2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі әлеуметтік қызметкердің қорытындысын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шешім қабылдайды.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік киын жағдайда жүрген адамға (отбасыға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шешім қабылдағанға дейін осы адам (отбасы) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілерге көмек көрсететін субъектілерде, олар бюджет қаражаты есебінен ұсынылған (көрсетілген) жағдайда тұра алады.
3. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден бас тартылған жағдайда, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен, өтініш берушіні одан бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша хабардар етеді және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікке бағалау жүргізу және оны айқындау үшін ұсынылған құжаттарды қайтарады.
4. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден бас тарту үшін:
1) осы Заңның 6-бабында көрсетілген негіздерге сәйкес келмеуі;
2) ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың дұрыс еместігі негіз болып табылады.
5. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер оларды көрсету туралы шешім қабылданған күннен бастап жүзеге асырады.
6. Ақылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер жасасқан шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасыға) арнаулы әлеуметтік қызметтер тұратын жеріне қарамастан көрсетіледі.
16-бап. Әлеуметтік қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері
1. Әлеуметтік қызметкердің:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласына жаңа әдістемелер енгізуге, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын сақтаған жағдайда, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы қызметті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын еркін таңдауға;
3) кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға құқығы бар.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын әлеуметтік қызметкер осы баптың 1-тармағында белгіленген құқықтардан басқа:
1) жергілікті атқарушы органдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікке бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті мамандарды тартуға құқылы.
3. Әлеуметтік қызметкер:
1) өзінің кәсіби құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді меңгеруге;
2) көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге;
3) өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) туралы құпия ақпаратты жария етпеуге;
4) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) қатысты кемсітушілікке жол бермеуге;
5) кәсіби шеберлігін тұрақты жетілдіріп отыруға;
6) кемінде бес жылда бір рет аттестаттаудан өтуге міндетті.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын әлеуметтік қызметкер, осы баптың 3-тармағында белгіленген міндеттерден басқа, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудегі қажеттілікке сапалы бағалау жүргізуге және оны айқындауға міндетті.
17-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер:
1) бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер, арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған конкурстарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес қатысуға;
2) ақылы негізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен түрлеріне бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан сұратуға және алуға құқылы.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын сақтауға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің қадір-қасиетін құрметтеуге;
4) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар мен олардың отбасы мүшелеріне адамгершілікпен қарауға және кемсітушілік іс-әрекеттерге жол бермеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі құпиялылықты қамтамасыз етуге;
6) әлеуметтік қызметкерлерді даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге міндетті.
18-бап. 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты;
2) ақылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтiк қызметтер туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтiк қызметтер туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсететiн субъект осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда, уәкiлеттi орган:
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге бұзушылықтарды жою туралы орындалуға міндетті ұйғарымдар жібереді;
2) арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсететiн субъектiнi (оның лауазымды адамдарын) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тарту үшiн қажеттi шараларды қолданады.
3. Мемлекеттік органдардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкiн.
21-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев | |
Астана, Ақорда, 2008 жылғы желтоқсанның 29-ы.
№ 114-ІV ҚРЗ