6. Құрамы жағынан біртектес мүлікті өткізу кезінде ол бірыңғай лотпен сатылуы мүмкін.
7. Сот орындаушысы оның атқарушылық округінің (атқарушылық учаскесінің) аумағындағы мүлікті ғана өткізеді.
78-бап. Мүлiктi комиссиялық сату ерекшеліктері
1. Тыйым салынған жылжымалы мүлікті сату мамандандырылған дүкенде (сауда алаңында) ашық сатуға қою жолымен комиссиялық негізде және оны адамдардың белгісіз тобының сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
2. Борышкердің мүлкін өткізуге беруді мемлекеттік сот орындаушысы комиссиялық сауданы жүзеге асыратын ұйымдар мен аумақтық бөлім арасында жасалған шарттар негізінде қабылдау-өткізу актісі бойынша жүзеге асырады. Жеке сот орындаушысы комиссиялық сауданы жүзеге асыратын ұйымдармен шарттарды дербес жасайды.
3. Егер борышкердің мүлкі осы баптың 2-тармағында аталған ұйымдарға өткізуге тапсырған күннен бастап бір ай мерзімде өтпесе, сот орындаушысы комиссионердің өкілімен бірлесіп, бұл мүлікті қайта бағалауды жүргізеді, бірақ ол бастапқы бағасының елу пайызынан кем болмауы керек.
Сот орындаушысы борышкердің мүлкін қайта бағалау туралы қаулы шығарады, оның көшірмесі қаулы шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей атқарушылық іс жүргізу тараптары мен аталған мүлікті өткізетін ұйымға жіберіледі.
4. Борышкердің мүлкі мүлікті қайта бағалау жүргізілген күннен бастап бір айдың ішінде өтпесе, сот орындаушысы өндіріп алушыға борышкердің өтпеген мүлкін оның соңғы бағасына сәйкес құны бойынша өзінде қалдыруды ұсынады. Өндіріп алушы аталған ұсынысты алған кезден бастап бес күн мерзімде өзінің шешімі туралы сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті.
Сот орындаушысы борышкердің мүлкін өндіріп алушыға беру туралы қаулы шығарады. Борышкердің мүлкін өндіріп алушыға беру қабылдау-өткізу актісімен ресімделеді. Мүлікті беру туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей атқарушылық іс жүргізу тараптарына жіберіледі.
5. Өндіріп алушы аталған мүлікті алудан бас тартқан жағдайда (сонымен бірге өндіріп алушыдан жауап болмағанда) ол борышкерге қайтарылады.
6. Осы баптың 4-тармағына сәйкес борышкердің өндіріп алушыға берілген мүлкінің құны мүлікті қайта бағалау кезінде айқындалған баға бойынша атқарушылық құжатты орындау есебіне жазылады, бұл туралы сот орындаушысы атқарушылық құжатқа тиісті белгі қояды.
7. Сауда ұйымдарының тауарларды өткізуден алған сомасы үш күн мерзімде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына сақтауға тапсырылады.
2-параграф. Аукцион өткізудің ерекшеліктері
79-бап. Алдағы аукцион туралы хабарлау
1. Борышкердiң мүлкi аукционда өткізілетін жағдайда сот орындаушысы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын, ресми хабарларды жариялауға құқығы бар мерзiмдi баспасөз басылымдарында аукцион өткiзiлерден он күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде алдағы аукцион туралы хабарлайды. Кепiлге қойылған мүлiктiң аукцион нысанындағы сауда-саттықта сатылатын уақыты мен орны туралы сот орындаушысы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
2. Борышкердiң мүлкi аукционда өткізілетін жағдайда сот орындаушысы мүліктің тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды.
3. Атқарушылық іс жүргізу тараптары хабарландырудың мазмұнын сот орындаушысымен алдын ала келісіп, аукцион өткізу туралы хабарландыруды басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында өз есебінен жариялауға құқылы.
