57-бап. Мемлекеттік зоологиялық парктерді пайдалану ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік зоологиялық парктер ғылыми, мәдени-ағартушылық және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
2. Мемлекеттік зоологиялық парктерде жануарларды, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарларды қамауда немесе жартылай қамау жағдайларында ұстау және өсіру саласында ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
3. Мемлекеттік зоологиялық парктер ғылыми деректер банктерін, қорлар, мұражайлар, лекторийлер, кітапханалар мен мұрағаттар құруға, осы ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша ғылыми, ғылыми-көпшілік және басқа да әдебиет шығаруға құқылы.
4. Мемлекеттік зоологиялық парктердің қосалқы шаруашылықтары, шеберханалары, зоологиялық дүкендері мен осы ұйымдардың бейініне сәйкес келетін, бірақ олардың негізгі қызметіне жатпайтын шаруашылық қызметі үшін қажетті басқа да объектілері болуына құқылы.
11-тарау. Мемлекеттік ботаникалық бақтар
58-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақ ұғымы және оның негізгі қызметi
1. Мемлекеттік ботаникалық бақ - өсімдіктер дүниесін, соның ішінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін қорғау, молықтыру және пайдалану жөнінде зерттеулер мен ғылыми талдамалар өткізуге арналған табиғат қорғау және ғылыми ұйымдар мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтардың негізгі қызметіне Қазақстанның өсімдіктер дүниесін сақтаудың, молықтыру мен пайдаланудың, Қазақстанның дүниежүзілік маңызы бар флора ресурстарын игерудің ғылыми негіздерін әзірлеу жатады.
59-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақтарды аймақтарға бөлу және оларды қорғаудың ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік ботаникалық бақтар:
1) экспозициялық - өсімдіктерді өсіру және келушілердің көруі үшін;
2) ғылыми - өсімдіктердің тектік қорының коллекцияларына ғылыми зерттеулер жүргізу және оларды сақтау үшін;
3) қоғамдық - келушілерге қызмет көрсету үшін;
4) әкімшілік және өндірістік-шаруашылық аймақтарға бөлінеді.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда олардың алдына қойылған міндеттерін орындауға байланысты емес және оларда өсірілетін өсімдіктердің жойылып кетуіне әкеп соғатын кез келген іс-әрекеттерге тыйым салынады.
60-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда өсімдіктер өсіру
1. Мемлекеттік ботаникалық бақтар табиғи, мәдени, отандық және дүниежүзілік флора өсімдіктерінің коллекцияларын қалыптастырады және олардың сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, өсімдіктермен жасалатын импорттық және экспорттық операцияларды, оларды ботаникалық бейіндегі басқа ұйымдармен айырбастауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда коллекциялық және эксперименттік учаскелер, гербарийлер, питомниктер және тұқым қорлары құрылады.
61-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақтарды пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік ботаникалық бақтар белгіленген тәртіппен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда табиғи, мәдени, отандық және дүниежүзілік флораны жерсіндіру және оның селекциясы бойынша, сондай-ақ Қазақстанның өсімдіктер әлемін зерттеу, сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Өсімдіктердің коллекциялық қорларын қалыптастыру, сақтау, пайдалану жөніндегі ғылыми зерттеулер коллекциялық қорлар өсіруді қамтамасыз ететін мемлекеттік тапсырыстар негізінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік ботаникалық бақтар ғылыми деректер банктерін, қорлар, мұражайлар, лекторийлер, кітапханалар мен мұрағаттар құруға, осы ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет шығаруға құқылы.
4. Мемлекеттік ботаникалық бақтар орман, бақ-парк, ауыл шаруашылығына және басқа салаларға енгізу мақсатында ұсынылған жерсіндірілген өсімдіктер мен олардың репродукцияларын өндірістік сынақтан өткізу үшін шаруашылық эксперименттік базалар құруға құқылы.
5. Мемлекеттік ботаникалық бақтардың қосалқы шаруашылықтары, шеберханалары, өсімдіктер сататын мамандандырылған дүкендері және осы ұйымдардың бейініне сәйкес келетін, бірақ олардың негізгі қызметіне жатпайтын шаруашылық қызмет үшін қажетті басқа да объектілері болуына құқылы.
12-тарау. Мемлекеттік дендрологиялық парктер
62-бап. Мемлекеттік дендрологиялық парк ұғымы және оның негізгі қызметi
1. Мемлекеттік дендрологиялық парк - ағаш және бұта тұқымдарын қорғауға, молықтыру мен пайдалануға арналған аймақтар бойынша белгіленген күзет режимдері бар табиғат қорғау және ғылыми ұйымдар мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік дендрологиялық парктердің негізгі қызметіне Қазақстанның ағаш өсімдіктерін сақтаудың, молықтырудың және пайдаланудың ғылыми негізін әзірлеу, Қазақстанның дүниежүзілік маңызы бар флорасының ресурстарын игеру жатады.
63-бап. Мемлекеттік дендрологиялық парктердi аймақтарға бөлу, оларды күзету мен пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік дендрологиялық парктерде аймақтар осы Заңның 59-бабында көзделген мемлекеттік ботаникалық бақтардағы күзет режимінің мақсаты мен түрі ескеріле отырып бөлінеді.
2. Мемлекеттік дендрологиялық парктер мемлекеттік ботаникалық бақтарға осы Заңның 61-бабында белгіленген тәртіппен және шарттармен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
13-тарау. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерi
64-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштері ұғымы
Мемлекеттік табиғат ескерткіші - экологиялық, ғылыми, мәдени және эстетикалық тұрғыдан алғанда жекелеген бірегей, орны толмайтын, құнды табиғи кешендерді, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне жатқызылған шығу тегі табиғи және жасанды объектілерді қамтитын ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
65-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру тәртібi
1. Маңыздылығына байланысты мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жекелеген түрлері және табиғи кешендер республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері болып жарияланады.
2. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының шекарасы мен күзет режимінің түрін Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының шекарасы мен күзет режимінің түрлерін - уәкілетті органның ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді.
3. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері мен олардың аумақтарын олар қарауына тапсырылған тұлғалардың күзетуіне беруді уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштерін - оларды ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқа түрлерінің аумағында орналасқан мемлекеттік республикалық маңызы бар табиғат ескерткіштері солардың құрамында ескеріледі.
Мемлекеттік табиғи қорықтарды, мемлекеттік ұлттьқ табиғи парктерді, мемлекеттік табиғи резерваттарды құру немесе кеңейту кезінде жергілікті маңызы бар табиғат ескерткіштер жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесінен шығарылады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аталған түрлерін құру мен кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемелері болған жағдайда, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне енгізіледі.
66-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының күзет режимi
1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің аумақтарында мемлекеттік табиғат ескерткіштері сақталуының бұзылуына әкеп соғатын кез келген қызметке тыйым салынып, мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режимінің түріне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарында осы салада мамандандырылған ұйым әзірлеген жобаларға сәйкес оларды сақтау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.
2. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерін күзету осы Заңның 32-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
14-тарау. Мемлекеттік табиғи қаумалдар
67-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ұғымы және олардың түрлерi
1. Мемлекеттік табиғи қаумал - мемлекеттік табиғи-қорық қорының бір немесе бірнеше объектілерін сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтің тапсырыстық режимі немесе реттелмелі режимі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Өздерінің функционалдық мақсаты бойынша мемлекеттік табиғи қаумалдар мынадай түрлерге бөлінуі мүмкін:
1) кешендік - ерекше құнды табиғи кешендерді сақтау және қалпына келтіру үшін;
2) биологиялық (ботаникалық, зоологиялық) - өсімдіктер мен жануарлардың бағалы, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін сақтау және қалпына келтіру үшін;
3) палеонтологиялық - жануарлардың, өсімдіктердің және олардың кешендерінің қазып алынатын қалдықтарын сақтау үшін;
4) гидрологиялық (батпақты, көлді, өзенді) - сулы-батпақты жерлердің құнды объектілері мен кешендерін сақтау үшін;
5) геоморфологиялық - сирек кездесетін және бірегей табиғи рельеф нысандарын сақтау үшін;
6) геологиялық және минералогиялық - сирек кездесетін геологиялық және минералогиялық түзілімдерді сақтау үшін;
7) топырақтық - топырақтың әдеттегі және сирек кездесетін түрлерін сақтау үшін;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) гидрогеологиялық - жерасты суларының бірегей көздерін сақтау үшін.
68-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар құрудың ерекшеліктерi
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік табиғи қаумалдар жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерінде құрылады.
Мемлекеттік табиғи қаумалдардың шекаралары меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша айқындалады және жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленеді.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік табиғи қаумал орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік табиғи қаумал аумағындағы шаруашылық қызметін шектеу Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар:
1) мерзімсіз - жұмыс істеу мерзімі көрсетілмей;
2) ұзақ мерзімді - 10 жылдан астам мерзімге;
3) қысқа мерзімді - 10 жылдан кем мерзімге құрылады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерінің күшімен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
69-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдарды күзету режимi мен оларды пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Егер кез келген қызмет мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауға қатер төндірсе немесе оларды молықтыруды нашарлатып жіберсе, мемлекеттік табиғи қаумалдарда мұндай қызметке, оның ішінде:
1) кешенді мемлекеттік табиғи қаумалдарда - табиғи кешендерді сақтауға қатер төндіретін шаруашылық қызметке, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) зоологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - уәкілетті органның келісімімен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ғылыми-зерттеу, өсімін молайту және мелиорациялық мақсаттарда алып қою жағдайларын қоспағанда, жануарлардың қырылуын туғызған немесе туғызуы мүмкін басқа да әрекеттермен бірдей дәрежеде аң аулауға, кез келген тәсілдермен және құралдармен, балықтарды қоспағанда, жануарларды аулауға, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін интродукциялауға, ұяларды, індерді, апандарды және басқа да мекендеу орындарын бүлдіруге, жұмыртқа жинауға;
3) ботаникалық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - мал жаюға, шөп шабуға, ағаш кесудің барлық түрлеріне, гүлдер теруге, өсімдіктердің тамырларын, түйнектерін және жуашығын қазып алуға, от жағуға, көлік құралдарының бар жолдардан тыс жерлермен келіп кіруіне және жүруіне, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге, сол сияқты өсімдіктердің бүлінуін және жойылуын туғызған немесе туғызатын басқа да әрекеттерге;
4) гидрогеологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - тас, қиыршық тас, құм және басқа да пайдалы қазбалар өндіруге, үңгірлерді бүлдіруге, жер қазу жұмыстарын жүргізуге, табиғи гидрологиялық режимді өзгертетін әрекеттерге, мемлекеттік табиғи қаумалдың табиғи құрама бөліктерін бүлдіруге немесе қиратуға байланысты ізденістер мен ғылыми зерттеулерге тыйым салынады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Кешенді зоологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда аң аулауға және балық аулауға мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сақталуына қауіп төндірмейтін, жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюдың мөлшерлі көлемінің биологиялық негіздемесіне мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган рұқсат етеді.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар режимінің ерекшеліктері паспортпен айқындалады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар белгіленген шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік табиғи қаумалдарда шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқылы.
15-тарау. Мемлекеттік қорық аймақтары
70-бап. Мемлекеттік қорық аймағының ұғымы, мақсаттары мен міндеттерi
Мемлекеттік қорық аймағы - мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар үшін резервке қойылған жер учаскелері мен су айдындарында мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін және биологиялық саналуандықты сақтауға және қалпына келтіруге арналған теңдестірілген күзет режимінің түрлері бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
71-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын құру тәртібi
1. Мемлекеттік қорық аймақтары жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерінде жарияланады.
2. Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік қорық аймағы орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
72-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын күзету мен пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Егер кез келген қызмет күзетілетін ландшафтардың табиғи келбетін өзгертуі немесе экологиялық жүйелердің тұрақтылығын бұзуы мүмкін болған не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндірген жағдайда, мемлекеттік қорық аймақтарында мұндай қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік қорық аймақтарында учаскелер қорықтық және қаумалдық режимді, сондай-ақ шаруашылық қызметтің реттелмелі режимді учаскелері болып бөлінеді.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары оларды күзету режимі түрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін көзделген барлық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік қорық аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметіне шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
5. Мемлекеттік қорық аймақтары бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметінің күшімен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін қорғау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтарында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкілетті органның келісімі бойынша геологиялық зерттеулерге, пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат беріледі.
Пайдалы қазбаларды қазуға қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкілетті органның келісімімен, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ерекше жағдайларда жол беріледі.
73-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегi мемлекеттік қорық аймағы
1. Еділ (Қазақстан Республикасының шегінде) мен Жайық өзендерінің атыраптарын қоса Солтүстік Каспийдің шығыс бөлігінің су айдыны Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі балық қорын сақтау мен бекіре тұқымдас және балықтың басқа да бағалы түрлерінің мекендеуі мен табиғи молығуына оңтайлы жағдай жасауға арналған мемлекеттік қорық аймағына кіреді.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, балық шаруашылығын, су көлігін дамыту, мемлекеттік геологиялық зерттеу, көмірсутекті шикізатты барлау және өндіру үшін мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі.
16-тарау. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерi
74-бап. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелерi
1. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгізілуі не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына санаттарына енуі мүмкін ерекше құнды орман алқаптары, орман жемісі екпелері, тоғайлы және субальпілік орман алқаптары жатады:
1) генетикалық орман резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелері;
2) жаңғақ кәсіпшілігі аймақтары;
3) субальпілік ормандар.
2. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелер учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес оларды күзету мен пайдаланудың қорықтық немесе қаумалдық режимі белгіленеді.
75-бап. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар
1. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін, нәзік немесе жойылып бара жатқан түрлерінің немесе қосымша түрлерінің, ең алдымен халықаралық ресурс болып табылатын қоныс аударатын суда жүзетін құстардың едәуір дәрежеде жиынтық мөлшерінің резерваттары қызметін атқаратын теңіз су айдындарын қоса алғанда, табиғи және жасанды су бөгендері халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар болып табылады.
2. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына енгізіледі.
3. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарда суда жүзетін құстар мекендейтін жерлерді күзету мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін шаруашылық қызметтің қорықтық және қаумалдық түрлерінің режимдері немесе реттелмелі режимі белгіленеді.
76-бап. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелерi
1. Бірегей табиғи су объектілеріне немесе олардың учаскелеріне теңіздер, өзендер, көлдер, мұздақтар және басқа да жер бетіндегі су объектілері немесе олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бөліктері жатады.
2. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелері олардың маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құрамына енгізіледі, сондай-ақ олардың шекарасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлері құрылуы мүмкін.
3. Бірегей табиғи су объектілерінде немесе олардың учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын қамтамасыз ететін су пайдаланудың қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелі режимдері белгіленеді.
77-бап. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне мыналар жатады:
1) геологиялық объектілер - тіреуіш немесе айрықша тіліктер, айрықша тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетін тау жыныстары мен минералдары, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған қазба қалдықтары кездесетін табиғи және жасанды жалаңаштанған жерлер;
2) геоморфологиялық объектілер - рельефтің пайда болу процестерін айқын көрсететін және туризм мен рекреация үшін ерекше құндылық сипаты бар сатылы жерлер, су жайылмалары, үңгірлер, сай-салалар, шатқалдар, сарқырамалар және рельефтің басқа да нысандары;
3) гидрогеологиялық объектілер - бірегей және сирек қасиеттерімен ерекшеленетін жер астындағы сулар және олардың жер бетіне шығатын жолдары;
4) жартастағы суреттері, ертеде кен өндірілген жерлері және тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да объектілері бар жер қойнауы учаскелері.
2. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің сақталуына қатер төндіретін кез келген қызметке тыйым салынады.
78-бап. Өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерi
1. Өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Мемлекет өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
3. 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін, оның ішінде олардың дириваттарын алып қоюға:
1) арнайы жасалған жағдайларда өсіру және кейіннен мекендеу ортасына жіберу;
2) аң аулаудың ұлттық түрлерін дамыту;
3) ғылыми зерттеулер;
4) селекция үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айрықша жағдайларда жол беріледі.
79-бап. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерi
1. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілеріне ғылыми ынта туғызатын және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар бірегей қасиеттерімен (шығу тегінің тарихымен, тіршілік ұзақтығымен, діңінің, ұшарбасының пішімімен және көлемімен, гүлдерінің, жемістерінің және тұқымдарының мөлшерімен, басқа қасиеттерімен) сипатталатын ағаштардың, бұталардың және шөп тектес өсімдіктердің табиғи ортада немесе жасанды жағдайларда кездесетін дара даналары және (немесе) жекелеген топтары жатады.
2. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері ретінде бөлу, жерге орналастыру, орман орналастыру, қала құрылысы жұмыстары кезінде жүргізіледі.
3. Мемлекет ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері болып жарияланған ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
17-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты
экологиялық желінің элементтерi
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желінің элементтері ұғымы
1. Өздерінің экологиялық жүйелерінің жай-күйі және өздерінің орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық саналуандығын сақтауды қамтамасыз ететін кеңістік тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су беті және олардың үстіндегі әуе кеңістігі учаскелерінің жиынтығын білдіретін табиғи кешендер экологиялық желінің элементтері болып табылады.