35. Есеп айырысу кезеңіндегі операциялық тәуліктердің әрбір сағаты осы сағатта Жүйелік оператор жүргізген реттеудің барынша көп көлемінің өлшемдері бойынша төмендегідей айқындалады:
1) арттыруға арналған реттеу сағаты;
2) азайтуға арналған реттеу сағаты;
3) реттеусіз сағат.
36. Есеп айырысу кезеңіндегі операциялық тәуліктердің әрбір сағаты үшін теңгерімдеуші электр энергиясының бағасы сұрыптау тізімінен түскен осы сағатта соңғы іске қосылған ұсыныстардың бағасымен айқындалады.
37. Ұлттық электр желісінде технологиялық бұзушылықтар мен авариялардың алдын алу, оқшауландыру және жою жөнінде (қолмен немесе жүйелік аварияға қарсы автоматиканың іс-қимылымен) операция жүргізілген уақыт кезеңінде технологиялық бұзушылықтар мен авариялардың алдын алу, оларды оқшаулау және жою кезінде жүйелік оператор азайтуға не болмаса арттыруға арналған реттеу жүргізілгеніне қарамастан, реттеусіз сағат ретінде айқындайды. Теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушілермен барлық өзара есеп айырысуларды реттеусіз сағат үшін айқындалатын (осы Қағидалардың 46-тармағы) электр энергиясы теңгерімдсіздігінің бағасы бойынша жүйелік оператор жүргізеді.
38. Электр желілері учаскелерінің қималары шектен тыс жүктелген жағдайларда, реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді іске қосудың реттілігі шектен тыс жүктелген қимаға қатысты теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушінің орналасқан орнына қарай айқындалады:
1) жүйелік оператор қиманың шектен тыс жүктемесін тіркейді;
2) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінінің бір бөлігін теңгерімдеудің жекелеген аймағына бөлу туралы шешім қабылдайды;
3) сұрыпталған тізімді бөлінген аймақтарға сәйкес бөледі;
4) әрбір аймақ бойынша жеке электр энергиясы теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу жөніндегі барлық операцияларды жүргізеді.
39. Қималар шектен тыс жүктелген және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі теңгерімдеудің түрлі аймақтарына бөлінген жағдайда, теңгерімдеуші электр энергиясының бағасы әрбір аймақ бойынша жеке айқындалады.
40. Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі жекелеген бөліктерінің жеке жұмысы кезінде, оның ішінде жоспарлы және авариялы жөндеулер кезінде қуаттардың резервтерін дайындықта ұстау жөніндегі барлық операциялар, теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізуге/сатып алуға арналған өтінімдердің сұрыпталған тізімін жасау, электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи және содан кейін қаржылық реттеу әрбір аймақ бойынша бөлек жүргізіледі.
41. Имитациялық режимде жүйелік оператор теңгерімсіздіктерді табиғи реттеу мақсатында электр энергиясын сатып алу-сатуды, сондай-ақ қуаттылықты реттеу жөніндегі қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады. Қуаттарды реттеу жөніндегі қызметтерді көрсету шарттарында қызметтер көлемі мен оларды пайдалану талаптары айтылады.
42. Имитациялық режимде теңгерімсіздіктерді табиғи реттеу мынадай түрде жүзеге асырылады:
1) жүйелік оператор электр энергиясын сатып алу/сату көлемдерін, сондай-ақ Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергияны өндірудің және тұтынудың болжамды теңгерімдері негізінде қуаттылықтарды реттеу жөніндегі сатып алынатын қызметтер көлемін айқындайды және электр энергияны сатып алуды/сатуды және қуаттылықты реттеу жөніндегі қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады;
2) жүйелік оператор электр энергияны сатып алу-сатуға және қуаттылықты реттеу жөніндегі қызметтерді сатып алуға жасалған шарттарды мынадай жағдайларда іске қосады:
жиіліктің Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі жұмысының оқшауландырылған режимінде номиналдық мәндерінен ауытқуы;
іргелес мемлекеттердің энергия жүйелерімен Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі мемлекетаралық электр энергиясының сальдо-ағындарының нақты мәндерінің келісілген тәуліктік кестедегі мәндерінен ауытқуы;
қималардағы жүктемелер;
технологиялық бұзушылықтар мен авариялардың алдын алу, оқшауландыру және жою;
3) жүйелік оператор мен нарық субъектісінің арасындағы келісім бойынша электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта аталған нарық субъектісінің ықтимал теңгерімсіздіктерінің диапазоны белгіленеді;
4) электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттарда көзделген ықтимал теңгерімсіздіктер диапазонының шегінде ғана теңгерімсіздіктерге жол беріледі. Бұл ретте, тәулік және есеп айырысу кезеңі бойынша теңгерімсіздіктердің алгебралық сомасы (сальдо) нөлге тең болуы тиіс;
5) жүйелік оператор нарық субъектілерінің ықтимал теңгерімсіздіктер диапазонын және теңгерімсіздіктердің нөлдік сальдосын сақтауына мониторингті жүзеге асырады және нарық субъектісі осындай шарттарды бұзған жағдайда электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шектеулерді енгізеді.
3. Электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеу
43. Электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді жүйелік оператор теңгерім провайдерлерімен теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша жүзеге асырады, бұл ретте есеп айырысу орталығы теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату операцияларын теңгерім провайдерлерімен теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату шарты бойынша жүзеге асырады.
44. Жүйелік оператор электр энергиясының сағаттық теңгерімсіздіктерін есептеуді төмендегідей жүзеге асырады:
1) электр энергиясын сағаттық коммерциялық есепке алу жүйелерінің (аспаптардың) деректері негізінде теңгерім провайдері қабылдаған/босатқан электр энергиясының іс жүзіндегі көлемі анықталады. Бұл ретте, теңгерім провайдерінің электр энергиясын қабылдауы «+» белгісімен айқындалады, электр энергиясын босатуы «-» белгісімен айқындалады;
2) теңгерім провайдері үшін электр энергиясының теңгерімсіздігі жүйелік оператор бекіткен тәуліктік кестедегі (келісілген түзетулерді есепке ала отырып) осы сағат үшін көрсетілген көлемнен бір сағат ішінде қабылданған/босатылған электр энергиясының іс жүзіндегі көлемінің алгебралық айырмасы ретінде есептеледі;
3) теңгерім провайдерінің электр энергиясының оң теңгерімсіздігі тәуліктік кестеде көрсетілген көлемнен артық электр энергиясын тұтынуды немесе электр энергиясының іс жүзінде жеткіліксіз берілуін білдіреді. Теңгерім провайдерінің электр энергиясының теріс теңгерімсіздігі шартта көрсетілген төмен электр энергиясының іс жүзіндегі тұтынылуын немесе электр энергиясының артық берілуін білдіреді;
4) деректерді автоматты түрде берудің техникалық мүмкіндіктері жоқ электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері күн сайын Жүйелік операторға келісілген хаттама бойынша тұтынудың/жеткізудің сағаттық есебінің, көтерме сауда нарығының аралас субъектілерімен және желілеріне тікелей қосылған энергия беруші ұйымдармен электр энергиясы сальдо-ағынының деректерін жібереді. Келісілген деректер электр энергиясының теңгерімсіздіктерін алдын ала есептеу және бұл ретте туындайтын қаржылық міндеттемелер үшін негіз болып табылады;
5) теңгерім провайдерінің электр энергиясының сағаттық коммерциялық есепке алу жүйелерінің (аспаптарының) деректері жоқ болған жағдайда, электр энергиясының сағаттық теңгерімсіздігі осы Қағидалардың 19, 20, 21-тармақтарына сәйкес есеп айырысу жолымен айқындалады;
6) есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша электр энергиясын есепке алу деректерін растау актісі ресімделеді. Теңгерім провайдері қабылдаған/босатқан электр энергиясының іс жүзіндегі көлемі есептік кезеңдегі сағаттық мәндерінің сомасынан ауытқыған жағдайда, сағаттық мәндерге түзетулер енгізіледі және теңгерім провайдерінің электр энергиясының сағаттық теңгерімсіздіктері қайта есептеледі;
7) жүйелік операторға келісілген актілерді ұсынбау электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектісінің, теңгерім провайдерінің жүйелік оператордың осы Қағидалардың 2-бөлімінің 5-кіші бөліміне сәйкес есеп айырысу әдісін пайдалануға келісім бергенін білдіреді.
45. Электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйелері жоқ электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алу актісін ресімдейді, оның негізінде теңгерім провайдері қабылдаған/берген электр энергиясының іс жүзіндегі көлемі айқындалады.
