1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның келісімімен Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындығы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация (детерминация) жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдерін әзірлейді және бекітеді.
2. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу субъектілері өз қызметінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган таныған және рұқсат еткен стандарттарды басшылыққа алады.
6-тарау. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
35-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
Қоршаған ортаға әсерді бағалау - шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған орта мен адам денсаулығына ықтимал салдарлары бағаланатын, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптары ескеріле отырып, қолайсыз зардаптарды (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуын, жұтаңдауын, бүлінуін және сарқылуын) болдырмау, қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар әзірленетін рәсім.
36-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау міндеттілігi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін болатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрлері үшін міндетті болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсер ететін шаруашылық және өзге де жобаларды, қоршаған ортаға әсерін бағаламай әзірлеуге және іске асыруға тыйым салынады. Әсерді бағалау нәтижелерін жоспарлау алдындағы, жоспарлау құжаттамасының, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасының ажырамас бөлігі болып табылады.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жобаланып жатқан объектілердің перспективалық қызметі осы Кодекстің талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерін бағалауға жатады.
4. Жобалардың тапсырыс берушісі (бастамашысы) мен әзірлеушісі қоршаған ортаға әсер етуге жүргізілген бағалау нәтижелерін ескеруге және қоршаған орта мен адам денсаулығына неғұрлым аз зиян келтіретін нұсқаның қабылдануын қамтамасыз етуге міндетті.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың кезеңдерi
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қала құрылысы және құрылысты жобалау кезеңдерi ескерiле отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау мынадай:
1) қоршаған ортаға әсердi алдын ала бағалау (1-кезең);
2) жобаны iске асырудың ықтимал әсерлерiн немесе шаруашылық және өзге де қызметтi одан әрi жүзеге асыруды толық және кешендi талдау, баламалы нұсқаларды негiздеу және қоршаған ортаны қорғауды басқару жоспарын (бағдарламасын) әзiрлеу мақсатында орындалатын әсердi бағалау (2-кезең);
3) қоршаған ортаға қолайсыз әсерлердi болдырмау жөніндегі техникалық шешiмдердi қамтитын жұмыс жобасы құрамындағы «Қоршаған ортаны қорғау» бөлiмi (3-кезең) кезеңдерін қамтиды.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың 2 немесе 3-кезеңдерiнде осы Кодекстiң 4-тарауына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерi әзiрленедi.
38-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу тәртібi
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 40-бабына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің I санаты үшін қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге лицензия алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қамтамасыз етеді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау әзірленімін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар шартқа сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізуден алынған нәтижелердің дұрыстығы, толықтығы мен сапасы үшін тапсырыс беруші алдында жауапты болады.
Тапсырыс беруші мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылатын қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарының дәйектілігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін орындау кезінде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
39-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде есепке алынуға тиіс әсерлердің түрлерi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:
1) тікелей әсер - объектіні орналастыру ауданында жоспарланып отырған негізгі және ілеспе қызмет түрлерінің тікелей тигізетін әсері;
2) жанама әсер - жобаны іске асыру салдарынан пайда болатын жанама (кейінгі) факторлардан туындайтын қоршаған ортаға әсер;
3) кумулятивтік әсер - жобаны іске асыруға ілесе жасалатын, өткен, қазіргі немесе негізделіп алдын ала болжанатын іс-әрекеттерден туындайтын, үнемі ұлғаю үстіндегі өзгерістер салдарынан пайда болатын әсер есепке алынуға тиіс.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) парниктік газдар шығарындыларының әсерін қоспағанда, атмосфералық ауаға;
2) жер үсті және жер асты суларына;
3) сутоғандары түбінің беткі жағына;
4) ландшафттарға;
5) жер ресурстарына және топырақ жамылғысына;
6) өсімдіктер дүниесіне;
7) жануарлар дүниесіне;
8) экологиялық жүйелердің жай-күйіне;
9) халық денсаулығының жай-күйіне;
10) әлеуметтік салаға (халықты жұмыспен қамту, білім беру, көлік инфрақұрылымы) әсерді бағалау жүргізіледі.
3. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу процесінде табиғи орта мен адам денсаулығына теріс және оң әсерлер есепке алынуға тиіс.
40-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау объектілерін бағалану маңыздылығы мен толымдылығы бойынша сыныптау
1. Қоршаған ортаға әсерін бағалау жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет маңыздылығы мен толымдылығы бойынша І, II, III, IV болып 4 санатқа бөлінеді.
І санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 1 және 2-сыныбына жататын қызмет түрлері, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалардан басқа пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жатады.
II санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 3-сыныбына жататын қызмет түрлері, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру, орман пайдалану мен суды арнайы пайдаланудың барлық түрлері жатады.
III санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 4-сыныбына жататын қызмет түрлері жатады.
IV санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 5-сыныбына жататын қызмет түрлері, сондай-ақ әуесқойлық (спорттық) балық аулау мен аң аулауды қоспағанда, жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланудың барлық түрлері жатады.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
1-1. Өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптілік сыныптарына жатпайтын қызмет түрлері сыныпталмайтын болып табылады.
2. Әртүрлі санаттағы объектілерге қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізуге қойылатын сараланған талаптар қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
41-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттамасы
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттама:
1) шаруашылық және өзге де қызметке тапсырыс берушінің деректемелерін;
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жоспарланып отырған қызметті іске асыру қажеттігі негізделген өтінішті (арызды), инвестициялар негіздемесін, техникалық-экономикалық негіздемені (жобаны), жұмыс жобасының бекітілген бөлігін, түсіндірме жазбаны;
3) қоршаған орта компоненттерінің қызметті іске асырғанға дейінгі не қазіргі кездегі жай-күйінің сипаттамасын;
4) жобаның жазбасын, оған қоса:
бүкіл жобаның мақсаты мен сандық сипаттамаларының және орналастыру ауданына құрылыс және пайдалану сатысы кезеңінде қойылатын талаптардың сипаттамасын;
жоспарланып отырған қызметтің қоршаған орта элементтеріне ықтимал әсерлерінің түрлері қоршаған ортаға эмиссиялардың, тұтынылатын шикізаттың және алынатын ресурстардың көлемі мен оның қосындыларының құрамымен бірге көрсетіле отырып, пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың типтері мен санын қоса алғанда, өндірістік процестердің негізгі сипаттамаларын;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қолданылатын технологияның ең озық қолжетімді технологиялармен және техникалық үлестік нормативтермен сәйкестігі, сондай-ақ техникалық регламенттермен және технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптармен сәйкестігі тұрғысынан талдауды;
6) баламалы нұсқалар туралы ақпаратты және жобалық нұсқаны таңдаудың негізгі себептеріне нұсқауды;
7) қызметтің қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға ықтимал әсерлерінің сипаттамасын;
8) жобаланатын шаруашылық немесе өзге де қызметтің қоршаған ортаға беймәлім әсерлерін;
9) экологиялық тәуекелді және халықтың денсаулығына төнетін тәуекелді бағалауды;
10) экологиялық мониторинг жөніндегі ұсыныстарды қоса алғанда, қоршаған ортаға әсерді болдырмау, азайту үшін көзделетін шаралардың сипаттамасын;
11) қоршаған ортаға эмиссиялардың жобалық нормативтерін және табиғи ресурстарды алып қою нормативтерін;
12) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының негіздемесін;
13) ықтимал тәуекелдерді және келтірілген залалдарды өтеуді ескере отырып, жобаны экологиялық-экономикалық бағалауды;
14) хаттамалармен ресімделген және жоспарланып отырған қызметтің экологиялық аспектілерін қоғамдық талқылау нәтижелері жөніндегі қорытындыларды қамтитын қоғамдық пікірді есепке алу жөніндегі материалдарды;
15) қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу кезіндегі кез келген қиыншылықтарды және ақпараттың жетіспеушілігін көрсетуді;
16) қоршаған ортаға әсерге жүргізілген бағалау нәтижелері жөніндегі негізгі қорытындыларды қамтиды.
2. Жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қоршаған ортаға әсерге жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша жоспарланып отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтің экологиялық зардаптары туралы мәлімдеме әзірлеп, табыс етеді, ол осы қызметті іске асыруға болатыны туралы шешім әзірлеуге негіз болады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың әрбір кезеңіндегі құжаттама мазмұнының толымдылығы қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулықпен айқындалады.
42-бап. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізудi әдістемелік қамтамасыз ету
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде тиісті жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға әсерді бағалауды әзірлеу процесінде қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
43-бап. Трансшекаралық әсері бар объектілердің қоршаған ортаға әсерін бағалау ерекшеліктерi
Трансшекаралық әсері бар объектілердің қоршаған ортаға әсерін бағалау ерекшеліктері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
44-бап. 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-тарау. Экологиялық сараптама
45-бап. Экологиялық сараптама түрлерi
Қазақстан Республикасында мемлекеттік экологиялық сараптама және қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
46-бап. Экологиялық сараптаманың мақсаттары
Экологиялық сараптама:
1) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық, норма шығару және өзге де қызметті іске асырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына ықтимал теріс зардаптарын айқындау және шектеу;
2) экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерінің балансын сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану процесінде үшінші тараптарға залал келтіруді болдырмау мақсатында жүргізіледі.
47-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерi
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға:
1) осы Кодекстiң 37-бабында айқындалған кезеңдерге сәйкес қоршаған ортаға әсердің оған iлеспе бағалау материалдарымен бірге қоршаған ортаға әсер етуші межеленіп отырған қызметтің жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы;
2) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң жобалары;
4) iске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсерлерге әкеп соғуы мүмкiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, нормативтiк-техникалық және нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттардың жобалары;
5) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған келісімшарттар жобалары;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту, республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын кішірейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің жобалары;
7) өсімдіктер мен жануарлар дүниесi ресурстарын алу мен пайдалануға арналған биологиялық негiздемелер;
8) қалалар мен аумақтарды, оның iшiнде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын және шаруашылық қызметін жүргiзудiң айрықша режимiндегi аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары;
9) осы аумақтарды экологиялық зілзала немесе төтенше экологиялық жағдай аймақтарына жатқызуды негiздейтiн аумақтарды зерттеу материалдары;
10) шектес мемлекеттердiң қоршаған ортасына әсер етуi мүмкiн немесе оны жүзеге асыру үшiн шектес мемлекеттермен ортақ табиғи объектілерді пайдалану қажет болатын не шектес мемлекеттердiң Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған, оның ішінде «Байқоңыр» кешені бойынша мүдделерiн қозғайтын шаруашылық қызмет жобалары;
11) Қазақстан Республикасына өткізілетін (әкелінетін) технологияларды, көлік құралдарын қоспағанда, техникаларды және жабдықтарды қолдану жөніндегі құжаттама жатады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері мынадай жағдайларда:
1) экологиялық сараптама объектісі бұрын жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптама ескертпелері бойынша жетілдірілген;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда;
3) сот шешімінің негізінде, қайтадан мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған мемлекеттік экологиялық сараптама объектiлерi осы Кодекстiң 40-бабында келтiрiлген объектiлердiң сыныпталуына сәйкес I, II, III, IV санаттарға бөлiнедi.
Орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін, іске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсерлерге әкеп соғуы мүмкiн Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары I санатқа жатады.
Жергілікті мемлекеттік басқару органдары әзірлейтін Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары II санатқа жатады.
Осы баптың 1-тармағының 5) - 11) тармақшаларында аталған мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері I санатқа жатады.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған және осы Кодекстiң 40-бабында келтірілген объектілердің сыныпталуына сәйкес сыныпталмайтын, қоршаған ортаға әсер етуші межеленіп отырған қызметтің жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы II санатқа жатады.
