2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сот қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелерді шешудiң себептерiн де көрсетуге мiндеттi.
Сот мүлікті тәркілеуді тағайындаған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабында көзделген, нақты мүлікті тәркілеу нысанасына жатқызған негіздерді және осы мүлікке қатысты осындай түйіндерге негіз болған дәлелдемелерді көрсетуге тиіс.
3. Сипаттау-уәждеу бөлiгінде осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша, айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауында жариялықты шектеу үшін негіз болатын мән-жайлар туралы тұжырымдалулар болмауға тиіс.
5. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлiгi осы Кодекстің 627-бабына сәйкес жазылады.
398-бап. Айыптау үкiмiнiң қарар бөлiгi
1. Айыптау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiм;
3) сотталушы ол бойынша кiнәлi деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ);
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша өзгертілді
4) жасалғанына сотталушы кінәлі деп танылған әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін оған тағайындалған негізгі және қосымша жазаның түрі мен мөлшері, қылмыстардың қайталану түрі, сондай-ақ алдыңғы үкім бойынша шартты түрде сотталудың күшін жою немесе оны сақтау, алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешім және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58 және 60-баптарының негізінде өтелуге жататын түпкілікті жазалау шарасы көрсетілуге тиіс.
Сот бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындаған кезде үкiмде сотталған адам жазасын өтеуге тиiс мекеменiң түрi мен режимiн көрсетедi, ал сотталған адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалар тағайындалған кезде, үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн оның он тәулiк iшiнде пробация қызметiне есепке қою үшiн келуі мiндетiн белгiлейдi.
Сот мүлікті тәркілеу түріндегі жазаны тағайындаған кезде үкімде қай мүліктің тәркіленуге жататынын көрсетеді және (немесе) тәркіленуге жататын нысаналарды санамалайды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот тәркіленуге жататын ақша сомасын көрсетеді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) шартты түрде соттаған кезде, бас бостандығын шектеуге пробациялық бақылау мерзiмiнiң ұзақтығы және сотталған адамға жүктелетiн мiндеттер, сондай-ақ оларды орындамаудың заңда көзделген салдарлары, кепілгерлік белгілене отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылған кезде кепілгерлік мерзімінің ұзақтығы және осы кезеңде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың салдарлары;
6) сотталған адамды құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыру (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыну енгiзу) туралы шешiм;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы шешім;
2020.19.12. № 385-VI ҚР Заңымен 6-2) тармақшамен толықтырылды
6-2) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу туралы шешім;
7) егер сотталушы үкiм шығарылғанға дейiн ұстап алынса және оған күзетпен ұстау, үйқамақ түрiнде бұлтартпау шаралары қолданылса немесе ол арнаулы медициналық ұйымға орналастырылса, алдын ала күзетпен қамауға алуды есепке алу туралы шешiм;
8) сотталған адамға мәжбүрлеп емдеудi қолдану және қамқоршылық белгiлеу туралы шешiм;
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) үкім заңды күшіне енгенге дейін сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы және процестік мәжбүрлеу шарасы туралы шешім;
10) негізгі жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы мәселенің шешімі;
11) белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жазалау туралы шешім көрсетiлуге тиiс.
2. Сотталушы қылмыстық заңның бiрнеше бабы (баптардың бөлiктерi, тармақтары) бойынша айыпталған жағдайда, үкiмнiң қарар бөлiгiнде олардың қайсысы бойынша сотталушының ақталғаны және қайсысы бойынша сотталғаны көрсетiлуге тиiс.
3. Сотталушы жазаны өтеуден босатылған немесе үкiм жаза тағайындалмай шығарылған немесе жазасын өтеудi кейiнге қалдыру қолданылған жағдайда, бұл туралы үкiмнiң қарар бөлiгiнде көрсетiледi.
399-бап. Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi
1. Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнi; сот анықтаған iстiң мән-жайлары; сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдемелердi сот анық емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болған дәлелдемелер; азаматтық талап қоюға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады.
2. Ақтау үкiмiнде ақталушының кiнәсiздiгiне күмән тудыратын тұжырымдалуларды пайдалануға жол берiлмейдi.
3. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша ақтау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауының жариялылығын шектеуге негіз болған мән-жайлар туралы тұжырымдалулар қамтылмауға тиіс.
400-бап. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгi
1. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм, ақтаудың негiздерi;
3) егер бұлтартпау шарасы таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) ақталған адамның қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылу арқылы келтірілген зиянды өтеткізу құқығының танылуы қамтылуға тиіс.
2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен 401-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
401-бап. Үкiмнiң қарар бөлiгiнде шешуге жататын өзге де мәселелер
Айыптау үкімінің де, ақтау үкiмiнiң де қарар бөлiгiнде, осы Кодекстiң 398 және 400-баптарында санамаланған мәселелерден басқа, мыналар қамтылуға тиiс:
1) қойылған азаматтық талап қою жөніндегі шешiм;
2) заттай дәлелдемелер туралы мәселенiң шешімі;
3) процестік шығасыларды бөлу туралы шешiм;
4) үкiмге апелляциялық шағым жасау не оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау тәртiбi мен мерзiмi туралы нұсқау;
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) қорғалатын адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою, оларды қолдану, өзгерту немесе жүзеге асыруды жалғастыру туралы мәселенің шешімі;
6) тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларының, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың, егер мұндай шаралар қолданылған болса, күшін жою туралы, оларды сақтау туралы шешiм.
Айыптау үкімінің қарар бөлiгiнде Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу туралы шешім, олардың мөлшері және көрсетілген Қордан жәбірленушіге өтемақы ретінде төленген ақшаны қайтару туралы кінәлі адамға қойылатын регрестік талаптар жөніндегі шешім де қамтылуға тиіс.
Ақтау үкімін шығару кезінде сот қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартумен келтірілген зиянды өтеу тәртібін түсіндіретін хабарлама жасайды, бұл үкім жария етілген соң ақталған адамға табыс етіледі.
402-бап. Үкiмдi жариялау
1. Төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімді түрегеліп тұрып жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрі үкімді түрегеліп тұрып тыңдайды.
Егер үкім мәтінінің көлемі үлкен болса, төрағалық етуші оны жария ету кезінде қысқаша үзілістер жасап, содан соң үкімнің толық мәтінін жария етуді жалғастыруға не үкімнің кіріспе және қарар бөліктерін ғана жария етуге құқылы.
2. Егер үкім сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде жазылса, онда аудармашы үкімнің жария етілу барысында оны сотталушының ана тiлiне немесе ол бiлетiн басқа тiлге iлеспе түрде дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталған (ақталған) адамға, процестiң басқа қатысушыларына үкiмге шағым жасау тәртібі мен мерзімін, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстiң апелляциялық қаралуына қатысу туралы өтiнiшхат беру құқығын түсiндiредi. Ақталған адамға хабарлама табыс етілуге және оның заңсыз ұсталу, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталу, бұлтартпау шараларын қолдану, сотқа заңсыз тартылу арқылы келтiрiлген зиянды өтеткізу құқығы, сондай-ақ оны жүзеге асыру тәртiбi түсiндiрілуге тиiс.
4. 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Егер сотталушыға пробациялық бақылау тағайындалып, оған үкім заңды күшіне енгеннен кейін он тәулік ішінде пробация қызметіне келу міндеті жүктелсе, сот оған осы міндетті орындамау салдарын түсіндіреді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Егер сотталушы кепілгерлік белгіленуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, сот сотталушыға, сондай-ақ кепілгер болған адамға сотталушының кепілгерлік кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасауының салдарларын түсіндіреді.
403-бап. Сотталушыны күзетілуден босату
Сотталушы ақталған кезде не жаза тағайындамай немесе жазаны өтеуден босата отырып, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға бас бостандығынан шартты түрде айыруға соттай отырып, айыптау үкiмi шығарылған кезде күзетілудегі сотталушы сот отырысы залында күзетілуден дереу босатылуға жатады.
404-бап. Үкiмнің көшiрмесiн табыс ету
Үкiм жарияланғаннан кейiн - бес тәулiктен кешiктiрмей, ал көлемі үлкен болған кезде он бес тәуліктен кешіктірмей оның көшiрмесi сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етілуге тиiс. Үкiмнiң көшiрмесi процестің басқа қатысушыларына өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде табыс етiледi.
405-бап. Жекеше қаулы
1. Сот жекеше қаулы шығаруға негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жекеше қаулы шығарады, онда мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заң бұзушылық фактiлерiне, қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға ықпал еткен және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның әрекеттерiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда, сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.
2. Жекеше қаулы сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде жол берiлген, азаматтардың құқықтарын бұзушылықтарды және басқа да заң бұзушылықтарды тапқан кезде де шығарылуы мүмкiн.
3. Сот жекеше қаулы арқылы ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк немесе азаматтық борышын бұзғанына аударуға құқылы.
4. Сот, егер мұны қажет деп таныса, басқа жағдайларда да сот талқылауының материалдары бойынша жекеше қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесуге немесе оны ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығын, ерлiгiн жекеше қаулысы арқылы ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына жеткiзе алады.
6. Жекеше қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қолданылып, оның нәтижелерi жекеше қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс, ол туралы сот жекеше қаулының қарар бөлігінде көрсетеді.
406-бап. Сот үкiм шығарумен бiр мезгiлде шешетiн мәселелер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамның кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, асырауында қараусыз қалатын басқа да адамдар бар болған жағдайда, сот айыптау үкiмiн шығарумен бiр мезгiлде көрсетілген адамдарды туысқандарының не басқа адамдардың немесе мекемелердiң қамқоршылығына немесе қорғаншылығына беру туралы, ал сотталған адамның қараусыз қалатын мүлкi немесе тұрғынжайы бар болған жағдайда оларды қорғау жөнiнде шаралар қолдану туралы қаулы шығарады. Қажет болған кезде, сот қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан жәбiрленушiнiң ауыр мертігуіне немесе қайтыс болуына байланысты оның қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларын, еңбекке жарамсыз ата-аналарын, асырауындағы басқа да адамдарды орналастыру туралы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң мүлкi мен тұрғынжайын қорғау туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін органның тағайындауы бойынша іске жәбірленушінің қорғаушысы не өкілі қатысқан жағдайда, сот үкім шығарумен бір мезгілде сотталушыға немесе жәбірленушіге көрсетілген заң көмегіне ақы төлеу туралы, қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы қаулы шығарады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған процестік шешімдер үкiм жария етiлгеннен кейiн де мүдделi адамдардың арыздары бойынша қабылдануы мүмкiн.
4. 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 406-1-баппен толықтырылды
406-1-бап. Үкім, қаулы заңды күшіне енгенге дейін сот шешетін мәселелер
Үкім немесе қаулы заңды күшіне енгенге дейін сот олардың мәнін өзгертпей, жіберілген анық қате жазуларды түзету және олардағы түсініксіз тұстарды түсіндіру, сот үкімімен не қаулысымен тағдыры шешілмеген заттай дәлелдемелер, азаматтық талап қоюды шешу кезіндегі техникалық және арифметикалық қателерді түзету туралы, сондай-ақ процестік шығындардың, Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемнің және оларды дұрыс есептемеген жағдайда мемлекеттік баждың мөлшері туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.
47-тарау. ЖЕКЕШЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
407-бап. Жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу тәртiбi
Осы Кодекстiң 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстерге жататын жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, осы тарауда белгiленген алып қоюларды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
408-бап. Жекеше айыптауды қозғау
1. Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Шағымда ол берілген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелері көрсетіле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа істі іс жүргізуге қабылдау туралы өтініш, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәліметтер, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылатын қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ), сотқа шақырылуы қажетті куәлардың тізімі қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар іс жүргізуге қабылданбайды.
3. Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.
5. Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бередi.
6. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оған осы Кодекстiң 72-бабында және 410-бабының үшінші және төртiншi бөлiктерiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.
7. Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
8. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.
9. Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.
409-бап. Судьяның жекеше айыптау iсi бойынша сот талқылауы басталғанға дейiнгi әрекеттерi
1. Егер берiлген шағым осы Кодекстiң 408-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi. Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.
2. Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде:
1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;
2) шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;
3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Егер шағым осы Кодекстің 408-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе және осы соттың соттылығына жататын болса, сот оны өз іс жүргізуіне қабылдайды.
Егер шағым осы соттың соттылығына жатпаса немесе онда адамды осы Кодекстің 32-бабының екінші бөлігінде көрсетілмеген өзге іс-әрекеттерді жасады деп айыптау туралы өтіну болса, судья өз қаулысымен шағымды тиісінше - соттылығы бойынша сотқа немесе тергеулігі бойынша қылмыстық қудалау органына жібереді.
Егер шағымның авторы осы Кодекстің 409-бабы бірінші бөлігінің талаптарын орындамаса не осы Кодекстің 35-бабында көзделген, қылмыстық қудалаудың басталуы мүмкін бомайтын мән-жайлардың бар екені анықталса, судья өз қаулысымен шағымды қабылдаудан бас тартады.
3. Шағым бойынша қабылданған шешiм туралы қаулының көшiрмесi - арыз иесiне, ал осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1) тармағында көзделген жағдайда айыпталушыға да жiберiледi.
4. Сот отырысын тағайындау үшiн негiздер болған ретте судья шағым сотқа келiп түскен күннен бастап жетi тәулiкке дейiнгі мерзiмде өзіне қатысты шағым берiлген тұлғаны шақыруға, оны iс материалдарымен таныстыруға, берiлген шағымның көшiрмесiн табыс етуге, сотталушының сот отырысындағы осы Кодекстiң 65-бабында көзделген құқықтарын түсiндiруге міндетті, бұл туралы одан қолхат алынады. Судья жекеше айыптаушыдан және сотталушыдан олар сотқа шақыратын куәлардың тізімін беруін талап етеді. Өзіне қатысты шағым берiлген адам сотқа келмеген жағдайда, шағымның көшiрмесi сотталушының құқықтары, сондай-ақ қорғау куәларының тізімін сотқа ұсыну қажеттігі түсiндiрiліп, поштамен не басқа байланыс құралдары пайдаланыла отырып жiберiледi.
