57. Комиссияның хатшысы мерзімінде берілген өтінімдерді қабылдайды және қатысушыға құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама (анықтама) беріледі, содан кейін конкурстық ұсыныстарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерді бұзып берілген өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттарды комиссия қарамайды.
58. Өтінімдерді қабылдау осы Ереженің 56-тармағында көзделген барлық құжаттар болған кезде жүргізіледі.
59. Қабылданған өтінімдермен қатар конкурс алдындағы комиссия тексеру жүргізу кестесін жасайды және 3 күннен кешіктірмей әрбір қатысушыны тексеру уақыты туралы жазбаша түрде хабардар етеді. Қатысушы тексеру өткізілетін күні конкурс алдындағы комиссияға барлық қажетті материалдарды ұсынады және оларды талап етілетін объектілермен таныстыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
60. Конкурс алдындағы комиссия мүшелері ұсынылған конкурстық құжаттамаға қоса берілетін құжаттар көшірмелерінің шынайылығын, конкурстық қосымшаларда көрсетілген автокөлік құралдарының сыныптарының, модельдері мен тіркеу нөмірлерінің сәйкестігін, сондай-ақ конкурстық ұсыныстарда көрсетілген өндірістік-техникалық базада жылжымалы құрамды сақтау, оған техникалық қызмет көрсету және жөндеу мүмкіндігін тексереді.
Конкурс алдындағы комиссия тексеру қорытындылары бойынша қатысушы туралы ақпарат толтырылған бланкіде конкурстық ұсыныстарда ұсынылған мәліметтердің шынайылығы туралы белгі қояды және қатысушының конкурстық ұсыныстарында көрсетілген автокөлік құралдарының осы Ережеде көрсетілген талаптарға сәйкестігі туралы анықтаманы (бұдан әрі - анықтама) қоса береді.
Уақытты оңтайландыру үшін конкурстық ұсыныстарда ұсынылған мәліметтердің шынайылығы туралы пікірлер білдіру мақсатында тексеру объектілері және түрлері бойынша конкурс алдындағы комиссия мүшелерін бөлуге жол беріледі.
Көрсетілген құжаттар қатысушы ұсынған өтініммен және құжаттармен бірге тиісті конвертте мөрмен бастырылады.
61. Конкурс өткізілетін күні комиссия мүшелері қатысушылардың өтінімдері мен қоса берілген құжаттар бар конверттерді кезекпен ашады және конкурстық ұсыныстарды қатысушыларды тіркеу тізіміне сәйкес қарайды.
Комиссия мүшелері бағалау шкаласына сәйкес конкурстық ұсыныстарды бағалау парағына баллдарды жеке қояды.
62. Конкурстық ұсынымдарда көрсетілген автобустардың, шағын автобустардың (резервтік жылжымалы құрамды ескере отырып) сыныбы, жолаушылар сыйымдылығы және саны осы Ереженің талаптарын және бағыттардың негізгі сипаттамаларын қанағаттандырмаған жағдайда, сондай-ақ конкурсты өткізу туралы хабарландыруға сәйкес келетін конкурсты ұйымдастырушылар айқындаған қосымша талаптарды орындауға сілтемелер конкурстық ұсыныстарда көрсетілмеген жағдайда, өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттарды комиссия қарауға қабылдамайды.
63. Қатысушылардың нақты лотқа құжаттарымен бірге барлық конверттер қаралғаннан және бағаланғаннан кейін комиссия мүшелері тиісті қатысушылар бойынша конкурстық ұсыныстарды бағалау парақтарының қорытынды баллдарын қосады және жалпы жиынтық баллды анықтайды, ол хаттамада тіркеледі.
64. Жалпы жиынтық баллдардың нәтижесі бойынша комиссия мүшелері барынша жоғары жалпы жиынтық балл алған қатысушының құжаттарын, оның ішінде анықтамасын қарайды.
Қатысушының конкурстық ұсыныстарында көрсетілген автокөлік құралдарының осы Ережеде көрсетілген талаптарға сәйкестігі туралы конкурс алдындағы комиссияның оң бағасы болған жағдайда, осы қатысушы тиісті лот бойынша конкурстың жеңімпазы деп танылады.
Конкурс алдындағы комиссия теріс қорытынды жасаған жағдайда, комиссия мүшелері жоғарылығы бойынша келесі жалпы жиынтық балл алған қатысушының құжаттарын осылайша қарауға көшеді.
65. Егер қандай да бір лот бойынша бір де бір қатысушы тіркелмесе, астананың көлік органы осы лот бойынша негізгі талаптарды өзгертуі немесе басқа лот қалыптастыруы және оны келесі конкурсқа шығаруы тиіс.
Егер лот бойынша екі конкурсқа екі рет бір қатысушы өтінім берген жағдайда, сол қатысушыны конкурстық комиссия комиссия мүшелерінің жалпы санынан 1/2 кем емес дауыс беруі жолымен лот бойынша осы қатысушыны жеңімпаз деп анықтауы мүмкін.
66. Өткізілген конкурстың нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оған комиссия мүшелері қол қояды және комиссия төрағасы бекітеді. Комиссияның әрбір мүшесі өзінің ерекше пікірін жазбаша беруі және оны хаттамаға қоса беруі мүмкін.
Егер оның отырысына мүшелерінің кемінде 2/3 қатысса, комиссияның шешімі заңды деп танылады.
67. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізілген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өздері ұсынған конкурстық ұсыныстарды бағалау нәтижесін барлық қатысушыларға жазбаша түрде жібереді.
68. Конкурс нәтижесіне сот тәртібімен шағым берілуі мүмкін.
69. Конкурс нәтижелерін сот жарамсыз деп таныған жағдайда, қайталама конкурс алдыңғы конкурс нәтижесінің күшін жою туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін 30 жұмыс күнінен кешіктірмей өткізіледі.
Бұл ретте алдыңғы конкурстың қатысушыларына конкурстық құжаттама тегін беріледі,
70. Хаттаманың негізінде астананың көлік органы конкурстың жеңімпазымен жолаушылардың және жүктің тұрақты қалалық автомобиль тасымалдарын ұйымдастыру шартын (бұдан әрі - шарт) жасайды. Шарт кемінде үш жыл мерзімге жасалады.
71. Шарт жасасқан конкурс жеңімпазына шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне бағытта жұмыс істеу құқығын растайтын жолаушылардың және жүктің тұрақты қалалық автомобиль тасымалдарының бағыттарына қызмет көрсету құқығына куәлік (бұдан әрі - куәлік) беріледі. Көрсетілген тасымалдарды куәліксіз жүзеге асыруға жол берілмейді.
72. Куәлікті астананың көлік органы типографиялық тәсілмен дайындайды, оның кемінде 4 қорғаныш дәрежесі бар және қатаң есептілік бланкісі болып табылады және онда мынадай ақпарат:
тасымалдаушының атауы; бағыттың нөмірі; берілген күні; қолданылу мерзімі;
астана көлік органы лауазымды тұлғасының қолы және мөріне арналған орын қамтылуы тиіс.
73. Конкурстық ұсыныстарда конкурс жеңімпазы ұсынған бағытта пайдалануға арналған автобустар (шағын автобустар) көрсетілген, оның ішінде резервтік жылжымалы құрам көрсетілген куәліктер тасымалдаушыға, бағытта пайдаланылатын автокөлік құралдарының тиісті санына сәйкес мөлшерде беріледі және тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустардың, шағын автобустардың жүргізушілерінде болуы тиіс.
74. Бағытта (бағыттарда) жұмыс істеу құқығын үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
75. Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, астананың көлік органы тасымалдаушыдан куәлікті қайтарып алады және осы шарт бойынша қызмет көрсетілетін бағыттарға жаңа конкурс жариялайды.
76. Тасымалдаушының бастамасы бойынша бір жақты тәртіппен шарт бұзылған жағдайда, ол бұл туралы астананың көлік органын 45 күнтізбелік күннен кешіктірмей хабардар етеді.
Жолаушылардың және жүктің тұрақты қалалық автомобиль тасымалы
77. Жолаушылардың және жүктің тұрақты қалалық автомобиль тасымалы астананың көлік органы бекіткен бағыт желісі бойынша жүзеге асырылады, ол жолаушы көлігін дамытудың бекітілген кешенді схемасы және азаматтардың, ұйымдардың ұсыныстары бойынша жолаушылар ағынын талдаудың негізінде қалыптастырылады.
