Азаматтық қорғаныс туралы
1997 жылғы 7 мамырдағы № 100-1 Қазақстан Республикасының Заңы
(2013.03.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 13 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2006.07.07. № 183-III ҚР Заңымен мәтін өзгертілді (бұр.ред.қара); 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы», «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы», «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының», «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органын», «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен» деген сөздер тиісінше «Уәкілетті орган», «уәкілетті органның», «уәкілетті органды», «уәкілетті органмен» деген сөздермен ауыстырылды; «өкілеттігі» деген сөз «құзыреті» деген сөзбен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен кіріспе өзгертілді (бұр. ред. қара)
Азаматтық қорғанысты ұйымдастыру мен жүргiзу - мемлекеттiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi, оның қорғаныс шараларының құрамдас бөлiгi.
Осы Заң Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының негiзгi мiндеттерiн, құрылуы мен жұмыс iстеуiнiң ұйымдық принциптерiн, Қазақстан Республикасы орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының, ұйымдарының азаматтық қорғаныс саласындағы құзыретін, азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
09.12.98 ж. № 307-I ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 1- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
Азаматтық қорғаныс - басқару органдарының мемлекеттік жүйесі мен бейбіт уақытта және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргізу объектілері мен ел аумағын осы заманғы зақымдау құралдарының зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында жүргізілетін жалпы мемлекеттік шаралардың жиынтығы;
Азаматтық қорғаныс бөлімдері - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын Азаматтық қорғаныстың әскер бөлімдері;
Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтері - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылатын, әкімдер, орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар құратын республикалық, облыстық, аудандық, қалалық Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтері;
Азаматтық қорғаныс күштері - Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, аумақтық, объектілік құрамалар, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерінің құрамалары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің жедел-құтқару отрядтары;
Азаматтық қорғаныс құрамалары - облыстарда, қалаларда, аудандарда, орталық және жергілікті атқарушы органдарда, ұйымдарда құрылатын аумақтық және объектілік құрамалар, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерінің құрамалары;
Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
Азаматтық қорғаныстың басқару органдары - бейбіт уақытта және соғыс уақытында Азаматтық қорғаныс іс-шараларына басшылық жасайтын және олардың орындалуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, ұйымдар;
«Баршаңыздың назарыңызға!» дабылы - Азаматтық қорғаныстың дабылдамалармен және басқа да дабыл беру құралдарымен берілетін бірыңғай дабылы. Осы дабыл бойынша халық теледидарларды, радионы және басқа да ақпарат қабылдау құралдарын іске қосып қоюға, беріліп жатқан ақпаратты мұқият тыңдап, іс-әрекет тәртібі мен жүріс-тұрыс ережелері жөніндегі талаптарды орындауға міндетті;
жедел-құтқару отрядтары - жол қатынасы қиын аудандарда және аса күрделі объектілерде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған республикалық, облыстық, қалалық, аудандық ұйымдар;
қорғану құрылыстарының қоры - өндірістік персонал мен халықты осы заманғы зақымдау құралдарынан, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде арнайы қорғауға арналған қолда бар барлық инженерлік құрылыстардың жиынтығы;
шаруашылық жүргізу объектілері - өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің және қоғам қызметінің басқа да салаларының мүдделері үшін пайдаланылатын үйлер, ғимараттар және басқа да құрылыстар;
эвакуациялық органдар - халықты, материалдық құндылықтарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау, оларды орналастыруды, өндірістік қызметті және тыныс-тіршілікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар құратын эвакуациялық және эвакуациялық-қабылдау комиссиялары.
2-бап. Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. 2006.07.07. № 183-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3-бап. Азаматтық қорғаныстың негiзгi мiндеттерi
Халықты және шаруашылық жүргiзу объектiлерiн қорғау Азаматтық қорғаныстың бiрiншi кезектегi мiндетi болып табылады және осы заманғы зақымдау құралдарын қолдану мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде нұқсанды азайту мүдделерi үшiн халықтың iс-қимыл жасауының оңтайлы тәсiлдерiн ғылыми тұрғыдан анықтау және аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн дер кезiнде дайындау негiзiнде жүргiзiледi.