5. Судья кәмелетке толмағандар мен олардың өкілдеріне олардың істі соттылығы бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.
6. Судья тараптарға татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкiндiгiн түсiндiруге мiндеттi. Олардан татуласу туралы арыз немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім түскен жағдайда, iс бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5) тармағы негiзiнде судьяның қаулысымен тоқтатылады.
7. Егер тараптардың арасында татуласуға қол жеткiзiлмесе, судья осы баптың төртiншi және алтыншы бөлiктерiнің талаптары орындалғаннан кейiн осы Кодекстiң 322-бабының қағидалары бойынша iстi сот отырысында қарауды тағайындайды.
410-бап. Тараптардың бастамасы бойынша дәлелдемелердi ұсыну және жинау
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы шағым берген жәбiрленушi, өзге де тұлға онда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары және айыпталушының кiнәлiлiгi сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкiн екендiгiн көрсетуге тиіс.
2. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер iс қаралғанға дейiн судьяға өз мүдделерінің қорғалуы үшiн маңызы бар мән-жайларды қандай адамдардың (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi) куәлiк айғақтарымен, құжаттармен, өзге де дәлелдемелермен анықтауға болатынын өзi немесе өкiлi арқылы хабарлайды.
3. Жекеше айыптаушы, оның өкілі, сотталушы, оның қорғаушысы және өкiлдерi сотқа істі қарау басталғанға дейін және оны қарау барысында іс үшін маңызы бар нәрселерді, құжаттарды ұсынуға, өздерінен сот отырысында жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Судья тараптарға олардың өтiнiшхаты бойынша дәлелдемелердi жинауға және олар көрсеткен куәларды шақыруға жәрдем көрсетуге тиiс.
411-бап. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау
1. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау, осы бапта белгiленген алып қоюларды қоспағанда, сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2. Сот талқылауы шағымның сотқа келіп түскен кезінен бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға, бірақ сотталушы өзінің құқықтары түсiндiрiлген шағымның көшiрмесiн алған кезден бастап үш тәулiктен ерте басталмауға тиiс.
3. Жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарау қарсы шағымды қараумен қоса бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлуi мүмкiн. Бiрiктiруге сот тергеуi басталғанға дейiн судьяның қаулысы бойынша жол берiледi. Шағымдарды бiр iс жүргiзуге бiрiктiрген кезде оларды берген тұлғалар процеске бiр мезгiлде жекеше айыптаушы және сотталушы ретiнде қатысады. Қарсы шағымның түсуiне және iс жүргiзулердi бiрiктiруге байланысты қорғауға дайындалу үшiн үстiнен қарсы шағым берiлген тұлғаның өтiнiшхаты бойынша iс үш тәулiктен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Өздерiнiң шағымдарында жазған мән-жайлар туралы бұл тұлғалардан жауап алу - жәбiрленушiден жауап алу қағидалары бойынша, ал қарсы шағымдарда жазылған мән-жайлар туралы жауап алу сотталушыдан жауап алу қағидалары бойынша жүргiзiледi.
Сот талқылауына жекеше айыптаушы мен сотталушы жеке өзі қатысуға немесе онда өз өкiлдерiнiң өкiлдiк етуiне құқылы.
4. Сот тергеуi басталардан бұрын төрағалық етушi тараптарға өзара татуласудың мүмкіндігі туралы және татуласудың тәртібі мен салдарын түсіндіруге міндетті. Татуласуға қандай да бір шартсыз немесе тараптардың міндеттеме алуынсыз келуге болады. Татуласу туралы өтінішхат сот кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн мәлімделуі мүмкін.
5. Сот тергеуi жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң шағымды баяндауынан басталады. Жекеше айыптау iсi бойынша қарсы шағымды бiр мезгiлде қарау кезiнде, оның дәлелдерi негiзгi шағымның дәлелдерi баяндалғаннан кейiн, дәл сол ретпен баяндалады. Айыптаушы дәлелдемелерiн ұсынады, ол оларды зерттеуге қатысуға, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сотталушыға қылмыстық заңды қолдану және оған жаза тағайындау туралы, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтуға құқылы. Айыптаушы сот отырысында, егер бұл сотталушының жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғалуға деген құқығын бұзбайтын болса, айыптауды өзгерте алады, сондай-ақ айыптаудан бас тартуға құқылы.
6. Егер айыптаушының өзі істі қарауға қатыспаған болса, жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң осы Кодекстiң 157-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген дәлелді себептерсіз сот отырысына келмей қалуы iстiң тоқтатылуына әкеп соғады, алайда, іс сотталушының өтiнiшхаты бойынша олардың қатысуынсыз мәні бойынша қаралуы мүмкiн.
412-бап. Жекеше айыптау iсi бойынша соттың шешiмi