80-бап. Аукцион өткізудің жалпы шарттары
1. Аукционға қатысуға тілек білдіруші адамдар аукционға қатысуға өтінім және олардың қатысуына бөгет жоқ екендігіне қолхат беруге, аумақтық органың қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына мүліктің бастапқы құнын бағалаудың бес пайызы мөлшерінде кепілақы енгізуге міндетті. Аукционды ұйымдастырушының не жеке сот орындаушысының аукционға қатысуға өтінімдер қабылдауы аукцион басталардан бір тәулік бұрын аяқталады.
Аукционда ұтқан адам енгізген сома сатып алу бағасының шотына есептеледі. Аукционның қалған қатысушыларына олар енгізген кепілақы аукцион аяқталғаннан кейін бес күн ішінде қайтарылады.
2. Аукционға сот орындаушылары мен осы атқарушылық іс жүргізу бойынша шешім шығарған судьялар, тыйым салынған мүлікті бағалаған бағалаушы, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), борышкер және мүлікке тізімдеме жасау мен тыйым салу кезінде қатысқан адамдар қатыса алмайды.
81-бап. Аукцион өткiзудің тәртібі
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Аукцион басталар алдында қатысушылар аукционды ұйымдастырушыға немесе жеке сот орындаушысына жеке адам үшін жеке басын куәландыратын құжаттарды не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы және өкілдің сенімхатын ұсынады. Бұл құжаттардың көшірмелері атқарушылық іс жүргізу материалдарына тігіліп қойылады.
2. Аукцион басталарда аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы сатылатын мүліктің атауын, бастапқы бағасын және мүліктің бастапқы құнының бір пайызынан кем болмайтын бағаның өзгеру адымын жариялайды.
Бұдан кейін аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционға қатысушылардан мүліктің бастапқы бағасына қарағанда көп құнды төлеуге кімнің дайын екендігін айқындайды.
3. Аукцион тыйым салу туралы актіде көрсетілген мүліктің бағалау құнынан басталады. Сатып алу бағасын ұлғайту қатысушының оған берілген тіркеу нөмірі бар карточканы көтеруі арқылы жүзеге асырылады.
4. Мүліктің құнын өсіргеннен кейін аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы мүлік құнының өскені туралы хабарлайды және аукционды өткізу туралы хаттамаға бағаны көтерген қатысушының деректерін көрсете отырып, тиісті жазба енгізеді.
5. Қатысушылардың бірі ұсынған және аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы үш рет қатарынан жариялаған соңғы баға бойынша аукционның нысанасы сатылған болып есептеледі. Аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы бағаны үш рет қатарынан жариялағаннан кейін аукционға басқа қатысушылардан оны көтеруге ұсыныстар түспесе, ең жоғары баға ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Мүлік аукционда ең жоғары бағаны ұсынған адамға сатылған болып есептеледі. Сатып алушы аукцион аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде аукцион басталар алдында енгізілген кепілақыны есепке жаза отырып, өзі сатып алған мүлік үшін толық соманы енгізуге міндетті. Сатып алушы белгіленген мерзімде өзінен алынатын тиісті бүкіл соманы енгізбеген жағдайда оған аукцион басталар алдында енгізілген кепілақы қайтарылмайды және ол мемлекет кірісіне түседі. Егер сатып алушының аукционға қатысуға құқығы болмағаны белгілі болған жағдайда да кепілақы мемлекет кірісіне түседі.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Егер аукционда мүлікті сатып алушы осы баптың 6-тармағында аталған мерзім ішінде сатып алу бағасын енгізбесе, аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционның екінші қатысушысына мүлікті өзінің аукционда жариялаған бағасы бойынша сатып алуға арыз беру құқығы туралы хабарлайды. Аукционға екінші қатысушы мұндай арызды хабарламаны алған күннен бастап бес күн ішінде аукционды ұйымдастырушыға немесе жеке сот орындаушысына беруге құқылы. Аукционға екінші қатысушы аукционды ұйымдастырушының немесе жеке сот орындаушысының хабарламасын алғаннан кейін бес күн ішінде сатып алу бағасын енгізеді.
8. Егер сатылған мүліктен түскен түсім өндіріп алушының талаптарын қанағаттандыруға, мәжбүрлеп орындату, атқару санкциясы жөніндегі шығыстарды төлеуге және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге жеткілікті сомаға жететін болса, аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционды тоқтатады.
82-бап. Аукцион нәтижелерін бекіту
1. Сот орындаушысы мынадай мәліметтерді:
1) аукционның күнін және орнын;
2) жеке сот орындаушысы үшін атқару округін көрсете отырып, аукцион өткізудің хаттамасын жасаған сот орындаушысының тегін, атын, және әкесінің атын;
3) олардың негізінде мүлікке тыйым салынған атқарушылық құжатты және мүлікке тізімдеме жасау мен тыйым салу хаттамасын;
4) борышкердің тегін және тұрғылықты жерін немесе қажеттілігіне қарай атауы мен тұрған жерін;
5) өкілдерінің өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсете отырып, аукционға қатысушылардың тектерін, аттарын және тұрғылықты жерлерін немесе қажеттілігіне қарай атаулары мен тұрған жерлерін;
6) мүліктің бастапқы бағасын;
7) әрбір қатысушы ұсынатын соманы;
8) аукционнан сатылған мүліктің сипаттамасын және оның сатып алушы ұсынған сатылу бағасын;
9) аукционды ұйымдастырушының, сот орындаушысының, мүлікті сатып алушының, сатып алушыдан кейін екінші бағаны ұсынған аукционға қатысушының, сондай-ақ егер олар қатысқан болса, өндіріп алушы мен борышкердің қойылған қолдарын қамтитын аукционның өткізілу хаттамасын жасайды.
2. Аукционның өткізілу хаттамасының бір данасы сатып алынған мүліктің құны төленгеннен кейін сатып алушыға тапсырылады, хаттаманың екінші данасы атқарушылық құжат іс жүргізуінде болған сот орындаушысында қалады.
83-бап. Аукцион нәтижелері бойынша меншік иесі құқығының борышкердің мүлкіне ауысуы
Аукцион нәтижелері бойынша сатып алған мүліктің құнын төлегеннен кейін аукциондағы мүлікті сатып алушымен сатып алу-сату шарты жасалады.
Аталған шарт сатып алушының алған мүлкіне оның меншік құқығын (меншік құқығының ауысуын) мемлекеттік органдарда тіркеу үшін негіз болып табылады.
84-бап. Аукционды өткiзiлмеді деп жариялау
1. Сот орындаушысы, егер:
1) аукционға келген сатып алушы екеу болса;
2) келген сатып алушылардың ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
3) сатып алушы белгіленген мерзімде мүліктің толық сатып алу құнын енгізбесе, ал аукционның ең жоғары сатып алу бағасын ұсынған екінші қатысушысы өзінің мүлікті сатып алу құқығын пайдаланбаса;
4) аукционның екінші қатысушысы осы Заңның 81- бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда өзі жариялаған сатып алу бағасын он күн мерзімде енгізбесе, аукцион өткiзiлмеді деп жариялайды.
Сот орындаушысы аукционды өткiзiлмеді деп тану туралы қаулы шығарады.
2. Егер аукцион өткiзiлмесе, осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, кепiлақы оны салған адамдарға қайтарылады.
85-бап. Аукционды өткiзiлмеді деп жариялау салдары
1. Аукцион өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға бастапқы бағасы жиырма пайызға төмендетiлген бағамен мүлiктi өзiнде қалдыру құқығы берiледi.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Аукцион өткiзiлмедi деп танылған және өндiрiп алушы мүлiктi өзiнде қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы осы Заңда белгiленген қағидаларды сақтай отырып, алғашқы аукционды өткізген күннен бастап бір айдан кешіктірмей қайтадан аукцион өткiзудi тағайындайды. Бұл ретте қайтадан аукцион өткізу үшін белгiленген баға қатысушылардың бipeуi аукционға шығарылған мүлiк құнының алғашқы бағасының елу пайызынан төмен болмауға тиiс жарияланған бағамен мүлiктi сатып алуға келiскен кезге дейiн жарияланған адыммен төмендетiле бередi.
3. Қайталанған аукцион өткізілмеді деп жарияланған жағдайда мүлік өндіріп алушыға соңғы жарияланған бағамен ұсынылады. Өндіріп алушы мүлікті қабылдаудан бас тартқан кезде ол сауда-саттықтан алып тасталып, борышкерге қайтарылады, бұл ретте осы Заңның 47-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін ғана мұндай мүлікке тыйым салу алып тасталады.
3-параграф. Дебиторлық берешектен өндіріп алудың ерекшеліктері және мүліктік құқықтар
86-бап. Дебиторлық берешектен өндіріп алу
1. Дебиторлық берешектен өндіріп алу борышкердің осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалатын берешек мөлшерінде, бірақ өндіріп алынатын күнгі дебиторлық берешек көлемінен аспайтындай және сол шарттармен дебиторлық берешекті алу құқығының өндіріп алушыға ауысуынан тұрады.
2. Дебиторлық берешектен өндіріп алу:
1) өндіріп алушының келісімі болған кезде - дебитордың дебиторлық берешекті аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізуі (аударуы) арқылы;
2) өндіріп алушының келісімі болмаған немесе дебитор дебиторлық берешекті аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізбеген (аудармаған) кезде - дебиторлық берешекті сауда-саттық арқылы сату жолымен жүргізіледі.
3. Дебиторлық берешектен:
1) оны өндіріп алу үшін талап қою мерзімі өтіп кеткен;
2) дебитор Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы шарт жасаспаған шет мемлекетте тұратын;
3) дебитор таратылу процесінде тұрған;
4) дебитор заңды тұлға ретінде өз қызметін тоқтатқан және заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен шығарып тасталған;
5) дебиторға қатысты банкроттық рәсімі енгізілген жағдайларда өндіріп алынбайды.
4. Дебиторлық берешектен өндіріп алу үшін сот орындаушысы дебиторлық берешектің болуын растайтын құжаттарды қоса беріп, сотқа ұсыныс жібереді.
Сот орындаушысы соттың дебиторлық берешектен өндіріп алу туралы ұйғарымын алған күннен бастап бір күннен кешіктірмей, тиісті қаулы шығарады, онда дебитордың ақшаны аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізу (аудару) тәртібі көрсетіледі. Аталған қаулы сот ұйғарымының көшірмесі қоса беріліп, дебиторға және атқарушылық іс жүргізу тараптарына жіберіледі.
5. Сот ұйғарымының негізінде шығарылған сот орындаушысының қаулысы дебиторды қаулыда аталған аумақтық органның қолма қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына ақша енгізу (аудару) арқылы тиісті міндеттемені орындауға міндеттейді, сондай-ақ борышкерге оның негізінде дебиторлық берешек туындаған құқықтық қатынастарды өзгертуге тыйым салады.
6. Дебитор дебиторлық берешектен өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын алған күннен бастап дебитордың тиісті міндеттемені орындауы қаулыда көрсетілген аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына ақшаны енгізу (аудару) арқылы жүзеге асырылады. Дебитордың міндеттемені бұлай орындауы кредиторға тиісті орындау болып есептеледі. Дебитордың борышкерге қатысты құқықтары бұл ретте өзгермейді.
7. Дебитор сот орындаушысына және борышкерге аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына ақша енгізгені (аударғаны) туралы дереу хабарлауға міндетті.
87-бап. Заңды тұлғалардың және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке адамдардың дебиторлық берешегін анықтау
1. Заңды тұлғалардың және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке адамдардың дебиторлық берешегін анықтау үшін сот орындаушысы заңды тұлғалардан және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан қажетті бухгалтерлік құжаттаманы талап етуге құқылы.
2. Сот орындаушысы борышкердің дебиторлық берешегі туралы ақпарат алу үшін салық органдарына жүгінуге құқылы.
3. Салық органдары, заңды тұлғалар және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдар сот орындаушысына үш күн мерзімде қажетті құжаттар мен ақпаратты беруге міндетті.
4. Дебиторлық берешекті анықтауды маман жүргізуі мүмкін. Маманның қызметіне төленетін шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау кезінде жұмсалатын шығыстарға қосылады.
5. Осы Заңның 98-бабында көрсетілген сомаларды төлеу туралы талаптардан өндіріп алуға болмайды.
88-бап. Ақшалай талаптарды өндіріп алу туралы қағидаларды алып тастау немесе шектеу туралы келісімдер
1. Осы Заңның 87-бабында белгіленген қағидаларды борышкер мен өндіріп алушының арасындағы келісім бойынша алып тастауға немесе шектеуге болмайды.
2. Ақшалай талаптан, тіпті егер атқарушылық іс жүргізудегі борышкер мен азаматтық-құқықтық міндеттемесіне байланысты оған ақшаны төлеуге міндетті адам (борышкердің дебиторы) арасында бұл талапқа тыйым салу немесе басқаға беруді шектеу туралы келісім болса да, өндіріп алынуы мүмкін.
Аталған қағида атқарушылық іс жүргізудегі борышкерді шығын үшін өзінің контрагентінің алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.
89-бап. Ақшалай талаптарға тыйым салу тәртібі
1. Ақшалай талапқа тыйым салу кезінде сот орындаушысы борышкердің дебиторына және борышкерге тыйым салу туралы хабарлайды және борышкердің дебиторына борышкерге төлеуге, ал борышкерге - талапқа және оны қамтамасыз ететін кепiлзатқа билік етуге, сондай-ақ осы Заңда өзгеше белгіленбесе, талаптар бойынша төлем қабылдауға тыйым салады.
Сот орындаушысы жіберетін тыйым салу туралы қаулыны борышкер дебиторы алған кезден бастап, тыйым салынған болып танылады.
2. Егер міндеттемені орындау үшін төлем үшінші бір адамға жүктелсе, онда тыйым салу туралы қаулы осы адамға да жіберіледі.
Борышкер дебиторы сот орындаушысының тыйым салу және борышкерге төлеуге тыйым салу туралы қаулысын алған кезден бастап, тыйым салынған болып есептеледі.
90-бап. Ақшалай талапқа тыйым салу кезіндегі өндіріп алушы құқықтарының көлемі
Сот орындаушысы өндіріп алушының және борышкердің келісімімен борышкердің дебиторын өндіріп алушының алдындағы міндеттемені атқарушылық құжатта көрсетілген сома шегінде орындауға міндеттеуге құқылы. Бұл ретте борышкердің көрсетілген шектегі борышкер дебиторы алдындағы құқықтары өндіріп алушыға ауысады.
91-бап. Дебитордың ақпарат беру жөніндегі міндеті
1. Сот орындаушысы ақшалай талаптарға тыйым салынған кезде өндіріп алушының талап етуі бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша қаулыда борышкердің дебиторына тыйым салынған талаптардың сипаты мен мазмұны туралы ақпарат беруді ұсына алады.
Борышкердің дебиторы қаулыны алған кезден бастап үш күн ішінде сот орындаушысына жазбаша жауап беруге міндетті. Борышкердің дебиторының ақпарат беру жөніндегі шығыстарын борышкер өтейді.
2. Борышкердің дебиторы ақпарат беруден бас тартуы, көрінеу дұрыс емес немесе толық емес ақпарат беруі салдарынан оған келтірілген шығын үшін өндіріп алушының алдында жауап береді. Тыйым салу немесе ақпаратты сұрату туралы қаулыда борышкер дебиторының жауапкершілікте болуы туралы ескертіледі.
3. Сот орындаушысы борышкердің дебиторынан алынған ақпарат туралы өндіріп алушыға хабарлауға міндетті.
4. Сот орындаушысы алынған ақпаратты ескере отырып, борышкердің дебиторына тыйым салынған талаптар бойынша төлем туралы қаулыны жібереді.
92-бап. Борышкердің борышкер - үшінші адам алдындағы өз міндеттемесін орындауын қамтамасыз етуі
1. Егер борышкер дебиторының міндеттемені орындауы оған затты берумен байланысты болса, ал зат борышкерде болатын болса, онда соңғысы сот орындаушысы мен өндіріп алушының талап етуі бойынша оны борышкердің дебиторына өткізу үшін затты беруге міндетті.
2. Егер борышкердің затты борышкер дебиторының міндеттемесін орындауына айырбасқа беру міндеті болуын растайтын сот шешімі болса не мұндай міндеттің болуын мүдделі тұлғалар дәлелдеген болса, өндіріп алушы борышкерден бұл затты алып қою туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы. Өндіріп алушының немесе уәкілетті адамның талаптарын қанағаттандыру туралы мәселені борышкердің қатысуымен сот шешеді.
9-тарау. БОРЫШКЕРДІҢ АҚШАСЫНАН ӨНДІРІП АЛУ
1-параграф. Борышкердің ақшасынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу
93-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алу
1. Мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы шешімдерді орындау кезінде, ең төмен жалақы мөлшерінен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ басқа да өндіріп алулар бойынша өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін борышкердің мүлкі болмаған немесе мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда борышкердің жалақысы мен өзге де табыс түрлерінен өндіріліп алынады.
2. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған немесе сыйақы алатын жұмыс берушiге жiбередi.
3. Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi бұл жөнiнде сот орындаушысына үш күн мерзімде хабарлама жiберуге міндетті.
94-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен ұстап қалу мөлшерiн есептеу
Ұстап қалу мөлшерi борышкердiң алуға тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептеледi.
95-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен ұстап қалу мөлшерi
1. Бір немесе бірнеше атқарушылық құжаттар бойынша борышкердiң жалақысынан немесе өзге де табыс түрлерiнен өндiрiлiп алынған жағдайда борышкер жалақысының немесе өзге де табысының кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс.
2. 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
96-бап. Жазасын өтеп жүрген борышкердiң жалақысынан өндiрiп алу
1. Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу соттың үкімі немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
2. Емдеу-профилактикалық денсаулық сақтау мекемелерінде емделiп жатқан, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Сотталушы негiзгi жаза түрiнде тағайындалған айыппұл төлеуден қасақана жалтарса, сот орындаушысы үкiм шығарған сотқа төленбеген айыппұл сомасын Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына сәйкес басқа жазаға ауыстыру туралы ұсыныс жiберуге құқылы.
97-бап. Әлеуметтiк сақтандыру жөніндегі жәрдемақыдан өндiрiп алу
Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөніндегі жәрдемақыдан, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыдан өндiрiп алу соттың алимент төлету туралы және жарақат алудан немесе денсаулығын өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
98-бап. Өндiрiп алуға болмайтын ақша сомасы
Мыналардан:
1) жарақат алудан немесе денсаулығын өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
2) асыраушысынан айрылуына байланысты балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
3) мүгедек балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
4) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен біржолғы жәрдемақылардан;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылардан, кәмелетке толмаған балаларды асырауға берілетін жәрдемақылардан, сондай-ақ зейнеткерлер мен I топтағы мүгедектерге төленетін жәрдемақылардан;
6) жарақат алудан не денсаулығын өзгедей зақымдаудан залал келтiрiлген жағдайларда жәбірленушiлердiң қосымша тағамына, санаторий-курорттық емдеу мен протездеуге және оларды күтiп-бағу жөніндегі шығыстарға төленетiн сомалардан;
7) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомаларынан;
8) төлем көзiне қарамастан, біржолғы сипаттағы материалдық көмектен;
9) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
10) арнайы мемлекеттік жәрдемақылардан;
11) жүкті болуы мен бала тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты, баланы бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға байланысты табысын жоғалтқан жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерден;
12) кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерден;
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) зейнетақы активтерінен;
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуға болмайды.