Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 819 Қаулысы
(2014.04.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2014 жылғы 19 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2013.18.10. № 1118 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2013.18.10. № 1118 Қаулысымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы, «Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2013.18.10. № 1118 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2013.18.10. № 1118 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 25 тамыздағы
№ 819 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін
зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша
және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды,
мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу
қағидалары
Осы Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы, «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы, «Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылар (бұдан әрі - мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы) - бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, азаматтарға мүгедектік туындаған, асыраушысынан айырылған кезде және жасына байланысты берілетін ай сайынғы ақшалай төлем;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі - Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде берілетін ай сайынғы ақшалай төлем;
3) мемлекеттік арнайы жәрдемақы - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, жұмыс жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жұмыс өтілі болған адамдарға берілетін ақшалай төлем;
4) уәкілетті ұйым (бұдан әрі - Орталық) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын;
5) Орталық филиалдары - Орталықтың облыстық, Астана және Алматы қалаларының филиалдары;
6) Орталық бөлімшелері - Орталықтың қалалық, аудандық бөлімшелері;
7) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері - мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай жұмыс өтілі бар жеке тұлғаларға, еңбек өтіліне барабар жүзеге асырылатын ақша төлемі;
8) зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органдары;
9) зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым - тиісті банктік операциялардың түрлерін реттеу және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» АҚ аумақтық бөлімшелері;
10) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;
11) Орталықтандырылған дерекқор (бұдан әрі - ОДҚ) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттарда төлемдер түрлерін жүзеге асыруға арналған Орталықтың орталықтандырылған дерекқоры;
12) өтініш беруші - зейнетақы төлемдерін және (немесе) жәрдемақыларды тағайындауға өтініш білдіретін адам;
13) зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды алушылар (бұдан әрі - алушы) - Орталықтан зейнетақы төлемдері мен жәрдемақылар тағайындалған жеке тұлға;
14) «Е-Макет» ААЖ - Орталықтан зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды электрондық тағайындаудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі.
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін беру осы Қағидаларда көзделген Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдеріне өтініш білдіру және тағайындау шарттарында және тәртібінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беруге, сондай-ақ Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындауға өтініш білдіру тәртібі
3. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды және мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды (бұдан әрі - зейнетақылар мен жәрдемақылар) тағайындау үшін зейнетақы мен жәрдемақыларды алуға құқығы бар адамдар тұрғылықты жері бойынша Орталық бөлімшесіне қажетті құжаттарды және олардың көшірмелерін қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысандағы өтінішті береді.
Құжаттардың көшірмелері «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен куәландырылған жағдайларды қоспағанда, Орталық бөлімшесінің маманы құжаттардың ұсынылған түпнұсқалармен салыстырғаннан кейін куәландыруға тиіс.
Зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау үшін өтінішті және қажетті құжаттарды үшінші адамдардың ұсынуы «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен зейнетақыны немесе жәрдемақыны алуға құқығы бар адамның нотариат куәландырған сенімхаты бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі және қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж деп танылған адамдарға зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау үшін өтінішті және қажетті құжаттарды олардың қорғаншылары немесе қамқоршылары ұсынады.
4. Өтінішке зейнетақы немесе жәрдемақы алуға құқығы бар адамның жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН) болған кезде, оның ішінде асырауындағылардың (асыраушысынан айрылған жағдай бойынша немесе 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға мемлекеттік әлеуметтік төлем тағайындау кезінде) мынадай құжаттары қоса беріледі:
1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруына ыхтиярхат, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін оралман куәлігі);
2) тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы не ауыл әкімдерінің анықтамасы, Байқоңыр қ. тұрғындары үшін Ресей Федерациясы Байқоңыр қ. тұрғын үй шаруашылығының азаматтарына есеп жүргізу және тіркеу жөніндегі бөлімнің анықтамасы);
3) зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банктік шоттың не түзеу мекемесінің бақылау шотының нөмірі туралы мәліметтер.
Балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген жағдайда фактінің белгіленгенін растайтын құжат ұсынылады (зейнетақы мен жәрдемақы алушы ұсынады).
5. Зейнетақыны беру және тағайындау үшін осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттарға қоса мыналар ұсынылады:
1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыстағы үзілістерге қарамастан, 1995 жылғы 1 қаңтардан бергі кезеңдегі қатарынан кез келген 3 жылғы орташа айлық табысы туралы ұйымның (кәсіпорынның) анықтамасы ұсынылады.
Ұйым (кәсіпорын) таратылған жағдайда табыс туралы мәліметтер көрсетілген мұрағат анықтамасы ұсынылады.
Ұйымның (кәсіпорынның) орташа айлық табыс туралы анықтамасын беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, «Байқоңыр» кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істеген кезеңде алған табысты қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтардан бергі кезеңге Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін алынатын орташа айлық табыстың мөлшері, жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгіленеді;
2) зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар адамның еңбек өтілін растау үшін, олардың бар-жоғына қарай мынадай құжаттар ұсынылады:
еңбек кітапшасы;
білімі туралы құжат;
әскери билет немесе қалалар мен аудандардың қорғаныс істері жөніндегі басқармалары мен бөлімдерінің анықтамасы;
балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтардың хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбасы немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) мен балалардың мынадай құжаттарының біреуі:
жеке куәлік;
неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы анықтама не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы анықтама жазбадан үзінді көшірме);
орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом немесе оқу орнынан білім алғанын растайтын анықтама;
балалардың тұрақты тұратын жері бойынша тіркелген орнын растайтын құжат;
балалардың қайтыс болуы туралы куәлік (немесе азаматтардың хал актілерін жазу органдары берген қайтыс болғаны туралы актілік жазбасы немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);
1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жұмыс кезеңінде сақтандыру жарналарының Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына төленгені туралы салық органының анықтамасы («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 5) және 17) тармақшаларына сәйкес өтілді есепке алу кезінде);
ақталуы туралы анықтама;
әскери ұрыс қимылдарына қатысқаны туралы әскери комиссариаттың анықтамасы;
бірінші топтағы мүгедекке, екінші топтағы жалғызілікті мүгедекке, бөгде адамның көмегіне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерге, сексен жасқа толған қарттарға, атом сынақтарының, экологиялық апаттар салдарынан зардап шеккен немесе адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған не ЖИТС-пен ауыратын 16 жасқа дейінгі мүгедекке күтімді жүзеге асыру фактісін және кезеңін растайтын соттың шешімі;
1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығында төтенше және аса жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісін растайтын құжат;
егер еңбек қызметі туралы жазбалар еңбек кітапшасына енгізілмесе немесе түзетулер бар болса, мұрағат мекемелерінен немесе жұмыс орнынан анықтама;
бұрынғы кеңестік мекемелердің, Қазақстан Республикасы мекемелерінің және халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің - жұбайының (зайыбының) шетелде тұрғанын растайтын анықтама;
әскери қызметшілердің жұбайының (зайыбының) жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ жерлерде тұрғанын растайтын анықтама;
арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерінің жұбайының (зайыбының) мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ жерлерде тұрғанын растайтын анықтама;
неке және (немесе) некені бұзу туралы куәлік не азаматтардың хал актілерін жазу органдары берген некеге тұру және (немесе) некені бұзу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме, азаматтардың хал актілерін тіркеу туралы анықтама (тегін өзгерткен кезде).
6. Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттармен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аумақтық органдарының медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері мүгедектігі туралы белгіленген нысандағы анықтамадан үзінді көшірмені ұсынады.
Бұдан басқа, олардың бар-жоғына қарай, мынадай құжаттар ұсынылады:
1) радиациялық әсерге ұшыраған адамдардың ауруының, мүгедектігінің себептік байланысын белгілеу жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық кеңес шешімі;
2) Орталық әскери-дәрігерлік комиссияның шешімі;
3) ауруы туралы госпиталь берген куәлік не әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы;
4) 16 жасқа дейінгі мүгедек баланың туу туралы куәлігі.
7. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттармен қоса, асыраушысының қайтыс болғаны туралы куәлік не адамды хабарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп тану туралы соттың шешімі ұсынылады.
Бұдан басқа, олардың бар-жоғына қарай, мынадай құжаттар ұсынылады:
1) асырауындағы адамның қайтыс болған адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжат (туу туралы, неке туралы, некені бұзу туралы, әкесі екенін (анасы екенін) анықтау туралы куәлік, жеке куәлік және тағы басқалар);
2) егер туу туралы куәлікке әкесі туралы мәліметтер анасының мәлімдеуі бойынша енгізілсе, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі органдарының белгіленген нысандағы анықтамасы;
3) қорғаншылықты (қамқоршылықты) растайтын құжат;
4) 18-ден 23 жасқа дейінгі адамдардың күндізгі оқу бөлімінің оқушылары болып табылатыны туралы оқу орнының осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысандағы анықтамасы (жыл сайын оқу жылы басталғанда беріледі);
5) қаза тапқан (қайтыс болған) адамның әскери билеті не әскери қызмет өткергені туралы анықтамасы;
6) әскери қызметшінің, ішкі істер органдары мен бұрынғы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерінің қаза болуы немесе қайтыс болуы қызметтік міндеттерін атқару кезінде немесе әскери қызмет өткеру кезінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруы салдарынан туындағанын растайтын анықтама.
Қайтыс болған адамның сегіз жасқа толмаған балаларын, інілерін, қарындастарын немесе немерелерін күтумен айналысатын адамдар бұған қоса мынадай құжаттарды ұсынады:
1) еңбек қызметін тоқтатқанын растайтын еңбек кітапшасы (көшірме жыл сайын еңбек кітапшасының түпнұсқасымен салыстырылады);
2) тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені туралы салық органының анықтамасы (жыл сайын жаңартылады).
8. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде тағайындалады.
9. Мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау үшін осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттармен қоса мыналар ұсынылады:
1) еңбек кітапшасы;
2) ұйымның жұмыс сипатын немесе еңбек жағдайларын растайтын, осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысандағы анықтама;
3) білімі туралы құжат;
4) әскери билет немесе қалалар мен аудандардың қорғаныс істері жөніндегі басқармалары мен бөлімдерінің анықтамасы;
5) балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтардың хал-актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) мен балалардың мынадай құжаттарының біреуі:
жеке куәлік;
неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы анықтама не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы анықтама жазбадан үзінді көшірме);
орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом не оқу орнынан білім алғанын растайтын анықтама;
балалардың тұрақты тұратын жері бойынша тіркелген орнын растайтын құжат;
балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік (немесе азаматтардың хал актілерін жазу органдары берген қайтыс болғаны туралы актілік жазбасы немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама).
Ұйым таратылған жағдайда жұмыс орны, жұмыс істеген лауазымы, кәсібі, жұмыс кезеңдері, мұрағат ісінің нөмірі, оның беттері көрсетілген, мөрмен және мұрағат директоры мен мұрағатшының қолы қойылып расталған мұрағат анықтамасы ұсынылады.
Мұрағат құжаттары болмаған кезде, жұмыстың сипаты немесе еңбек жағдайлары мен олардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жерасты және ашық кен жұмыстарындағы, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстардағы өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің лауазымдар мен көрсеткіштердің № 1 тізіміне немесе Еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстардағы өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 2 тізіміне сәйкестігі сот органдары арқылы белгіленеді.
3. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды беру және тағайындау тәртібi
10. Орталық бөлімшесі зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш берушіден алынатын құжаттар жиынтығының толықтығын тексереді, өтініш беруші ұсынған құжаттар көшірмелерінің сапасын және түпнұсқаларға сәйкес болуын қамтамасыз етеді.
Құжаттарды қабылдау кезінде Орталық бөлімшесі:
зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау үшін «Е-Макет» ААЖ-да өтініш берушіде оларды тағайындау немесе төлеу фактісінің болмауын;
зейнетақы тағайындау үшін табысы туралы анықтамада көрсетілген сомалардың салымшының транзиттік шотындағы айналымдардың электрондық үзінді көшірмесіне сәйкес келуін;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін сот хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп таныған адамның сот шешімі күшіне енгеннен кейінгі кезеңге 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын аударуын тексеруді жүзеге асырады.
Табысы туралы анықтамада көрсетілген аударылған міндетті зейнетақы жарналарының сомалары салымшының транзиттік шотындағы айналымдардың электрондық үзінді көшірмесіне сәйкес келмеген немесе толық сәйкес келмеген жағдайда Орталық бөлімшесі жұмыс берушіде анықталған айырмашылықтарды нақтылау үшін табыс туралы анықтаманың Орталық бөлімшесі бастығының қолы қойылған және мөрмен расталған көшірмесін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш білдірген өтініш берушіге қайтарады.
Табыстары туралы расталған анықтама ұсынылғанға дейін зейнетақыны тағайындауды уәкілетті орган оларды есепке алмай жүргізеді.
Зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындауға өтініш құжаттардың толық жиынтығымен қоса осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша журналда тіркеледі.
Түпнұсқада ұсынылған құжаттар (еңбек кітапшасын қоспағанда) құжаттардың қабылданғаны туралы белгісі бар өтініштің үзбелі талонымен қоса өтініш берушіге осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес қайтарылады.
Өтініш берушіде зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындауға өтініш берген кезде оларды «Е-Макет» ААЖ-да тағайындауы немесе төленуі туралы жағдайы анықталған болса, Орталық бөлімшесі өтініш берушіні осы Қағидаларға 5-1-қосымшаға сәйкес өтінішті қабылдамау туралы хабардар етеді.
11. Орталық бөлімшесі өтінішті тіркеген күні журналда іске нөмір қояды, осы Қағидаларға 6, 7-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша зейнетақы немесе жәрдемақы алушының іс макетін және Орталық бөлімшесінде өтінішті тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде алушының электрондық іс макетін қалыптастырады.
Орталық бөлімшесінің маманы электрондық іс макетін қалыптастыру үшін іс макетін сканерлейді, сканерленген құжаттардың сапасын және олардың қағаз жеткізгіштегі макетке сәйкестігін тексереді, осы Қағидаларға 8-13-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы электрондық шешім жобасын (бұдан әрі - электрондық шешім жобасы) қалыптастырады, электрондық шешім жобасын ЭЦҚ-мен куәландырады.
Орталық бөлімшесінің бастығы электрондық іс макетінің қағаз жеткізгіштегі макетке сәйкестігін салыстырып тексереді, сканерленген құжаттардың сапасын, зейнетақы немесе жәрдемақы мөлшерін есептеудің, электрондық шешім жобасының ресімделу дұрыстығын тексереді және оны ЭЦҚ-мен куәландырады.
Орталық филиалы келіп түскен электрондық іс макеті мен электрондық шешім жобасын екі жұмыс күні ішінде қарайды, есептеудің және электрондық шешім жобасының ресімделу дұрыстығын тексереді, содан кейін уәкілетті органға жібереді. Бұл ретте электрондық шешім жобасы Орталық филиалының маманы мен басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылады.
Уәкілетті органның және зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымның электронды өзара іс-қимылы «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Уәкілетті орган электрондық іс макетін электрондық шешім жобасымен қоса қарайды, уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Шешім басқарма (бөлім) маманының, басшысының және уәкілетті орган басшысының ЭЦҚ арқылы куәландырылған зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы электрондық цифрлық нысандағы құжатты (бұдан әрі - шешім) білдіреді. Шешімнің нөмірі мен күні автоматты режимде беріледі.
Осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күн ішінде Орталық бөлімшесіне автоматты режимде жіберіледі.
Хабарлама уәкілетті органның жауапты адамының ЭЦҚ-мен куәландырылады.
Уәкілетті органның маманы шешімді осы Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша зейнетақы немесе жәрдемақыны тағайындау туралы шешімдерді тіркеу журналында тіркейді.
Уәкілетті орган шешімі бар электрондық іс макетін Орталық бөлімшесіне жібереді.
13. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы үлесін алуға құқығы бар адамдар өтінішпен және осы Қағидалардың 4, 7-тармақтарында көрсетілген құжаттарымен тұрақты тұрғылықты жеріндегі Орталық бөлімшесіне жүгінеді.
Үлес алушының тұрақты тұрғылықты жеріндегі Орталық бөлімшесі асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті және оған қоса берілген құжаттарды келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде сканерлейді, сканерленген құжаттардың сапасын тексереді, Орталық бөлімшесінің маманы мен бастығының ЭЦҚ-мен растайды және оларды Орталық филиалы арқылы негізгі алушының тұрғылықты жеріндегі Орталық бөлімшесіне жібереді.