«Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорнын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 15 сәуірдегі № 413 Қаулысы
(1999.02.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2013 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2335 заң күші бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Республикалық оқу-тәрбие орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) құрылсын.
ҚР Үкіметінің 02.12.99 ж. № 1824 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Кәсіпорынды мемлекеттік басқаруға уәкілеттік берілген орган, сондай-ақ Кәсіпорынға қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асырушы орган болып белгіленсін.
ҚР Үкіметінің 02.12.99 ж. № 1824 қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы әлсіз, ауру балаларды, сондай-ақ экологиялық қолайсыз аймақтардың, әл-ауқаты төмен және көп балалы отбасыларының балаларын, балалар үйлеріндегі жетім балаларды тәрбиелеу, оқыту және сауықтыру болып айқындалсын.
4. «Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорны таратылсын.
5. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі заңдарда белгіленген тәртіппен:
бір айлық мерзім ішінде Кәсіпорынның жарғысын бекітсін және оны мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
«Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорнын таратуды жүргізсін және таратылған кәсіпорынның мүлкін құрылған кәсіпорынға берсін.
ҚР Үкіметінің 02.12.99 ж. № 1824 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді
6. «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорны таратылатын «Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорынның құқықтық мұрагері болып табылады;
Кәсіпорынды 1999 жылы қаржыландыру «Балаларды оңалту» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген қаражаттың шегінде жүргізіледі деп белгіленсін.
Кәсiпорынды қаржыландыру республикалық бюджеттен және заңдармен тиым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесіндегі «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі» бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі» және мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-1-жолмен толықтырылсын:
«9-1. «Республикалық оқу-тәрбие Алматы облысы
орталығы» республикалық Қарасай ауданы»
қазыналық кәсіпорны
8. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі заңдарда белгіленген тәртіппен Үкіметтің бұрын қабылдаған шешімдерін осы қаулымен сәйкес келтіру жөнінде ұсыныс енгізсін, сондай-ақ Министрліктің бұрын қабылданған шешімдерін осы қаулыға сәйкес келтірсін.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі