3) механикалық көлік құралдары жүргізушілерін жұмысқа қабылдау кезінде және олармен еңбек қатынастары кезеңінде жүзеге асырылады.
10. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерін рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден:
1) көлік құралдарын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;
2) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары өткізеді.
11. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек:
1) алғашқы сағат ішінде жол-көлік оқиғасы болған жерде және медициналық ұйымға бара жатқан жолда дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді;
2) жол-көлік оқиғасы болған жерде, медициналық ұйымға бара жатқан жолда және медициналық ұйымда білікті медициналық көмек көрсетуді;
3) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге бейінді медициналық ұйымдарда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтиды.
30-бап. Орнықты көлік
1. Жол жүрісі процесінде қоршаған ортаға келеңсіз әсер ету деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін көлік құралдары орнықты көлік болып табылады.
2. Орнықты көлік:
1) көліктерді пайдаланушылардың көлік қажеттіліктерін аз шығын жұмсай отырып, барынша қанағаттандыру, сондай-ақ экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және өңірлік дамудың теңгерімділігі үшін барлық көлік түрлерінің қолжетімділігін, ұтқырлығын және жұмыс істеуін;
2) шығарындылар мен қалдықтарды азайтуды, сондай-ақ алып жатқан аумаққа барынша аз әсер етуді және шуды азайту шараларын қамтамасыз етуге тиіс.
3. Орнықты көлікке велосипедтер және экологиялық көлік құралдары жатады.
4. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:
1) орнықты көлікті ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) орнықты көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары орнықты көлікті дамытуды ескере отырып, көліктік жоспарлауды қамтамасыз етеді.
31-бап. Интеллектуалды көлік жүйесі
1. Интеллектуалды көлік жүйесі өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені негізінде:
1) жол жүрісін және барлық көлік түрлерінің жұмысын басқарады;
2) жол жүрісі қауіпсіздігін және мониторингін қамтамасыз етеді;
3) жол жүрісіне қатысушыларға көліктік қызмет етудің ұйымдастырылуы туралы ақпарат береді;
4) көліктік ахуалды бағалау үшін бастапқы деректерді жинайды;
5) жол-көлік ахуалы туралы ақпаратты қалыптастырады;
6) криминалдық және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда тиісті уәкілетті органдарға ақпаратты жедел түрде ұсынады.
2. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:
1) интеллектуалды көлік жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) көлік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) жол жүрісін ұйымдастыру және жедел басқару мақсатында жергілікті атқарушы органдар құрамында мамандандырылған құрылымдар құруды;
2) жол жүрісін және қалалық жолаушылар көлігін басқарудың қазіргі заманғы интеллектуалды жүйелерін енгізуді;
3) кептеліс жағдайларында жол-пайдалану қызметтерінің жұмысына қойылатын талаптарды белгілеуді;
4) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейтуді;
5) көліктік жоспарлау мен жол жүрісін ұйымдастыруды жетілдіруді қамтамасыз етеді.
32-бап. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және олардың зардаптарын жою
1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы, көлік және коммуникация саласындағы органдармен, уәкілетті органмен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларына жедел ден қою және онда зардап шеккен адамдарға уақтылы кешенді көмек көрсету тәртібін айқындайды.
2. Жол-көлік оқиғалары кезінде жедел ден қою және зардап шеккен адамдарға уақтылы кешенді көмек көрсету:
1) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға алғашқы және келесі сағаттарда көмек көрсету жүйесін әзірлеу және бекіту негізінде қамтамасыз етіледі. Жүйенің міндетті элементтері:
шұғыл шақыру жүйесін енгізу;
жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаларын оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары және көлік құралдары жүргізушілерін даярлау шеңберінде адамдарды алғашқы медициналық көмек көрсетуге оқыту;
жол-көлік оқиғаларының төтенше жағдайлары туралы хабарлау, сондай-ақ уәкілетті органдардың тиісті бөлімшелеріне ақпаратты жедел және бір-ақ рет беру үшін бірыңғай жалпыұлттық телефон нөмірін енгізу;
тиісті уәкілетті органдар лауазымды адамдарының ақпарат алу, оқиға орнына шығу және келу, зардап шеккендерге білікті көмек көрсетудің басталу уақыттарын тіркеу;
зардап шеккендерді көлік құралынан және басқа да обьектілерден жедел шығарып алуды қамтамасыз ету;
жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендерге шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсету;
төтенше жағдайлардың салдарын жою;
тиісті уәкілетті органдармен жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек көрсету бойынша бірлескен жоспарлы оқу-жаттығулар өткізу болып табылады;
2) медициналық көмек көрсету және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бағалау жүйесін әзірлеу және бекіту;
3) дене жарақаттарын, сондай-ақ психологиялық жарақаттарды барынша азайту мақсатында жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерді және жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың туыстарын ерте кезеңде оңалтуды және қолдауды қамтамасыз ету;
4) жол-көлік оқиғаларына ұшырағандарды оңалту үшін:
үшінші тұлғалар алдында міндетті жауапкершілікті белгілеу;
көлік құралдары иелерінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды халықаралық өзара тану арқылы жол жүрісіне қатысушылардың сақтандыру жүйесін құру;
5) кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту және зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсету мақсатында жол-көлік оқиғаларының мұқият тексерілуін қамтамасыз ету;
6) жол-көлік оқиғаларына байланысты себептер мен зардаптарды жою жөніндегі шараларды жетілдіру саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді көтермелеу негізінде қамтамасыз етіледі.
33-бап. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы
Шұғыл шақыру жүйесінің операторы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) шұғыл шақыру жүйесін пайдалану;
2) шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
3) шұғыл шақыру жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешеніне жүйелі-техникалық қызмет көрсету;
4) шұғыл шақыру жүйесіндегі ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету;
5) шұғыл шақыру жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ шет мемлекеттердің осыған ұқсас мақсаттағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету;
6) шұғыл шақыру жүйесіндегі шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларын тіркеу және есепке алу;
7) абоненттерді сәйкестендіру карталарын шығару.
34-бап. Пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыру
1. Жолаушылар мен багажды, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын М және N санатындағы пайдаланылып жүрген көлік құралдары шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, М және N санатындағы пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыру ерікті негізде жүзеге асырылады.
М санатындағы көлік құралдарына кемiнде төрт дөңгелегi бар және жолаушылар тасымалдау үшiн пайдаланылатын механикалық көлiк құралдары жатады.
N санатындағы көлік құралдарына кемiнде төрт дөңгелегi бар және жүктерді тасымалдауға арналған механикалық көлiк құралдары жатады.
35-бап. Қоғамдық бірлестіктердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға қатысуы
1. Жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылған қоғамдық бірлестіктер жол-көлік оқиғаларын болғызбау мақсатында өздерінің жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:
өз құзыреті шегінде уәкілетті органдарға жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды жүзеге асыру және қағидаларды, стандарттарды, техникалық нормаларды және басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің өтініші бойынша жол-көлік оқиғаларының себептері мен мән-жайларына зерттеу жүргізуге, материалдарды прокуратураға беруге және сотта өз мүшелерінің мүдделерін білдіруге;
авариялардың профилактикасы жөнінде іс-шаралар жүргізуге;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Уәкілетті орган қоғамдық бірлестіктердің келісуімен оларды жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және жүргізуге тартуға құқылы.
6-тарау. ЖОЛДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ
36-бап. Жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және оларды басқару кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және оларды басқару автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптары негізінде және оларды сақтай отырып орындалуға тиіс.
Жолдарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсер ететін инженерлік шешімдер есебінен күрделі шығындарды азайтуға жол берілмейді.
2. Жолдарды жобалауға, салуға, жөндеуге, күтіп-ұстауға және оларды басқаруға арналған нормативтік, жобалау және техникалық құжаттама жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен келісілуге және бекітілуге жатады.
3. Жолдардың жай-күйінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде белгіленген талаптарға сай келуі үшін жауапкершілік жобалау кезеңінде - жобаны орындаушыға, ал реконструкциялау және салу кезеңдерінде жұмыстарды орындаушыға жүктеледі.
4. Пайдалану процесінде жолдардың жай-күйінің белгіленген қағидаларға, техникалық регламенттерге сай келуін қамтамасыз ету жөніндегі міндет иелігінде (қарамағында) жолдар бар жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі.
5. Халықаралық автомагистральдар және азиялық автомобиль жолдары желілеріне кіретін жолдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен халықаралық келісімдердің талаптарына сай келуге тиіс.
37-бап. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдарға және өзге де тұлғаларға қойылатын негізгі талаптар
1. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар:
1) жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын стандарттардың, нормалар мен қағидалардың талаптарына сәйкес жол жүрісіне қауіпсіз күйде күтіп-ұстауға;
2) жекелеген жол учаскелерін пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірсе, олардағы жол жүрісіне кедергіні дер кезінде жою, жол жүрісіне тыйым салу немесе оны шектеу шараларын қолдануға міндетті.
2. Жолдарда жұмыстардың жүргізілуіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар жұмыс жүргізілетін жерлерде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Осы жерлер, сондай-ақ жұмыс істемейтін жол машиналары, жұмыс аяқталғаннан кейін қалған, жол шегінен тысқары жерге шығарылуға болмайтын құрылыс материалдары, конструкциялар белгіленген нормаларға сәйкес келетін бағыттау және қоршау құрылғыларымен, жол белгілерімен, ал тәуліктің қараңғы мезгілінде және көріну жеткіліксіз жағдайларда қосымша қызыл немесе сары сигнал оттарымен белгіленуге тиіс.
Жолдағы жұмыстар аяқталғаннан кейін көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жол жүрісі жағдайлары қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Тиісті лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар:
1) түрлі санаттағы мүгедектердің қажеттіліктерін ескере отырып, қалаларда және жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру және көліктік жоспарлау жөніндегі құжаттаманы, жолдарды жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарымен жабдықтауды; жолдарды, жол құрылыстарын салу, реконструкциялау жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен;
2) жолдарда бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуді уәкілетті органмен келіседі.
38-бап. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындайтын субьектілерге қойылатын талаптар
1. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар, оның ішінде авариялық-құтқару жұмыстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жолдарда жұмыстардың жүргізілуіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар жол жұмыстары және басқа да жұмыстар жүргізілетін жерлерде қозғалыс қауіпсіздігін:
1) елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар жүргізілетін жерден кемінде елу метр және елді мекендерден тысқары жерлерде үш жүз метр қашықтықта жол жүрісіне қатысушыларды аталған жұмыстардың жүргізіліп жатқаны туралы ескертетін ақпарат қалқандары мен қажетті жол белгілерін орнату;
2) елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймағында көлік құралдары қозғалысының ең жоғары рұқсат етілген жылдамдығын сағатына отыз километрден аспайтын, елді мекендерден тысқары жерлерде сағатына алпыс километрден аспайтын етіп белгілеу арқылы қамтамасыз етуге міндетті. Ұзақ қашықтықтағы жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймақтарында жылдамдықты шектеу тиісті белгілерді орнату арқылы жүйелі мерзімділікпен қайталанып отыруы қажет;
3) көлік құралдарының жол жүрісі жүзеге асырылуы қажет жолақтарды тиісті және анық көрінетін тігінен және көлденеңінен жол таңбаларымен белгілеу;
4) уәкілетті органмен бірлесіп, жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймағында көлік құралдары қозғалысының шектеулі жылдамдығының сақталуын бақылау жөніндегі іс-шараларды жүйелі жүргізу;
5) жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарымен және басқа да жұмыстармен айналысып жатқан адамдарды тәуліктің кез келген уақытында олардың алыс қашықтықтан көрінуін қамтамасыз ететін, халықаралық және ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін сигналдық қорғаныш киіммен жарақтандыру арқылы қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жолдың бұру жолақтарының шекараларында:
1) жолдарды салуға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге, жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ жол сервисі, жол қызметі, сыртқы (көрнекі) жарнама обьектілерін, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттерін, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерін орналастыруға байланысты емес жұмыстарды орындауға;
2) жолға күтім жасауға, оны салуға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге, жөндеуге және күтіп-ұстауға арналмаған және жол сервисі, жол қызметі, сыртқы (көрнекі) жарнама обьектілеріне, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттеріне, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттеріне жатпайтын үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды және басқа да обьектілерді орналастыруға;
3) жолдың бұру жолағын күтіп-ұстау немесе жолды жөндеу жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, жер учаскелерін жыртуға, шөп шабуға, ағаш кесуді жүзеге асыруға және орман екпелері мен өзге де көпжылдық екпелерді зақымдауға, шым қабатты және топырақты ойып алуға тыйым салынады.