46. Жүйелік оператор әрбір теңгерім провайдері үшін тәуліктің әрбір сағатына электр энергиясының теңгерімсіздігі үшін төлемдерді есептеуді жүзеге асырады:
1) арттыруға арналған реттеу сағаты үшін теңгерім провайдерлері оң теңгерімсіздіктер үшін дебетке жазылады және теріс теңгерімсіздіктерге арттыруға арналған сұрыптау тізімінде соңғы іске қосылған теңгерімдеуші электр энергиясының бағасы бойынша кредиттеледі;
2) азайтуға арналған реттеу сағаты үшін теңгерім провайдерлері оң теңгерімсіздіктер үшін дебетке жазылады және теріс теңгерімсіздіктер үшін азайтуға арналған сұрыптау тізімінде соңғы іске қосылған теңгерімдеуші электр энергиясының бағасы бойынша кредиттеледі;
3) реттеусіз сағат үшін теңгерім провайдерлері оң теңгерімсіздіктер үшін дебетке жазылады және теріс теңгерімсіздіктер үшін спот-сауда-саттығындағы осы сағатта электр энергиясының клирингтік бағасымен айқындалатын электр энергиясының бағасы бойынша кредиттеледі. Есеп айырысу сағатында спот-сауда-саттығы болмаған жағдайда, электр энергиясы теңгерімсіздігінің бағасы орталықтандырылған сауда-саттықта ұқсас кезеңдегі клирингтік баға ретінде айқындалады;
4) есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша шектес мемлекеттердің ұйымдарымен және шаруашылық жүргізуші субъектілерімен жасалған шарттар мен өзара қарым-қатынастардың өзге талаптарымен негізделген есеп айырысу дебеті мен есеп айырысу кредитінің көлемдері сәйкес келмеген жағдайда, электр энергиясы оң теңгерімсіздігінің сағаттық бағалары түзетуші коэффициентті есепке ала отырып, қайта есептеледі;
5) арттыруға бағытталған реттеу сағаты және реттеусіз сағат үшін.
Жүйелік оператордың есеп айырысу дебеті мен жүйелік оператордың есеп айырысу кредиті сәйкес келмеген жағдайда, теңгерімдеуші электр энергиясын сатуға сағаттық бағалар түзетуші коэффициентті есепке ала отырып, қайта есептеледі.
Түзетуші коэффицент есеп айырысу дебетінің есеп айырысу кредитіне қатынасы ретінде айқындалады;
6) азайтуға арналған реттеу сағаты үшін.
Жүйелік оператордың есеп айырысу дебеті мен жүйелік оператордың есеп айырысу кредиті сәйкес келмеген жағдайда, теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алуға сағаттық бағалар түзетуші коэффициентті есепке ала отырып, қайта есептеледі.
Түзетуші коэффицент есеп айырысу дебетінің есеп айырысу кредитіне қатынасы ретінде айқындалады.
47. Электр энергиясының анықталған теңгерімсіздіктерін теңгерім провайдерлерімен қаржылық реттеу:
1) он күн сайын жүйелік оператор әрбір теңгерім провайдеріне теңгерімсіздіктер бойынша өзара есеп айырысулар ведомосін жасайды, онда әрбір сағат бойынша теңгерімсіздіктің көлемі мен белгісі, әрбір сағат бойынша теңгерімдеуші электр энергиясының бағасы, есеп айырысу он күндігі үшін дебет пен кредиттің жиынтық көлемі көрсетіледі;
2) жасалған ведомость теңгерім провайдері мен жүйелік оператордың есеп айырысу орталығы арасындағы өзара есеп айырысулар үшін негіз болып табылады;
3) есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгерімі мен теңгерімсіздіктер бойынша айлық өзара есеп айырысу ведомостар негізінде жүйелік оператордың есеп айырысу орталығы мен теңгерім провайдерлері арасында түпкілікті өзара есеп айырысу жүзеге асырылады.
4. Жүйелік оператордың басқа мемлекеттердің ұйымдарымен және
шаруашылық жүргізуші субъектілерімен өзара іс-қимылы
48. Жүйелік оператор электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясының нақты сальдо-ағындарының жасалған шарттарға сәйкес бекітілген тәуліктік кестеде келісілген шарттық сальдо-ағындарынан ауытқуларын табиғи және қаржылық реттеуді жүзеге асырады.
49. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгеру, электр энергиясының шарттық сальдо-ағындарының сақталуы бойынша функцияларды жүзеге асыра отырып:
1) басқа мемлекеттердің ұйымдарымен және шаруашылық жүргізуші субъектілерімен электр энергиясының теңгерімін ұстап тұруға бағытталған қызметтерді көрсетуге және/немесе алуға арналған шарттарды жасасады;
2) есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша басқа мемлекеттердің ұйымдарымен және шаруашылық жүргізуші субъектілерімен электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді жүзеге асырады.
5. Жүктеме профилін айқындау, жүктеме профилі бойынша электр
энергиясының теңгерімсіздіктерін есептеуді жүргізу
50. Көтерме сауда нарығының әрбір субъектісі - электр энергиясын тұтынушы немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым үшін теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта жүктеме профилі - электр энергиясы көтерме сауда нарығы тұтынушысының (энергиямен жабдықтаушы ұйымының) электр энергияны тұтынуының (сальдо-ағын) сағаттық мәндері есебінің алгоритмі көрсетілуі керек.
51. Жүктеме профилі электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектісінің тұтынуын сағат сайынғы өлшеу (сальдо-ағын) болмаған жағдайда, тұтынудың сағат сайынғы мәнін анықтау үшін пайдаланылады.
52. Жүктеме профилі телеметрияның деректері негізінде қалыптасады. Телеметрияның деректері болмаған жағдайда, жүктеме профилі маусымдық өткізілетін сағат сайынғы бақылау өлшеулер, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің жұмыс режимінің басқа өлшемдерінің статистикалық ақпаратының негізінде қалыптасады және жүйелік оператормен келісіледі. Келісілген профильдің қолданылу мерзімі және оны өзгерту мен келісу талаптары теңгерімді ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған шартта келісіледі.
53. Электр энергиясын тұтынушыда (энергиямен жабдықтаушы ұйымда) келісілген жүктеме профилі болмаған жағдайда, жүйелік оператор тұтынудың сағат сайынғы мәндерін анықтау үшін тұтынудың ұқсас құрылымымен немесе аталған тұтынушының жыл сайын жүргізілетін сағат сайынғы бақылау өлшемдерінің деректері бойынша тұтынушының жүктемесінің үлгілік бейінін анықтайды және пайдаланады.
54. Профильдік тұтынушы (энергиямен жабдықтаушы ұйым) үшін электр энергиясының сағат сайынғы теңгерімсіздіктерін есептеу мынадай түрде жүргізіледі:
1) келісілген (белгіленген) жүктеме профилі негізінде жүктеме профилін толтырудың сағат сайынғы коэффициенті - жүктеменің сағат сайынғы мәнінің тәуліктік мәніне қатынасы анықталады. Жүктемені толтырудың сағат сайынғы коэффициенттерінің сомасы бірлікке тең;
2) егер электр энергиясын нақты тұтынуына (сальдо-ағын) тәулігіне бір рет өлшеу жүргізілетін болса - тәуліктік тұтынудың (сальдо-ағын) нақты көлемі жүктеме профилін толтырудың сағат сайынғы коэффициентіне көбейтіледі. Нақты тұтынудың (сальдо-ағын) алынған сағат сайынғы есептеу көлемі бекітілген тәуліктік кестеде көрсетілген сағат сайынғы шарттық мәндермен салыстырылады. Электр энергиясының айқындалған сағат сайынғы теңгерімсіздіктері теңгерім провайдерінің жүйелік оператормен өзара есеп айырысуды жүргізу үшін негіз болып табылады;
3) көтерме сауда нарығының субъектісі өңіраралық деңгейдегі электр желілеріне энергия беруші ұйымдардың немесе өңірлік электр желілік компанияның желілері арқылы қосылған болса, тәуліктік тұтынудың нақты көлемін анықтау (өлшеу) электр энергиясын коммерциялық есепке алу нүктелерінде орнатылған аспаптардың деректері бойынша, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің дерекқорында сақталған деректер және тиісті энергия беруші ұйыммен немесе өңірлік электр желілік компаниямен келісілген формулалар бойынша жүргізіледі. Егер электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектісінің және энергия беруші ұйымның немесе өңірлік электр желілік компанияның электр энергиясын тәуліктік тұтынуының нақты көлемі туралы деректерінде алшақтық болған жағдайда есептесуге жүйелік операторға энергия беруші ұйым немесе өңірлік электр желілік компания берген деректер қабылданады. Өңіраралық деңгейдегі электр желілеріне энергия беруші ұйымның немесе өңірлік электр желілік компанияның желілері арқылы қосылған электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері үшін электр энергиясы теңгерімсіздігінің шамаларын есептеуге түзету енгізу есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін түсіру актісінің негізінде жүргізіледі;
