Қазақстан Республикасының
Заңы
Халықаралық коммерциялық төрелiк туралы
(2010.05.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң халықаралық коммерциялық төрелiктiң Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметi процесiнде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ халықаралық коммерциялық төрелiктiң шешiмдерiн Қазақстанда тану және орындау тәртібі мен талаптарын реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қолданылу аясы
Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, халықаралық коммерциялық төрелiк шешетiн, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық-құқықтық шарттардан туындаған дауларға қатысты қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) төрелiк - нақты дауды қарау үшiн арнайы құрылған халықаралық коммерциялық төрелiк немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік не дауды жеке-дара қарайтын төрешi;
2) төрешi - дауды төрелiкте шешу үшiн осы Заңға сәйкес тараптар сайлаған немесе тараптармен келісілген тәртiппен тағайындалған жеке адам;
3) төрелiкте iс қарау - дауды төрелiкте қарап, төрелiк шешiм шығару процесi;
4) төрелiк келісім - туындаған немесе туындауы мүмкiн дауды төрелiктiң қарауына беру туралы шарт тараптарының жазбаша келісімi, ол шартта төрелiк ескертпе түрiнде немесе субъектiлер мен олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын хаттар, жеделхаттар, телефонограммалар, телетайпограммалар, факстар, электронды құжаттар немесе өзге де құжаттар алмасу арқылы жасалуы мүмкiн;
5) төрелiк шешiм - төрелiк шығарған шешiм;
6) құзыреттi сот - Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес бiрiншi саты бойынша тиiстi шарт тараптары арасындағы дау туралы iстi қарауға уәкiлеттi Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң соты;
7) iскерлiк айналымының әдет-ғұрыптары - қандай да бiр құжатта тiркелгенiне қарамастан, қолданылатын құқыққа қайшы келмейтiн, азаматтық-құқықтық шарттарда қалыптасқан және кеңiнен қолданылатын мiнез-құлық ережелерi;
8) төрелiктiң регламентi - тұрақты жұмыс iстейтiн халықаралық коммерциялық төрелiктiң қызметiн ұйымдастыру тәртібі;
9) коммерциялық ұйым - негiзгi мақсаты пайда табу болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы немесе шетелдiк ұйым;
10) Қазақстан Республикасының жариялы тәртібі - Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың негiздерi.
3-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық төрелiк туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық төрелiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Төрелiк iс қарау принциптерi
Төрелiк iс қарау:
1) туындаған даулар бойынша төрелiк iс қарауды жүзеге асыру тәртібі мен шарттары мәселелерiн тараптар өзара алдын ала келiсу бойынша дербес шешуге құқығы бар екендiгiн бiлдiретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;
2) төрешiлер мен төрелiктер өз шешiмдерiнде тек тараптардың келісімi бойынша қолданылатын құқық нормаларын ғана басшылыққа алатынын бiлдiретiн заңдылық;
3) тараптардың төрелiк iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн мойнына алатынын, өз ұстанымын, оны қорғау тәсiлдерi мен құралдарын төрелiктен және басқа да органдар мен тұлғалардан дербес және тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн тараптардың жарыспалылығы және тең құқылылығы;
4) төрешiлер мен төрелiктер өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және төрелiк iс қараудың тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдiретiн әдiлеттiлiк;
5) заңда азаматтың тиiстi органға ақпарат хабарлау мiндетi тiкелей көзделгеннен басқа жағдайларда, төрешiлердiң төрелiк iс қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімiнсiз жария етуге құқығы жоқ екендiгiн және төрелiк iс қарау барысында өздерiне белгiлi болған мәлiметтер туралы куәлер ретiнде жауап алынбайтындығын бiлдiретiн құпиялылық принциптерi сақтала отырып жүзеге асырылады.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 4-1-баппен толықтырылды
4-1-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту
Осы Заңның қандай да бір ережесі немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабы сақталмағаны туралы білетін, сөйте тұра осындай сақталмауға төреліктің тұрақты жұмыс істейтін регламентінде осы мақсат үшін белгіленген мерзім ішінде қарсылықтарын мәлімдеместен төрелік іс қарауға қатысуды жалғастыра беретін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
5-бап. Төрелiктiң қызметiне араласуға жол берiлмеушiлiк
Төрешiлер мен төрелiктер өздерінің қызметіне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерiне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бiр араласуын болғызбайтын жағдайларда шешiм қабылдайды.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру
1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дау төреліктің қарауына берілуі мүмкін.
2. Тараптар төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық шарт бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты жасасуы мүмкін.
3. Құзыретті соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда құзыретті сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
4. Егер тараптардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылса, жеке тұлғалар, коммерциялық және өзге де ұйымдар арасындағы азаматтық-құқықтық шарттардан туындайтын даулар тараптардың келісімі бойынша төрелікке берілуі мүмкін.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелікке беру кезінде тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.
6. Төрелік келісімнің қолданылуы ол қандай тәртіппен жасалса, сондай тәртіппен тараптардың келісімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.
7. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар төреліктің қарауына жатпайды.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 6-1-баппен толықтырылды
6-1-бап. Төрелік келісім және құзыретті сотқа даудың мәні бойынша талап қою
1. Төрелік іс қарау нысанасы бойынша талап қою берілген құзыретті сот, егер төрелік келісім жарамсыз, күшін жойған немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, егер тараптардың кез келгені бұл туралы өтінсе, даудың мәні бойынша өзінің алғашқы өтінішін ұсынудан кешіктірмей тараптарды төрелікке жіберуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап қоюға қарамастан құзыретті сот төрелік іс қараудың нысанасы өзінде сотта қаралуға жататындығы туралы мәселені қарастырғанша төрелік іс қараудың басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешімнің шығарылуы мүмкін.
2-тарау. Төреліктің құрамы
7-бап. Төрешiлер
1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға келісім берген, жасы жиырма беске толған және жоғары білімi бар жеке адам төрешi болып сайланады (тағайындалады).
2. Дауды жеке-дара шешетiн төрешiнiң жоғары заң білімi және заңгерлiк мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуға тиiс. Дау алқалы түрде шешiлетiн жағдайда төрелiк төрағасының жоғары заң білімi болуға тиiс.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Төрешілікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар тараптармен тікелей келісілуі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентінде айқындалуы мүмкін.
4. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен құзыреттi сот судьясы сайлаған немесе тағайындаған;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен құзыреттi сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген;
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, өз қызметін тұрақты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақысы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметші болып табылатын адам төреші бола алмайды.
8-бап. Төрешiлердiң дауды қарау кезіндегі саны
1. Тараптар төрешiлер санын белгiлеуге құқылы, олардың саны тақ болуға тиiс.
2. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда дауды төрелiкте шешу үшiн үш төрешi сайланады (тағайындалады).
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Төреліктің құрамы
1. Төреліктің құрамын құру тараптардың келісімі бойынша төрешілерді (төрешіні) сайлау (тағайындау) арқылы жүргізіледі.
2. Тұрағты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын құру тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төреліктің құрамын құру тараптармен келісілген тәртіппен жүргізіледі.
4. Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешіден тұратын төреліктің құрамын құру кезінде әрбір тарап бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төреші үшінші төрешіні тағайындайды.
6. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда құзыретті сот:
1) тарап басқа тараптан бұл туралы өтінішті алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төрешіні тағайындамаған;
2) егер екі төреші өздерін тағайындаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үшінші төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған;
3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бірінің өтініші бойынша төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.
7. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік дауды қараған кезде, егер тараптар төреліктің құрамы туралы уағдаласпаса, төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің төрағасы күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік қызметінің шарттары
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік өз төрешілерінің тізілімін жүргізеді. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік, төрешілердің тізілімі туралы, даудың тараптары келіскен кезде төрелік шешімдер туралы ақпарат, заңды мекенжайы мен жұмыс регламенті жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желісінде және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.
10-бап. Төрешiден бас тарту
1. Төрешi осы Заңның 7-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
2. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты жүгiнген жағдайда аталған адам осы Заңның 7-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.