39-бап. Жол пайдаланушыларға қатысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету
1. Жолдарда тек мемлекеттік тіркеуден өткен және жарамды техникалық күйдегі көлік құралдарының жүруіне рұқсат етіледі.
2. Көлік құралдары жолдың жүру бөлігімен тек осы Заңның талаптарына және жол жүрісі қағидаларына сәйкес қозғалады.
3. Жолдарда:
1) жолдың жүру бөлігінде және тротуарда материалдарды жинап қоюға, оларды және заттарды сақтауға;
2) тұрақты және уақытша кіретін және шығатын жерлерді, басқа жолдармен қосылыстар және қиылыстар жасауға;
3) жолдың жүру бөлігіне кедергілер, шлагбаумдар орнатуға және басқа да тәсілдермен көлік құралдарының жол жүрісіне бөгет жасауға;
4) жол қызметінің, сыртқы (көрнекі) жарнаманың, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттерінің, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерінің нұсқағыштарын қоспағанда, бұру жолағында жол жүрісіне жатпайтын белгілер, нұсқағыштар орнатуға;
5) әрбір бағытта көлік құралдарының жол жүрісі үшін жолдың бөлек жүру бөліктері болмаған және әртүрлі деңгейлерде жолдардың қиылыстары жайластырылмаған кезде көлік құралы қозғалысының жылдамдығын сағатына бір жүз километрден асатын етіп белгілеуге;
6) автомобильдердің, тракторлардың, басқа да өздігінен жүретін және тіркемелі көлік құралдарының зауыттық сынақтарын жүргізуге;
7) бекітілген белдеуге көлік құралдарын қоюға және жууға арналған алаңдарды орналастыруға;
8) уәкілетті органның рұқсатынсыз бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.
4. Автомагистральдарда жаяу жүргіншілердің, сондай-ақ көлiк құралынан тыс жерде үй жануарларының болуына тыйым салынады.
40-бап. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шаралары
1. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызмет:
1) көлік құралдарының бәсең қауіпсіздігін жақсартуға;
2) жолдарды пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын жасауға, оның ішінде жылдамдықты басқаруға, жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының көрінуін арттыруға, көлік құралдарының инженерлік-техникалық сипаттамаларын жақсартуға;
3) жүргізушілерге ақпарат беру, оларды оқыту және олардың жол жүрісі қағидаларын сақтау міндеттілігі арқылы олардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға;
4) жаяу жүргіншілердің мүдделерінде жасалатын өзгерістер туралы оларға консультация мен ақпарат беруге және жаяу жүргіншінің жол-көлік оқиғасында зардап шегушіге айналу тәуекелін азайтуға ықпал ететін шараларды жүзеге асыруға;
5) жаяу жүргіншілерге жол жүрісін ұйымдастыруда болатын және болған өзгерістер туралы ақпарат беруге және жаяу жүргіншінің жол-көлік оқиғаларында зардап шегушіге айналу тәуекелін азайтуға ықпал ететін шараларды жүзеге асыруға бағытталуға тиіс.
2. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттамада:
1) жаяу жүргіншілер жүретін уақытта олар пайдаланатын қауіпсіз өзара байланысты және қозғалысқа қолайлы маршруттар жасау арқылы тәуекелдерді болғызбауды ескере отырып, жер пайдалануды жоспарлау;
2) жасанды жарықтары бар, қауіпсіз, қолайлы, өзара жалғасқан жаяу жүргінші жолдарын салу;
3) жолдарды жобалау және салу кезеңінде жаяу жүргінші мен көлік ағындары қозғалысын аварияға қарсы бөлу кедергілерімен және қоршауларымен бөлу көзделуге тиіс.
41-бап. Елді мекендерді жоспарлау шеңберінде жол пайдаланушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету
1. Елді мекендердің жолдарын жоспарлау кезінде барлық жол пайдаланушылардың қажеттіліктері орнықты қалалық жоспарлау, көлік қызметтеріне сұранысты басқару және жер ресурстарын пайдалану шеңберінде:
1) қоғамдық көліктің басымдығы мен артықшылығын қамтамасыз ете отырып, халықтың жол жүруге сұранысын реттеу;
2) межелі орындарға апаратын көлік құралдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) елді мекендердің жолдары мен көшелерінде жол жүрісі қауіпсіздігін және олардың үздіксіз өткізу қабілетін қамтамасыз етуді ескере отырып, базарларды, адамдар жаппай жиналатын объектілерді жоспарлау мен орналастыру;
4) географиялық және демографиялық жағдайларды ескеру;
5) интеллектуалды көлік жүйесін енгізу;
6) елді мекендерді, көліктік инфрақұрылымды жоспарлау және елді мекендер жерлерін пайдалану жөніндегі функцияларға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды енгізу негізінде қамтамасыз етіледі.
2. Елді мекендердің аумақтық-көліктік жоспарлау схемаларында, бас жоспарларында:
1) жол жүрісінің қауіпсіз және үздіксіз ұйымдастырылуы;
2) бекітілген техникалық сипаттамаларға сәйкес жол жүрісіне қатысушылардың жол-көлік оқиғаларының әсерінен жоғары қорғалу деңгейі;
3) жерасты және жерүсті жаяу жүргінші өткелдерін салу арқылы көлік және жаяу жүргінші ағындарын бөлу;
4) орынтұрақтардың, паркинтердің, велосипед жүретін жолақтың не велосипед жолдарының, сондай-ақ қоғамдық көлікке және жедел (шұғыл) медициналық жәрдем және өртке қарсы қызмет ұйымдарының арнайы көлік құралдарына арналған жүру жолағының болуы;
5) көлік құралдарының қарсы ағындарын қарсы жүру жолағына шығып кетуді шектейтін жол қоршауларымен бөлу;
6) көлік құралдарының қиылысатын ағындарын әртүрлі деңгейлердегі көлік айрықтарымен бөлу;
7) көлік құралдарының, халық пен өндірістің шектен тыс шоғырлануын болғызбау;
8) көлік және инженерлік ифрақұрылымды қоса алғанда, елді мекеннің аумағын болжамды демографиялық, автомобиль, жол және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға сәйкес келетін жол жүрісін ұйымдастыруды ескере отырып дамыту;
9) жолдардың өткізу қабілетінің, көлік айрықтарының, көлік құралдарының орынтұрақтары мен паркингтерінің көлік құралдары шоғырлануына және елді мекендер аумақтарының құрылысына арақатынасы;
10) елді мекендерді орнықты дамыту кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралар көзделуге тиіс.
42-бап. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жетілдіруді қамтамасыз ету
1. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, жол иелері мыналардың негізінде қолда бар жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жақсартуды қамтамасыз етуге міндетті:
1) жол пайдаланушыларды санаттары бойынша бөле отырып, зардабы ауыр жол-көлік оқиғаларының санын, сондай-ақ пайдаланушылардың әрбір тобы үшін көліктік инфрақұрылымның тәуекелге әсер ететін негізгі факторларын анықтау;
2) жол-көлік оқиғаларының саны немесе ауырлығы шектен тыс болатын қауіпті жерлерді немесе жол учаскелерін анықтау және тиісті түзету шараларын қолдану;
3) қолда бар жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне бағалау жүргізу және қауіпсіздік көрсеткіштерін жақсарту үшін өзін-өзі ақтаған инженерлік тәсілдерді пайдалану;
4) жол желісін жобалау және пайдалану кезеңінде көлік құралдары қозғалысының есепті жылдамдығын реттеуді жүзеге асыру. Көлік құралдары қозғалысының сағатына бір жүз километрден асатын есепті жылдамдығы әрбір бағытта көлік құралдарының жол жүрісі үшін жолдың бөлек жүру бөліктері болған кезде және әртүрлі деңгейлердегі жолдардың қиылыстары жайластырылған жағдайда ғана белгіленеді;
5) қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарын жобалау, қауіпсіздікті тексеру және жолдарды бағалау процесінде жол жүрісі қауіпсіздігі саласында кадрларды қайта даярлауға және оқытуға жәрдемдесу;
6) адам факторлары мен көлік құралдарының конструкциясын ескеріп және интеграциялай отырып, қауіпсіз жолдарды жобалау мен пайдалануға қатысты стандарттарды әзірлеу және пайдалануға жәрдемдесу;
7) жол жұмыстары жүргізілетін жерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
2. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жақсартуды қамтамасыз ету жолдардағы авариялық-қауіпті жерлер мен учаскелерді жою жөніндегі іс-шараларды орындау негізінде жүзеге асырылады.