ( қайтыс болуы) немесе оның мертігуі:
1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайларды қоспағанда, егер өзiне-өзi қол жұмсау нәтижесінде;
2) ол қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
3) алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң болуды туындататын заттарды пайдалану немесе қолдану нәтижесінде;
4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтіру (дене мүшесін зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесінде;
5) курсанттың қызмет өткеру туралы келісімшарттың талабын бұзған іс-әрекеті нәтижесінде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
78-бап. Қызметкердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау
1. Қызметкерлер (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiнің, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың әскери-медициналық бөлімшелерде тегiн медициналық жәрдем алуға құқығы бар. Емханаларда емделген кезiнде отбасы мүшелерiне дәрi-дәрмек ақысы төленiп берiледi, бұған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы алынбайтын реттер кiрмейдi.
2. Қызмет орнында немесе тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған не оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.