ӘАОО-да тәрбие жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларында айқындалған қосымша жұмыс түрлерін қамтиды.
65. ЖОО-ның тәрбие процесі білім алушылардың бойында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті», сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған шараларды көздеуі тиіс.
2.3. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметі
66. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметін оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер жүзеге асырады.
Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмысын негізгі жұмыс уақытында оқытушының жеке жұмыс жоспарына сәйкес өз қызметінің міндетті құрамдас бөлігі ретінде орындайды.
67. ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыс (бұдан әрі - ҒЗЖ) қызмет түрлеріне сәйкес:
1) іргелі, қолданбалы, іздеу (бастамашылық), ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, оның ішінде инновациялық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуді;
2) тапсырыс бойынша, бөгде ұйымдармен жасалған шарттар бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды;
3) өз ғылыми мектептерін қалыптастыруды және дамытуды, профессор-оқытушылар құрамын зерттеу жұмысына белсенді тартуды;
4) студенттердің, магистранттардың және докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды, зерттеу жұмысына білім алушылардың барлық санаттарын белсенді түрде тартуды;
5) ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушылардың ғылыми зерттеулері мен шығармашылық қызметі арқылы жаңа білімдерді алуды;
6) жоғары білімді дамытудың теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеуді және әзірлеуді;
7) оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеуді және ЖОО оқу процесіне енгізуді;
8) ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесіне және өндіріске енгізуді;
9) ӘАОО қоспағанда, зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыруды, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың тетігін құруды және ендіруді;
10) зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауды;
11) ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржылық көздерін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік, халықаралық ынтымақтастық және кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаты негізінде кеңейтуді қамтиды.
68. Қызмет түрлеріне байланысты ЖОО-ның ғылыми қызметі мамандар даярлау процесінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Оқу және ғылыми процестер бірлігі:
1) білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен орындалатын ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарға қатысуға тарту;
2) ЖОО-ның ғылыми және ғылыми-өндірістік бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдар базасында білім алушылардың белсенді оқу жұмысының әртүрлі нысандарын, кәсіптік практика, курстық және дипломдық жобалауды жүргізу есебінен қамтамасыз етіледі.
69. ҒЗЖ орындау нәтижелері бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есептер жасалады. Есептер дұрыс деректер негізінде, орындаушылар ұсынатын ҒЗЖ нәтижелері бойынша жасалады.
70. Жоғары оқу орындары қызметінің басым бағыты білім беру қызметімен қатар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады.
71. ЖОО халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
ЖОО-лар шетелдік білім беру, ғылыми және мәдени ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстарды дербес орнатады, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысады, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) мүше болады.
ӘАОО-лар шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысады, тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) мүше болады.
72. ӘАОО халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес шетелдік азаматтар қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқылы.
3. ЖОО қызметін ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
73. ЖОО-ның ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі білім беру қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылады.
74. Кітапхана қоры ақпараттық ресурстардың құрамдас бөлігі болып табылады және оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетті, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді қамтиды.
ЖОО-лар оқу жоспарларының барлық пәндері бойынша білім алушыларды оқу, оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етеді.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру білім алушылардың электронды кітапханаларда орналастырылатын халықаралық дереккөздерді қоса алғанда, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетке, оқу, ғылыми, ақпараттық деректер базасына еркін қол жеткізуімен қамтамасыз етіледі.
75. ЖОО-ларда web-сайтты, ақпараттық-білім беру порталын, оқытудың кредиттік технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ЖОО-ның жергілікті желілерінде орналасқан ақпараттық-білім беру ресурстарының жиынтығын және кең жолақты әрі жоғары жылдамдықты интернетке қосылған тармақталған компьютерлік желіні қамтитын жоғары технологиялық ақпараттық-білім беру ортасы құрылады.
76. Тиісті дәрісханалық және зертханалық базалардың, оқу кабинеттерінің, өндірістік шеберханалардың, полигондардың, спорт залдарының және оның қызметін қамтамасыз ететін және оған меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында тиесілі басқа да орынжайлардың болуы ЖОО қызметінің міндетті шарты болып табылады.
77. ЖОО-ның оқыту нысандары бойынша екі ауысымнан аспайтын оқу сабақтарын жүргізу үшін қажетті дәрісханалық қоры болады.
78. Білім беру мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін ЖОО-ның әртүрлі техникалық ресурстары: зертханалық жабдықтары, қондырғылары, тетіктері, стендтері, өлшеу құралдары, оқу және зерттеу мақсаттарында пайдаланылатын макеттері және бұйымдардың модельдері, эксперименттік үлгілері, материалдары, компьютерлік және өзге де есептеу техникасы, бағдарламалық құралдары болады.
79. ЖОО-ның білім алушылар контингентіне және білім беру қызметіне қарай айқындалатын білім алу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін қаржылық ресурстары болады.
80. Қаржылық ресурстар көздеріне бюджет қаражаты, оның ішінде білім беру және ғылыми гранттардан алынған қаражат, ақылы негізде білім беру қызметінен, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік және баспа өнімдерін сатудан түсетін қаражат, демеушілік көмек және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асырудан алынған өзге де қаражат көздері жатады.