Бірлесіп атқарушы ретінде айқындалған мемлекеттік органдар өздерінің Парламент депутаттары енгізген түзетулерге ұсыныстарын немесе қарсылықтарын, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға жібереді.
Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, Парламент депутаттары енгізген барлық өзгерістер мен толықтырулар бойынша күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың пікірлерін есепке ала отырып дайындалған тиісті қорытындыны қалыптастырады және Кеңсеге енгізеді.
Үкімет басшылығы немесе Кеңсе Басшысы көрсетілген қорытындыны қарау нәтижелерін Парламентте заң жобасымен жұмыс істеу кезінде оларды одан әрі есепке алу үшін заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның және бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың назарына жеткізеді.
Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган қажет болған кезде қорытынды жобасын қалыптастыру үшін өз бетінше Парламент депутаттарының ұсыныстарын Үкімет не Республикалық бюджет комиссиясының жанындағы тиісті консультативтік-кеңесші органдардың қарауына жібереді.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 109-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2013.12.02. № 126 Қаулысымен 109-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
109-1. Үкімет бастамашы болған заң жобаларына Парламент депутаттары түзетулерді (оның ішінде мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды немесе мемлекеттік кірістерді азайтуды көздейтін оның тұжырымдамаларының өзгеруіне байланысты) Үкіметтің қорытындысын алу үшін Үкіметке енгізген жағдайда:
Үкімет басшылығының немесе Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қорытындысының жобасын, құзіретіне заң жобасымен реттелетін қатынастар кіретін мемлекеттік орган әзірлейді.
Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады және Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен міндетті түрде келісіледі (олардың басшылары бұрыштама қояды не мемлекеттік органның бірінші басшысының қолы қойылған тиісті хат ұсынылады) және егер, тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге енгізіледі.
Заң жобасына қажет болған кезде әзірлеуші: мемлекеттік кірістерді ықтимал азайту немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді; Үкімет, Республикалық бюджет комиссиясы жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың хаттамаларын қоса тіркейді.
Бірлесіп орындаушы ретінде айқындалған мемлекеттік органдар, өздерінің Парламент депутаттары енгізген түзетулерге ұсыныстарын немесе қарсылығын әзірлеуші мемлекеттік органға, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде жібереді.
Кеңсеге енгізілген Үкімет қорытындысының жобасы Үкімет мәжілісінде қарауға жатады және шақыруды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше меңгерушісі, бірлесіп орындаушы құрылымдық бөлімшелердің меңгерушілері, Кеңсе Басшысының (құқықтық мәселелерге жетекшілік ететін) орынбасары, Кеңсе Басшысының орынбасары - Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі, Кеңсе Басшысы алдын ала бұрыштама қояды.
Қорытынды жобасының мазмұны мен оны Үкіметке ұсыну мерзімдері үшін заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы жауапты болады.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 109-2-тармақпен толықтырылды
109-2. Заң жобаларын қарау бойынша Парламент палаталарындағы отырыстарға орталық атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының қатысуы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жұмыс топтарына - департаменттердің директорлары немесе комитеттердің төрағалары;
2) бас комитеттердің отырыстарына - бірінші басшылардың орынбасарлары;
3) Палаталардың жалпы отырыстарына - орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары.
Үкімет бастамашы болған заң жобасы бойынша Мәжілістің немесе Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасауға уәкілеттік берілген орталық атқарушы органның бірінші басшысын ауыстыру Палатаның берілген заң жобасын қараудың шұғыл жағдайында ғана және объективті негіздер болған кезде ғана Премьер-Министрдің (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның) келісімі бойынша жүргізілуі мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген тұлғалардың, сондай-ақ Үкімет уәкілеттік берген мемлекеттік органдардың басқа да тұлғаларының Парламентке келу, оның ішінде Парламентте өткізілетін үкіметтік сағаттарға, парламенттік тыңдауларға және басқа да іс-шараларға қатысу үшін осы тәртіпті сақтауына бақылауды Үкіметтің Парламенттегі Өкілдігі жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 110-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
110. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламент Мәжілісінің немесе Сенатының жалпы отырысында білдіруші уәкілетті тұлғаны (заң жобасы бойынша баяндамашыны) ауыстыру қажет болған кезде Парламентке Премьер-Министрдің не оның орынбасарының қолымен тиісті хат жіберіледі. Бұл ретте осындай хаттардың жобаларын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган дайындайды және заң жобасы Парламенттің тиісті Палатасының жалпы отырысында қаралғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізеді.
ҚР Үкіметінің 2008.04.06. № 535 Қаулысымен 111-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
111. Үкімет шешімінің Парламентте өтуін бақылауды Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі (бұдан әрі - Өкілдік) жүзеге асырады
Өкілдік Премьер-Министрді, оның орынбасарларын және Кеңсе Басшысын, Мемлекет басшысы Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларының және Үкімет енгізген заң жобаларының өтуі туралы және Парламент қарайтын әрі Үкіметтің қызметіне қатысы бар басқа да мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отырады.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 112-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
112. Үкіметтің Парламенттен заң жобасын қайтарып алуы Үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылады, оның жобасын осы Регламентте белгіленген тәртіппен заң жобасын әзірлеуші енгізеді және Президент Әкімшілігімен міндетті түрде келісуге жатады.
ҚР Үкіметінің 2010.25.06. № 641 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 540 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.12.02. № 126 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 113-тармақ өзгертілді
113. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күнінен бастап бес күн мерзімде қорытынды дайындайды және Кеңсеге жібереді, онда міндетті түрде мыналар:
1) заң жобасының тұжырымдамасы;
2) Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасын Парламентте қарау кезінде депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтер;
3) қабылданған заңда Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамалық актілерге қарама-қайшылықтардың болуы туралы және оған байланысты қосымша қаржы шығыстары, экономикалық және құқықтық салдарлар туралы ақпарат;
4) заңның Премьер-Министрдің қолы қойылып бекітілу мүмкіндігі туралы қорытынды жазылады.
Қорытындыдан басқа Кеңсеге Әділет және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, сондай-ақ мәселелері Парламент қабылдаған заң қозғайтын өзге де мемлекеттік органдардың хаттарының көшірмелері міндетті түрде енгізіледі.
Парламент қабылдаған заң бойынша ұсынылған қорытындының негізінде Заңнама, қорғаныс және құқық тәртібі бөлімі Премьер-Министрдің атына Кеңсе Басшысы (құқықтық мәселелерге жетекшілік ететін) орынбасарының алдын ала келісуіне жататын, Кеңсе Басшысының анықтамасын дайындайды.
Үкіметке енгізілген қорытындының мазмұны және оны енгізу мерзімі үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жауапты болады.
Осы тармақта көзделген рәсімдердің орындалуын бақылауды Кеңсе жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2013.05.03. № 213 Қаулысымен 113-1-тармақпен толықтырылды
113-1. Парламент Мәжілісі заң жобасын мақұлдаған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай):
1) мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті заңға тәуелді актілердің (Президент және Үкімет актілерінің) жобаларын қарау үшін;
2) Әділет министрлігіне тиісті ведомстволық актілерді, сондай-ақ «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген, әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтiк құқықтық актiлерді әзірлеу туралы ақпаратты жолдайды.
ҚР Үкіметінің 2008.04.06. № 535 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.04.06. № 822 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.25.06. № 641 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 114-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.05.03. № 213 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 114-тармақ жаңа редакцияда
114. Парламент заңнамалық актіні қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) мыналарды:
1) мемлекеттік органды (мемлекеттік органдарды) қабылдануы осы заңнамалық актімен негізделген нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөніндегі жауапты орындаушы (жауапты орындаушылар) етіп белгілеуді;
2) заңнамалық актіде қолданысқа енгізудің неғұрлым кеш мерзімдері (олар қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде бір ай бұрын) көзделген құқықтық және нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, заңнамалық акт күшіне енген күнінен бастап екі айдан аспауы тиіс нормативтік құқықтық және құқықтық актілерді әзірлеу мен енгізудің нақты мерзімдерін, сондай-ақ өкімнің жобасында қамтылатын өзге де тапсырмалардың орындалуын;
3) заңға тәуелді актілерді қабылдау және/немесе қабылданған заңнамалық актіге сәйкес келтіру туралы тапсырманы көздейтін Премьер-Министрдің тиісті өкімінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жібереді.
Парламент қабылдаған заңнамалық актіні іске асыру мақсатында әзірленетін Премьер-Министр өкімінің жобасын енгізген жағдайда қабылданған заңнамалық актінің мәтінін, сондай-ақ заңнамалық актінің бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесі қоса тіркелуі қажет.
Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган Парламент заңнамалық актіні қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде белгіленген тәртіппен келісілген Премьер-Министр өкімінің жобасын Кеңсеге енгізеді.
Мемлекеттік органдар Президент заңнамалық актіге қол қойған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің жобаларын мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына енгізеді.
Мемлекеттік органдар Премьер-Министр өкімінің жобасын әзірлеу қажеттілігі болмаған жағдайда, заңнамалық актіге қол қойылған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Кеңсені хабардар етуі қажет.
Әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жататын, «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген нормативтiк құқықтық актiлер Премьер-Министр, оның орынбасарлары және Кеңсенің Басшысы айқындайтын жағдайларды қоспағанда, заңнамалық актіге қол қойылған күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей қабылданады.
Мемлекеттік органдар ай сайын, келесі айдың 5-күнінен кешіктірмей Әділет министрлігіне осы Регламентке 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қабылданған заңнамалық актілердің іске асырылуы туралы ақпарат береді.
Әділет министрлігі тоқсан қорытындылары бойынша ұсынылған ақпаратты талдап, қорытады және тоқсаннан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірмей осы ақпаратты Үкіметке жібереді.
Заңға тәуелді нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің уақтылы әзірленуін және қабылдануын бақылауды өз құзыретіне сәйкес Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2010.12.11. № 1198 Қаулысымен 114-1-тармақпен толықтырылды
114-1. Оған қатысты бұрын Үкіметке Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар енгізілген халықаралық шартты ратификациялау туралы заңнамалық акт қабылданған жағдайда, ратификациялау туралы заңның жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңнамалық актіге қол қойылған күнінен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде белгіленген тәртіппен келісілген және осы Қағиданың 114-тармағында көрсетілген талаптарды көздейтін Премьер-Министр өкімінің жобасын Кеңсеге енгізеді. Премьер-Министр өкімін қабылдау қажет болмаған жағдайда, ратификациялау туралы заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде осы орган басшысының қолымен тиісті негіздемені Кеңсеге енгізеді.
ҚР Үкіметінің 2011.21.12. № 1575 Қаулысымен 114-2-тармақпен толықтырылды
114-2. Әзірлеуші мемлекеттік орган заңнамалық актіге қол қойылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында өзі әзірлеуші болған заңның нақты мақсаттары, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдары, сондай-ақ болжанатын тиімділігі туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда өзге де тілдерде баспасөз релизін орналастырады.
Бұл ретте әзірлеуші мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде осы баспасөз релизінің көшірмесін құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесінде орналастыру үшін Әділет министрлігіне жібереді.
115. Заңнамалық актімен реттеліп қойылған қатынастар бойынша заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстар кейіннен Үкіметтің мәжілісінде қаралатын болып Ведомствоаралық комиссияның отырысында алдын ала қаралады.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 6-8-бөліммен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2012.27.12. № 1685 Қаулысымен 6-8-бөлім жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-8. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің отырыстарын өткізу тәртібі
115-1. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің (бұдан әрі - Директорлар кеңесі) отырысына Директорлар кеңесінің мүшелері, Кеңсе Басшысы, Кеңсе Басшысының (құқықтық мәселелерге жетекшілік ететін) орынбасары, Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері, сондай-ақ Кеңсе Басшысының келісімі бойынша шақырылған өзге де тұлғалар шақырылады.
115-2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) Директорлар кеңесінің отырысына мыналарды:
1) баяндамашыларды көрсетіп, отырыстың күн тәртібін;
2) Директорлар кеңесі мүшелерінің атына түсіндірме жазбаны;
3) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын;
4) Директорлар кеңесі шешімдерінің жобаларын;
5) қоғамның атқарушы органының белгіленген тәртіппен ресімделген шешімдерінің үзінділерін;
6) қажет болған кезде өзге де қосымша құжаттарды (мемлекеттік органдардың немесе заңды тұлғалардың таныстыруларын, шешімдерінің көшірмелерін, көрсетілген мәселелерді күн тәртібіне енгізуді негіздейтін анықтамалық материалдарды және басқаларын) қамтитын материалдарды олардың отырысының күніне дейін күнтізбелік 7 (жеті) күннен кешіктірмей Кеңсеге енгізеді.
Директорлар кеңесінің түсіндірме жазбасы мен шешімдерінің жобаларына қоғамның атқарушы органының басшысы (немесе оның міндетін атқарушы тұлға) қол қоюға тиіс.
Егер, құжат қоғамның тобына кіретін заңды тұлғалардың қызметіне қатысты болған жағдайда, онда Директорлар кеңесінің мүшелеріне жіберілетін материалдарға тиісті заңды тұлғаның (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның) бірінші басшысы да қол қоюға тиіс.
115-3. Қоғамның қызметіне әсер ететін қандай да бір мәселелерді шұғыл түрде шешудің қажеттілігі туындаған жағдайда, қажетті материалдарымен бірге хабарламаны жіберу мерзімі Директорлар кеңесі төрағасының шешімімен қысқартылуы мүмкін.
115-4. Отырысты өткізу туралы хабарлама, сондай-ақ оған қоса берілетін қажетті материалдар Кеңсеге жазбаша және/немесе электрондық нысанда беріледі.
115-5. Директорлар кеңесі отырысының хаттамасын Кеңсе Басшысы жүргізеді.
115-6. Директорлар кеңесі отырысының хаттамасы ол жүргізілгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жасалады.
115-7. Директорлар кеңесі жүзбе-жүз отырысының хаттамасына келісу парағына Кеңсе Басшысы хаттама жобасын жібергеннен кейін 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Директорлар кеңесінің отырысына қатысушы Директорлар кеңесінің мүшелері қол қояды.
Директорлар кеңесі отырысының хаттамасына Директорлар кеңесінің төрағасы, Кеңсе Басшысы қол қояды, сондай-ақ Кеңсе Басшысының (құқықтық мәселелерге жетекшілік ететін) орынбасары бұрыштама қояды. Хаттамаға Директорлар кеңесінің келісім парағы және отырыста болмаған мүшелерінің (олар болған жағдайда) жазбаша пікірлері қоса беріледі.
115-8. Кеңсе Басшысы Директорлар кеңесі отырыстарының стенограммасын жүргізуді ұйымдастыруы мүмкін.
115-9. Директорлар кеңесі төрағасының қалауы бойынша оның қарауына енгізілген мәселелер жөнінде Директорлар кеңесінің шешімдер қабылдауы сырттай дауыс беру арқылы болуы мүмкін. Сырттай дауыс беру Директорлар кеңесінің отырысын өткізбей-ақ қолданылады.
Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді Кеңсе Басшысы Директорлар кеңесінің мүшелеріне сырттай дауыс беру үшін, егер Директорлар кеңесінің төрағасы өзге мерзімді белгілемесе, оның өткізілуі туралы хабарлай отырып, дауыстарды санау күніне дейін 7 (жеті) күннен кешіктірмей жіберуге тиіс. Құжаттарды алдын ала зерделеу талап етілмейтін мәселелер бойынша бюллетень дауыстарды санау күніне дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей Директорлар кеңесінің мүшелеріне жіберілуі мүмкін.
Сырттай дауыс беруге арналған бюллетень және өзге де ақпарат (материалдар) Директорлар кеңесінің мүшелеріне почта, электрондық немесе өзге де байланыс арқылы жіберілуі тиіс немесе жеке өзіне тапсырылады.
115-10. Бюллетеньдер дауыс берудің соңғы күні 16 сағат 30 минуттан кешіктірілмей қоғамның орналасқан орны бойынша берілуі тиіс.
115-11. Шешім сырттай дауыс беру арқылы жазбаша түрде ресімделеді және оған Директорлар кеңесінің төрағасы, Кеңсе Басшысы қол қояды, сондай-ақ Кеңсе Басшысының (құқықтық мәселелерге жетекшілік ететін) орынбасары бұрыштама қояды және:
1) қоғамның атауын және орналасқан орнын;
2) сырттай отырыстың шешімін жазбаша ресімдеу күні мен орнын;
3) Директорлар кеңесінің құрамы туралы мәліметті;
4) отырысты шақыруды жүзеге асырушы тұлғаны (органды) көрсетуді;
5) отырыстың күн тәртібін;
6) шешім қабылдау үшін кворумның болуы немесе болмауы туралы жазбаны;
7) күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс берудің қорытындылары мен қабылданған шешімді;
8) өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
115-12. Директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімді және сырттай дауыс беру қорытындыларын Кеңсе Басшысы Директорлар кеңесінің мүшелеріне шешімдерге қол қойылған сәттен бастап 20 (жиырма) күннен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.
7. Прокурорлық қадағалау актілерін қарау кезінде орталық атқарушы органдардың
өзара іс-қимыл жасау тәртібі
ҚР Үкіметінің 2010.25.06. № 641 Қаулысымен 116-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
116. Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының тапсырмасы бойынша Үкімет басшылығының атына жіберілген прокурорлық қадағалау актілерін қарауды прокурорлық қадағалау актісінің мәні болған мәселелер құзыретіне енетін мемлекеттік орган жүзеге асырады. Әділет министрлігі тиісті мемлекеттік органға құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 117-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
117. Прокурордың наразылығын қоспағанда, прокурорлық қадағалау актісін қарау тапсырылған мемлекеттік орган 15 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына (бұдан әрі - Бас прокуратура) Үкіметтің келісілген жауабының жобасын және қажет болған жағдайда Үкімет шешімдерінің жобаларын дайындайды және Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізеді, прокурорлық қадағалау актісінен туындайтын өзге де шараларды қабылдайды.
Прокурордың наразылығын қарау тапсырылған мемлекеттік орган 7 күнтізбелік күн ішінде Бас прокуратураға Үкіметтің келісілген жауабының жобасын және қажет болған жағдайда Үкімет шешімдерінің жобаларын дайындайды және Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізеді, прокурорлық қадағалау актісінен туындайтын өзге де шараларды қабылдайды.
Жауаптың жобасы прокурорлық қадағалау актісінде белгіленген мәселелерге Үкімет ұстанымын қисынды және толық көлемде білдіруге тиіс.
Үкіметтің Бас прокуратураға жауабының жобасын жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган міндетті түрде Әділет министрлігімен, сондай-ақ прокурорлық қадағалау актісін қарау туралы тапсырмада көрсетілген өзге де мемлекеттік органдармен келіседі.
Үкімет жауабының жобасын келісу оған тиісті мемлекеттік орган басшысының бұрыштама соғуы не ескертулер мен ұсыныстардың жоқтығы туралы хат жіберу жолымен жүзеге асырылады.
Кеңсе Басшысының (құқықтық мәселелерге жетекшілік ететін) орынбасары алдын ала бұрыштама қоятын Үкімет жауабы жобасының түпкілікті нұсқасын Кеңсе Премьер-Министрдің (оның міндетін атқарушы тұлға) қол қоюы үшін Үкімет бланкісіне ресімдейді.
8. Үкіметтің актілерін жариялау тәртібі
118. Үкіметтің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты актілері міндетті түрде ресми жариялануға тиіс.
119. Мемлекеттік құпияларды және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтері бар Үкіметтің актілері жариялануға жатпайды.
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен 120-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
120. Үкіметтің қаулылары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің жинағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын және заңнамада белгіленген тәртіппен Үкіметтің қаулыларын ресми жариялауды жүзеге асыру құқығын алған мерзімді баспа басылымдарында жарияланады және теледидар мен радио арқылы халыққа жеткізілуі мүмкін.
Үкіметтің интернет-ресурсын ақпараттық қамтамасыз ету және Үкімет қабылдайтын шешімдер туралы ақпаратты тарату мақсатында Internet (Интернет) жаһандық желісін пайдалану жекелеген ережелермен регламенттеледі.
ҚР Үкіметінің 2011.30.07 № 885 Қаулысымен 120-1 тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2011.21.12. № 1575 Қаулысымен 120-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
120-1. Мемлекеттік орган Кеңсе тарату барысында өзіне жіберген, кадрлық және ұйымдастырушылық сипаттағыларды қоспағанда, Үкімет қаулыларының куәландырылған көшірмелерін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет—ресурсында мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын Үкімет қаулыларын қоспағанда, өзі әзірлеуші болып табылатын Үкімет қаулысының нақты мақсаттары, әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдары, сондай-ақ болжанатын тиімділігі туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі, ал қажет болған жағдайда өзге де тілдерде баспасөз релизін орналастырады.
Бұл ретте әзірлеуші мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде осы баспасөз релизінің көшірмесін құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесінде орналастыру үшін Әділет министрлігіне жібереді.
121. Нормативтік құқықтық актілер мерзімді басылымдарда бір мезгілде мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
ҚР Үкіметінің 2010.25.06. № 641 Қаулысымен 122-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
122. Нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануын бақылауды жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерін қоспағанда, Байланыс және ақпарат министрлігі жүзеге асырады.
9. Орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары
Іссапарларының тәртібі
123. Өз бастамасы бойынша немесе Президенттің не Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге, сол сияқты Қазақстанның басқа қалаларына да іссапарға (оның ішінде демалыс және мейрам күндері) шығуы қажет болған жағдайда орталық атқарушы органның бірінші басшысы алдын ала, іссапар басталғанға дейін кемінде 3 күн бұрын Премьер-Министрдің атына өзінің іссапарға шығуына рұқсат беруі туралы қолдаухатпен жазбаша өтініш жасауға тиіс.
Орталық атқарушы органның бірінші басшысының хатында (қолдаухатында) іссапарға шығу қажеттілігінің негіздемесі мен оның мерзімі келтірілуі тиіс.
Бір тәуліктен аспайтын мерзімге іссапарға шыққан кезде жазбаша қолдаухат талап етілмейді - Премьер-Министрмен ауызша келісу жеткілікті.
124. Премьер-Министрдің қажет болған жағдайда орталық атқарушы органның бірінші басшысын қызметтік іссапарға оның жазбаша қолдаухатынсыз жіберуге құқығы бар.
125. Орталық атқарушы органның бірінші басшысы іссапардан оралысымен 3 жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде іссапарда болған кезеңде атқарылған жұмыс туралы жазбаша есеп беруге міндетті.