Азаматтық қорғаныстың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерiн ұйымдастыру, дамыту және оларды ұдайы әзiрлiкте ұстау;
2) Азаматтық қорғаныс күштерiн құру, оларды дайындау және төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимыл жасауға ұдайы әзiрлiкте ұстау;
3) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың қызметшiлерiн даярлау және халықты оқыту;
4) радиациялық, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) жағдайды қадағалау және оған лабораториялық бақылау жасау;
5) Азаматтық қорғаныстың әскери құрамаларын жұмылдыруға әзiрлiктi қамтамасыз ету;
6) шаруашылық жүргiзу салалары мен объектiлерiнiң жұмыс iстеу тұрақтылығын арттыру жөніндегі шаралар кешенiн жүргiзу;
7) қорғану құрылыстарының қажеттi қорын, жеке қорғану құралдарының және Азаматтық қорғаныстың басқа да мүлкiнiң қорларын жинау және әзiрлiкте ұстау;
8) халыққа, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнген қатер және орын алып отырған жағдайда iс-қимыл жасау тәртібі туралы хабарлау;
9) iздеу-құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзу, зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн және оларды қауiптi аймақтардан эвакуациялауды ұйымдастыру;
10) азық-түлiктi, су көздерiн, тамақ шикiзаттарын, жемшөптi, мал және өсiмдiктердi радиоактивтiк, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) уланудан, мал және өсiмдiк iндеттерiнен қорғау.
2006.07.07. № 183-III ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-бап. Азаматтық қорғанысты ұйымдастырудың принциптерi мен тәртібі
Азаматтық қорғаныс республиканың бүкiл аумағында аумақтық-өндiрiстiк принцип бойынша ұйымдастырылады.
Азаматтық қорғаныс шараларын орындауды Қазақстан Республикасының орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс ұйымдары, басқару органдары мен күштерi және азаматтары жүзеге асырады.
Азаматтық қорғаныс бойынша дайындық осы заманғы зақымдау құралдарының дамуы және аталған аумақта, салада немесе ұйымда барынша ықтимал төтенше жағдайлар ескерiле отырып, алдын ала жүргiзiледi.
Азаматтық қорғаныс шараларын кешендi түрде және саралап жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу маңыздылық дәрежесiне қарай жүзеге асырылады.
Азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының орталық, жергiлiктi атқарушы органдарының және ұйымдардың басшылары жауапты болады.
Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен Азаматтық қорғаныс шараларының орындалуы туралы жыл сайын есеп берiп отырады.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛҚЫН, АУМАҒЫ
МЕН ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҮРГIЗУ ОБЪЕКТIЛЕРIН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ШАРАЛАРЫ
2004.20.12 № 13-III Заңымен (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 5-бап өзгертілді
5-бап. Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі Азаматтық қорғаныс шаралары
Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында:
1) уәкілетті орган:
халықты және аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді, сондай-ақ оны Азаматтық қорғаныстың тиісті бастықтарына бекітуге беруді;
шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын бекітуді;
шаруашылық жүргізу объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру және төтенше жағдайларда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін бекітуді;
төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегі күштер мен құралдарды жасауды, даярлауды және оларды қолдануға әзірлік жағдайында ұстауды, зардап шеккендерге көмек көрсетуді;
мониторинг жүйесін ұйымдастыруды, халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргізу объектілерін техногендік авариялар, ықтимал су тасқындары, селдер, көшкіндер мен басқа да қауіпті экзогенді құбылыстар туралы құлақтандыруды;
2) жергілікті атқарушы органдар:
ықтимал су тасқындарын, селдерді, көшкіндерді және басқа да қауіпті экзогенді құбылыстарды ескере отырып, аумақтарда құрылыс салуды жоспарлауды;
төтенше жағдайлар кезінде баспанасыз қалған халық үшін уақытша тұрғын үй резервін жасауды;
тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінде азық-түліктің, дәрі-дәрмектің және материалдық-техникалық құралдардың қорларын жасауды;
3) ұйымдар:
шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді;
шаруашылық жүргізу объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру және төтенше жағдайларда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеуді;
төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегі күштер мен құралдарды жасауды, даярлауды және оларды қолдануға әзірлік жағдайында ұстауды, зардап шеккендерге көмек көрсетуді;
мониторинг жүйесін, персоналды, шаруашылық жүргізу субъектілерін және халықты техногендік авариялар туралы құлақтандыруды ұйымдастыруды;
ықтимал су тасқындарын, селдерді, көшкіндерді және басқа да қауіпті экзогенді құбылыстарды ескере отырып аумақтарда құрылыс салуды жоспарлауды;
тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінде азық-түліктің, дәрі-дәрмектің және материалдық-техникалық құралдардың қорларын жасауды жүргізеді.
2004.20.12 № 13-III Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6-бап. Жер сiлкiнiсiнен қорғау жөніндегі Азаматтық қорғаныс шаралары
1. Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн ықтимал жер сiлкiнiстерiнен қорғау мақсатында алдын ала мынадай шаралар кешенi жүргiзiледi:
сейсмологиялық байқаулар мен жер сiлкiнiстерiн болжаудың республикалық жүйесiн дамыту;
республика аумағының сейсмологиялық қауiптiлiгiн ғылыми тұрғыдан болжау, бағалау және оны сейсмологиялық ықшам аудандарға бөлу;
құрылыс нормалары мен ережелерiн сейсмологиялық қауiптi ескере отырып жасау;
сейсмикалық орнықты үйлер мен ғимараттардың тиiмдi конструкцияларының және шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуiнiң есептерiн ғылыми тұрғыдан негiздеу және оларды жобалау;
сейсмикалық орнықты үйлер мен ғимараттар құрылысының сапасын бақылауды жүзеге асыру;
бұрын салынған үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық жағынан орнықты болуын және сенiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
аумақтағы құрылыс салуды ықтимал сейсмикалық әсерлердi ескере отырып реттеу.
2. Жер сiлкiнiсiнiң зардаптарын жою кезiнде мынадай шаралар жүргiзiледi:
жер сiлкiнiсi туралы ақпарат алу, шешiм қабылдау және оны республика аймақтарына жеткізу;
iздеу-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды басқаруды ұйымдастыру, сондай-ақ оларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;
Азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарының iс-қимылына және жер сiлкiнiсiнiң зардаптарын жою жоспарына сәйкес басқа да шараларға басшылық жасау.
3. Орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, ұйымдардың басшылары өз құзыретi шегiнде болуы ықтимал жер сiлкiнiстерiнен халықты қорғау және олардың экономикалық залалын азайту мақсатында алдын ала:
халық пен қоршаған ортаға аса қауiп төндiретiн, шаруашылық жүргiзу объектiлерi орналасқан ведомстволық бағыныстағы аумақтарда, сондай-ақ интенсивтi түрде мұнай, газ өндiрiлетiн аудандарда және жерасты жұмыстарында сейсмикалық аудандастыру жүргiзу мен сейсмикалық қауiпке баға берудi ұйымдастыруға;
үйлер мен ғимараттарды, ең алдымен тұрғын үйлердi, мектептердi, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiн, ауруханаларды, адамдар жаппай болатын басқа үйлердi, ғимараттарды және тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiнде (жылу, су, газ, энергиямен жабдықтау және байланыс, канализация), химиялық және жарылыс қаупi бар өндiрiстердi сейсмикаға қарсы күшейту жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге;
сейсмикалық жағынан осал үйлер мен ғимараттарды күрделi жөндеуден өткiзген кезде олардың құрылыс конструкцияларын мiндеттi түрде сейсмикаға қарсы күшейтудi көздеуге;
үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық орнықтылығын қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы шаралар қолданбайынша оларды салуға, сондай-ақ тектоникалық жарық шақтар, топырағы жайсыз аймақтарда және көшкiн болу қаупi бар беткейлерде құрылыс салуға жол бермеуге мiндеттi.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
4. Жер сілкінісінің зардаптарын жою мақсатында:
1) уәкілетті органның басшысы:
құтқару жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға;
жер сілкінісінің күші, қираған жерлер, шығындар мен оның зардаптарын жою жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат жинауды және оны жоғары тұрған органдар мен халыққа беруді жүзеге асыруға;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары:
жер сілкінісінің зардаптарын жоюды, құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуді, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға;
қираған жерлер, шығындар мен жер сілкінісінің зардаптарын жою жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат жинауды және оны уәкілетті органға беруді жүзеге асыруға;
3) ұйымдардың басшылары:
жер сілкінісінің зардаптарын жоюды, құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуді, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қызметкерлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға міндетті.
7-бап. Теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерi өзгеруiнiң зардаптарынан қорғау жөніндегі Азаматтық қорғаныс шаралары
1. Теңiздер мен iрi су айдындарының тасқындарынан, су деңгейлерiнiң көтерiлуiнен және таяздауынан қорғау жөніндегі шаралар халықтың, шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң, инфрақұрылымның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бағытталған және оларға:
теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерiнiң өзгеруiнен болуы ықтимал зардаптарды ғылыми зерттеу және болжау;
гидротехникалық және өзге де тосқауыл құрылыстарын жобалау, салу және пайдалануға беру;
аумақтарда құрылыс салуды теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерiнiң өзгеруiн ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiн ескере отырып жоспарлау;
теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерi өзгеруiнiң, қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингi жүйелерiн, жағалау аймағындағы су жайылу құбылыстары жайында халықты және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi құлақтандыруды ұйымдастыру кiредi.
2. Орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, ұйымдар өз құзыретi шегiнде теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерiнiң өзгеруiнен халықты, аумақтарды қорғау, мұның экономикалық залалын азайту мақсатында:
теңiздер мен iрi су айдындары беткi деңгейiнiң құбылуына болжам жасаудың ғылыми негiздерi мен әдiстерiн дамытудың қамтамасыз етуге;
су тасқындары болуы мүмкiн аудандарда гидротехникалық және өзге де тосқауыл құрылыстар салуды ұйымдастыру мен олардың сапасын бақылауға;
су тасқындары болуы, су басып қалуы және су астында қалып қоюы мүмкiн аймақтарда жер учаскелерiнiң тиiстi нормативтiк актiлер ескерiлместен шаруашылық қажеттерiне арналған объектiлер салу үшiн бөлiнуiне жол бермеуге;
жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген экологиялық талаптардың басымдық берiлетiн тәртiппен сақталуын қамтамасыз етуге;
теңiздер мен iрi су айдындарының жағалау аймақтарында жердiң, топырақ пен өсiмдiк қабатының және жерасты суларының тұрақты мониторингiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
8-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге байланысты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі Азаматтық қорғаныс шаралары
Қатты, сұйық және газ тектес пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге байланысты төтенше жағдайлардан аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде iске асыратын шараларға:
пайдалы қазбалар өндiрудiң халыққа және қоршаған ортаға жасауы ықтимал зардаптарының қаупiн ғылыми зерттеу, болжау және бағалау;
пайдалы қазбалар өндiрудi дамыту болашағын және оның геологиялық құрылымдардың орнықтылығына жасайтын әсерiн ескере отырып, аумақтарға құрылыс салуды жоспарлау, үйлер мен ғимараттар салу және пайдалану;
игерiлiп жатқан кен орындары аудандарындағы бұрыннан бар үйлер мен ғимараттардың сенiмдiлiгi мен орнықтылығын арттыру;
қоршаған ортаның жай-күйi мен игерiлiп жатқан кен орындарының технологиялық жағдайлары мониторингiнiң жүйелерiн ұйымдастыру және халық пен шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге болуы ықтимал төтенше жағдайларды хабарлау;
кенiштердi игеруге байланысты төтенше жағдайлардан болуы ықтимал залалды азайту жөніндегі алдын алу шараларын ұйымдастыру және жүргiзу, ал оларды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда кен өндiрудi тоқтату және қорғаныш шараларының қажеттi кешенiн орындап, кенiштердi консервациялау кiредi.
9-бап. Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн осы заманғы зақымдау құралдарынан қорғау жөніндегі Азаматтық қорғаныс шаралары
Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн осы заманғы зақымдау құралдарын қолдану қатерi төнген және қолданылған жағдайда қорғау, одан болатын залал мен шығынды азайту мақсатында:
1) алдын ала:
бейбiт және соғыс уақытына арналған азаматтық қорғаныс жоспарларын жасау;
азаматтық қорғаныстың басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерiн құру мен дамыту және оларды пайдалануға әзiрлiкте ұстау;
Азаматтық қорғаныс күштерiн құру, жасақтау, жарақтандыру және әзiрлiкте ұстау;
зақымдау құралдары қолданылған жағдайда қорғану әдiстерi мен iс-қимыл жасауға басқару органдарын дайындау және оған халықты жаппай оқыту;
Азаматтық қорғаныстың қорғану құрылыстарын салу мен олардың қорын жинақтау және оларды жұмыс iстеуге әзiрлiкте ұстау;
Азаматтық қорғаныс шараларын орындауға және халықтың тiршiлiгiне арналған жеке қорғаныс құралдарының, материалдық-техникалық құралдардың қорларын, резервтерiн жасау, жинақтау және дер кезiнде жаңартып отыру;
эвакуациялық шараларды жоспарлау мен жүргiзу;
шаруашылық жүргiзу салалары мен объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуi жөніндегі шараларды жоспарлау және орындау;
Азаматтық қорғаныстың әскери құрамаларының жұмылдырылу дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды өткізу;
2) зақымдау құралдарын қолданған кезде:
зақымдау құралдарының қолданылу қатерi мен қолданылуы жайында құлақтандыру, халықты iс-қимыл тәртібі мен ережелерi жөнiнде хабардар ету;
халықты қорғану құрылыстарына паналату, қажет болған жағдайда жеке қорғану құралдарын пайдалану;
жараланғандар мен жарақат алғандарға медициналық көмек көрсету;
iздеу-құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзу;
басқарудың, құлақтандыру мен байланыстың бұзылған жүйелерiн қалпына келтiру;
халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектiлерi мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiнде шұғыл авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу;
Азаматтық қорғаныс құрамаларының әзiрлiгiн қалпына келтiру;
эвакуациялық шаралар жүргiзу жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 183-III ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-бап. Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық шаралары
Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық шаралары алдын ала әзiрленiп жасалады, өткiзiледi.
Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық шаралары аумақтарды, елдi мекендердi, өнеркәсiп аймақтарын аудандық жоспарлау және оларда құрылыс салу схемалары мен жобаларын жасау кезiнде, ұйымдардың құрылысын салу, кеңейту, қайта құру және техникамен қайта жарақтандыру жобаларында көзделуге тиiс.
Аймақтарды дамытуға, аумақтарда құрылыс салуға, елдi мекендер мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн салуға және қайта құруға арналған жобалау-смета құжаттамасы төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық органдармен келісіледi.
11-бап. Азаматтық қорғаныс бойынша мамандар мен халықты даярлау
1. Азаматтық қорғаныс мәселелерi бойынша даярлық Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшiн мiндеттi болып табылады және тиiстi оқу бағдарламалары бойынша жүргiзiледi. Даярлау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары да пайдаланылады.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың басшыларын даярлау және қайта даярлау әзiрлiк орталықтарында жүзеге асырылады.
3. Азаматтық қорғаныс үшiн мамандар даярлау Қазақстан Республикасының әскери, азаматтық оқу орындарында, сондай-ақ шет мемлекеттерде және халықаралық орталықтарда жүзеге асырылады.
4. Ел халқын Азаматтық қорғаныс бойынша даярлау мектепке дейiнгi мекемелерден бастап, жұмыс орыны, тұрғылықты және оқитын жерi бойынша жүргiзiледi.
3-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС КҮШТЕРI
09.12.98 ж. № 307-I; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Азаматтық қорғаныс күштерiнiң құрамы
Азаматтық қорғаныс күштерi Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнен, аумақтық, объектiлiк құрамалар мен Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерiнiң құрамаларынан, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң жедел-құтқару отрядтарынан тұрады.