37-11. Салынып және қайта жаңартылып жатқан қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) мүгедектерге қызмет көрсету үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың қолданыстағы талаптарына сәйкес мүгедектердің арбалары жүріп өту үшін кіру есіктерінде еңіс пандустар, лифтілер, залдарда мүгедектердің арбалары айналып бұрылуы үшін алаңдар, арнайы жабдықталған дәретхана бөлмесі көзделуі тиіс.
37-12. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) қызмет көрсетілетін контингенттің ерекшелігіне сәйкес арнайы қызмет көрсету аймақтары көзделуі мүмкін, мысалы диеталық, емдеу-сауықтыру, балалар тамағы.
37-13. Өндірістік үй-жайларды орналастыру және осы үй-жайлардағы жабдықтар өнімді өндіру мен сатудың технологиялық үдерістерінің дәйектілігін (ағымын), сондай-ақ санитарлық ережелердің технологиялық жобалау нормаларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
37-14. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) аумағы абаттандырылуы, таза ұсталуы тиіс, онда көлікті уақытша қоюға арналған алаңдар, қоқыс жинау үшін қақпағы бар контейнерлер орнатуға арналған асфальтталған немесе бетондалған алаң көзделуі тиіс. Қоқыс жинау алаңы объектілерден және тұрғын үйлердің терезелері мен есіктерінен кемінде 25 метр қашықтықта орналастырылады.
§ 3. Сауда қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асыру
кезiнде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық
және ветеринарлық талаптар
38. Тамақ өнiмдерiн сақтаумен және сатумен айналысатын сауда қызметінiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi сақтауы тиiс.
39. Жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринарлық препараттарды, азықтар мен азықтық қоспаларды дайындау, сақтау және сату жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын сауда қызметiнiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртiппен сәйкестендiру рәсiмiнен өтедi.
40. Азық-түлiк тауарларын сататын және қоғамдық тамақтандыру қызметтерiн көрсететiн сауда объектiлерi мен қоғамдық тамақтандыру объектілерінiң қызметкерлерi халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтедi.
4. Iшкi сауданың түрлерi
41. Iшкi сауда түрлерiне көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру және заңнамада белгiленген өзге де сауда түрлерi (аукциондық, комиссиондық, шекара маңы, көшпелi, көрме-жәрмеңкелiк, электрондық, биржалық сауда және тапсырыстар бойынша сауда) жатады.
§ 1. Көтерме сауданы жүзеге асыру тәртібі
42. Көтерме сауда бөлшек сауданы жүзеге асыру орындарынан оқшауланған орындар болған жағдайда мамандандырылған немесе аралас дүкендерде, сауда үйлерi мен сауда базарларында жүзеге асырылады.
Оқшауланған орындар болған жағдайда көкөнiс және жемiс-көкөнiс өнiмдерiн көлiк құралдарынан көтерме саудамен сатуға рұқсат етiледi.
43. Тауарлар түр-түрiнiң ауқымдылығы бойынша көтерме сауда мамандандырылған және әмбебап болуы мүмкiн.
Мамандандырылған көтерме сауда тауарлардың жекелеген түрлерiн сатуға бағдарланады.
Әмбебап көтерме сауда сауданы бірнеше тауарлар түрлерiн сатуға бағдарланады.
44. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектiсi түр-түрлiлiктiң ерекшелiгiне және жұмыс iстеудiң нақты жағдайларына қарай тауарды өндiру аймақтарында да, оларды жаппай тұтыну орталықтарында да орналасуы мүмкін.
45. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде:
1) сауда объектілерінде сатылатын тауарларға қойылатын бағалардың деңгейi мен шектерi;
2) мәмiлелер кезіндегі делдалдық үшiн сауда объектiсіндегі делдалдар алатын сыйақы мөлшерлерi белгiленбеуi тиiс.