Бұл ретте қала маңындағы бағыттың қала ішіндегі қозғалыс схемасы мейлінше қысқа болуы тиіс.
78. Халықаралық, облысаралық қалааралық, облысішілік қалааралық және елді мекендерді: кенттерді, ауылдарды (селоларды) астанамен жалғастыратын, астана ішінде жүретін тұрақты бағыттардың қозғалысы астананың көлік органы бекіткен астананың карта-схемасы бойынша жүзеге асырылады.
79. Жолаушыларды және жүкті тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау бағыттық желісі белгілі бір бағыттарды қайталау, сондай-ақ бір бағыт басқасының елу пайыздан астам аялдама пункттерін қайталауын болдырмайтындай етіп қалыптастырылуы тиіс.
80. Жолаушыларды және жүкті тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау бағытында шағын автобустарды пайдалануды айқындау жолаушылар ағынының төмен болуымен негізделеді, бұл ретте шағын автобустар пайдаланылатын бағыттардың ұзақтығы жолаушыларды және жүкті қалалық тұрақты автомобильмен тасымалдау бағыттық желісі ұзақтығының отыз пайызынан аспауы тиіс.
81. Жолаушыларды және жүкті тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдаудың бағыттарына мынадай режимдердің бірінде қызмет көрсетіледі:
1) кемінде екі жолаушы есігі бар қалалық автобустармен, шағын автобустармен, сондай-ақ қалааралық автобустармен тұрақты автомобиль тасымалдарының бағыттарында, бағыттың схемасында көрсетілген, қала шегінде олардың арасындағы қашықтық 400-ден 800 метрге дейін болуы тиіс барлық аялдама пункттеріне тоқтау арқылы жүзеге асырылатын әдеттегі бағыттар;
2) кемінде екі жолаушы есігі бар қалалық автобустармен бағыттың схемасында көрсетілген, олардың арасындағы қашықтық 800-ден 3000 метрге дейін болуы мүмкін барлық аялдама пункттеріне тоқтау арқылы жүзеге асырылатын жедел бағыттар.
82. Халыққа қызмет көрсету ерекшелігіне сәйкес астанада жолаушылардың және жүктің тұрақты қалалық автомобиль тасымалдары мынадай сипатта болуы мүмкін:
1) тәуліктің бүкіл белгіленген кезеңі және аптаның барлық күндері ішінде қолданылатын тұрақты;
2) белгілі бір күндерде немесе тәуліктің кезеңдерінде қолданылатын қосымша (демалыс, мерекелік күндер немесе «қауырт» сағаттар);
3) алдын ала белгіленген уақыт аралығы ішінде қолданылатын маусымдық (саяжай кезеңінде, демалыс аймақтары, спорттық-сауықтыру кешендері жұмыс істеген кезде);
4) уақытша, қысқа уақытта қолданылатын уақытша (әдеттегі режимде қызмет көрсетуге кедергі жасайтын жол желісінде күтпеген жағдайлар туындаған кезде).
83. Жолаушыларды автокөлік құралына отырғызу және түсіру мынадай ретпен жүргізіледі:
1) шағын автобустарда алдымен жолаушыларды түсіру, одан кейін отырғызу жүргізіледі;
2) екі және одан да көп есігі бар автобустарда жолаушыларды түсіру - алдыңғы есіктен басқа барлық есік арқылы, ал отырғызу алдыңғы есік арқылы жүргізіледі.
84. Артқы есік арқылы отырғызу құқығын тек мүгедектер ғана пайдаланады.
85. Кезектен тыс отырғызу құқығын мүгедектер, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мектеп жасына дейінгі балалары бар жолаушылар пайдаланады.
86. Жолаушылардың және жүктің тұрақты қалалық автомобиль тасымалдарының бағыттарында жол жүру және жүк алып жүру төлемін жолаушы қолма-қол ақшамен кондукторға (жүргізушіге) немесе жол ақысын төлеудің бірыңғай электронды жүйесі арқылы отыру кезінде береді.
Автобустың салонында өлшемі 60x40x20 см және салмағы 20 кг дейінгі бір орындық қол жүгін, сондай-ақ қаптамасы бар бір жұп шаңғыны, бала арбасын немесе шанасын қосымша ақысыз алып жүруге рұқсат етіледі (автобустарда ғана).
87. Тұрақты қалалық бағыттарда айлық жолақы билеттері және төлемақының тікелей байланыссыз электронды карталарын сату жолақы билеттерін тарату пункттерінде жүргізіледі. Жеңілдікті жолақы билеттерін беру жергілікті халықты әлеуметтік қорғау органдарында жүзеге асырылады.
88. Байланыссыз электронды карталардың шоттарын толықтыру мамандандырылған электронды қондырғылар желісі арқылы жүзеге асырылады.
89. Қалалық қатынаста жол жүру, белгіленген нормадан асқан қол жүгін алып жүруге қолма қол ақша төлеу фактісі мынадай:
сериясы және нөмірі; жол жүру құны;
билеттің шығарылған жылы сияқты ақпарат қамтылған біржолғы жалпы билет жолаушыға беріліп, тіркеледі.
90. Байланыссыз электронды карта арқылы жол жүруіне ақы төлеу фактісі тиісті сәйкестендіру нөміріндегі байланыссыз электронды картаның электронды шотында тіркеледі.
91. Байланыссыз электронды карталарды пайдалану тәртібі қолданылатын жүйелердің технологиясымен регламенттеледі, бірақ қолданыстағы заңнаманың талаптарына қайшы келмеуі тиіс.
92. Жол жүргені үшін ақы төлеудің екі немесе және одан да көп технологиялық жүйелерін бір мезгілде қолдануға жол берілмейді.
93. Айлық немесе жеңілдікті жол жүру билеттерінің қолданылуы белгіленген нормадан асатын жүкті және қол жүгін алып жүруге қолданылмайды.
94. Айлық немесе жеңілдікті жол жүру билеті бар жолаушы оны кондукторға (жүргізушіге) автобусқа, шағын автобусқа мінген кезде көрсетеді.
95. Егер жолаушы жеңілдікті жол жүру билетін пайдаланса, онда ол сондай-ақ оның жеңілдікке құқығын растайтын құжатты да ұсынады.
Жолаушыларды және жүкті таксимен тасымалдау
96. Такси автомобильмен жолаушыларды және жүкті тасымалдауға астанада жолаушылар мен жүкті тасымалдау жөніндегі қызмет көрсетуге астананың көлік органымен шарт жасасқан жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар жіберіледі.
97. Шарт кемінде бір жыл мерзімге жасалады. Шарт жасасқан тұлғаға шартқа сәйкес әрбір көлік құралына (шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне) куәлік беріледі.
98. Тасымалдаушылармен шарт жасасу және бұзу туралы мәліметтерді астананың көлік органы астана аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялайды.
99. Астанада жолаушылар мен жүкті тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге шарт жасау үшін (бұдан әрі - шарт) мүдделі тұлға тиісті өтініммен астананың көлік органына өтініш жасайды.
100. Өтініш және қоса берілген құжаттар негізінде астананың көлік органы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарайды.
101. Өтініш берушінің ұсыныстарын қарау нәтижесі бойынша астананың көлік органы:
шарт жасасу немесе жасасудан бас тарту туралы;
құжаттарды қайта қарау жөнінде қосымша мерзім тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Мүдделі тұлға осы Ереженің талаптарына сай келмеген жағдайда шарт жасасудан бас тартуға жол беріледі және ол жазбаша нысанда бас тарту негізі көрсетіліп, ресімделеді.
102. Тасымалдаушылар:
Ереженің талаптарына сәйкес келетін және техникалық жарамды такси автомобильмен тасымалдауды жүзеге асырады;
тапсырыстарды қабылдау және тапсыру қызметтерін көрсету үшін диспетчерлік қызметпен немесе диспетчерлік сүйемелдеуге диспетчерлік қызметпен шарты болуы тиіс;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі;
Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жолаушылар алдында тасымалдаушылардың азаматтық құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын жасайды;
Автокөлік құралдарын техникалық пайдалану ережесіне сәйкес жоспарлы-алдын ала техникалық кызмет көрсету, жылжымалы құрамды жөндеу және рейс алдындағы бақылаудан өткізуді жүргізу үшін жағдайлар жасайды. Осындай база немесе оның жекелеген компоненттері болмаған жағдайда тасымалдаушылардың тиісті жұмыстар мен қызметтер түрлерін жүзеге асыруга рұқсат құжаттары бар қызметтерді орындаушы субъектілермен шаруашылық шарттары болуы тиіс;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медицина қызметкері осы қызмет түріне рұқсат еткен көлік құралдарының жүргізушілерін, олардың жұмыс күні (ауысымы) қашан, қайда басталатынына қарамастан, мерзімді және рейс алдындағы медициналық тексеруден міндетті түрде өтуін және рейс алдындағы медициналық тексеруден өтпеген жүргізушілердің көлік құралдарын пайдаланбауын, сондай-ақ таксилерді бұзылған жағдайда уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етеді;
жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтайды;
жүргізушілер персоналын белгіленген үлгідегі нысанды киіммен қамтамасыз етеді;
қаланың және көшелердің орналасуын;
Жол қозғалысы ережесін және осы Ережені;
қауіптілігі жоғары жиі ұшырасатын жол-көліктік жағдайларын, қиын жол және метеорологиялық жағдайларда көлік құралын қауіпсіз басқару негіздерін;
зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін;
жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларды көшіру тәртібін жүргізушілердің білуін көздейтін, жолаушылар көлігінің кәсіптік оқу-білім беру орталықтарында кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтуін және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Такси автомобильдері шанақ периметрі бойынша шаршылы белдеумен және 500 метр қашықтықтан жақсы ажыратылатын төбесінде орналасқан айырымдық белгімен, алдыңғы есіктері жүргізушінің логотипімен, артқы есіктері қызмет көрсететін диспетчерлік қызметтің нөмірлерімен және шанақтың артқы бүйір жақтары такси автомобильдің жеке тіркеу нөмірімен (гараж нөмірімен) жабдықталуы тиіс. Айырымдық белгіде «ТАХІ» (такси) деген жазу немесе тәуліктің қараңғы уақытында жанып көрінетін оған тән «шаршылы белдеу» бейнелеуге тиіс.
103. Такси автомобиль астананың көлік органы бекіткен нысандағы бірыңғай түсті гаммада болуы тиіс.
104. Такси автомобиль жарамды жағдайдағы таксометрмен жарақтандырылуы және белгіленген тәртіппен салық органында тіркелуі тиіс.
105. Такси автомобильдер радио құралдарымен және диспетчерлік қызметпен өзге де байланыс жасау түрімен жабдықталуы тиіс.
106. Такси автомобильдің салонында жолаушылардың көз алдында:
жүргізушінің фотосуреті бар, тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ тасымалдаушының ресми атауы көрсетілген шарттың болуын растайтын куәлігі;
тасымалдауға, сондай-ақ белгілі бір жағдайда қолданылатын арнайы тариф (әрбір жүк орнына, әрбір жануарға және т.б.).
астананың көлік органының, тасымалдаушы диспетчерлік қызметінің және «051 қызметі» мемлекеттік мекемесінің телефон нөмірлері болуы тиіс. Такси автомобильдің салонында қол жететін жерде:
тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің сақтандыру полисі;
тасымалдау үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері бөлігіндегі Ережеден үзінді көшірме;
қаланың (астананың) картасы болуы тиіс.
Осы тармақтың ережелері тіл туралы заңнамаға сәйкес орындалуы тиіс.
107. Такси автомобильде:
1) қажетті дәрілер жиынтығы және медициналық заттар салынған медициналық қобдиша;
2) апат жағдайында тоқтау белгісімен;
3) жүргізуші тез қол жеткізетін орында бекітілген өрт сөндіру құралдары болуы тиіс.
108. Такси автомобильдің алдыңғы орындықтары бас тіреуіштермен және қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталуы тиіс.
109. Такси автомобильдер астананың Ішкі істер департаментінің Жол полициясы басқармасында тұрақты есепте тұруы тиіс.
110. Такси автомобильдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқсан сайын мемлекеттік техникалық тексеруден өтіп тұруы тиіс.
111. Такси автомобильдің жол қозғалысы және қоршаған ортаны қорғау қауіпсіздігі бөлігіндегі техникалық жай-күйі мен жабдықталуы олардың техникалық пайдаланылуы жөніндегі тиісті стандарттардың, ережелер мен басшылықтардың талаптарына жауап беруі тиіс.
112. Такси автомобиль салоны күн сайын дымқылдап сүртіліп тұруы тиіс.
113. Такси автомобильмен астанада жолаушыларды және жүкті тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерде:
тиісті санаттағы жүргізу куәлігі;
5 жылдан кем емес жүргізушілік еңбек өтілі;
жолаушыларды тасымалдауға жарамдылығы көрсетілген медициналық тексеруден өткені және жыл сайынғы флюорографиялық тексеруден өткені туралы анықтамасы болуы тиіс.
114. Таксиге тапсырыс қабылдау жөніндегі диспетчерлік қызметтер өтініш беру жолымен астананың көлік органының тізілімінде тіркелуге міндетті.
115. Диспетчерлік қызметтер:
жолаушылардан тапсырыстар қабылдау жөнінде сапалы көп арналы және жедел радио байланысымен әрі өзге де байланыс түрімен қамтамасыз етілуге және оларды такси жүргізушілеріне хабарлауға;
тапсырыстардың уақтылы орындалуын және таксилердің жіберілуін бақылауды жүзеге асыруға;
жолаушылардан түскен тапсырыстарды тіркеу журналын жүргізуге;
такси кешіккен немесе тапсырысты дереу орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда, таксиге тапсырыс ресімдеген тұлғаға дереу оның кешігетіні туралы ескертуге немесе тапсырыс берушімен келісім бойынша, қысқа мерзімде басқа таксимен ауыстыруға;
таксиге тапсырыстар қабылдау туралы қала тұрғындарына сенімді және шынайы ақпарат беруге тиіс.
116. Такси автомобильдерінің тиімді жұмыс істеуі және оларды жолаушылардың пайдалануын қолайлы ету үшін ірі объектілердің - вокзалдардың, сауда орталықтарының, стадиондардың және басқа да қаланың жолаушылар жиналатын орындарында такси тұрақтарын жабдықтау және орналастыру ұйымдастырылады.
117. Такси тұрақтары өздеріне жүру бөлігінен оқшауландырылған 10-нан аспайтын такси автомобильді кіргізу және тұрғызуға арналған жайластырылған аумақты, жол сызбаларын, жол белгілерін, тұрақтың атауы және нөмірі көрсетілген трафаретті, «Таксиге отырғызу» көрсеткішін қамтиды. Такси тұрақтарын ағымдағы ұстау мен оларға қызмет көрсетуді қаланың аудандық әкімдіктері жүзеге асырады.
118. Жүру бөлігінің бойында тұрақта тұрған таксилер саны жайластырылған қалтарыста бес автомобильден (қалтарыссыз жерде үштен аспайды) аспауға тиіс.
119. Такси автомобильдердің тұрақтары тәуліктің қараңғы кезінде жарықтандырылуы тиіс.
120. Таксилер тұрақтарын пайдалану құқығына осы Ереженің шарттарына сай және куәліктері бар тасымалдаушылар ғана ие болады.
121. Такси автомобильге отырғызу арнайы жабдықталған такси тұрақтарында, көше-жол желісінің учаскелерінде және жолаушылардың тапсырыстары бойынша такси автомобильдерді беру орындарында жүргізіледі.
122. Такси автомобильге отырғызу және одан түсіру әбден тоқтағаннан кейін және жолаушыларды отырғызу және түсіру жүру бөлігіне жақын жерде тек қана автомобильдің оң жағынан орындалады.
123. Жолаушыны күту қажет болған жағдайда (оның өтініші бойынша) жолаушы жүргізушімен жүріп өткен жолы үшін толық есеп айырысуға міндетті.
124. Такси автомобильдерді беруге тапсырысты тасымалдаушы телефон арқылы қабылдауы мүмкін. Жолаушы жол жүрудің құнын таксометр көрсеткіші бойынша төлейді.
125. Тапсырыстарды қабылдау және такси автомобильдерді жіберу арасындағы уақыт аралығы, сондай-ақ шұғыл тапсырыстар тәртібі мен төлемақы мөлшері диспетчерлік қызметтермен келісім бойынша белгіленеді.
