Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы
(2014.04.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 29 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2014 жылғы 3 шілдедегі № 227-V Заңын қараңыз (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
ҚР 2014 жылғы 4 шілдедегі № 233-V Заңын қараңыз (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының (бұдан әрі - арнаулы мемлекеттік органдар) мәртебесiн айқындайды, арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адъюнкттар мен докторанттар - жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарында білім алатын қызметкерлер;
2) арнайы жиындар - арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік-жауынгерлік даярлығы жөніндегі іс-шаралар;
3) арнаулы атақ - қызметкерге берілетін арнайы айырым белгісі;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) арнаулы киім нысаны - қызметкерлердің Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарына, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне тиесілігін айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген нысанды киім (киім-кешек) және айырым белгілері;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) арнаулы мемлекеттік органның қызметкерлері (бұдан әрі - қызметкерлер) - ұлттық қауіпсіздік органдарында, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет атқарып жүрген, арнаулы атақ берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет - ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдағы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіндегі лауазымдардағы мемлекеттiк қызметтiң ерекше түрi;
7) арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебі - кадр қызметкерлерін есепке алу және талдау жүйесі;
8) арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлерін есепке алу - арнаулы мемлекеттік органдардың әскери міндеттілері (офицерлік құрам) мен басқа да жұмылдыру ресурстарының сандық және сапалық деректерін есепке алу мен талдау жүйесі;
9) арнаулы мемлекеттік органдардың запасы (бұдан әрі - запас) - қызметтен шығарылған (теріс себептер бойынша шығарылғандарды қоспағанда) және аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарында және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда арнаулы мемлекеттік органдар запастағы офицерлерінің есебінде тұратын, арнаулы мемлекеттік органдарды толықтырып жасақтауға, жұмылдырушылық өрiстетуге және олардың шығынының орнын толтыруға арналған қызметкерлер;
10) Жоғары аттестаттау комиссиясы - арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тізбеге сәйкес басшы құрамның лауазымды адамдарын олардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігі және оларды одан әрі неғұрлым орынды қызметтік пайдалану перспективалары туралы аттестаттау қорытындылары мен ұсынымдарын, аттестаттау комиссиясының қорытындыларымен және ұсынымдарымен келіспейтін қызметкерлер шағым жасау тәртібімен ұсынған аттестаттауларды, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік орган бірінші басшысының нұсқауы бойынша Жоғары аттестаттау комиссиясының қарауына шығарылған аттестаттауларды қарайтын, тұрақты түрде жұмыс істейтін жоғары консультативтік-кеңесші орган;
11) курсанттар - жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарының, оның ішінде шет мемлекеттердің жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарының жоғары және қосымша білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын қызметкерлер;
12) қолданыстағы резерв - арнайы жедел тапсырмаларды орындау үшін ерекше тәртіппен қызмет өткеру;
13) қызмет өткеру туралы келісімшарт (бұдан әрі - келісімшарт) - тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;
14) отставка - қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығару немесе запаста болудың шектi жасына жеткендерді арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алып тастау не арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алып тастай отырып, қызметтен шығару;
15) полиграфологиялық зерттеу - адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын (тыныс алу, жүрек соғуы, терінің тітіркенуі және тағы басқалары) арнайы датчиктердің көмегімен тіркеуден тұратын жауап алу рәсімі;
16) психофизиологиялық куәландыру - арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке кандидаттардың, олардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жеке психологиялық және психофизиологиялық қасиеттерін жан-жақты бағалауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
17) уәкілетті басшы - осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметкерлермен келісімшарт жасасу, оларды лауазымға тағайындау, ауыстыру, қызметтен босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығару құқығы берілген лауазымды тұлға;
18) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар - арнаулы мемлекеттік органдарда штаттарды құру, тарату, орын ауыстыру, қайта жасақтау, бағыныстылығын өзгерту, ұлғайту және қысқарту бойынша жүргізілетін іс-шаралар.
2-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық негізі
1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар
1. Арнаулы мемлекеттік органдар - Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету күштерiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу мақсатында барлау және қарсы барлау қызметін, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, жедел іздестіру және техникалық шаралар кешенін жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы мемлекеттік органдарға ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі жатады.
4-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері
Арнаулы мемлекеттік органдарға негізгі міндеттер заңмен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктеледі.
5-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің қағидаттары
1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметi Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қағидаттары негізінде, сондай-ақ:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау мiндеттiлiгi;
2) арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi ұйымдастыруға көзқарастардың бiртұтастығы;
3) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);
4) қызметтің жария және жария емес әдістері мен құралдарының ұштасуы;
5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болу;
6) құпиялық және жасырындылық негізінде жүзеге асырылады.
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi барлық қызметкерлерге қолданылады.
Арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері қызметін осы Заңның 7, 15 - 19, 22, 24, 29 - 37-баптарында, 5, 6 және 9-тарауларында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңнамасына сәйкес өткереді.
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде мемлекеттік саяси қызметшiлерге қолданылады.
2-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ
7-бап. Қызметке қабылдау шарттары
1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке жасы он сегiзге толған, бірақ осы Заңда белгіленген атақтар бойынша шекті жастан аспаған, қажетті жеке, моральдық және кәсiби қасиеттерi, бiлiм деңгейi, денсаулық жағдайы мен дене бiтiмiнiң даму жағдайы бар Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктi негiзде қабылданады.
Жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге қызметке жасы 23-тен кіші емес азаматтар (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоспағанда) қабылданады.
Бөлімшелерді жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге жатқызуды арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары белгілейді.
2. Қызметке:
1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн сырқаты бар;
3) өзiнiң мәртебесi мен соған негiзделген беделiн жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкiн iс-әрекеттердi болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
4) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған;
5) қызметке тұрар алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6) қызметке тұрғар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан (қызметтен) шығарылған;
9) бұрын сотталған немесе ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен, өзге де арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан терiс себептер бойынша шығарылған;
10) арнайы тексеруден өтпеген және (немесе) өзі, жұбайы (зайыбы) мен өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) туралы көрінеу жалған мәліметтер берген;
11) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) және жұбайы (зайыбы) ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған;
12) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық немесе медициналық куәландырудан немесе полиграфологиялық зерттеуден өтпеген адам қабылданбайды.
Арнаулы мемлекеттік орган кандидатқа қызметке қабылдаудан бас тартудың анықталған себебін түсіндірмеуге құқылы.
3. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшін міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
4. Арнаулы мемлекеттік органға қызметке тұрған кезде адам және оның отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толған балалары мен оның асырауындағы және онымен үнемі бірге тұратын адамдар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыстары және мүлкi туралы декларацияны тапсырғандары туралы мәліметтер беруге мiндеттi.
8-бап. Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау
1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды тексеруді арнаулы мемлекеттік органдардың кадр және өзге де бөлімшелері жүзеге асырады.
Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау іс-шараларын ұйымдастыруды, өткізу тәртібін және әдістемесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
2. Қажетті құжаттардың тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, сондай-ақ тексеру жүргізу мерзімдерін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
3. Қызметке кандидат білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, дене бітімі дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген талаптарға сай болуға тиіс.
4. Кандидатты медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
5. Кәсіби-психологиялық іріктеу бойынша іс-шараларды психологиялық-әлеуметтік қамтамасыз ету мамандары жүргізеді. Бұл ретте кандидаттың жеке, тұлғалық, кәсіби сипаттамаларының арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі айқындалады.
6. Кандидаттың келісімшарт бойынша қызметке тұру үшін белгіленген талаптарға сай келетін құжаттарын құрылымдық, аумақтық және өзге де бөлімшелер бағалау үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.
Қажет болған жағдайда, кандидат кәсіби жарамдылығын тексеру үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға шақырылуы мүмкін.
7. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылдау, әдетте, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
8. Конкурсқа қатысу үшін келген азаматтың кандидатурасын құрылуы мен жұмыс тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын конкурстық комиссия қарастырады.
Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысы келіп түскен кезде уәкілетті басшы кандидатпен келісімшарт жасасады, қажетті материалдарды ресімдейді және оларды жеке құрам бойынша бұйрық шығару үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.
10. Тиісті арнаулы мемлекеттік орган конкурс нәтижелері туралы құжаттарды алғаннан кейін іріктеліп алынған кандидаттарға қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы жеке құрам бойынша екі ай ішінде бұйрық шығарады.
11. Арнаулы мемлекеттік органдарға офицерлік құрамдағы адамдарды қызметке қабылдау арнаулы мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтарымен ресімделеді.
12. Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды тұлғалар осы Заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
13. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды, олар жазбаша түрде тіркеледі.
14. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің лауазымына тағайындалған немесе кадрына қабылданған әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен әскери есептен алынады және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебіне қойылады, олардың тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
9-бап. Қызмет өткеру туралы келісімшарт
1. Қызмет өткеру туралы келісiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы уәкілеттi басшымен жасасады.
2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмінің аяқталуы бойынша;
2) қызметкердің мерзiмiнен бұрын қызметтен шығарылуына байланысты;
3) қызметкер қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшартты жасасқан күннен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың қызметке тұруының ерiктілiгi, азаматтың қызметті өткеруге мiндеттенетін мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
4. Қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру мiндетiн қамтиды. Келiсiмшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, оның құқықтарының сақталуын көздейтін нормалар қамтылады.
5. Лауазымға Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған қызметкерлер қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан тиiстi лауазымдағы қызметтi өткередi.
Аталған қызметкерлер лауазымынан босатылғаннан кейiн қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.
6. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi осы Заңмен және арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актiлерімен айқындалады.
7. Қызметті өткеру туралы келісімшарт үш, бес, он жылға, қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін немесе арнаулы (әскери) оқу орнындағы білім алу мерзіміне және оны бiтiргеннен кейiн күнтізбелік есептеумен он жыл қызметке жасалуы мүмкін.
10-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға қабылдау
1. Арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға орта білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар және мерзімді әскери қызмет және (немесе) келісімшарт бойынша әскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген, оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызметшілер түсуге құқылы.
2. Арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылдау тәртібін арнаулы мемлекеттік орган басшысы тиісті деңгейдегі жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес айқындайды.
3. Курсанттың арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған күні оның қызметтік міндеттерін атқаруды бастаған күні болып есептеледі.
4. Әскери қызметті өткермеген азаматтар арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған кезде қызметкерлердің мәртебесiне ие болады және олар он сегіз жасқа толғаннан кейiн, бiрақ арнаулы (әскери) оқу орнында кемiнде бiрiншi курсты аяқтаған соң қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
5. Қызметкерлер арнаулы (оқу) орындарына қабылданған кезде қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
6. Әскери қызмет өткерген, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
7. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға түскен азаматтар білім беру ұйымдарында білім алудың мерзіміне және сонымен бір мезгілде арнаулы (әскери) оқу орындарындағы білім алуды аяқтаған соң қызметкерлердің лауазымдарында күнтізбелік есептеумен он жылға арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.
8. Келісімшартта тараптардың (оқуға түсуші азаматтың және арнаулы органның лауазымды адамының) өзара міндеттері мен жауаптылығы белгіленеді және арнаулы (әскери) оқу орнын бітірген соң арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті одан әрі өткеру шарттары мен мерзімдері көзделеді.
9. Осы Заңда белгiленген тәртiппен қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылуға жатады.
10. Қызметкерлердің әскери және арнаулы оқу орындарында білім алу уақыты мерзімді әскери қызметті өткеру мерзіміне теңестіріледі.
Арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер, егер олар шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiмін өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке қою үшiн жiберіледi және кейiн жалпы негіздерде әскери қызметке шақырылады.
Бұл ретте, үлгермеуi үшін немесе теріс себептер бойынша арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылған қызметкерлер өздерінің білім алуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
Білім алуға жұмсалған шығындар сомасы қызмет өткеру туралы келісімшартта айқындалады.
11. Қызметкер арнаулы (әскери) оқу орнын бiтіргеннен кейiн қызмет өткеруден бас тартқан және осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4)-7), 11), 12), 13) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша қызметтен шығарылған жағдайда, ол өзінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
11-бап. Қызметкерлердің лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар
Қызметкерлердің лаузымдарына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітетін арнаулы мемлекеттік орган лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына қарай тиісті орта білімнен кейінгі білімі, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.
12-бап. Қызметке бірінші рет тұратын адамдарға арналған қайта даярлық
1. Арнаулы мемлекеттік органдардың жедел бөлімшелеріне қабылданған адамдар арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында қайта даярлықтан өтеді.
2. Қайта даярлықтан өту тәртібі мен шарттарын арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
13-бап. Қызметкерлердің ант қабылдауы
1. Мыналар:
1) арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған, бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған адамдар;
2) бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары;
3) бұған дейiн қандай да бiр себептер бойынша әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары ант қабылдайды.
2. Қызметкерлер антының мәтінін және оны қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Қызметкерлердің антты уақтылы қабылдауына жауаптылық, оны қабылдауды ұйымдастыру және есепке алу арнаулы мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен кадр аппараттарына жүктеледі.
14-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдарды кәсіптік бейімдеу
1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар бөлімшенің жедел-қызметтік әрекеттеріне бейімделуден өтеді.
2. Бейімдеу жөніндегі жұмыс қызметкерлерді атқаратын лауазым талаптарына, жүктелген міндеттерді сапалы орындауға тезірек араластыру, олардың бойында қажетті кәсіптік қасиеттерді тиімді қалыптастыру және арнаулы мемлекеттік органдардың құндылықтары мен корпоративтік мәдениет нормаларын игеруі мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қызметкерлерді кәсіптік бейімдеу жөніндегі жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі және тәлімгерлік жұмысты да қамтитын дамыту іс-шаралары кешенінен тұрады.
Қызметкерлерді бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
15-бап. Қызметкерлердiң мәртебесi және олардың құқықтық кепiлдiктерi
1. Қызметкерлер мемлекеттiк билiктiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Қызметкердің мәртебесіне азамат қызметке тұрған күннен бастап ие болады және қызметтен босатылуына байланысты арнаулы мемлекеттік орган жеке құрамының тізімінен шығарылған күннен бастап одан айырылады.
2. Қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген талаптарын (бұдан әрi - заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
3. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның басшысына, тiкелей және уәкiлеттi басшыларға ғана бағынады.
4. Қызметкерлердiң қызметiне, оған Қазақстан Республикасының заңдарымен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдардан басқа, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметiне құқыққа қарсы араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарын ғана басшылыққа алуға мiндеттi.