5. Қызмет өткеру кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған қызметкердің (офицерлік құрамның) отбасы мүшелеріне әскери-медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық көмекті пайдалану құқықтары сақталады.
6. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің немесе әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің қаза тапқанның (қайтыс болғанның) еңбек сіңірген жылдарына қарамастан берілген тұрғын жайды (қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қызметтік тұрғын жайларды қоспағанда) өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар.
Көрсетілген жеңілдіктер ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған), осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін тұрғын жайын (қызметтік тұрғын үйді немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйді) жекешелендіру құқығын пайдаланбаған әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
7. Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, ал оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинағандар, Қазақстан Республикасының арнаулы (әскери) оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады.
8. Қызметкерлердің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жерi бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнде кезектен тыс орын бередi, оған ақы төлеу мемлекеттiк мектеп жасына дейiнгi мекемелер үшiн белгiленген мөлшерде алынады.
9. Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы тағайындалуына қарамастан біржолғы: әйеліне (күйеуіне) - асыраушысының үш айлық зейнетақысы мөлшерінде және еңбекке жарамсыз әрбір отбасы мүшесіне - асыраушысының қайтыс болған күніне төленетін бір айлық зейнетақысы мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Аталған тармақта көзделген біржолғы жәрдемақы мөлшерін белгілеу кезінде жәрдемақы алу құқығы бар отбасы мүшелері қатарына: әйелі (күйеуі), жасына және еңбекке жарамдылығына қарамастан; 18 жасқа толмаған немесе, егер олар 18 жасқа дейін мүгедек болған болса, ол жастан үлкен немесе асыраушысы қайтыс болған күнге оқу орнының күндізгі бөлімінде білім алатын және 23 жасқа толмаған болса, балалары; қайтыс болған қызметкердің асырауында болған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен не мүгедек болып табылатын ата-анасы енгізіледі.
10. Осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген жеңілдіктер ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) не мүгедектік алған әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
Ескерту: Осы бапта қызметкерлердің отбасы мүшелері деп түсінілетіндер: жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптылардың ортақ немесе бірінің кәмелетке толмаған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары; білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; 18 жасқа дейін мүгедек болған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) мүгедек балалары және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; қызметкердің асырауындағы ата-анасы және жұбайының (зайыбының) ата-анасы.
Осы бапта асырауындағы адам ретінде оның табысы есебінен өмір сүретін және жеке табыс көзі жоқ қызметкердің отбасы мүшесі танылады.
79-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
1. Қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен:
1) жасына, ауыруына, денсаулық жағдайының шектелуiне немесе штаттың қысқартылуына байланысты қызметтен шығарылғанда:
күнтізбелік есептеу бойынша мынадай еңбек сіңірген жылдары барларға:
10 жылдан 15 жылға дейін - төрт айлық ақшалай қаражат;
15 жылдан 20 жылға дейін - бес айлық ақшалай қаражат;
20 жылдан 25 жылға дейін - алты айлық ақшалай қаражат;
25 жылдан 30 жылға дейін - жеті айлық ақшалай қаражат;
30 жылдан жоғары - сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
2) 10 жылдан аспайтын еңбек сiңiрген жылдары барларға ауруы бойынша, денсаулығының шектеулі жағдайына және штаттың қысқартылуына байланысты шығарылғанда үш айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 10)-13) тармақшаларында көзделген жағдайлар бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленбейді. Сондай-ақ әскери қызметке, құқық қорғау немесе басқа арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленбейді.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрам қызметкерлеріне жұмыстан шығу жәрдемақысымен қатар арнаулы атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге арнаулы атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның қызметкерлеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшерлері де ұлғаяды.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2.Әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қайтадан (кейіннен) қабылданған қызметкер қызметтен шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау үшін қызметтің жәрдемақы төленбеген кезеңі қолданылады.
3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік наградалармен - ордендермен марапатталған қызметкерлерге берiлетiн бiржолғы жәрдемақының мөлшерi екi айлық ақшалай қаражатқа ұлғайтылады.
4. Жасы бойынша, денсаулық жағдайына немесе штаттық қысқартулар бойынша арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған күнтізбелік жиырма және одан көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлерге әскери-медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз ету құқығы сақталады.
Олардың тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
Медициналық ұйымдарға көрсетілген тұлғаларға тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шегiнде медициналық көмек көрсеткені үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери іс-қимылдардың және бітімгершілік операцияларына басқа да қатысушылардың, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жаралануы, контузия алуы, жарақаттануы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектік алып, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылғандардың медициналық қамтамасыз етуге және санаториялық- курорттық емделуге бірінші кезекті құқығы бар.
80-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда берiлетiн өтемақылар
1. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерген кезеңiнде алған жарақаты (контузиясы), ауру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлерiне қаза тапқан күнiне соңғы атқарған қызметi бойынша алпыс айлық ақшалай қаражатының мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
2. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерумен байланысты контузия, мертiгу, ауыру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн бiр жыл өткенге дейiн мүгедектiк белгіленген жағдайда бiржолғы өтемақы:
I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде төленедi.
3. Қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпайтындай ауыр мертiккен (жараланған, жарақат, контузия алған) жағдайда оған бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккен жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
4. Біржолғы өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Қызметкердің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе алған мертігуі:
1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайды қоспағанда, өзiне-өзi қол жұмсауы нәтижесінде;
2) қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағанда;
3) алкогольдік, есiрткiлік, психотроптық, уытқұмарлық масаң болуын туындататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) қолдану нәтижесінде;
4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтіру (дене мүшесiн зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесінде;
5) қызметкердің қызмет өткеру туралы келісімшарт талабын бұзған іс-әрекеті нәтижесінде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
81-бап. Жерлеу шығындарының өтемақысы
1. Қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе мертiгу (жаралану, жарақат алу, контузия), ауруы салдарынан қайтыс болған қызметкерлерді жерлеу қызмет өткерген жерінде немесе олардың туған-туысқандарының қалауы бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйiттi жеткiзуге әзiрлеумен, мәйiттi жеткiзумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және оны орнатумен байланысты барлық шығындар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде қызметкерлер қызмет өткерген арнаулы мемлекеттік органдардың есебiнен жүзеге асады.
Қызметкерлерді жерлеу кезінде құрмет көрсету арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Аталған ережелер қызметте болудың шектi жасына жетуi, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттық қысқартуға байланысты арнаулы мемлекеттік органдардан қызметтен шығарылған, қызметiнiң жалпы ұзақтығы 25 және одан көп жыл болған қызметкерлерге, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметiнiң жалпы ұзақтығына қарамастан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына, басқа мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылдарға және бітімгершілік операцияларға қатысқандарға қолданылады.
82-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың өзге де шаралары
1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру, олардың мамандық алуы, арнаулы мемлекеттік органдардағы зейнетақы алу құқығынсыз қызметтен шығарылған адамдарды жұмыспен қамту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері белгілеген тәртіппен қызметкерлердің жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейінгі еңбек қызметіндегі өтілін еңбек сіңіру жылдарына есептеуі мүмкін.
3. Климаттық және экологиялық жағдайлары ауыр жерлердегi қызмет мерзiммен шектеледi және оны өткеру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
10-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ
МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
83-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету
1. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады
2. Барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жасырын (құпия) түрде жүзеге асырумен байланысты шығыстарды қаржыландыру тәртібі арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
84-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету және олардың мүлкі
1. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
2. Арнаулы органдардың мүлкі республикалық мүлік болып табылады және жедел басқару құқығында болады.
3. Арнаулы мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылу мен берілу тәртібін белгілейтін қызметтік тұрғын жайлары болады. Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген тұрғын жайды жекешелендіруге болмайды.
4. Жабдықтау нормалары, мүлікті беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбаған жылжымайтын мүлік бюджет қаражаты есебінен консервациялауға жатады немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.
6. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар жекешелендіруге жатпайды.
11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
85-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметкермен жасасқан әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттар олар жасаған мерзім ішінде қолданылады.
2. Осы Заңның 76-бабы 6-тармағының ережесі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасасқан кезде ақшалай сыйақы алған адамға қолданылмайды.
3. 2011 жылғы 30 қарашаға дейін «подполковник» әскери атағы берілген қызметкерлерге аталған әскери немесе арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі бес жыл болып белгіленеді.
4. Осы Заңның қабылдануына байланысты әскери қызметтен арнаулы мемлекеттік органдарға ауыстырылған және «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен әскери қызметте тұрудың шекті жасы өзгертілген қызметкерлер мынадай шекті жастарға жеткенде қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы:
1) подполковникке дейін қоса алғанда - қырық бес жас;
2) полковниктерге - елу үш жас;
3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктерге - елу жас;
4) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға - елу сегіз жас;
5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға - елу бес жас;
6) генерал-полковниктерге - алпыс жас.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. «Аға прапорщик», «прапорщик», «старшина», «үшінші сыныпты сержант», «екінші сыныпты сержант», «бірінші сыныпты сержант», «штаб-сержант» не «шебер-сержант» әскери атақтары берілген қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті осы Заңда сержанттар құрамы үшін көзделген тәртіппен және шарттармен өткереді. Бұл ретте олардың арнаулы мемлекеттік органдарда қызметте болуының шектi жасы, қоса алғанда қырық жеті жасқа дейінгі жасты құрайды.
5. Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоспағанда) «Әскери қызметшілер мен орлардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген тәртіппен 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
6. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғын жаймен не қызметік тұрғын жайға теңестірілген тұрғын жаймен қамтамасыз етілген қызметкерлер осы тұрғын үйде тұру құқығын, сондай-ақ оны «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген жекешелендіру құқығын сақтайды.
86-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 13-і.
№ 552-IV