126. Алдын ала тапсырыс жасалған кезде жүргізуші такси автомобильдің тапсырыста көрсетілген уақытта жіберілуін қамтамасыз етуге міндетті, бұл ретте жолаушыны күту уақыты 10 минуттан аспауы тиіс. Осы уақыт өткеннен кейін жүргізуші оған тапсырыс беруші диспетчерлік қызметке хабарлап, кетуге құқылы.
127. Таксимен тасымалдау тарифтерінің мөлшерін тасымалдаушы белгілейді.
128. Такси автомобильге жолаушы отырған соң жүргізуші таксометрді іске қосуы тиіс.
129. Жол жүру аяқталған соң таксометр көрсеткішіне сәйкес жолаушыға такси автомобиль қызметі үшін түбіртек (чек) беріледі. Жүргізушімен есеп айырысу қолма-қол ақшамен жүргізіледі.
130. Такси автомобильді бірнеше жолаушы жалдаған жағдайда төлем-ақының жалпы сомасы әрбір жолаушының жүріп өткен қашықтығына қарай жолаушылар барабар төлейді.
131. Егер такси автомобильмен тасымалдау барысында жүргізушінің еркінен тыс жағдаяттарға байланысты қозғалыс жасау мүмкін болмаған жағдайда, онда Тасымалдау шарты дереу үзілді деп есептеледі және жолаушы жүрілген қашықтыққа жол құнын төлейді.
132. Таксидегі жол жүру ақысына жеңілдіктер жасауды тасымалдаушы көздейді.
133. Такси автомобильдің жүк бөлімшесінде жалпы салмағы автомобиль шығарушы регламенттеген салмақтан аспайтын жүкті тасымалдауға және жүк бөлімшесінің қақпағы жабық болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
134. Такси автомобильдің салонында есік арқылы еркін сиятын, салон қаптамаларын және оның жабдықтарын бүлдірмейтін әрі былғамайтын, жүргізушіге автомобильді жүргізуге және артқы айнаны пайдалануға кедергі келтірмейтін әртүрлі нәрселер мен заттарды тасымалдауға рұқсат етіледі.
135. Такси автомобильдерде ұсақ жануарлар мен құстарды себеттерде, торларда немесе түбі бүтін сөмкелерде тасымалдауға рұқсат етіледі. Такси автомобильдерде иттерді тасымалдауға тек жүргізуші мен басқа жолаушылардың келісімі болған кезде ғана рұқсат етіледі.
136. Такси жүргізушілер:
жүру жолында алдын ала қозғалыс жолын таңдауды, жылдамдық режимін реттеуді және көлік құралының мейлінше қауіпсіздігін және бірқалыпты жүруді қамтамасыз ететіндей маневр жасауды жүзеге асырады;
көлік құралының жолаушылар өмірі мен денсаулығына және жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндей техникалық ақауы болған жағдайда, көлік құралын тоқтатып, оның барлық есіктерін ашады және жолаушыларды шығарады;
шұғыл жағдайларда 01, 02, 03 немесе 051 мамандандырылған қызметтерімен дереу байланыс жасайды;
жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда окиғаның сипаттамасы туралы тиісті қызметтерге хабарлау үшін дереу шаралар қабылдайды және мүмкіндігінше зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді, шұғыл медициналық жәрдем пункттеріне олардың жеткізілуін ұйымдастырады;
жолаушының байқамауынан көлік құралында ұмыт қалған заттар болса, оларды тасымалдаушы әкімшілігінің жауапты қызметкерлеріне немесе «табылған заттар» үстеліне сақтауға қысқа мерзімде тапсырылуын қамтамасыз етеді;
такси автомобильде ақаулар анықталған жағдайда, бұл туралы диспетчерлік қызметке дереу хабарлайды және жолаушының баратын жеріне немесе жолаушылар көлігінің ең жақын аялдамасына дейін тез жетуіне көмектеседі;
жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігімен және қызмет көрсетудің жоғары мәдениетімен қамтамасыз етеді;
жолға шығу алдында автомобильдің техникалық жай-күйін тексереді;