ҚР Үкіметінің 2008.28.06. № 637 қаулысымен 46-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
46. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектілерінiң меншiк иелерi мынадай талаптарды қамтамасыз етедi:
1) тауарларды сату, сатып алу, сақтау;
2) көтерме сауданы жүргiзуге арналған ұйымдық жағдайлар жасау, сауда мәмiлелерiн жасасу;
3) сатылатын тауарлардың сапасын бақылауды қамтамасыз ету және осы Ереженiң талаптарын сақтау;
4) көтерме сауда субъектiлерiн салмақ өлшеу жабдығымен және басқа да қызмет түрлерiмен қамтамасыз ету;
5) инженерлiк инфрақұрылым құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, тоңазыту, сауда жабдығына және өзге де жабдықтар мен тетiктерге техникалық қызмет көрсету;
6) сауда объектiсiн күзету және көтерме сатып алу-сату жүргiзудiң қауiпсiздiгi.
Көтерме сауда объектiсiнiң аумағында техникалық реттеу және метрология, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ветеринарлық қадағалау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органдардың қызметтерi мен банк және қаржы мекемелерiнiң, байланыстың бөлiмшелерi (филиалдары) және басқалары да орналасуы мүмкiн.
47. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде, жасалған сату-сатып алу шарттары бойынша есеп айырысуды қолма қол ақшасыз тәртiппен жүзеге асыруға рұқсат етiледi.
Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде көтерме саудаға қатысушылармен (тауардың меншiк иелерiмен) келісім бойынша аукциондық және конкурстық сауда-саттықтарға рұқсат етiледi.
§ 2. Бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртібі
48. Бөлшек сауданы жүзеге асыратын сатушы тауарды Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен қандай да бір тауарларды сату кезiнде тұтынушының жасы бойынша шектеу қойылатын жағдайларды қоспағанда, тауарды сатып алуға өтiнiш бiлдiрген әрбір адамға сатады. Мұндай жағдайларда сатушы, егер тұтынушы өзiнiң жасын растайтын құжаттар ұсынбаса, сатудан бас тартады.
49. Сатушы бөлшек сауданы жүзеге асыру кезiнде сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес жеке, отбасылық, үйiшiлiк немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды бередi.
50. Бөлшек сауда дүкендер, сауда үйлерi, сауда базарлары, сауда автоматтары, дүңгiршектер, автодүкендер, шатырлар және жылжымалы сөрелер арқылы жүзеге асырылады.
51. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, не тауардың табиғатынан туындамаса, бөлшек сауда кезiнде тауардың әр бірлiгі оралады, өлшеніп, буылады.
52. Тауарларды сатылатын орындарында шығарып қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер беру (сипаттау, каталогтар, фотосуреттер тағы сол сияқты), сатушы тиiстi тауарлардың сатуға арналмағанын анық айқындаған жағдайларды қоспағанда, бағаларының немесе сатып алу-сату шартының басқа да елеулi жағдайларының көрсетiлгенiне қарамастан, жария оферта болып танылады.
53. Желiлiк маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта бойынша және басқа да тәсiлдермен сату арқылы атқарылатын сауда орындарынан тыс бөлшек сауда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен реттеледi.
54. Егер заңнамалық кесiмдерде немесе бөлшек саудада сатып алу-сату шартында, оның iшiнде сатып алушы қосылатын формулярлардың немесе өзге де стандартты нысандардың шарттарында өзгеше белгiленбесе, сатушы сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чектi немесе тауар төлемiн растайтын өзге де құжатты берген сәтiнен бастап бөлшек саудада сатып алу-сату шарты лайықты нысанда жасалған болып саналады.
§ 3. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінiң сауданы жүзеге асыру тәртібі
55. Сауда қызметiнiң субъектiлерi өз өнiмiн, сондай-ақ басқа да азық-түлiк тауарларын өндiру, қайта өңдеу, сату және тұтынуды ұйымдастыру және қоғамдық тамақтану өнiмдерiн тұтынуды ұйымдастыру мен қызметтер көрсету үшiн мүлiктiк кешендi - мейрамхананы, дәмхананы, асхананы, барды пайдаланады.
56. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
57. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
58. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
59. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
60. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
61. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен 62-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
62. Сауда қызметінің субъектілері, егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, өз қызметін қоғамдық тамақтандыру объектісінің сауда залдарында да, олардан тысқары жерлерде де жүзеге асырады. Қоғамдық тамақтандыру объектісінің үй-жайлары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен ережелерге сәйкес орналасады және жабдықталады.
63. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi сатып алушыға осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген ақпараттан басқа мынадай:
1) ұсынылатын өнiмнiң түр-түрi туралы;
2) ұсынылатын қызметтердiң тiзбесi туралы мәлiметтердi бередi.
64. Сатып алушылардың белгiлi бір контингентiне (жұмысшылар, оқушылар, жолаушылар, көрермендер және басқалар) қызмет көрсететiн қоғамдық тамақтандыру объектiлерi жанында өздерi орналасқан ұйымдардың, мекемелердiң әкiмшiлiктерiмен келісім бойынша жұмыс режимiне, сабақтар кестесiне, ұшақтардың, пойыздардың, автобустардың қозғалыс кестесiне сәйкес жұмыс режимiн белгiлейдi.
65. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде келушiлерге ас мәзiрiн ұсыну қоғамдық тамақтандырудың ас мәзiрiнде көрсетiлген тауарларын бөлшек саудада сатып алу-сату шартын жасасуына ұсыныс (жария оферта) болып танылады.
66. ҚР Үкіметінің 2011.30.06. № 738 Қаулысымен алып тасталды бұр.ред.қара)
5. Сауданың өзге де түрлерiн жүзеге асыру тәртібі
§ 1. Аукциондық сауда
67. Тауарларды сату жөніндегі аукциондық сауда жария сауда жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
Бастапқы баға сатушының сауда-саттық жүргiзу сәтіндегі тауардың рыноктық құны негiзге алына отырып айқындалуы мүмкiн, түпкiлiктi бағаны сатып алушы сауда-саттық жүргiзудiң нәтижесiнде айқындайды.
68. Аукцион нысанындағы конкурстық сауда-саттық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi.
69. Аукциондық сауда сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту шарттарында өткiзiлуi мүмкiн.
70. Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукциондық сауда шарттарында ол бойынша заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төменгi баға көзделуi мүмкiн.
71. Осы Ереженiң 18-тармағында көрсетiлген тауарлардан басқа кез келген жылжымалы немесе жылжымайтын мүлiк аукциондық сауданың нысанасы болуы мүмкiн.
72. Аукциондық саудаға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оны өткізудiң орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтиды.
73. Аукциондық саудаға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар, егер оны өткізудiң шарттарында өзгеше белгiленбесе, аукцион басталғанға дейiн, аукционға қатысуға өтiнiш бередi және кепiлдiк жарнаның белгiленген сомасын енгізедi.
74. Егер аукционның затын оған қатысушылардың бір де бірi сатып алуға тiлек бiлдiрмесе, бастапқы бағаның төмендетiлуi немесе аукционның заты осы аукционнан алып тасталуы мүмкiн.
75. Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.
76. Егер сатып алушы осы Ереженiң 75-тармағында көзделген шартты жасасудан бас тартса, ол аукционға қатысушылардың қатарынан шығарылады, оған кепiлдiк жарна қайтарылмайды, ал сатып алушы оны сатып алудан бас тартқан аукционның заты сауда-саттыққа қайтадан шығарылуы мүмкiн.
77. Аукционға қатысқан, бірақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы қайтарылады.
Аукционның қандай да бір затын сатып алған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы төленген сатып алу бағасының есебiне есептеледi.
§ 2. Комиссиялық сауда
78. Комиссияға тауарлар Қазақстан Республикасының азаматтарынан, шетелдiк азаматтардан, азаматтығы жоқ тұлғалардан қабылданады.
79. Егер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында меншiк құқығы ауысуының өзге тәртібі көзделмеген болса, комиссияға қабылданған тауарға меншiк құқығы ол сатып алушыға сатылған (берiлген) сәтке дейiн комитентте қалады.
80. Комиссионер комитенттiң алдында өзіндегі комитент сату үшiн берген тауардың жоғалғаны, жетпегенi немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.
81. Комиссионер мен комитент арасындағы келісім бойынша комиссияға жаңа және бұрын тұтынылған азық-түлiк емес тауарлар қабылданады.
82. Комиссияға тауарларды қабылдау комиссионер және комитент қол қоятын мынадай мәлiметтердi қамтитын жазбаша нысандағы комиссия шартын жасау жолымен ресiмделедi:
1) шарттың нөмiрi, оның жасалған күнi;
2) тараптардың атауы және деректемелерi (мекен-жайы, есеп шоты, комиссионердiң телефоны, паспорт деректерi немесе комитенттiң жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың деректерi);
3) тауардың атауы;
4) бұрын тұтынылған тауардың тозу деңгейi және кемшiлiктерi;
5) тауардың бағасы;
6) комиссиялық сыйақының мөлшерi және төлеу тәртібі;
7) тауарды комиссияға қабылдау шарттары; тауарға арзандату жүргiзудiң тәртібі мен мөлшерi; тауарды сатудың оны арзандатқанға дейiнгi және кейiнгi мерзiмдерi; комиссионер сатпаған тауарды комитентке қайтарудың шарттары мен тәртібі;
8) комиссионер мен комитент арасында есеп айырысу шарттары мен тәртібі; егер тараптардың келісімi бойынша бұл шығыстар өтелуге жатса, комиссияға қабылданған тауарды сақтау бойынша комиссионердiң шығыстарын төлеу мөлшерi.
Тауарларды комиссияға қабылдау ресiмделетiн шартқа тараптардың келісімi бойынша комитенттiң құқықтарын шектемейтiн қосымша шарттар енгiзiлуi мүмкiн.
Егер комиссияға бірнеше тауарлар тапсырылса, олардың атаулары мен бағалары тауарларды комиссияға қабылдау ресiмделетiн шарттың ажырамас бөлiгі болып табылатын тауарлар тiзбесiнде көрсетiлуi мүмкiн. Көрсетiлген шарт екi данада жасалады. Бір данасы комитентке тапсырылады, екiншiсi комиссионерде қалады.
83. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік тiркелуге жататын отандық та, шетелдiк те өндiрiстiң автомобильдерi, мотоциклдерi және мототехниканың басқа да түрлерi (бұдан әрi - көлiк құралдары деп аталады), олардың нөмiрлi агрегаттары көлiк құралдарына және олардың агрегаттарына меншiк құқығын, сатуға байланысты олар есептен шығарылғандығын куәландыратын құжаттар болған жағдайда комиссияға қабылданады.
84. Қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған бұйымдар осы Ережеде көзделген оларға қойылатын талаптарға сәйкес комиссияға қабылданады.
85. Комиссияға осы Ереженiң 18-тармағында көзделген тауарлар, сондай-ақ үй жағдайларында аурулардың алдын алу мен емдеуге арналған тауарлар; жеке гигиена заттары; парфюмерлiк-косметикалық тауарлар;
полимерлiк материалдардан жасалған тамақ өнiмдерiмен жанасатын, соның iшiнде бір рет пайдалануға арналған бұйымдар мен материалдар; тұрмыстағы химия тауарлары; дәрiлiк заттар қабылданбайды.
86. Тауарды комиссияға қабылдау кезiнде оған тауарлық жапсырма, ал ұсақ бұйымдарға (сағаттар, моншақтар, сәндi түйреуiштер және басқа да соған ұқсас бұйымдар) - тауарды қабылдау кезiнде ресiмделетiн құжаттың нөмiрi мен бағасы көрсетiлген баға көрсеткiшi бекітіледi.
Комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесiнде және тауарлық жапсырмада тауардың жай-күйiн сипаттайтын мәлiметтер көрсетiледi (жаңа, бұрын тұтынуда болған, тозу дәрежесi, негiзгi тауарлық белгiлерi, тауардың кемшiлiктерi). Комиссияға қабылданған көлiк құралдарына қатысты бұл мәлiметтерге көлiк құралының сәйкестендiру нөмiрi, маркасы, моделi, атауы (түрi), шығарылған жылы, двигателiнiң, шассиiнiң (рамасының), шанағының (тiркемесiнiң), "транзит" тiркеу белгiсiнiң нөмiрлерi, шанағының (кабинаның) түсi, спидометр деректерi бойынша жүрiлгенi, көлiк құралы паспортының сериясы және нөмiрi енгiзiледi, ал Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген көлiк құралына қатысты оның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендiк ресiмделгенiн растайтын құжаттың нөмiрi мен күнi көрсетiледi.
Комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесi мен тауарлық жапсырмаға комиссионер және комитент қол қояды.
87. Комиссионер комитентке оның келісімiмен қосымша қызметтер (тауарды үйде қабылдау және бағалау, iрi көлемдi тауарды комитенттен сауда объектiсiне жеткізу бойынша және басқа) ұсынуы мүмкiн.
88. Комитент кез келген уақытта комиссионерге берiлген тапсырманы бұза отырып, комиссияның шартын орындаудан бас тартуға құқылы. Комиссионер тапсырманы бұзудан туындаған шығындарды өтеудi талап ете алады.
Комитент комиссияның шартында белгiлеген мерзiмде, ал егер мұндай мерзiм белгiленбесе, комиссионердiң қарауындағы өз мүлкiне дереу иелiк етедi.
Егер комитент өз мүлкiне иелік етпесе, комиссионер тауарды комитент есебiнен сақтауға тапсыруы не оны комитент үшiн мүмкiндiгiнше неғұрлым тиiмдi бағаға сатуы мүмкiн.
89. Комиссионер мен комитенттiң арасында комиссия шартының талаптарын орындау жөнiнде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
90. Тауардың бағасы комиссионер мен комитенттiң келісімiмен айқындалады.
91. Комитент комиссионерге комиссиялық сыйақы төлейдi, оның мөлшерi тараптардың келісімiмен айқындалады.
Егер шартта сыйақы мөлшерi немесе оны төлеудiң тәртібі көзделмеген болса және сыйақы мөлшерiн шарттың талаптарына сүйенiп айқындау мүмкiн болмаса, сыйақы комиссия шартын орындағаннан кейiн әдетте осыған ұқсас қызметтер үшiн салыстырмалы жағдайлар кезiнде алынатын мөлшерде төленедi.
92. Комиссияға қабылданған тауар демалыс және мерекелiк күндердi қоспағанда, оны қабылдағаннан кейiн келесі күннен кешiктiрмей сатуға түседi.
Комиссионердiң кiнәсi бойынша тауардың түсуi кешiктiрiлген жағдайда соңғысы комитентке мерзiмi өткен әрбір күн үшiн сыйақы сомасының үш пайызы мөлшерiнде тұрақсыздық төлемiн төлейдi. Тараптардың келісімi бойынша тұрақсыздық төлемнiң неғұрлым жоғары көлемі белгiленуi мүмкiн.
93. Қабылданған тапсырманы комиссионер комитенттiң нұсқауларына сәйкес, ал шартта мұндай нұсқаулар болмаған жағдайда - комитент үшiн неғұрлым тиiмдi шарттарда, iскерлiк айналымының дәстүрлерiне немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындайды.
94. Комиссионер, егер iс жағдаяттары бойынша бұл комитенттiң мүддесi үшiн қажет болса және комиссионер комитентке алдын ала сұрау сала алмаса не өз сұрау салуына ақылға қонымды мерзiмде жауап ала алмаса комитент нұсқауынан ауытқуы мүмкiн. Комиссионер жол берілген ауытқулар туралы, хабарлау мүмкiн болған бойда, комитентті хабардар етедi.
Комитент комиссионерге алдын ала сұрау салусыз оның нұсқауларынан ауытқу мүмкiндiгiн беруi мүмкiн. Мұндай жағдайда комиссионер, егер комиссия шартында өзгеше көзделмесе, жол берiлген ауытқулар туралы ақылға қонымды мерзiмде комитенттi хабардар етедi.
95. Оны комиссияға қабылдау кезінде анықталмаған және сатып алушыға сатуға (беруге) дейiн айқындалмаған кемшiлiгi бар жаңа тауар, егер кемшiлiктер комиссионердiң кiнәсi бойынша туындағаны дәлелденбесе, комиссионердiң тауарды сақтау жөніндегі шығыстары төленбестен сатудан алынады және комитентке қайтарылады. Тараптардың келісімi бойынша бұл тауарды пайдаланудың өзге тәртібі айқындалуы мүмкiн.
96. Кепiлдiк мерзiмi бар тауарды сату кезiнде, егер ол мерзiм өтiп кетпесе, сатып алушыға комитенттен алынған кепiлдiк талоны, техникалық паспорты, сервистiк кiтапша немесе оны алмастыратын сатып алушының қалған кепiлдiк мерзiмiн пайдалану мүмкiндiгiн растайтын өзге де құжат берiледi.
97. Егер оның кемшiлiктерi комиссионермен келісілмесе, оған тиiстi сапасы жоқ жарамайтын тауар сатылған сатып алушы, өз қалауы бойынша:
1) соған ұқсас маркадағы (модельдегi, артикулдегi) тауарға ауыстыруды;
2) сатып алу бағасын тиiсiнше қайта есептей отырып басқа маркадағы (модельдегі, артикулдегi) осындай тауарға ауыстыруды;
3) сатып алу бағасын мөлшерлеп кемiтудi;
4) тауардың кемшiлiктерiн дереу тегiн жоюды;
5) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсалған шығыстарды өтеудi талап ете алады.
Бұл ретте сатып алушы өзiне тиiстi сапасы жоқ тауарды сату салдарынан келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.
Сатып алушының осы тармақтың 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген талаптары комиссионердiң келісімiмен қанағаттандырылуы тиiс.
Сатып алушы, осы тармақта көрсетiлген талаптарды ұсынудың орнына, сатып алған тауардан бас тартуы және тауар үшiн төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуi мүмкiн.
Бұл ретте сатып алушы алынған тиiстi сапасы жоқ тауарды комиссионердiң талабы бойынша және оның есебiнен қайтаруы тиiс.
98. Комиссияға қабылданған тауарларды арзандатудың тәртібі мен мөлшерi комиссия шартын жасасу кезiнде комиссионермен және комитентпен келісіледi.
Шақырту туралы комитенттi хабардар ету тәсiлi және оның келу мерзiмi тараптардың келісімiмен айқындалады.
Комитент арзандатудан бас тартқан жағдайда, егер ол шартта көзделсе, комиссионерге оны сақтау жөніндегі шығыстарды өтей отырып, тауар оған қайтарылады.
Тауарға бағалау жүргiзу шартқа қоса берiлетiн комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесiнде, тауар жапсырмасында немесе баға көрсеткiшiнде көрсетiледi.
99. Комиссионер комитенттiң көрсеткенiнен де неғұрлым тиiмдi шарттарда мәмiле жасаған жағдайда, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, қосымша пайда комитент пен комиссионердiң арасында тең бөлiнедi.
100. Мүлікті комитентпен келісілгеннен төмен баға бойынша сатқан комиссионер, егер ол мүлiктi келісілген баға бойынша сатуға мүмкiндiгi болмағанын және мейiлiнше төмен бағамен сату көбірек шығынға әкелетiнiн, сондай-ақ оның комитент нұсқауынан бас тартуға комитенттің алдын ала келісімiн алу мүмкiндiгi болмағанын дәлелдесе, комитентке айырманы өтейдi.
101. Комиссионер сатылған тауар үшін ақшаны комитентке тауар сатылғаннан кейiн үшiншi күннен кешiктiрмей төлейді.
Сатылған тауар үшiн ақша төлеу, сондай-ақ комиссияға қабылданған, бірақ сатылмаған тауарды қайтару комитент комиссия шартының жасалғанын растайтын құжатты, паспортты немесе комитенттiң жеке басын куәландыратын өзге де құжатты ұсынғаннан кейін жүргiзiледi.
Комитенттiң қалауы бойынша, оған сатылған тауар үшiн ақша төлеуді комиссионер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жүргiзуi мүмкiн.
102. Комитент уәкiлеттiк берген тұлғаға сатылған тауар үшiн ақша төлеудi, сондай-ақ сатылмаған тауарды қайтаруды комиссионер белгiленген тәртіппен ресімделген сенімхат және комиссия шартының жасалғанын растайтын құжат ұсынылғаннан кейін жүргізуі мүмкiн.
103. Егер тараптардың келісімiнде өзге мерзім белгiленбесе, сатылған тауар үшiн комитентке ақша төленген не оған сатылмаған тауар қайтарылған күннен бастап 30 күннің iшiнде комитенттiң комиссия шартының тиiстi дәрежеде орындалмауымен байланысты талаптары комиссионерге ұсынылуы мүмкін.
§ 3. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда
104. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда сатушының жарнама және тауарлар туралы ақпарат таратудың өзге де тәсiлдерi негiзiнде мәліметтер беру жолымен жүзеге асырылады.
105. Тауарларды тапсырыс бойынша сату жиынтық (стандарттық) жөнелтілімдер арқылы да жүзеге асырылуы мүмкiн. Жиынтық (стандарттық) жөнелтілімдер әр түрлі мақсаттағы тауарлар жиынтықтарын қамтуы мүмкiн.
106. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауданы сауда қызметінің субъектiлерi сатып алушының көшпелi сауда орындарында, тiкелей, телефон немесе почта тапсырысы арқылы тапсырыстар беруi және (немесе) қабылдауы арқылы жүзеге асырады.
107. Тапсырысты қабылдау және орындау жөніндегі қызметтердiң бағасы, ақы төлеу тәртібі, жеткізу мерзiмi шартпен айқындалады.
108. Тауарларды тапсырыс бойынша босату оралған түрде жүргiзiледi.
Онсыз тауар сатылмайтын ораманың (қағаз, пергамент, целлофан және басқалары) құны тауар бағасына кiредi.
Сатып алушының тiлегi бойынша сатушы тауарды арнайы ыдысқа (себеттер, қораптар, полиэтилен сөмкелер және басқалар) салу, тапсырыстарды сыйлықтық безендiрумен жиынтықтау бойынша қосымша қызметтер көрсетуі тауарларды үйге жеткізу бойынша қызметтер көрсетуі мүмкін.
Арнайы ыдыстардың үлгiлерi олардың құны көрсетiле отырып сатып алушылардың назарына шығарылып қойылады. Тауарлардың орамасы және жеткізу құралдары санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына жауап беруi және тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.
109. Тапсырысты жинақтағаны үшiн төлем, тауарларды сатып алушының үйiне жеткізу бойынша, сондай-ақ басқа да қосымша қызметтер көрсеткені үшiн шығыстар тапсырыс құнына кiредi және оларды прейскуранттың негiзiнде сатушы айқындайды.
110. Тауарды елдi мекен шегiнде жеткізу қолма-қол жүзеге асырылады, тауарларды басқа орындардан жеткізу көлік немесе почта ұйымымен шарт жасасу арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.
Тауарлар басқа елді мекеннен жеткiзiлген жағдайда тауар үшін есеп айырысуды, сондай-ақ көлік немесе почта ұйымы көрсеткен қызметтерге ақы төлеудi сатушының агентi жүзеге асырады.
111. Тапсырыстарды қабылдау, беру және жеткізу сатып алушымен келісілген уақытта жүргiзiледi. Сатып алынған тауарларға төлемдi қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде жүргізуге рұқсат етiледi.
112. Қабылданған тапсырысты жиынтықтау кезiнде сатушы сатып алушының келісімiнсiз тауарлардың түр-түріне өзгерістер енгiзбейдi. Тапсырыс берiлген тауарлардың қандай да бірі болмаған жағдайда сатушы сатып алушыны ескертедi және оған тиiстi ауыстыру ұсынады.