3. Тарап, егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар оған осы төрешiнi өзi сайлағаннан кейiн белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
4. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.
5. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келісілмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтізбелік отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.
Егер өзiнен бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптардың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап он күн мерзiмде бас тарту туралы мәселенi шешедi.
Дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң бас тартуы туралы мәселенi сол төрешi шешедi.
Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төрелiк iс қарауды тоқтату туралы келісім қабылдау арқылы шешедi.
11-бап. Төрешiнiң өкiлеттiктерiн тоқтату
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Төрешінің өкілеттіктері осы Заңда көзделген негіздер бойынша тараптардың келісімімен, сондай-ақ дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде өз өкілеттіктерін орындамаған немесе сырқаттануы бойынша, қайтыс болуына, не дауды қарау жөніндегі өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілеті болмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
2. Төрелiктiң немесе дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң өкiлеттiктерi тоқтатылған жағдайда, қаралып жатқан дау бойынша iс жүргiзу басқа төрелiк сайланғанға (тағайындалғанға) дейiн тоқтатыла тұрады.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Төрешiнiң өкiлеттiктерi нақты iс бойынша шешiм қабылдағаннан кейiн тоқтатылады немесе егер тараптар осындай тоқтатуға қатысты уағдаласса тоқтатылады. Осы Заңның 30-бабында көзделген жағдайларда төрешiнiң өкiлеттiктерi қайта басталады, ал содан соң, аталған бапта көзделген iс жүргiзу әрекеттерi жасалғаннан кейiн тоқтатылады.
12-бап. Төрешiнi ауыстыру
Төрешiнiң өкiлеттiктepi тоқтатылған жағдайда, басқа төрешi ауыстырылатын төрешi сайланған (тағайындалған) кезде қолданылған ережелерге сәйкес сайланады (тағайындалады).
Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төрешi iс бойынша қайтадан тыңдау тағайындауға құқылы.
3-тарау. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстар
13-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар
1. Дауды төрелiкте шешуге байланысты шығыстарға:
төрешiлердiң гонорары;
төрешiлердiң төрелiкте iс қарауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, соның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;
сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
төрешiлердiң жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерiнде қарап көруге және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
куәлар шеккен шығыстар;
төрелiк шешiмi өз пайдасына шығарылған тараптың өкiл көрсеткен қызметтерiнiң ақысын төлеуге жұмсалған шығыстары;
төрелiкте iс қарауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстары кiредi.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлер гонорарының мөлшерiн тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде көзделген төрешiлер гонорарының шәкiлiне сәйкес төрелiктiң құрамы айқындайды.
Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде төрешiлер гонорарының белгiленген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде, төрелiк төрешi гонорарының мөлшерiн дау бойынша iс қараудың әрбiр нақты жағдайында, қойылған талаптың бағасын, даудың күрделiлігін, төрешiлердiң төрелiк iс қарауға кеткен уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып айқындауы мүмкiн.
3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiлер гонорарының мөлшерi тараптардың келісімi бойынша белгiленедi, ал келісім болмаған жағдайда тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған төрелiк белгiлейдi.
14-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу
1. Тараптар арасында төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлудi төрелiк тараптардың келісімiне сәйкес, ал келісім болмаған жағдайда қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға бара-бар жүргiзедi.
2. Егер келтiрiлген шығыстарды өндiру туралы талап төрелiкте iс қарау барысында мәлiмделiп, оны төрелiк қанағаттандырған болса, төрелiктiң шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары, сондай-ақ төрелiкте iс қарауға байланысты өзге де шығыстары төрелiктiң шешiмi бойынша басқа тарапқа қатысты болуы мүмкiн.
3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.
4-тарау. Төреліктің құзыреті
15-бап. Төрелiктiң өз құзыретi туралы қаулы шығаруға құқығы
1. Төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келісім жарамсыз деген себеппен төрелiк iс қарауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi.
2. Тараптар даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiк соттың өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.
3. Егер төрелiк iс қарау барысында қаралуы төрелiк келісімде көзделмеген мәселе төрелiкте iс қараудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк iс қарау ережелерiне сәйкес төрелiкте iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн емес болса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
4. Төрелiк осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi он күн мерзiмде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 15-1-баппен толықтырылды
15-1-бап. Төреліктің талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өкім ету өкілеттігi
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтініші бойынша қандай да бір тараптың өзі қажет деп есептеген даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде осындай шаралар қабылдауы туралы өкім ете алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.
2. Төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап төрелік іс қарау жүзеге асырылатын жер бойынша немесе оған қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануы мүмкін мүліктің орналасқан жері бойынша құзыретті сотқа береді.
ҚР 2010.05.02. № 249-IV Заңымен 5-тарау жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-тарау. Төрелік іс қарауды жүргізу
16-бап. Төрелік іс қарау ережелерін айқындау
1. Төрелік іс қарауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
2. Төрелік нақты дауды шешу үшін төрелік іс қарауды тараптармен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде, сондай-ақ осы Заңның ережелерінде айқындалмаған және тараптармен келісілмеген төрелік іс қараудың қағидаларын төрелік айқындайды.
17-бап. Төрелік орны
Тараптар, дау тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қарауына берілетін жағдайды қоспағанда, төреліктің орнын өз қалаулары бойынша айқындауы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда, төреліктің орнын, тараптар үшін қолайлылық факторын қоса алғанда, істің мән-жайын ескере отырып, төрелік айқындайды.
18-бап. Талап арыз және талап арызға пікір
1. Талапкер өзінің талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда беріледі. Талап арыздың көшірмесі жауапкерге беріледі.
2. Талап арызда:
1) талап арыздың берілген күні;
2) тараптардың атауы, олардың почталық мекенжайы және банк деректемелері;
3) төрелікке жүгіну негіздемесі;
4) талапкердің талаптары;
5) талапкер өзінің талаптарын негіздеген мән-жайлар;
6) талап арыздың негіздерін растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап арызға қоса берілетін құжаттар мен өзге де материалдардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Талап арызға талапкер немесе сенімхаттың немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса беріле отырып, оның өкілі қол қоюға тиіс.
3. Төреліктің регламентінде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуі мүмкін.
4. Жауапкер талапкерге және төрелікке онда өзінің талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап арызға пікір ұсынуға құқылы. Талап арызға пікір төреліктің регламентінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде талапкерге және төрелікке беріледі.
Егер төреліктің регламентінде талап арызға пікір беру мерзімі айқындалмаса, онда көрсетілген пікір, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төреліктің бірінші отырысына кемінде күнтізбелік он күн қалғанда ұсынылады.
5. Тарап төрелік іс қарау барысында өзінің талап арыздарын немесе талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
19-бап. Төрелік іс қарауды қозғау
1. Төрелік талап арызды қабылдап, төрелік регламентіне немесе тараптар келіскен ережелерге сәйкес төрелік ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша пікір табыс етуді ұсынады.
2. Жауапкердің қарсылықтарын табыс етпеуі дауды қарауға кедергі бола алмайды.
20-бап. Төрелік іс қараудың басталуы
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төреші тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиісті түрде хабарлама тапсыруға міндетті.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бірі төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде екінші тарапқа беруге тиіс. Төрелік сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік іс қарау басталғанға дейін беруге тиіс.
21-бап. Талап арызды қайтару
1. Төрелік, егер:
1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
2) талап қою төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілсе;
3) талап қоюдың нысанасы төрелік келісімнің шеңберінен тыс болса;
4) талап арызға қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;
5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
6) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.
2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
3. Арыздың қайтарылуы талапкердің сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
22-бап. Төрелік іс қарау тілi
1. Тараптар төрелік іс қарау барысында пайданылатын тіл немесе тілдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік іс қарау кезінде пайдалануға тиісті қазақ тілін, онымен тең орыс тілін немесе өзге де тілдерді айқындайды.
Төрелік іс қарау жүргізіліп отырған тілді меңгермеген іске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы іс материалдарымен танысу, төрелік іс қарауға қатысу құқығы, төрелікте ана тілінде сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі.