21-бап. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары
1. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер:
сот сараптамасын жүргізу үшін ұсынылған материалдар заң талаптарына сәйкес келмесе;
осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сот сарапшысы болмаса;
сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда көрсетілген, сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса;
осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы қажетті сот-сараптамалық зерттеу жүргізуге мүмкіндік бермесе, тиісті дәлелдерді көрсете отырып, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) қайтаруға;
2) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды, егер олардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтініш жасауға;
3) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында шет мемлекеттің сот сарапшысын тарту туралы өтініш жасауға;
4) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында сот сараптамасы ісін жүргізу мерзімін ұзарту туралы дәлелді өтініш жасауға құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңмен көзделген өзге құқықтары да болады.
2. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті зерттеу объектілерін дербес талап етуге;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келісімінсіз оны жүргізуге тартуға;
3) сот сарапшысына нақты сот сараптамасы бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқау беруге құқылы емес.
22-бап. Сот сараптамасы органы басшысының міндеттері
Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және зерттеу объектілерін алған кезде, осы сот сараптамасы органының нақты сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына заң талаптарын ескере отырып іс жүргізуді тапсыруға;
2) сот сарапшысының тәуелсіздігі принципін бұзбастан, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуына, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығына, толықтығы мен объективтілігіне, сот сараптамасы объектілерінің сақталуына бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;
4) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
3-тарау. Сот сараптамасын жүргізу
23-бап. Сот сараптамасын жүргізудің негіздері
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның), прокурордың, нотариустың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шығарылған сот сараптамасын тағайындау туралы қаулысы, ұйғарымы сот сараптамасын жүргізуге негіз болып табылады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу және сарапшының қорытынды беруі үшін қажетті зерттеу объектілерін және іс материалдарын ұсынады.
3. Тірі адамдарға сот сараптамасын тағайындаудың ерекшеліктері осы Заңның 4-тарауында айқындалады.
24-бап. Сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі шектеулер
1. Заңда көзделген негіздер болған кезде сот сараптамасы органына сот сараптамасын жүргізу тапсырылуы мүмкін емес, ал басталған сот сараптамасын жүргізу дереу тоқтатылады.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер болған кезде сот сарапшысы сот сараптамасын жүргiзуге қатысудан шеттетуге жатады, ал егер ол осы сот сарапшысына тапсырылған болса, оны жүргiзудi дереу тоқтатуға мiндеттi.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Сот сараптамасын жүргізу мерзiмдерi
1. Сот сараптамасын жүргiзу мерзiмi сот сараптамасы органы, сот- сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын, сот сарапшысы ретiнде тартылған жеке тұлға сот сараптамасын және оның объектiлерiн тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды iс жүргiзуге қабылдаған күннен бастап есептеледі.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган көздеген ерекше жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын жүргізу мерзімі отыз тәуліктен аспауға тиіс.
Сот сараптамасын жүргiзу мерзiмiн ұзартуды сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органы басшысының не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) дәлелдi өтiнiшхаты бойынша жүзеге асырады.
Ерiктi түрде сот сараптамасына тартылатын адамдардың және сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамдардың онда болу мерзiмiн ұзарту тәртібі осы Заңның 37-бабының 2 және 3-тармақтарында белгiленген.
3. Сот сараптамаларының күрделілік санаттарын айқындаудың жалпы критерийлерін, олардың күрделілік санаттарына қарай сот сараптамаларын жүргізу мерзімдерін есептеу тәртібін, сондай-ақ сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзарту тәртібін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Сот сараптамасын жүргізу барысында зерттеу жүргізбей қорытынды беру мүмкін болмайтын қосымша материалдарды ұсыну қажеттілігі туындаған жағдайда, сот сараптамасы органының басшысы не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысы сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) атына дәлелдi өтiнiшхат жібереді.
Көрсетілген жағдайда сот сараптамасын жүргізуді сот сараптамасы органының басшысы не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысы тоқтата тұру үшiн негiз болған мән-жайлар жойылғанға дейiн, бiрақ он тәулiктен асырмай тоқтата тұрады.
Егер сот сараптамасын жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар көрсетілген мерзім ішінде жойылмаса, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы, ұйғарым және оны жүргізу үшін ұсынылған материалдар орындалмастан, сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) атына жіберіледі.
5. Сот сарапшысының қорытындысы не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама ол жасалғаннан кейiн үш тәулiк iшiнде сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жiберiледi.
26-бап. Сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысуы
1. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам) сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуға, өзі жүргізіп жатқан іс-әрекеттеріне қатысты сот сарапшысының түсіндірмесін алуға құқылы. Сот сараптамасын жүргізу кезінде аталған тұлғалардың қатысу фактісі сарапшының қорытындысында көрсетіледі.
2. Сот сараптамасын жүргізу кезінде өздерінің немесе өздеріне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен қатысуы мүмкін. Бұл жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) қатысуы міндетті.
3. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам) тиісті өтінішті қанағаттандырған кезде, оны мәлімдеген адамға сот сараптамасының жүргізілетін орны мен уақыты туралы хабарланады. Хабарланған адамның келмей қалуы сот сараптамасын жүргізуге кедергі келтірмейді.
4. Сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысып отырған қатысушылар зерттеулердің барысына араласуға құқылы емес, бірақ сот сараптамасының нысанасына қатысты түсініктемелер беруі мүмкін.
5. Егер сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысып отырған қатысушы сот сарапшысының қызметіне кедергі келтірсе, сот сарапшысы зерттеуді тоқтата тұруға және қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) алдында аталған процеске қатысушыға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуға берілген рұқсаттың күшін жою туралы өтініш жасауға құқылы.
6. Егер сот сараптамасын сот сарапшыларының комиссиясы жүргізсе, сот сарапшысы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ сот сарапшыларының кеңесуі және қорытындыларды тұжырымдау сатысында процеске қатысушылардың қатысуына жол берілмейді.
7. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысу ерекшеліктері осы Заңның 41-бабында айқындалады.
27-бап. Сот сараптамасы объектілерін пайдалану ережелері
1. Сот сараптамасының объектілері, егер олардың көлемдері мен қасиеттері мүмкіндік берсе, сарапшыға буып-түйілген және мөрмен бекітілген күйінде беріледі. Басқа жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сарапшысын зерттеу объектілері орналасқан жерге жеткізуді, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Зерттеулер жүргізу кезінде заттай дәлелдемелер және құжаттар сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішін қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы дәлелді қаулыда, ұйғарымда қамтылуға тиіс.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот сараптамасы объектiлерiн пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
28-бап. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу
1. Комиссиялық сараптама күрделі сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргізеді.
2. Адамның ақыл-есінің дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін кемінде үш сот сарапшысы тағайындалады.
3. Комиссиялық сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) қаулысы, ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті. Сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыға, ұйғарымға сәйкес ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы да дербес шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
4. Сот сараптамасы органының басшысы не комиссиялық сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) комиссияның құрамына кіретін сот сарапшыларының қызметін үйлестіру үшін жетекші сарапшыны тағайындайды.
Жетекші сарапшы сот-сараптамалық зерттеулердің жалпы жоспарын әзірлеуді жүзеге асырады, сот сараптамасын жүргізудің жалпы мерзімі шегінде жекелеген зерттеулер жүргізу мерзімдерін айқындайды және олардың сақталуын бақылайды, сот сараптамасын тағайындаған органмен (адаммен) байланысты жүзеге асырады, сот сарапшыларының кеңесіне басшылық жасайды.
5. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы толық көлемде тәуелсіз және дербес зерттеу жүргізеді.
6. Сараптама комиссиясының мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның қалған мүшелерінің қорытындыларымен сәйкес келмеген сарапшы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.
29-бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер қажет болғанда тағайындалады және оны әртүрлі мамандықтағы сот сарапшылары өз құзыреті шегінде жүргізеді.
2. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыға, ұйғарымға сәйкес ұсынылған материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы да дербес шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
3. Кешенді сот сараптамасын жүргізу осы Заңның 28-бабы 4-тармағының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Кешенді сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы өздерінің арнаулы ғылыми білімі шегінде зерттеу жүргізеді.
Кешенді сот сараптамасының қорытындысында әрбір сот сарапшысының қандай зерттеулерді, қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сот сарапшысы қорытындының өзі жүргізген зерттеу көрсетілген бөлігіне қол қояды.
4. Әрбір сот сарапшысы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықталуы үшін сот сараптамасы тағайындалған мән-жайлар туралы жалпы қорытындыны (қорытындыларды) тұжырымдайды. Жалпы қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыретті сот сарапшылары ғана тұжырымдайды және оларға қол қояды. Егер сот сарапшыларының бірі (жекелеген сот сарапшылары) анықтаған фактілер комиссияның немесе оның бір бөлігінің түпкілікті қорытындысына негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
5. Сот сарапшыларының арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Заңның 28-бабының 6-тармағына сәйкес ресімделеді.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Сот сараптамасының әртүрлі органдарына тапсырылған кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастырудың ерекшеліктерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
30-бап. Қосымша және қайталама сот сараптамаларын жүргізу
1. Қосымша сот сараптамасы сот сарапшысының қорытындысы жеткілікті түрде анық немесе толық болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеумен байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттігі туындаған кезде тағайындалады.
Қосымша сот сараптамасын жүргізу сол сот сарапшысына немесе өзге сот сарапшысына тапсырылуы мүмкін.
Қосымша сот сараптамасын жүргізуді тапсыру кезінде сот сарапшысына алдыңғы сот сараптамасының қорытындысы ұсынылуға тиіс.
2. Сот сарапшысының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген немесе оның қорытындылары күмән туғызған не сот сараптамасын тағайындау және жүргізу туралы іс жүргізу нормалары елеулі түрде бұзылған жағдайларда, сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін қайталама сот сараптамасы тағайындалады.
Қайталама сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда алдыңғы сот сараптамасының нәтижелерімен келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.
Қайталама сот сараптамасын жүргізу сот сарапшыларының комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сот сараптамасын жүргізген сот сарапшылары қайталама сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуы және комиссияға түсіндірмелер беруі мүмкін, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
Қайталама сот сараптамасын жүргізуді тапсыру кезінде сот сарапшысына алдыңғы сот сараптамаларының қорытындылары ұсынылуға тиіс.
3. Егер екінші немесе кезектегі келесі сот сараптамасы бірнеше негіздер бойынша тағайындалып, олардың бірі - қосымша сот сараптамасына, ал басқалары қайталама сот сараптамасына жататын болса, мұндай сот сараптамасы қайталама сараптаманың ережелері бойынша жүргізіледі.
31-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сот сарапшысы (сарапшылар) зерттеулердің нәтижелері бойынша өз атынан жазбаша қорытынды жасайды және оны өз қол қоюымен және жеке мөрімен куәландырады. Сот сараптамасын сот сараптамасының органы жүргізген жағдайда, сот сарапшысының (сарапшылардың) қолы көрсетілген органның мөрімен расталады.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сарапшының қорытындысында: оның ресiмделген күнi, сот сараптамасын жүргiзудiң мерзiмдерi мен орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) туралы мәлiметтер; сот сараптамасын жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сот сарапшысы (сот сарапшылары) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы өзiнiң ескертiлгенi туралы сот сарапшысының (сарапшылардың) қойылған қолымен куәландырылған белгi; сот сарапшысының (сарапшылардың) шешуiне қойылған мәселелер; сот сараптамасын жүргiзу кезiнде қатысқан процеске қатысушылар туралы және олар берген түсiндiрмелер туралы мәлiметтер; зерттеу объектiлерi; пайдаланылған әдiстемелер көрсетiлген зерттеулердiң мазмұны мен нәтижелерi; жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн бағалау, сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негiздемесi және тұжырымы көрсетiлуге тиiс.
3. Егер осы Заңның 32-бабында көрсетілген мән-жайлар сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған болса, қорытындыда сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған барлық сұрақтарға немесе олардың кейбіреуіне жауап қайтару мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Комиссиялық, кешенді, қосымша және қайталама сот сараптамасын жүргізу нәтижелерін ресімдеу ерекшеліктерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
5. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер де, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
32-бап. Сарапшының қорытындысын берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама
1. Егер сот сарапшысы (сарапшылар) зерттеу жүргізілгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер өзінің арнаулы ғылыми білімінің шегінен тыс екеніне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және орнын толықтыру мүмкін еместігіне не ғылымның және сараптама практикасының жағдайы қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкіндік бермейтініне көз жеткізетін болса, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді хабарлама жасайды және оны өз қол қоюымен және жеке мөрімен куәландырады. Сот сараптамасы органы сот сараптамасын жүргізген жағдайда сот сарапшысының (сарапшылардың) қолы көрсетілген органның мөрімен куәландырылады.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламада: оның ресiмделген күнi, сот сараптамасын жүргiзудiң мерзiмдерi және орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) туралы мәлiметтер; сот сараптамасын жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы туралы және (немесе) сот сарапшысы (сарапшылар) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы өзiнiң ескертiлгенi туралы сот сарапшысының (сарапшылардың) қойылған қолымен куәландырылған белгi; сот сарапшысының (сарапшылардың) шешуiне қойылған мәселелер; зерттеу объектiлерi; сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелерге жауап қайтарудың мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi көрсетiлуге тиiс.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаның құрылымын және мазмұнын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда көрсетілген бір мәселелер бойынша сот сарапшысы қорытынды берсе, ал басқалары бойынша қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама жасау үшін негіздер бар болса, ол бірыңғай құжатты - сот сарапшысының қорытындысын жасайды.
4-тарау. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізудің ерекшеліктері
33-бап. Сот сараптамасы жүргізілуі мүмкін адамдар
Сот сараптамасы жүргізілуі мүмкін адамдардың шеңбері заңмен белгіленеді.
34-бап. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу орны
1. Тірі адамдарға сот сараптамасы медициналық ұйымда немесе сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу және осы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлары бар басқа орында жүргізілуі мүмкін.
2. Сот сараптамасын жүргізу кезінде адамды стационарлық зерттеп-қарау қажеттігі туындаған жағдайда, ол осы Заңның 36-бабында көзделген тәртіппен медициналық ұйымға орналастырылуы мүмкін.
3. Сот сараптамасы тағайындалған адамдарды ол жүргізілетін орынға және сот-сараптамалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін тасымалдап жеткізуді сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) қамтамасыз етеді.
35-бап. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезіндегі еріктілік және мәжбүрлеу
1. Тірі адамдарға сот сараптамасы ерікті түрде немесе мәжбүрлеу түрінде жүргізілуі мүмкін.
2. Егер сот сараптамасы ерікті түрде жүргізілсе, сот сараптамасы органына адамның сот-сараптамалық зерттеулерге тартылуға жазбаша келісімі ұсынылуға тиіс.
3. Егер сот сараптамасы тағайындалған адам кәмелетке толмаса немесе оны сот әрекетке қабілетсіз деп таныса, оның заңды өкілі немесе қорғаншылық және қамқоршылық органы осы адамға қатысты сот сараптамасын жүргізуге жазбаша келісім береді.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Тiрi адамдарға мәжбүрлеу түрiнде сот сараптамасын жүргiзуге Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделген жағдайларда ғана жол берiледi.
36-бап. Адамды сот сараптамасын жүргізу үшін медициналық ұйымға орналастырудың негіздері мен тәртібі
1. Егер адамға қатысты сот сараптамасын жүргізу сот-сараптамалық зерттеулерді стационар жағдайында жүргізуді көздейтін болса, ол сот сараптамасын тағайындау туралы қаулының, ұйғарымның негізінде тиісті медициналық ұйымға орналастырылады.
2. Күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға сот шешімі бойынша ғана жол беріледі.
Күзетпен ұсталмайтын адамды сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға сот шешімі бойынша немесе прокурордың санкциясымен жол беріледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасын жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның болатын орны туралы оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірін, басқа туыстарын немесе жақын адамдарын, ал олар болмаған кезде аталған адамның тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органын жиырма төрт сағат ішінде хабардар етуге міндетті.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
37-бап. Сот сараптамасын жүргiзу кезiнде адамның медициналық ұйымда болу мерзiмдерi
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, адам сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымда отыз тәулiкке дейiнгi қажетті мерзiмге орналастырылуы мүмкiн.
2. Ерікті түрде сот сараптамасына тартылған адам үшін көрсетілген мерзімді ұзартуды оның келісімімен, сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органы басшысының не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) дәлелдi өтiнiшхаты бойынша жүзеге асырады.
3. Сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамдардың онда болу мерзiмiн ұзарту Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның онда болу мерзiмiнiң, сондай-ақ осы мерзiмдi ұзарту тәртiбiнiң бұзылуына аталған адам, оның қорғаушысы, заңды өкiлi немесе iске қатысуға жiберiлген өзге де өкiлдер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
38-бап. Сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі
1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:
1) іс бойынша мәліметтер алу мақсатында олардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыруға немесе оларға қысым жасауға (оның ішінде алдау, күш қолдану, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар арқылы);
2) аталған адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеулердің әдістерін қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы жүргізілетін адамды, баламалы әдістерді қоса алғанда, қолданылатын сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері туралы, болуы мүмкін ауырсыну сезімдері мен жанама әсерлер туралы оған түсінікті түрде хабардар етуге тиіс. Аталған хабарлама сот сараптамасы жүргізілетін адамның тиісті өтінішті мәлімдеген заңды өкіліне де беріледі.