48-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы І санат объектілеріне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, ІІ, ІІІ және ІV санат объектілеріне - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын І санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен критерийлерге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
49-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу тәртібi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттаманы:
1) белгіленіп отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің тапсырыс берушісі (инвестор);
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң және жоспарлардың жобаларын әзiрлеудi жүргiзетiн мемлекеттiк органның басшысы ұсынады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізудің тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
50-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімдерi
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргiзу мерзімі мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдарға алдын ала сараптамадан өткен қажеттi барлық құжаттама берiлген кезден бастап I санаттағы объектілер үшін - екі айдан, II, III және IV санаттардағы объектілер үшін бір айдан аспауға тиіс.
Қайтадан мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімі тіркелген күнінен бастап I санаттағы объектілер үшін - бір айдан, II, III және IV санаттардағы объектілер үшін он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Алдын ала сараптамадан өткізу мерзімі құжаттаманың мемлекеттік экологиялық сараптамаға келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күнінен аспауға тиіс. Табыс етілген құжаттама толық болмаған жағдайда ол табыс еткен тұлғаға қайтарылуға жатады.
51-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы оны жүргізу нәтижелері бойынша беріледі.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың міндетті сипаты болады және табиғат пайдалану мен қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер ету тұрғысынан құқықтық, ұйымдастырушылық және шаруашылық шешімдерді қабылдаудан бұрын жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаса, жобаны іске асыруға тыйым салынады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы экологиялық сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға болатындығы мен мүмкіндігі туралы тұжырымдарды қамтиды.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы болған кезде тапсырысшы сараптамаға ұсынылған материалдарды сараптамалық қорытындының ұсыныстары мен ескертпелеріне сәйкес пысықтауды қамтамасыз етуге және барлық материалдарды қайтадан экологиялық сараптамаға табыс етуге не белгіленіп отырған қызметінен бас тартуға міндетті.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу міндетті болатын шаруашылық және өзге де қызмет жобаларын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының қаржыландыруына және іске асыруына тыйым салынады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сараптама бөлімшелерінің, тиісті аумақтағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары не облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сараптама бөлімшесінің басшысы өз құзыреті шегінде қол қояды.
6. Жобалық құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген күнінен бастап бес жыл ішінде қолданыста болады.
52-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен экологиялық сарапшылық комиссияларын, топтарын құруға, жұмысқа қатысуға отандық және шетелдік мамандарды, сондай-ақ заңды тұлғаларды тартуға;
2) сарапшылық бөлімшелерінің, құрылатын комиссиялар мен топтардың қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерін басқаруға, олардың қызметін ұйымдастыруға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу әдістерін айқындауға;
5) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сай келмейтін, мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған материалдарды қабылдамай тастауға;
6) есептеулерде қате және басқа да олқылықтар жіберілген, оны түзету қосымша зерттеулерді, іздестіру жұмыстарын не қосымша қаражат бөлуді қажет ететін құжаттар мен материалдарды пысықтау үшін қайтаруға;
7) мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларына қол қоюға;
8) сараптама объектісін іске асырудың қоршаған ортаға жағымсыз зардаптарын куәландыратын мән-жайлар анықталған не тапсырыс беруші жоғарыда аталған қорытынды талаптарын орындамаған кезден бастап бір ай ішінде бұрын берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын кері қайтарып алуға;
9) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге қажетті қосымша материалдарды сұратуға;
10) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбаған объектілер туралы мәліметтерді банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына табыс етуге;
11) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті материалдар дайындап, құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға тапсыруға құқығы бар.
2. 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу кезінде сараптама бөлімшелерінің басшылары тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес іс-әрекет жасайды.
Сараптама бөлімшелері басшыларының тәуелсіздігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар бекітетін, оларды тағайындау және қызметтен босату тәртібі мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттарды қамтитын олар туралы ережелермен қамтамасыз етіледі.