2. Фельдъегерлiк қызметті ұйымдастыру қызметін, сондай-ақ фельдъегерлiк байланыс қызметін көрсету тәртiбi мен оларды пайдаланушылардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, фельдъегерлiк қызмет қызметкерлерi тасымалдайтын хат-хабар мен арнаулы жөнелтiмдер тексеріп қарауға және кідіртiлуге жатпайды.
4. Фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбек қатынастары ішкі істер органдары қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде реттеледі.
5. Фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу ішкі істер органдары қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.»;
4) мынадай мазмұндағы 22-1 және 22-2-баптармен толықтырылсын:
«22-1-бап. Фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері
1. Фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің мемлекеттік органдардың хат-хабарлары мен арнаулы жөнелтімдерін, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жеткізу жөніндегі өздеріне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген міндеттерді орындау кезінде мыналарға:
1) мемлекеттік органдарға, олардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға, әуе кемелерінің, теміржол составтарының, автомобиль, теңіз және өзен көлігі тұрақтарының орындарына кедергісіз (бірінші кезекте және ақысыз) кіруге;
2) халықаралық және республикаішілік қатынастар үшін белгіленген жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдарында кезексіз билет алуға;
3) халықаралық және республикаішілік қатынастар үшін белгіленген жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлік ұйымдарына тиесілі барлық көлік құралдарына жалпы отырғызу басталғанша жарақталған жауынгерлік атыс қол қаруымен және суық қарумен кедергісіз мінуге;
4) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында фельдъегерлік қызмет қызметкерлері үшін көзделген өзге де құқықтарға құқығы бар.
2. Фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің қызмет өткеруге байланысты міндеттері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
22-2-бап. Арнаулы байланыс қызметі
1. Арнаулы байланыс қызметi арнаулы байланыс арналары бойынша арнаулы жөнелтiмдердi жiберген кезде мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтердi қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi ерекше жарғылық міндеттердi орындайды.
2. Арнаулы байланыс қызметi Қазақстан Республикасы Ұлттық почта операторының бiрыңғай құрылымдық бөлiмшесi болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы байланыс қызметiн көрсетедi.
3. Арнаулы байланыс қызметінің жеке құрамы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес нысанды киiммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтiк қарумен, арнаулы қорғаныс және байланыс құралдарымен қамтамасыз етiледi.
4. Арнаулы байланыс қызметiн ұйымдастыру қызметін, сондай-ақ арнаулы байланыс қызметiн көрсету тәртiбi мен оларды пайдаланушылардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы байланыс қызметкерлерi тасымалдайтын арнаулы жөнелтiмдер тексеріп қарауға және кідіртуге жатпайды.»;
5) 30-бапта:
2-тармақтың 1), 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) фельдъегерлік қызмет және арнаулы байланыс қызметі қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде орындарды тұрақты броньдау, кезексіз билет алу;
2) фельдъегерлік қызмет және арнаулы байланыс қызметі көлік құралдарының қызмет көрсетілетін мекемелерге, ұйымдарға, әуе кемелерінің, теміржол құрамдарының, автомобиль, теңіз және өзен көлігі тұрақтарының орындарына кедергісіз өту;
3) жолаушыларды жалпы отырғызу басталғанша фельдъегерлік қызметтің және арнаулы байланыс қызметінің қарулы қызметкерлерінің кедергісіз міну құқықтарын қамтамасыз етеді.»;
3-тармақтағы «Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнің» деген сөздер «Фельдъегерлік қызметтің және арнаулы байланыс қызметінің» деген сөздермен ауыстырылсын.
6) мынадай мазмұндағы 41-1-баппен толықтырылсын:
«41-1-бап. Байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі
1. Байланыс желілерін және (немесе) құралдарын жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы бұзатын экстремистік және террористік әрекеттерді жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге, сол сияқты белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізілетін бұқаралық (жария) іс-әрекеттерге қатысуға шақыруды қамтитын ақпаратты тарату үшін пайдаланған жағдайларда, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасарлары уәкілетті органға байланыс желісінің және (немесе) құралдарының жұмысын уақытша тоқтата тұру, байланыс қызметтерін көрсету, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізу бойынша шаралар қолдану туралы талаппен заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізеді.
2. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау бойынша шаралар қолдану туралы талапты алған кезден бастап бір сағат ішінде байланыс операторларына және (немесе) мемлекеттік техникалық қызметке орындау үшін жібереді.
3. Байланыс операторлары және (немесе) мемлекеттік техникалық қызмет:
1) уәкілетті органнан осы баптың 1-тармағында көзделген заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау бойынша шаралар қолдану туралы талапты алғаннан кейін, оны байланыс желісінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметін көрсетуді, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қолжетімділікті уақытша тоқтата тұру жолымен үш сағаттан аспайтын мерзімде орындауы тиіс;
2) уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасай отырып, қажет болған жағдайда, құқық қорғау органдарымен бірлесіп байланыс желілерін және (немесе) құралдарын жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы бұзатын, экстремистік және террористік әрекеттерді жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге, сонымен қатар белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізілетін бұқаралық (жария) іс-шараларға қатысуға шақыруды қамтитын ақпарат тарату үшін пайдаланатын адамды анықтайды және оған мұндай ақпаратты жою бойынша шаралар қолдану талабымен хабарлама жібереді.
4. Егер, байланыс желілерін және (немесе) құралдарын жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы бұзатын, экстремистік және террористік әрекеттерді жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге, сонымен қатар белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізілетін бұқаралық (жария) іс-шараларға қатысуға шақыруды қамтитын ақпарат тарату үшін пайдаланған адам оны алып тастаған жағдайда, онда ол бұл туралы уәкілетті органға хабарлама жібереді.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген хабарламаны алғаннан және оның анықтығын тексергеннен кейін уәкілетті орган байланыс операторына және (немесе) мемлекеттік техникалық қызметке осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптың күшін жою туралы тапсырма береді.
6. Байланыс операторлары және (немесе) мемлекеттік техникалық қызмет уәкілетті органнан осы баптың 5-тармағында көрсетілген тапсырманы алғаннан кейін оны дереу орындауы тиіс.
7. Уәкілетті орган, байланыс операторлары және мемлекеттік техникалық қызмет байланыс желілерінің және (немесе) байланыс құралдарының жұмысын тоқтата тұрудың осы бапта айқындалған тәртібін орындамағандары үшін заңда белгіленген жауаптылықта болады.».
11. «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 5, 3-құжат; № 13, 53-құжат; 2010 ж., № 10, 48-құжат; 2011 ж., № 17, 136-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат):
12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Экстремистік материалдарды басып шығаруға және таратуға жол бермеу
Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желілері мен құралдарын экстремизмді жүзеге асыру үшін пайдалануға, сондай-ақ экстремистік материалдарды басып шығаруға және таратуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын және экстремизм белгілері бар ақпараттық материалдарды прокурордың мәлімдеуімен сот тыйым салу талабын мәлімдеген прокурордың тұрған жері бойынша немесе мұндай материалдардың табылған жері бойынша экстремистік деп танып, оларды әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салады.».
12. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 1-құжат; № 2, 26-құжат; № 11, 102-құжат; № 15, 120-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 9, 14-құжаттар; № 3, 21, 25, 27-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 11, 80-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 11; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72-құжат; № 16, 83-құжат; № 21-22, 115-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 жылғы 15 наурызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы):
көрсетілген Заңға қосымшаның 1-тармағы мынадай мазмұндағы 75-3) тармақшамен толықтырылсын:
«75-3) жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыру жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтарының қызметіне;».
13. «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 4-құжат; № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 7, 34, 36-құжаттар; № 14, 75-құжат):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 11-3) тармақшамен толықтырылсын:
«11-3) өзге де қару - жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруы, газды қару, электрлі қару, белгі беру қаруы, суық қару, лақтырылатын қару және қарудың басқа да түрлері;»;
2) 9-баптың 6 және 8-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Қызметкер құқық қорғау органының білім беру ұйымын аяқтағаннан кейiн құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңiнде оқуға, стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiсті сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiнгi қызмет атқарылмаған әрбiр толық айға пропорционалды түрде есептеледi.»;
«8. Әскерге шақырылу жасына жеткен және үлгерімі төмен болғаны, тәртiп сақтамағаны үшін, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылған құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiнiң курсанттары (тыңдаушылары), сондай-ақ құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шетел мемлекеттерінің білім беру ұйымдарында оқитындар әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерiндегі әскери басқару органдарына жiберіледi. Олар өздерін оқыту кезеңiнде оқуға, стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiсті сома білім беру ұйымдарында болған әрбiр толық айға пропорционалды түрде есептеледi.»;
3) 14-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Егер қызметкерлердің іс-әрекеттері осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылса, олар атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануына байланысты келтірілген зиян үшін жауаптылықта болмайды.»;
4) 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, қызметкерлерге атыс қаруы мен өзге де қаруды және арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы берiледi. Олар дене күшін, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға да құқылы. Атыс қаруы мен өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі осы Заңда айқындалады.»;
5) 22-бапта:
3-тармақ мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
«7) мемлекеттік фельдъегерлiк қызметке - «фельдъегерлiк қызмет».»;
мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:
«9. Бұрын «ішкі қызмет аға прапорщигі», «ішкі қызмет прапорщигі», «әділет аға прапорщигі», «әділет прапорщигі» әскери немесе арнаулы атақтары берілген адамдар осы Заңда көзделген негіздер бойынша өз қызметтерін тоқтатқанға дейін осы атақтарда қызметтерін жалғастыруға құқылы.»;
6) 57-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде де қолданылады.
Тәртіптік комиссияны құру және оның жұмыс істеу тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.»;
7) 8-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«8-тарау. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануы»;
8) 59, 61 және 62-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«59-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолданудың мақсаты
Атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар және дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуалдарды ескере отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады.»;
«61-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану
1. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды:
1) жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру;
3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;
4) қарсылық көрсететін не қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамақта ұсталатындардан басқа) ұстау, қаруланған адамдарды ұстау;
5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;
6) адам өміріне немесе денсаулығына іс жүзінде қатер төндірген жағдайларда хайуанаттардың шабуылынан қорғану;
7) дабыл белгiсiн беру немесе көмекке шақыру үшін;
8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіліктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, жасы белгілі немесе анық болған кезде кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, адамдарды кепілге, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн басып алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
62-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар, дене күші қолданылған барлық жағдайларда қызметкер жеке адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдауға, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшысына баяндауға міндетті.
2. Адамдардың өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан, атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар, дене күші қолданылған әрбір жағдай туралы прокурор дереу хабардар етіледі.»;
9) 65-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген ауруларды қоспағанда, қызметкер осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімдерден асатын әртүрлі аурулар бойынша еңбекке жарамсыз болған жағдайда, осы қызметкер құқық қорғау органының қарамағына шығарып беріледі.»;
10) 69-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Қайтыс болған, құқық қорғау органдары қызметкерлері арасынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлік төлемақы алушылардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындалуына қарамастан: әйеліне (күйеуіне) - асыраушысының үш айлық зейнеткерлік төлемақысы мөлшерінде және отбасының еңбекке қабілетсіз әрбір мүшесіне - асыраушысының қайтқан күніне дейін төленіп тұрған бір айлық зейнеткерлік төлемақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Осы тармақта көзделген біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау кезінде жәрдемақыға құқығы бар отбасы мүшелерінің қатарына: жасына және еңбекке қабілеттігіне қарамастан әйелі (күйеуі); он сегіз жасқа толмаған немесе бұл жастан асқан, егер олар он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалған немесе асыраушысы қайтыс болған күні күндізгі оқу орындарының оқушысы болып табылған және жиырма үш жасқа толмаған балалары; қайтыс болған адамның асырап-бағуында болып келген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған не мүгедек болып табылатын ата-аналары енгізіледі.»;
11) 81-бап мынадай мазмұндағы 7, 8 және 9-тармақтармен толықтырылсын:
«7. Қызметтен (кедендік қызметті қоспағанда) шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақылар мынадай тәртіппен және мөлшерде төленеді:
күнтізбелік он жылдан аз еңбек сіңірген және денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланысты қызметтен шығарылғандарға - үш айлық ақшалай қамтылым;
күнтізбелік он жылдан астам еңбек сіңірген және қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты қызметтен шығарылғандарға:
он жылдан он бес жылға дейін - төрт айлық ақшалай қамтылым;
он бес жылдан жиырма жылға дейін - бес айлық ақшалай қамтылым;
жиырма жылдан жиырма бес жылға дейін - алты айлық ақшалай қамтылым;
жиырма бес жылдан отыз жылға дейін - жеті айлық ақшалай қамтылым;
отыз жылдан асқандарға - сегіз айлық ақшалай қамтылым.
8. Біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау үшін еңбек сіңірген жылдарға зейнетақы төлемін тағайындауға арналып күнтізбе бойынша есептелген еңбек сіңірген жылдары есепке алынады.
Біржолғы жәрдемақы соңғы штаттық лауазымы бойынша төленетін қызметақысы, қызметтен шығарылған күнгі арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшін қосымша төлемі негізге алына отырып есептеледі.
Құқық қорғау органының қызметкері құқық қорғау органдарына қайтадан (кейіннен) қызметке алынғаннан кейін қызметтен шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау кезінде қызметтің біржолғы (жұмыстан шығу) жәрдемақысы төленбеген кезеңі есепке алынады.
9. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығару кезінде біржолғы жәрдемақылар төлеумен қатар құқық қорғау органдарының (кедендік қызметті қоспағанда) орта, аға және жоғары басқарушы құрам адамдарына, қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты қызметтен шығарылғандарға арнаулы атақтар, сыныптық шендер үшін қосымша төлемдері қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл бойы сақталады. Төлемақыларды қызметкердің соңғы қызмет орны бойынша құқық қорғау органының қаржылық бөлімшесі жүзеге асырады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген құқық қорғау органдары басқарушы құрамы адамдарының арнаулы атақтары, сыныптық шендері үшін қосымша төлемдері өсетін болса, тиісінше еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығынсыз қызметтен шығарылған құқық қорғау органдарының (кедендік қызметті қоспағанда) орта, аға және жоғары басқарушы құрамы адамдарына төленетін осы қосымша төлем мөлшері де ұлғаяды.»;
12) 84-бап мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Осы Заңның 6, 7, 8, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30, 32, 38, 39, 40, 41, 42, 46, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 55, 56, 57, 58, 59-баптарының, 60-бабының 1-тармағы 1), 5) және 6) тармақшаларының, 2-тармағының, 61-бабының 1-тармағы 2) және 7) тармақшаларының, 2-тармағының, 62, 63, 64, 65, 66, 67-баптарының, 69-бабының 1, 2, 4 және 5-тармақтарының, 70, 71-баптарының, 72-бабының 1, 2, 3, 4 және 6-тармақтарының, 73, 74-баптарының, 75-бабының 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарының, 76, 77, 78, 79, 80 (1-тармағының 12-1) тармақшасын қоспағанда)-баптарының, 81 және 82-баптарының қолданысы осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлеріне қолданылады.
Осы Заңның 59-бабының, 60-бабының 1-тармағы 1), 5) және 6) тармақшаларының, 2-тармағының, 61-бабының 1-тармағы 2) және 7) тармақшаларының, 2-тармағының және 62-бабының қолданысы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк фельдъегерлік қызметінің қызметкерлеріне олардың мемлекеттiк құпияларды қорғауды қамтамасыз ете отырып, үкiметтiк курьерлік байланысты жүзеге асыру жөніндегі қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты қолданылады.».
14. «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 4, 31-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 14, 72-құжат):
1) 79-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрам қызметкерлеріне жұмыстан шығу жәрдемақысымен қатар арнаулы атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге арнаулы атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның қызметкерлеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшерлері де ұлғаяды.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2.Әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қайтадан (кейіннен) қабылданған қызметкер қызметтен шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау үшін қызметтің жәрдемақы төленбеген кезеңі қолданылады.»;