2. Егер жолаушының өрескел абайсыздығы оның қайтыс болуына немесе денсаулығының зақымдануына себеп болғанын не оның қайтыс болуына немесе денсаулығының зақымдануына себепшi болғанын дәлелдесе, тасымалдаушы жауапкершiлiктен iшiнара босатылуы мүмкiн.
117-бап. Тасымалдаушының багаждың жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Егер багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) өз кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жолаушы багажының жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жауап бередi.
2. Тасымалдау кезiнде багажға келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген тәртiппен өтеледi.
3. Егер ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмiстен, асыл заттардан жасалған бұйымдар, әшекей заттар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар, оларды тұтас күйінде сақтауға келiскен тасымалдаушының сақтауына өткiзiлмесе, тасымалдаушы мұндай құндылықтардың жоғалуына, кем шығуына немесе зақымдануына (бүлiнуiне) жауап бермейдi. Сақтауға өткiзiлген құндылықтар үшiн тасымалдаушы толық көлемiнде жауапты болады. Шартта жауапкершiлiктiң осы Заңның 104-бабында белгiленгенiнен артық шектi мөлшерi көзделуi мүмкiн.
118-бап. Багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы мәлiмдеме
1. Жолаушы мынадай мерзiмдерде тасымалдаушыға немесе оның агентiне:
1) каюталық багаж жоғалған, кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жағдайда - жолаушы түскенге дейiн немесе түскен кезде;
2) багаж жоғалған, кем шыққан жағдайда - жолаушы түскен күннен немесе багаж берiлуге тиiс болған кезден бастап он бес күн iшiнде;
3) багаж зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның берiлген кезiнде;
4) багаж немесе каюталық багаж байқалмайтындай зақымданған (бүлiнген) жағдайда - ол берiлгенiнен бастап он бес күн iшiнде жазбаша нысанда мәлiмдеме жiберуге тиiс.
2. Жолаушы осы бапта көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, егер өзгеше дәлелденбесе, жолаушы өз багажын зақымданбаған күйiнде алды деп саналады.
3. Егер багажды алу кезiнде тасымалдаушы жолаушымен бірге багажды қарап шықса немесе оның жай-күйiн тексерiп, ол туралы тиiстi акт жасаса, жолаушының жазбаша нысандағы мәлiмдемесi талап етiлмейдi.
119-бап. Сақтаудың шектi мерзiмiнiң өтуi бойынша багажға билiк ету
Егер жолаушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған болса, тасымалдаушы оны билетке сәйкес жолаушыны тасымалдау аяқталған теңiз портына өткізуге құқылы.
Мұндай багажды сақтау мен оған билiк ету тәртібі тасымалдау ережелерiмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
120-бап. Тасымалдаушының кеменi жөнелтудi кiдiрткенi немесе кеменiң кешiгiп келгенi үшiн жауапкершiлiгi
Егер тасымалдаушы кеменi жөнелтудi кiдiрткенi немесе оның кешiгiп келуi тасымалдаушыға байланысты емес мән-жайлардың салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушыларды тасымалдаушы кеменi жөнелтудiң кiдiртiлгенi немесе кеменiң баратын портқа (пунктке) кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы жолаушыға кiдiрiстiң әрбір сағаты үшiн билет құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бірақ ол жолаушының жол жүруi үшiн төлеген және оның багажды алып жүруi үшiн төлеген ақысының елу процентiнен аспауы керек.
121-бап. Нақты тасымалдаушы
1. Жолаушы тасымалдау немесе тасымалдаудың бір бөлiгін жүзеге асыру нақты тасымалдаушыға тапсырылған жағдайда, тасымалдаушы бүкiл жолаушы тасымалы үшiн осы тарауда белгiленгендей жауапты болады. Бұл орайда нақты тасымалдаушының өзi жүзеге асыратын жолаушы тасымалдауға қатысты осы тарауда көзделген құқығы мен мiндетi болады.
2. Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын жолаушы тасымалдауға қатысты өз мiндеттерi (өкiлеттiктерi) шегiнде әрекет еткен нақты тасымалдаушының, оның қызметкерлерiнiң немесе агенттерiнiң әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн тасымалдаушы жауапты болады.
3. Нақты тасымалдаушының қосымша мiндеттерi жазбаша нысанда жасалған келісімде белгiленедi.
4. Егер жауапкершiлiктi тасымалдаушы мен нақты тасымалдаушы мойнына алған жағдайда олардың жауапкершiлiгi ортақ болып табылады.
122-бап. Жолаушылар тасу кестесі
Жолаушылар тасымалдайтын кемемен жолаушылар тасымалдауды кесте бойынша тасымалдаушы ұйымдастырады.
Жолаушылар тасымалдау кестесiн өзгерту тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
123-бап. Мүдделi тұлғалардың ұсыныстары бойынша жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру
Жолаушылар тасымалдау тиiстi шарт жасала отырып, мүдделi тұлғалардың ұсыныстары бойынша ұйымдастырылуы мүмкiн. Мұндай тасымал үшiн төленетiн ақы, соның iшiнде жолаушы мен оның багажын алып жүру үшiн төленетiн ақы тараптардың келісімiмен белгiленедi.
12-тарау. Кемені экипажымен жалдау (тайм-чартер) шарты
124-бап. Тайм-чартердiң мазмұны
Тайм-чартерде тараптардың атауы, кеменiң атауы, оның техникалық және пайдаланылу деректерi (жүккөтергiштiгi, жүксыйымдылығы, жылдамдығы және басқалар), жүзу ауданы, кеменi жалдау мақсаты, кеменiң берiлетiн және қайтарылатын уақыты, орны, жалдау ақысының ставкасы, шарттың қолданылу мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
125-бап. Кеменi қосалқы жалдау (субтайм-чартер) шарты
1. Тайм-чартерде өзгеше көзделмеген жағдайда, кеменi жалдаушының тайм-чартерде берiлген құқықтар шегiнде өз атынан субтайм-чартер жасасуға құқығы бар. Субтайм-чартер жасасу кеменi жалдаушыны кемесiмен жалданушымен жасасқан тайм-чартердi орындаудан босатпайды.
2. Субтайм-чартерге осы тарауда көзделген ережелер қолданылады.
126-бап. Тайм-чартер бойынша кеменің теңiзде жүзу жағдайын қамтамасыз ету
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Жалға кеме беруші кеменi жалдаушыға кеменi берер кезде оны теңiзде жүзу жағдайына келтiрiп қоюға - тайм-чартерде көзделген кемені жалдау мақсаттары үшін кеменің (оның корпусының, двигателiнің және жабдықтарының) жарамдылығын қамтамасыз ету жөнiнде, кеме экипажын жасақтау және кеменi тиiсiнше жарақтандыру жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Кемесiмен жалданушы да тайм-чартердiң қолданылу мерзiмi ішінде кеменi теңiзде жүзу жағдайында ұстауға, кеменi және өзiнiң жауапкершілігiн сақтандыруға, сондай-ақ кеме экипажы мүшелерiн ұстауға жұмсалатын шығыстарды төлеуге мiндеттi.
127-бап. Кеменi жалдаушының кеменi коммерциялық мақсатта пайдалану және оны қайтару жөніндегі мiндеттерi
1. Кеменi жалдаушы кеменiң және оның экипажы мүшелерiнiң көрсететiн қызметтерiн олардың тайм-чартерде белгiленген мақсаттары мен талаптарына сәйкес пайдалануға мiндеттi. Кеменi жалдаушы кеменi коммерциялық мақсатта пайдалануға байланысты шығыстарды төлейдi.
Жалдап алынған кеменiң және оның экипажы мүшелерiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану нәтижесiнде алынған кiрiстер кеменi жалдаушының меншiгi болып табылады, бұған осы Заңның 132-бабына сәйкес кемесiмен жалданушы және кеменi жалдаушы арасында бөлiнетiн құтқарудан түскен кiрiстер қосылмайды.
2. Тайм-чартердiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн кеменi жалдаушы кемесiмен жалданушыға, кеменiң қалыпты тозуын ескере отырып, ол қандай күйде алынған болса, сондай күйде қайтаруға мiндеттi.
3. Кеменi уақтылы қайтармаған жағдайда кеменi жалдаушы кеменi кiдiрткенi үшiн тайм-чартерде көзделген жалдау ақысы мөлшеріндегі соманы немесе, егер ол тайм-чартерде көзделген жалдау ақысы ставкасынан асып түссе, жалдау ақысының рыноктық ставкасына сәйкес соманы төлейдi.
128-бап. Кеменi жалдаушының жүк иесi алдындағы жауапкершiлiгi
Кеме жүк тасымалдау үшiн кеменi жалдаушыға берiлген жағдайда, кеменi жалдаушы өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға, чартерлерге қол қоюға, коносаменттер, теңiз жүк құжаттарын беруге құқылы. Бұл жағдайда кеменi жалдаушы осы Заңның 101-108-баптарының нормаларына сәйкес жүк иесiнің алдында жауапты болады.
129-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң бағыныстылығы
1. Кеме капитаны мен кеме экипажының басқа да мүшелерi кеменi жалдаушының кеменi басқаруға, соның ішінде кеменi жүргiзуге, кемедегi iшкi тәртiпке және кеме экипажының құрамына қатысты өкіміне бағынады.
2. Кеме капитаны мен кеме экипажының басқа да мүшелерi үшiн кеменi жалдаушының кеменi коммерциялық мақсатта пайдалануға қатысты өкімі мiндеттi болады.
130-бап. Кеменi құтқарудан, оның опат болуынан немесе зақымдануынан келтiрiлген зияндар үшiн кеменi жалдаушының жауапкершiлiктен босатылуы
Егер зиян кеменi жалдаушының кiнәсiнен келтiрiлгенi дәлелденбесе, кеменi жалдаушы кеменi құтқарудан, оның опат болуынан немесе зақымдануынан келтiрiлген зияндар үшiн жауапты болмайды.
131-бап. Жалдау ақысын төлеу
1. Кеменi жалдаушы кемесiмен жалданушыға тайм-чартерде көзделген тәртiппен және мерзiмде жалдау ақысын төлейдi. Теңiзде жүзе алмайтын жағдайда болуы салдарынан кеменiң пайдалануға жарамсыз болған уақыты үшiн кеменi жалдаушы жалдау ақысы мен кемеге жұмсалатын шығыстарды төлеуден босатылады.
Кеменi жалдаушының кiнәсiнен кеме пайдалануға жарамсыз болған жағдайда, кеменi жалдаушының кемесiмен жалданушыға келтiрген шығындарын өтегенiне қарамастан, кемесiмен жалданушының тайм-чартерде көзделген жалдау ақысына құқығы бар.
2. Кеменi жалдаушы жалдау ақысын төлеудiң мерзiмiн күнтiзбелiк он бес күннен астам уақытқа өткiзiп алған жағдайда, кеме иесiнiң кеменi жалдаушыға ескертпестен одан кеменi алып қоюға және мерзiмiн өткiзiп алуынан келтiрiлген зияндарды өндiрiп алуға құқығы бар.
3. Кеме опат болған жағдайда тайм-чартерде көзделген күннен бастап, кеме опат болған күнге немесе, егер бұл күндi анықтау мүмкiн болмаса, кеме туралы соңғы хабар алынған күнге дейiн жалдау ақысы төленуге тиiс.
132-бап. Құтқару жөніндегі қызметтер көрсетiлгенi үшiн төленетiн сыйақы
Тайм-чартердің қолданылуы бiткенге дейiн құтқару жөнiнде көрсетілген қызметтер үшін кемеге тиесілi сыйақы, құтқаруға жұмсалған шығыстар мен кеме экипажына тиесiлi сыйақы үлесi шегерiле отырып, кемесiмен жалданушы және кеменi жалдаушы арасында тең үлесте бөлiнедi.
13-тарау. Кемені экипажсыз жалдап алу
шарты (бербоут-чартер)
133-бап. Бербоут-чартердiң мазмұны
Бербоут-чартерде тараптардың атауы, кеме атауы, оның сыныбы, туы, техникалық және пайдалану деректерi (жүккөтергiштiгi, жүксыйымдылығы, жылдамдығы және басқалар), оған жұмсалатын отын мөлшерi, жүзу ауданы, кеменi жалдау мақсаты, кеменiң берiлетiн және қайтарылатын уақыты, орны, жалдау ақысының ставкасы, шарттың қолданылу мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
134-бап. Кеменi қосалқы жалдау шарты (суббербоут-чартер)
1. Бербоут-чартерде өзгеше көзделмеген жағдайда, кеменi жалдаушы бербоут-чартерде берiлген құқықтар шегiнде өз атынан суббербоут-чартер жасасуға құқылы. Суббербоут-чартердi жасасу кеменi жалдаушыны кемесiмен жалданушымен жасасқан бербоут-чартердi орындаудан босатпайды.
2. Осы тарауда көзделген ережелер суббербоут-чартерге қолданылады.
135-бап. Бербоут-чартер шарты бойынша кеменiң теңiзде жүзу жағдайын қамтамасыз ету
1. Кемесiмен жалданушы кеменi жалдаушыға кеменi берер кезде оны теңiзде жүзетiн жағдайына келтiрiп қоюға - бербоут-чартерде көзделген кеменi жалдау мақсаттары үшiн кеменiң (оның корпусының, двигателiнiң және жабдықтарының) жарамдылығын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Кеменi жалдаушы бербоут-чартердiң қолданылу мерзiмi iшiнде кеменi теңiзде жүзетiн жағдайда ұстауға мiндеттi, бұл орайда кеменің жасырын кемшiлiктерiн жою кемесiмен жалданушының мiндетi болып табылады.
136-бап. Бербоут-чартер талаптары бойынша кеме экипажын жасақтау
Кеме экипажын жасақтауды кеменi жалдаушы жүзеге асырады. Кеменi жалдаушы кеме экипажын бұрын осы кеменiң экипаж мүшелерi болмаған адамдардан немесе бербоут-чартердің талаптарына сәйкес, бұрын осы кеме экипажының мүшелерi болған адамдардан жасақтауға құқылы. Кеме экипажын жасақтау әдiсiне қарамастан, кеме капитаны мен кеме экипажының басқа да мүшелерi кеменi жалдаушыға бағынады.
137-бап. Кеменi жалдаушының кеменi пайдалану және оны қайтару жөніндегі мiндеттерi
1. Кеменi жалдаушы кеменi пайдалануды бербоут-чартердiң талаптарына сәйкес жүзеге асырады және оны пайдалануға байланысты барлық шығыстарды, соның iшiнде кеме экипажының мүшелерiн ұстауға арналған шығыстарды да көтередi.
2. Бербоут-чартердiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн кеменi жалдаушы кемесiмен жалданушыға, кеменiң қалыпты тозуын ескере отырып, өзi қандай күйде алса, сондай күйде қайтаруға мiндеттi.
138-бап. Кеменi жалдаушының үшiншi тұлғалар алдындағы жауапкершiлiгi
Кемеден аққан мұнайдан теңiздiң ластануы келтiрген залалды және қауiптi жүктердi теңiз арқылы тасымалдауға байланысты залалды өтеу талаптарын қоспағанда, кеменi жалдаушы кеменi пайдалануға байланысты туындайтын талаптар бойынша үшiншi тұлғалар алдында жауапты болады.
139-бап. Кеменi құтқарудан, оның опат болуынан немесе зақымдануынан келтiрiлген зияндар
Егер зиян өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдемесе, кеменi құтқарудан, оның опат болуынан немесе зақымдануынан келтiрiлген зияндарды кеменi жалдаушы көтередi.
140-бап. Кемесiмен жалданушыға жалдау ақысын төлеу
1. Кемесiмен жалданушыға кеменi жалдаушы тараптар келiскен ставка бойынша бір ай бұрын жалдау ақысын төлейдi. Егер кеменiң жарамсыздығы кеменi жалдаушының кiнәсiнен болмаса ғана, кеменi жалдаушы кеменің теңiзде жүзе алмайтын жағдайда болуы салдарынан пайдалануға жарамсыз уақыт үшiн кемеге жалдау ақысы мен шығыстар төлеуден босатылады.
2. Осы Заңның 141-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, жалдау ақысын төлеу мерзiмi күнтiзбелiк он бес күннен артық өткiзiлiп алған жағдайда, кемесiмен жалданушының кеменi жалдаушыдан кеменi ескертусiз алып қоюға және кеменi жалдаушыдан мерзiмiн өткiзiп алғандықтан келтiрiлген зияндарды өндiрiп алуға құқығы бар.
3. Кеме опат болған жағдайда жалдау ақысы бербоут-чартерде көзделген күннен бастап, кеме опат болған күнге дейiн немесе, егер бұл күндi анықтау мүмкiн болмаса, кеме туралы соңғы хабар алынған күнге дейiн төленуге тиiс.
141-бап. Кеменi алып қоюға жол бермеу
Осы Заңның 142-бабында белгiленген ережелерге сәйкес, кеменi сатып алу шартымен жасалған бербоут-чартер бойынша жалдау ақысын төлеу мерзiмi күнтiзбелiк он бес күннен астам өткiзiлiп алған жағдайда, егер мұндай мерзiмiн өткiзiп алу кеменi жалдаушыға байланысты емес мән-жайлардан туындаса, кеме иесiнiң кеменi жалдаушыдан кеменi алып қоюға құқығы жоқ, бірақ кеменi жалдаушыдан мерзiмiн өткiзiп алу келтiрген зияндарды өндiрiп алуға құқылы.
142-бап. Кеменi сатып алу
Егер кеменi жалдаушы бербоут-чартер бойынша өз мiндеттемелерiн орындап, осы Заңның 140-бабының 1-тармағына сәйкес ең соңғы жалдау ақысын төлесе, кеменi жалдаушы кеменi сатып алатын талаппен жасалған бербоут-чартер бойынша, бербоут-чартердiң қолданылу мерзiмi бiткеннен кейiн кеме кеменi жалдаушының меншiгiне өтедi.
143-бап. Сатып алынған кеменің кемшiлiктерi үшiн жауапкершiлiк
Егер кеменi жалдаушы кеменiң кемшiлiктерi кеме өзiне берiлгенге дейiн, немесе ол берiлгенге дейiн туындаған себептерге байланысты пайда болғанын дәлелдесе, кеменi жалдаушы сатып алған кеменің кез келген кемшiлiктерi үшiн, соның iшiнде байқалмайтын кемшiлiктерi үшiн кемесiмен жалданушы жауапты болады.
14-тарау. Сүйретіп жүзу шарты
144-бап. Сүйретiп жүзу шарты
Сүйретiп жүзу шарты бойынша бір кеменің иесi сыйақы алып, екiншi кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi белгiлi бір қашықтыққа не порт айдынында маневрлер жасау үшiн, соның iшiнде кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi портқа кiргiзу не оны порттан шығару үшiн сүйретiп жүзуге мiндеттенедi.
145-бап. Сүйретiп жүзу шарты тараптарының мiндеттерi
Сүйретіп жүзу шартының әрбір тарабы өз кемесiн немесе өзге де жүзбелi объектiнi сүйретiп жүзуге жарамды күйге алдын ала келтiрiп қоюға мiндеттi.
146-бап. Теңiзде сүйретiп жүзу кезіндегі жауапкершiлiк
1. Теңiзде сүйретiп жүзу сүйретiп жүзушi кеме капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Теңiзде сүйретiп жүзу кезiнде сүйретуге алынған кемеге немесе өзге де жүзбелi объектiге не олардағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген залал үшiн, егер залал өз кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, сүйретiп жүзушi кеменiң иесi жауапты болады.
2. Теңiзде сүйретiп жүзу шартының тараптары жазбаша нысандағы келісіммен теңiзде сүйретiп жүзудi басқару жөніндегі мiндеттi сүйретуге алынған кеменiң немесе өзге де жүзбелi объектiнiң капитанына жүктей алады. Бұл жағдайда теңiзде сүйретiп жүзу кезiнде сүйретiп жүзушi кемеге не ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген залал үшiн, егер залал өз кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, сүйретуге алынған кеменiң немесе өзге де жүзбелi объектiнiң иесi жауапты болады.
147-бап. Портта сүйретiп жүзу кезіндегі жауапкершiлiк
1. Портта сүйретiп жүзу сүйретуге алынған кеме немесе өзге де жүзбелi объект капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Портта сүйретiп жүзу кезiнде сүйретiп жүзушi кемеге не ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген залал үшiн, егер залал өз кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, сүйретуге алынған кеменiң немесе өзге де жүзбелi объектiнiң иесi жауапты болады.
2. Портта сүйретiп жүзу шартының тараптары жазбаша нысандағы келісіммен портта сүйретiп жүзудi басқару жөніндегі мiндеттi сүйретiп жүзушi кеменiң капитанына жүктеуге құқылы. Бұл жағдайда портта сүйретiп жүзу кезiнде сүйретуге алынған кемеге немесе өзге де жүзбелi объектiге не олардағы адамдарға немесе мүлікке келтiрiлген залал үшiн, егер залал өз кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, сүйретiп жүзушi кеменiң иесi жауапты болады.
148-бап. Мұз қатқан жағдайда сүйретiп жүзу кезіндегі жауапкершiлiк
Мұз қатқан жағдайда сүйретіп жүзу кезiнде сүйретуге алынған кемеге немесе өзге де жүзбелi объектiге не олардағы адамдарға немесе мүлікке келтiрілген залал үшiн, егер залал сүйретiп жүзушi кеме иесiнiң кiнәсiнен келтiрiлгенi дәлелденбесе, ол жауапты болмайды.
15-тарау. Көлік экспедициясының, теңіз агенттігін
жүргізудің, теңіз делдалдығының шарттары
149-бап. Көлiк экспедициясының шарты
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Көлiк экспедициясының шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Теңіз көлiгіндегi экспедиторлық қызметтi жүзеге асыру қағидасына сәйкес жасалады.
2. Көлiк экспедициясының шарты бойынша бір тарап (экспедитор) сыйақы алып және екiншi тараптың (клиенттiң, жүктi жөнелтушiнiң немесе алушының) есебiнен экспедиция шартында белгiленген, жүк тасымалдауға байланысты қызметтердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, соның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
150-бап. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты
1. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты теңiз агентi мен кеме иесi арасында жасалған көлiк экспедициясының шарты болып табылады.
2. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты бойынша теңiз агентi сыйақы алып және кеме иесiнiң есебiнен жүк тасымалдауға байланысты, шартта белгiленген қызмет көрсетудi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға мiндеттенедi. Шартта белгiленген өкiлеттiктер шегiнде теңiз агентi өз атынан және кеме иесiнiң атынан:
1) кеменiң портқа келуiне, кеменiң портта болуына және кеменің порттан шығуына байланысты қажеттi iс-әрекеттердi орындайды;
2) кеменiң портта болуына байланысты төленуге тиiстi сомаларды төлейдi;
3) кеменi жабдықтауды және оған портта қызмет көрсетудi ұйымдастыруда кеме капитанына көмек көрсетедi;
4) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын жасасады;
5) жүктiң құжаттарын ресiмдейдi;
6) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартынан туындайтын талаптар бойынша кеме иесiне тиесiлi соманы алады;
7) шартқа сәйкес өзге де iс-әрекеттердi жасайды.
3. Теңiз агентi кеме иесiнiң келісімiмен өзiне осындай әрекеттер жасауға уәкiлдiк берген екiншi тараптың пайдасына да заңдық және өзге де әрекеттердi жасауға құқылы.
4. Шартты орындау мақсатында теңiз агентi кеме иесiнің алдында теңiз субагентiнiң әрекеттерi үшiн жауапты болып қала отырып, басқа тұлғалармен теңiз агенттiгiн жүргiзу шарттарын жасасуға құқылы. Егер теңiз субагентi сенім бiлдiрудi беру негiзiнде әрекет етпесе ғана, теңiз субагентiнiң кеме иесi атынан үшiншi тұлғалармен мәмiлелер жасасуға құқылы емес.
5. Теңiз агентi:
1) кеме иесiнің мүдделерiн көздейтiн және теңiз агенттiгiн жүргiзу практикасына сәйкес қызметтi адал жүзеге асыруға;
2) өз өкiлеттiктерi шегiнде әрекет етуге;
3) кеме иесiне оның талап етуiмен тапсырмалардың орындалу барысы туралы барлық мәлiметтердi хабарлауға;
4) жасалған мәмiле бойынша алынғандардың бәрiн кiдiртпей кеме иесiне беруге;
5) қаражаттың жұмсалу есебiн жүргiзуге;
6) кеме иесiне тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, тапсырмалардың орындалуы туралы, егер тапсырмалардың сипаты бойынша бұл талап етiлсе, есеп беруге мiндеттi.
6. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кеме иесi:
1) кеме агентiне теңiз агенттiгiн жүргiзу шартына сәйкес әрекеттер жасауға жеткiлiктi қаражат беруге;
2) теңiз агентiне оның жұмсаған шығыстарын өтеуге;
3) егер теңiз агентi кеме иесiнiң атынан және өз өкiлеттiктерi шегiнде әрекет жасаса, теңiз агентi әрекеттерiнің салдары үшiн жауапты болуға;
4) теңiз агентiне теңiз агенттiгiн жүргiзу шартында белгiленген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
5) теңiз агентiнің шартқа сәйкес орындағандарының бәрiн кiдiртпей қабылдауға мiндеттi.
7. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты белгiсiз мерзiмге жасалған жағдайда, тараптардың әрқайсысы шартты бұзатындығы туралы екiншi тарапқа шарт бұзылғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей хабарлап, мұндай шартты бұзуға құқылы.
151-бап. Теңiз делдалдығының шарты
1. Теңiз делдалдығының шарты бойынша, делдал (теңiз брокерi) сенім бiлдiрушiнiң тапсыруы бойынша оның атынан және соның есебiнен кемелердi сатып алу-сату, кемелердi жалдап алу, сүйретіп жүзу шарттарын, сондай-ақ теңiздегi сақтандыру шарттарын жасасқан кезде теңiз делдалдығының шартында белгiленген сыйақы үшiн делдалдық қызметтер көрсетуге мiндеттенедi.
2. Теңiз брокерi, егер тараптар оған уәкiлеттiк берсе, шарттар жасасқан кезде екi тараптың өкiлi болуға құқылы. Бұл орайда теңiз брокерi тараптардың әрқайсысына өзiнiң екiншi тарапқа да өкiлдiк жасайтынын хабарлауға және делдалдық қызметтердi көрсеткен кезде екi тараптың да мүдделерiн көздеп әрекет жасауға мiндеттi.
16-тарау. Жалпы авария
152-бап. Жалпы авария ұғымы және оны бөлу принциптерi
1. Теңiздегi ортақ iске жалпы қауiпсiздiк және мүлiктi жалпы қауiптен сақтау мақсатында жасалған теңiз арқылы тасымалдау ережелерiне сәйкес теңiздегi ортақ iс аяқталған күнi және сол жерде кеменің, жүктiң және жалдау ақысы құнына мөлшерлес етiп кеме, жүк және жалдау ақысы арасында бөлiнетiн зияндар және (немесе) шығыстар жалпы авария деп танылады.
Жалпы авария деп танылатын залалдарға:
1) құтқару жөніндегі шаралардың қолданылуы туғызған залалдар;
2) жүктiң, отынның, жабдықтау заттарының зақымдануы немесе жоғалуы, жалдау ақысының ысырабы туғызған залалдар;
3) кеменің, оның машиналарының немесе керек-жарақтарының зақымдануы туғызған залалдар жатады.
Жалпы авария деп танылатын шығыстарға:
1) кеменің паналайтын жерге кіруi туғызған шығыстар;
2) кеменi уақытша жөндеу туғызған шығыстар;
3) жалпы қауiпсiздiк үшiн кеменi кiдiрте тұру туғызған шығыстар;
4) кеменi жүзуге жарамсыз деп танудың немесе кеменің рейстi жалғастырудан бас тартуының салдарынан туған шығыстар;
5) құтқаруға жұмсалған шығыстар;
6) қоршаған ортаға нұқсан келтiрудi болғызбау жөніндегі шаралар туғызған шығыстар жатады.
Жалпы аварияға жатқызылған шығыстардың орнына жұмсалған кез келген қосымша шығыстар (алмастырушы шығыстар) жалпы авария деп танылады. Алмастырушы шығыстар теңiздегi ортақ iске қатысушылардың қайсыбіреуi алған үнемге қарамастан, жол берiлмеген шығыстар мөлшерiнде ғана өтеледi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған әрекеттердiң тiкелей салдары болып табылатын залалдар ғана жалпы авария деп танылады.
3. Тасымалдау ережелерiне сәйкес, жалпы авария кеме, жүк және жалдау ақысы арасында олардың теңiздегi ортақ iстiң аяқталған күнi мен орнындағы құнына мөлшерлес бөлiнедi.
4. Бір немесе бірнеше кеме басқа бір кеменi немесе басқа кемелердi сүйретiп не итеріп жүзген, олардың бәрi құтқару операциясына емес, коммерциялық қызметке қатысқан жағдайда да теңiздегi ортақ iс орын алады. Егер кеме басқа кемеден немесе басқа кемелерден жай бөлiнiп кету нәтижесiнде қауiпсiз жағдайда болса, басқа кемемен немесе басқа кемелермен бірге жалпы қауiпке ұшырамайды. Бөлiнiп кету жалпы авария актiсi болып табылатын жағдайда, теңiздегi ортақ iс жалғастырыла бередi.
153-бап. Кеменiң паналайтын орынға кіруi туғызған шығыстар
1. Жазатайым оқиғаның немесе жалпы қауiпсiздiк үшiн осындай кірудi немесе оралуды қажет еткен басқа бір төтенше мән-жайдың салдарынан кеменiң портқа немесе өзге де бір паналайтын жерге кіруi не кеменiң портқа немесе өзге де жүк тиеу орнына оралуына жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылады.
2. Кеменiң паналайтын орынға кіруiне немесе оның жүк тиеу орнына оралуына жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылатын жағдайда, оған кеменiң осындай орыннан жүк немесе жүктің бір бөлiгiн алып шығуына байланысты шығыстар да жатады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған мән-жайлар кезiнде кеменің паналайтын орынға кіруi немесе оның жүк тиеу орнына оралуы салдарынан рейстің ұзартылуына байланысты кеме экипажының мүшелерiне жалақы мен жабдықталым төлеуге, отын мен жабдықтау заттарына жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылады.