24-бап. Ішкі нарықта қолдау
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне сервистік қолдау көрсетуді және олардың отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта жылжыту бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуді индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
2. Ішкі нарықта индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін сервистік қолдау:
1) жеке және заңды тұлғаларды тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорында өтеусіз тіркеу;
2) әлеуетті тапсырыс берушілер, отандық тауар өндірушілер және жұмыстар мен қызметтерді отандық берушілер туралы ақпаратты жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институтының интернет-ресурсына орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу:
1) индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеуге немесе оған сараптама жүргізуге тартылған консалтингтік ұйымдардың қызметіне ақы төлеу;
2) отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта жылжыту бойынша шығындарды өтеу арқылы жүзеге асырылады.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің отандық өңделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта жылжыту бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа жылжыту бойынша шығындарын өтеуге бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті - екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңына есептелетін ағымдағы шоттағы қаражат қалдықтары индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға және тиісінше мемлекеттік бюджетке қайтаруға жатпайды, ал келесі қаржы жылында индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа жылжыту бойынша шығындарын өтеуге жұмсалады.
25-бап. Шетелдік инвестициялар тарту
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін сервистік қолдау шаралары шетелдік инвестицияларды тарту арқылы қамтамасыз етіледі және өзіне:
1) әлеуетті шетелдік инвесторларды индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қатысуға тарту мақсатында іздестіруді жүзеге асыруды және олармен келіссөздер жүргізуді;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдарға, конференцияларға және семинарларға қатысуға тартуды;
3) индустриялық-инновациялық жобалар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктер мен консулдық мекемелер арқылы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында таратуды қамтиды.
26-бап. Отандық өңделген тауарлар, көрсетілетін қызметтер экспортын дамыту және жылжыту
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне сервистік қолдау көрсетуді және олардың отандық өңделген тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуді индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган экспортты дамыту және жылжыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін отандық өңделген тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша сервистік қолдау шаралары:
1) олардың экспорттық әлеуетінің диагностикасы;
2) сауда миссияларын ұйымдастыру және өткізу, көрме-жәрмеңке қызметін жүзеге асыру, отандық өндірушілердің тауар таңбаларын шет елде жылжыту;
3) отандық өндірушілер мен олардың тауарлары, көрсетілетін қызметтері туралы ақпаратты шетелде тұрақты негізде орналастыру арқылы әлеуетті шетелдік сатып алушылардың хабардар болуын арттыру;
4) экспортты дамыту және жылжыту мәселелері бойынша ақпараттық және талдамалық қолдау көрсету;
5) отандық өңделген тауарларды, көрсетілетін қызметтерді халықаралық гуманитарлық көмек нарығына жылжытуға жәрдемдесу;
6) экспорттық саудалық қаржыландыру, кредит беру және сақтандыру тетіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
27-бап. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» 2006 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 5-6, 35-құжат; № 16, 99-құжат; 2009 ж., № 4-5, 29-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 9-ы.
№ 534-IV