2. Уәкілетті орган шағымды қарауды осы баптың ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 670-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Уәкілетті орган шағымды қарау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға және шағымды қарауға қатысатын лауазымды адамдарға қандай да бір ықпал етуге тыйым салынады.
681-бап. Уәкілетті органға жіберілген шағым бойынша шешім шығару
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті орган шағымды мәнi бойынша қарау аяқталған соң жазбаша түрде дәлелдi шешiм шығарады және оны салық төлеушiге (салық агентіне) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жiбередi немесе қолын қойғызып тапсырады, ал көшiрмесiн салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараған салық органына жібередi.
2. Шағымды қарау қорытындысы бойынша уәкілетті орган:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыруға;
2) салық органының шағым жасалған шешімінің күшін жоюға;
3) шешімді өзгертуге немесе жаңа шешім шығаруға құқылы.
3. Осы Кодексте белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған уәкілетті органның шешімі салық органдарының орындауы үшін міндетті.
682-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру
Уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің 672-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіппен тоқтатыла тұрады.
683-бап. Уәкілетті орган шешімінің нысаны мен мазмұны
Уәкілетті органның шешімінде:
1) шешімнің қабылданған күні;
2) шағым берген салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не толық атауы;
3) сәйкестендіру нөмірі;
4) жоғары тұрған салық қызметі органының шағым жасалып отырған шешімінің қысқаша мазмұны;
5) шағымның мәні;
6) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасалған негіздеме мен қорытындылар көрсетілуге тиіс.
684-бап. Уәкілетті органға шағым берудің салдары
1. Уәкілетті органға шағым беру жазбаша шешім шығарылғанға дейін салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның орындалуын шағым жасалған бөлігінде тоқтата тұрады.
2. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның күші жойылған жағдайда салықтық тексеру актісінің салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде ғана күші жойылады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 685-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
685-бап. Тақырыптық тексеру тағайындау және жүргізу тәртібі
1. Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде, қажет болған жағдайда тақырыптық тексеру тағайындауға құқылы.
2. Тақырыптық тексеруді тағайындау және жүргізу осы баптың ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 675-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Уәкілетті орган нәтижелеріне шағым жасалған салықтық тексеруді жүргізген салық органына, сондай-ақ салық төлеушінің салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қараған салық органына тақырыптық тексеру жүргізуді тапсырмауға тиіс.
4. Уәкілетті органға жіберілген шағым бойынша шешім тақырыптық тексеру және (немесе) қайта тақырыптық тексеру нәтижелері ескеріле отырып шығарылады. Бұл ретте уәкілетті орган осындай тексерулердің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, ол шағым бойынша шешім қабылдау кезінде оларды ескермеуге құқылы, алайда мұндай келіспеушілік дәлелді болуға тиіс.
95-тарау. САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ОРГАНДАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫНЫҢ ӘРЕКЕТІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ
686-бап. Шағым жасау құқығы
Салық төлеушінің немесе оның уәкілетті өкілінің жоғары тұрған салық қызметі органына немесе сотқа салық қызметі органдары лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға құқығы бар.
687-бап. Шағым жасау тәртібі
Салық қызметі органдары лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген тәртіппен шағым жасалады.
688-бап. Салық қызметі органдары лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Салық қызметі органдарының Қазақстан Республикасы салық заңнамасының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
| Қазақстан Республикасының Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
| | |
Астана, Ақорда, 2008 жылғы желтоқсанның 10-ы.
№ 99-ІV ҚРЗ