4) егер нақты тұтынуды (сальдо-ағын) өлшеу тәулігіне бір реттен аз жүргізілетін болса, алдымен орташа тәуліктік нақты тұтыну (сальдо-ағын) есебі айқындалады, содан кейін сағат сайынғы теңгерімсіздік есебі жүргізіледі (осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес);
5) есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша профильдік тұтынушының (энергиямен жабдықтаушы ұйым) коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін түсіру актісі ресімделеді, оның негізінде теңгерім провайдері қабылдаған/босатқан электр энергиясының нақты көлемін айқындайды. Егер электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері қабылдаған/босатқан нақты көлемді есептеу кезеңіндегі сағат сайынғы мәндердің сомасынан ауытқу орындалған жағдайда, сағат сайынғы мәндерге түзету және теңгерім провайдерінің электр энергиясының сағат сайынғы теңгерімсіздіктерін қайта есептеу жүргізіледі.
55. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері - энергия өндіруші ұйымдар үшін жүктемені сағат сайынғы өлшемі болмаған жағдайда, жүктеме профилі телеметрияның деректері бойынша, телеметрияның деректері болмаған жағдайда - тәулік ішіндегі орташа сағаттық шама ретінде айқындалады.
6. Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығындағы шарттар
56. Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында мынадай шарттар жасалады:
1) жүйелік оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісімен немесе оның теңгерім провайдерімен жасалатын Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт;
2) есеп айрысу орталығының теңгерім провайдерлерімен жасалатын Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясын сатып алу/сатуға арналған шарт;
3) жүйелік оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісімен жасалатын қуат резервін әзірлікте ұстау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт;
4) теңгерім провайдерлерінің электр энергиясының көтерме сауда нарығында теңгерім провайдері болып табылмайтын электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісімен жасалатын электр энергияның теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеу жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт.
57. Жүйелік оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісімен немесе оның теңгерім провайдерімен жасалатын Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шарттың талаптары мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
2) электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектісінің - электр энергиясын тұтынушының немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның жүктеме профилін айқындау;
3) электр энергиясын есепке алу;
4) электр энергиясының теңгерімсіздіктерін есептеу;
5) ақы төлеу тәртібі.
58. Есеп айрысу орталығы теңгерім провайдерімен жасасатын Қазақстан Республикасының электр энергиясының теңгерімдеуші нарығындағы электр энергиясын сатып алу/сатуға арналған шарттың талаптары мыналар болып табылады:
1) электр энергиясы теңгерімсіздіктерінің шамасын айқындау;
2) электр энергиясын есепке алу;
3) ақы төлеу тәртібі.
59. Жүйелік оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісімен жасасатын қуат резервін әзірлікте ұстау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттың талаптары мыналар болып табылады:
1) қолданылатын қуат резервінің шамасы мен құнын айқындау;
2) қуат резервін пайдалану тәртібі, жүктеменің жиналуы/тасталу жылдамдығы, жүйелік оператор электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу кезінде іске қосқан теңгерімдеуші электр энергиясын арттыруға және төмендетуге арналған реттеу кезіндегі шекті бағаларды анықтау;
3) жүйелік оператордың тапсырмаларын орындайтын қызметтер жеткізушінің міндеттемелері;
4) теңгерімсіздіктерді табиғи реттеу кезінде іске қосылған теңгерімдеуші электр энергиясын коммерциялық есепке алу;
5) жүйелік оператор мен қызметтерді жеткізушінің қаржылық міндеттемелерін айқындау.
60. Теңгерім провайдерлері теңгерім провайдерлері болып табылмайтын электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерімен жасасатын электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттардың талаптары мыналар болып табылады:
1) электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеу бойынша теңгерім провайдерлерінің міндеттемелері;
2) қаржылық міндеттемелерді есептеу;
3) төлемдер жүргізу;
4) электр энергиясының есепке алынған теңгерімсіздіктеріне ақы төлеуге кепілдіктері.