2. Кадр резервіне қою үшін үміткерлерді іріктеу кезінде:
1) болжанған лауазымға орналастыру көзделген мамандықтар бойынша қызметкердің білімінің сәйкестігі;
2) болжанған қызмет түрі бойынша тиісті кәсіптік даярлығының және жұмыс тәжірибесінің болуы;
3) тиісті басшылар санаттарының қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді білуі;
4) денсаулық жағдайы;
5) кәсіптік қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың қорытындысы ескеріледі.
3. Егер ұсыну басқа мекенге қызмет атқаруға ауыстыруды қарастырса, онда қызметкердің және оның отбасы мүшелерінің ол жерде денсаулық жағдайы бойынша тұра алу мүмкіндігі ескеріледі.
4. Кадр резервіне қоюға үміткерлерді іріктеуді кадр бөлімшелері жүзеге асырады және кадр резервіне қойылғандардың тізімін құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бекітеді. Тиісті лауазымға ұсыну үшін кадр резервіне қойылған қызметкерлердің саны екі адамнан кем болмауы керек.
38-бап. Қызметкерді лауазымдық міндеттерін атқарудан уақытша шеттету
1. Қызметкерді лауазымдық міндеттерін атқарудан мынадай жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық процессуалдық заңнамасында белгiленген тәртiппен - қылмыстық процесті жүргізуші орган ақшалай қаражатты сақтамай, мұндай шараның қажеттігі болмағанға дейін;
2) қызметтік тергеу жүргізілген жағдайда - құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы жауапкершілік туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ ақшалай қаражатты сақтай отырып, бір айдан аспайтын мерзімге уақытша шеттетуі мүмкін.
2. Қызметкерді қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттету туралы құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығы шығарылады.
3. Іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылған немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда қызметкер осы Заңда белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылады.
4. Қылмыстық іс ақталатын негіздер бойынша қысқартылған, ақтау үкімі заңды күшіне енген жағдайда қызметкердің лауазымы, арнаулы немесе әскери атағы, сыныптық шені қалпына келтіріледі.
Адамның қызметін (лауазымын және атағын) қалпына келтіру, егер ол адам ақтау үкімі күшіне енген не қылмыстық істі ақталатын негіздер бойынша қысқарту туралы қаулы шығарылған сәттен бастап үш ай iшiнде өтiнiш жасаса, ол сол күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргізіледі.
5. Қылмыс жасағаны үшiн сотталуына байланысты құқық қорғау органдарынан шығарылған, ал кейiннен ақталған және тиiсiнше лауазымы мен арнаулы атағы немесе сыныптық шені қалпына келтірілген қызметкерлерге қызметте амалсыздан болмаған уақыты үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен ақшалай үлесі өтеледi.
39-бап. Құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша міндеттерді уақытша атқару
1. Қызметтік қажеттілікке байланысты қызметкерге атқаратын (негізгі) лауазымынан босатпай, жоғары тұрған лауазымның міндеттерін атқару уақытша жүктелуі мүмкін.
2. Негізгі мiндеттерiнен босатыла отырып, басқа лауазымдар бойынша мiндеттердi уақытша атқару белгіленген тәртiппен жүктелген штаттық лауазымдағы қызметкерлерге ақы төлеу мынадай тәртiппен жүргізiледi:
1) штаттағы орынбасарларға, өздерiнiң тiкелей басшысының бос емес лауазымы бойынша қызметтік мiндеттерiне қарамастан, ақшалай үлес төлеу олардың негізгi атқаратын лауазымы бойынша жүргізiледi;
2) басшының бос лауазымы бойынша мiндеттерiн, оның iшiнде оның орынбасарларының да уақытша атқаруы кезiнде, ақы өзге де төлемдер ескеріле отырып, лауазымды уақытша атқаруға көзделген айлықақысына қарап, бiрақ екi айдан аспайтын уақытқа төленедi. Көрсетілген мерзім ішінде оларды осы лауазымға тағайындау немесе бос лауазым бойынша мiндеттердi орындаудан босату туралы шешiм қабылдануы тиіс.
Бос емес лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үзіліссiз мерзiмi төрт айдан аспауы керек.
Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үзіліссiз мерзiмi лауазымды атқаруға кiрiскен күннен бастап, бiрақ бұйрықта көрсетілген күннен ерте емес, ал күнi көрсетiлмесе, бұйрыққа қол қойылған күннен ерте емес, мiндеттерiн атқарудан босатылған күн қоса есептеледi.
Лауазым бойынша мiндеттi атқарушы етiп тағайындау қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау және оларды ауыстыру құқығы берiлген лауазымды адамдардың бұйрығымен ресiмделедi.
3. Қызметкерге осы бапқа сәйкес міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу және оны осыған байланысты негізгі лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босату, тікелей басшысы болмаған кезеңде оның лауазымы бойынша міндеттерді атқару қызметкердің қызметтік міндеттерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, басшының немесе уәкілетті басшының актісімен жүзеге асырылады.
40-бап. Құқық қорғау органдарындағы жұмыс уақыты
1. Қызметкерлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгiленедi.
Әрбір құқық қорғау органында қызметтік әрекеттің ерекшеліктерімен және жедел жағдаймен, жыл мезгілімен, жергілікті жағдайлармен және басқа да нақты мән-жайлармен анықталатын, қатаң регламенттелген күн тәртібі белгіленеді.
2. Күн тәртібі қағидалары құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының актісімен бекітілетін жұмыс уақыты мен тынығу уақытын, азаматтарды қабылдау сағаттарын (халық үшін барынша қолайлы), қызметкерлердің жекелеген санаттарының қызмет атқару кезегін белгілейді.
3. Қажет болған жағдайда қызметкерлер белгiленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгi уақытта, демалыс және мереке күндерi қызметтiк мiндеттерiн орындауға шақырылуы мүмкiн. Өтемақы төлеу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
41-бап. Құқық қорғау қызметінің өтілі (еңбек сіңірген жылдары)
1. Құқық қорғау қызметінің өтілі зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдарын есептеу, еңбек сіңірген жылдары үшін қосымша демалыс беру, қызметкер жұмыстан шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы төлеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының құрметті атақтарын беру және құқық қорғау органдарының ведомстволық айырым белгілерімен марапаттауға ұсыну мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен есептеледі.
2. Қызметкерлердің еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
Бұл ретте зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, күнтізбемен есептеледі.
3. Қызметкерлердің құқық қорғау органдарында қызметте болу кезеңі олардың жалпы еңбек өтіліне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
4. Қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болған уақыты қызмет өтіліне есептеледі.
42-бап. Жеке істі және есепке алу құжаттарын жүргізу
1. Құқық қорғау органында қызметкерлердің дербес деректерін, қызмет әрекеттері мен құқық қорғау қызметіндегі өтілі туралы мәліметтерді қамтитын жеке істер, есепке алу құжаттары жүргізіледі.
2. Қызметкердің дербес деректерін алу, сақтау, өңдеу, пайдалану және беру кезінде құқық қорғау органында мына талаптар сақталуға тиіс:
1) қызметкердің дербес деректерін өңдеу қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеруіне, оқуына және лауазымдық өсуіне ықпал етуді, қызметкердің жеке басының және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ оған тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, лауазымдық міндеттерін атқару нәтижелерін есепке алу мақсатында жүзеге асырылады;
2) осы Заңға сәйкес қызметкерден алынған дербес деректердің анықтығын тексеру мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырылады;
3) қызметкердің дербес деректерін заңсыз пайдаланудан немесе жоғалтудан қорғау осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен көзделген тәртіппен құқық қорғау органының қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі;
4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жазбаша нысанда білдірген келісімінсіз оның дербес деректерін үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
3. Қызметкердің жеке ісіне құқық қорғау органының қызметін қамтамасыз етуге қажетті, құқық қорғау қызметіне тұрумен, оны өткерумен және құқық қорғау қызметінен шығумен байланысты оның дербес деректері және өзге де мәліметтер енгізіледі.
4. Құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жатқан) азаматты (қызметкерді) қабылдау (ауысу) кезінде азаматтың (қызметкердің) құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жүрген) мемлекеттік органдардан немесе ұйымдардан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының сұратуы бойынша құқық қорғау органының мекенжайына қызметкердің сіңірген еңбегінің есебі, қызметтік тізімінің көшірмесі, соңғы аттестаттау бойынша қорытындысы және қызметтік әрекетін сипаттайтын басқа да материалдар жіберіледі.
5. Қызметкердің жеке ісінде және есепке алу құжаттарында қамтылған мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жатады.
6. Басқа қызметкердің дербес деректерін алуды, сақтауды, өңдеуді, пайдалануды және беруді реттейтін нормалардың бұзылуына, сондай-ақ осындай деректердің жоғалуына немесе жария болуына кінәлі қызметкер осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауаптылыққа болады.
7. Қызметкердің дербес деректерін қамтыған жеке ісін жүргізу тәртібін құқық қорғау қызметінің басшысы бекітеді.
43-бап. Құқық қорғау органының штаты қысқартылған, қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кездегі құқық қорғау қызметіне байланысты құқықтық қатынастар
1. Құқық қорғау қызметінің штаты қысқартылған кезде қысқартылатын лауазымды атқарып жүрген қызметкерге қатысты құқықтық қатынастар:
1) қызметкерге сол не басқа құқық қорғау органында өзге де лауазымды атқару мүмкіндігі ұсынылған;
2) қызметкер кәсіптік қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға немесе құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген жағдайларда жалғасады.
2. Құқық қорғау органы таратылған кезде қызметкерге қатысты құқықтық қатынастар қызметкерге таратылған құқық қорғау органының функциялары берілген құқық қорғау органында не басқа құқық қорғау органында өзге лауазымды атқару мүмкіндігі ұсынылған жағдайда жалғасуы мүмкін.
3. Қызметкер ұсынылған өзге лауазымды атқарудан бас тартқан жағдайда, ол осы Заңда белгіленген тәртіппен құқық қорғау қызметінен шығарылады.
44-бап. Құқық қорғау органына жатпайтын лауазымдарда қызмет өткеру
Қызметкерлер құқық қорғау органдарының кадрында қалдырыла отырып, оған жатпайтын лауазымдарда:
1) құқық қорғау органының қарамағында болған;
2) мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен барған;
3) мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында оқып жатқан жағдайларда құқық қорғау қызметін өткере алады.
45-бап. Құқық қорғау қызметін өткеру ерекшеліктері
1. Қызметкерлерді республиканың өзге өңірлерінде қоғамдық тәртіпті қорғауға немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларды жоюға қатысуға тарту мерзімінің ұзақтығы үш айдан аспауға тиіс.
2. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртiппен құқық қорғау органдарының кадрында қалдырыла отырып, мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен баруы мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 45-1-баппен толықтырылды
45-1-бап. Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесiнде қызмет атқарудың ерекше жағдайлары
1. Қылмыстық-атқару жүйесiнде қызмет атқарудың ерекше жағдайлары деп төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы режимiнің енгiзiлуі, күдіктінің, айыпталушының және сотталған адамның қашуы, адамдардың кепiлге алынуы, жаппай тәртiпсiздiктер, топтасып бағынбаушылықтар кезіндегі не оларды жою үшiн қажеттi мерзiм ішінде осылардың туындау қаупi төнген кездегі мекеме персоналының жұмысы түсініледі.
2. Қылмыстық-атқару жүйесi органдары қызметкерлерiнiң қызмет атқарудың ерекше жағдайлары режиміндегі жұмысы үш айдан аспауға тиіс және демалыс күндерiн берумен өтеледi. Қызметкерлердi қызмет атқарудың ерекше жағдайларындағы жұмысқа тартудың тәртiбi мен шектi ұзақтығы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
46-бап. Қызметкерді іссапарға жіберу
1. Қызметкерді іссапарға жіберу құқық қорғау органының тиісті лауазымдарына тағайындауға құқығы бар басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Бұл ретте қызметкерді лауазымға тағайындау ол іссапарға жіберілген күннен бастап жүргізіледі.
2. Қызметкердің баянаты және қызметке қабылдайтын құқық қорғау органының жазбаша өтінішхаты іссапарға жіберуге негіз болып табылады.
3. Қызметкерді іссапарға жіберу туралы шешімді қабылдау мерзімі қабылдаушы құқық қорғау органынан жазбаша өтінішхат түскен күннен бастап бір айдан аспауға тиіс.
6-тарау. АТТЕСТАТТАУ
47-бап. Қызметкерлерді аттестаттау
1. Қызметкерлерді аттестаттау олардың кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім болып табылады.
2. Қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті аттестаттау кезінде негізгі бағалау өлшемі болып табылады.
3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
Егер аттестаттауға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.
Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.
Қызметкерлер арасындағы әйелдер жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталуға тиіс.
5. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:
1) аттестаттау өткізуге дайындықты;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсыруды;
3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;
4) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;
5) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 47-1-баппен толықтырылды
47-1-бап. Кезектен тыс аттестаттау
1. Кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын қызметкерлердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
2. Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады;
4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылады;
5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және қызметтен босату ұсынылады.
3. Кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырмаған және тестілеу кезінде шекті мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы баптың 2-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің біреуін қабылдайды.
4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген қызметкерлерді осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметінен босату ұсынылады.
5. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) құқық қорғау органдарында өзге, оның ішінде төменгі тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен босатылуға жатады.
48-бап. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру
1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кадр бөлімшелері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Дайындық мынадай іс-шараларды:
1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды;
3) тест мерзімдерін және оны өткізетін орынды айқындауды;
4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
Тесттен өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі - шекті мән) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Құқық қорғау органының кадр бөлімшесі осы Заңға сәйкес аттестатталуға тиіс қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
4. Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
5. Кадр бөлімшесі аттестаттауды өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.
6. Аттестатталуға тиіс қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірілмей кадр бөлімшесіне жіберіледі.
7. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.
8. Тікелей басшы қызметкерді оған берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.
9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр бөлімшесіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
10. Кадр бөлімшесі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жібереді.
49-бап. Аттестаттау комиссиясы
1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.
Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
3. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болады, оны комиссия басшысы айқындайды.
Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
4. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
5. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға жатқызылған қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.
6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр бөлімшелерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.
7. Аттестаттау комиссиясы отырысының, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
8. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
50-бап. Аттестаттауды өткізу
1. Прокуратура органдарының тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлерін қоспағанда, алғашқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
2. Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.
3. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
4. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
5. Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
6. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай:
1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес;
3) қайта аттестатталуға тиіс;
4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
7. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
8. Кадр бөлімшесі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды
8-1. Тестілеудің не кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырудың нәтижелерін бұрмалау фактілері анықталған жағдайда, жоғары тұрған аттестаттау комисиясы немесе құқық қорғау органының жоғары тұрған басшысы аттестаттау комиссиясы шешімінің күшін жоюға тиіс.
9. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.
51-бап. Қайта аттестаттау
1. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап, үш айлық мерзімде және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
2. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан шығарылуға ұсынылады.
3. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай: