«Нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жақсарту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 4 қарашадағы № 1654 Қаулысын қара
2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар және азаматтар енгізе алады.
3. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.
4. Өзге де мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын уәкілетті органдардың қарауына беруге құқылы. Уәкілетті органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Нормативтiк құқықтық актінің жобасын әзiрлеу тәртібі
1. Нормативтiк құқықтық актінің жобасын әзiрлеушi уәкiлеттi орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функцияларын атқаратын өз бөлiмшелерiнiң бiрiне тапсырады. Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жобаны дайындайтын органның заң бөлiмшесi қызметкерлерiнiң қатысуы мiндеттi.
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
2. Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтiк құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нормативтiк құқықтық қаулыларының жобаларын, ал қажет болған жағдайда - басқа да уәкiлеттi органдардың нормативтiк құқықтық актілерінiң жобаларын дайындауға әртүрлi білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi тартылуы мүмкiн.
3. Бiр деңгейдегi уәкiлеттi органдардың заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерінің жобаларын бiрнеше уәкiлеттi орган әзiрлеуі, ал қажет болған жағдайда - қабылдауы мүмкiн.
Бiрнеше уәкiлеттi органның заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртiппен бiрлесiп әзiрлейдi және олар уәкiлеттi органдардың басшылары қол қоятын бiрлескен бұйрықтар немесе қаулылар түрiнде қабылданады.
Бiрлескен нормативтiк құқықтық актiлердiң туынды түрлерi (осы Заңның 3-бабының 3-тармағы) туынды нормативтiк құқықтық актiнi қабылдаған уәкiлеттi органдардың негiзгi нормативтiк құқықтық актілері арқылы бекiтіліп, онда туынды актiнi қабылдауға арқау болған негiзгi нормативтiк құқықтық актiлер көрсетiледi.
Заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердi келiсудiң тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, бір ай мерзімде жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік органдардың осы Заңның 36-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген нормативтік құқықтық актілерін қоспағанда, егер осы актiлер жалпыға мiндеттi маңызға ие болса, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болса немесе кәсiпкерлiк қызметтi реттесе, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша заң сараптамасын жүргiзедi.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, уәкiлеттi орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, шарттық негiзде мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына, оның iшiнде шетелдiктерге де оны дайындауға тапсырыс бере алады.
7. Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.
8. Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актiсінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтiк құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нормативтiк құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшiн бір деңгейдегі немесе төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда нормативтік құқықтық актiнiң негiзгi түрінің жобасымен бiр мезгiлде көрсетiлген өзгерістерімен және (немесе) толықтыруларымен бірге актiлердiң жобалары дайындалуға немесе тиiстi органдарға осындай актiлер дайындау туралы тапсырмалар берiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесiн қара
9. Әзірленген заңдардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіле отырып, бір мезгілде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.
15-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеудiң және қабылдаудың ерекшелiктерi
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде міндетті түрде түсіндірме жазбаны қоса тіркей отырып, сараптамалық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жібереді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім жоба жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмауға тиіс.
Нормативтік құқықтық актінің жобасына осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде сараптамалық қорытынды ұсынылмаған жағдайда нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына түсiндiрме жазбада нормативтiк құқықтық актiнiң қолданысқа енгiзiлуiне байланысты жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есептеулердің нәтижелерi қамтылуға тиiс.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерінің аккредиттелген бiрлестiктерi мүшелерiнiң жиынтық пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейiн, оның ішінде осы жобаны мүдделi мемлекеттiк органдармен кейінгі әрбiр келiсу кезiнде оның жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыны қазақ және орыс тілдерінде ұсынады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келiскен жағдайда нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына тиiстi өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгiзедi.
Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда он жұмыс күні ішінде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерінің аккредиттелген бiрлестiктеріне келiспеу себептерiн негiздеп, жауап жiбередi, ол нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және осы бірлестік сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді табанды түрде талап еткен жағдайда, осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырысы сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
5. Жеке кәсiпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгізудiң мерзiмдерi жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалуы үшiн қажеттi мерзiмдердi негiзге ала отырып белгiленуге тиiс.
Нормативтiк құқықтық актiлерді қолданысқа енгізудiң тәртібі мен мерзiмдерi жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне залал келтiрмеуге тиiс.
6. Осы бапта көзделген рәсiмдер жеке кәсiпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлерді қабылдаудың мiндеттi шарты болып табылады.
7. Жеке кәсiпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердің жобалары оларды тиiстi органда немесе сараптамалық кеңестiң отырысында қарағанға дейiн, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында мiндеттi түрде жариялануға (таратылуға) тиiс.
16-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын мүдделi мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келiсу
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң дайындалған жобасы, ал қажет болған жағдайда - оны дамыту үшiн қабылданатын басқа да нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы мүдделi мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келiсуге жiберiледi. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есептеулер қоса беріледі.
Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органға ұсынады.
2. Қазақстан Республикасының Президентi актілерінiң жобаларын және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгiзетiн заң актілерінiң жобаларын қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары мiндеттi түрде келісілуге тиiстi мемлекеттік органдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары, Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер уәкілетті орган өзгеше, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, - оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісілген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген органға хабарлауға тиіс.
Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, сондай-ақ оның құзыретіндегі мәселелерге тікелей қатысты болуға, негізделген және түпкілікті болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
5. Алынған ескертпелер бойынша нормативтік құқықтық актінің жобасын, қажет болған жағдайда, нормативтік құқықтық актіні әзiрлеген орган пысықтайды, ал жұмыс тобы қабылданған және қабылданбаған ескертпелер туралы, ескертпелердiң қабылданбау себептерi туралы анықтама жазады. Бұл анықтама жұмыс тобын құрған мемлекеттік органға нормативтiк құқықтық актінің жобасымен бiрге берiледi.
6. Жұмыс тобын құрған мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасына жұмыс тобымен бiрлесiп талқылануға тиiсті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуi немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтаруы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының және Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын ресiмдеу жөніндегі нұсқаулықты (заңдық техникасы) қара
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
17-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң реквизиттерi
Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай реквизиттерi болуға тиiс:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы;
2) актiнiң нысанын көрсету: Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күшi бар жарлығы; Қазақстан Республикасының кодексі; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің заң күшi бар жарлығы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжілісінің қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы; министрдің бұйрығы; орталық мемлекеттік орган басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттік органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктiң қаулысы; әкiмнiң шешiмi; осы Заңда көзделген нормативтік құқықтық актінің өзге де нысаны;
3) осы нормативтiк құқықтық актінің реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;
4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен жылы, күнi, айы;
5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;
6) нормативтiк құқықтық актiге қол қоюға уәкiлеттік берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
7) Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өткен нормативтiк құқықтық актiлерде нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттік тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
18-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң негізгі құрылымдық бөліктері құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлік, тармақша, тармақ және бап болып табылады.
Нормативтік құқықтық актінің бабының, тармағы мен тармақшасының ішінде бөлік - құқықтың қисынды аяқталған, бас әріптен басталатын азат жол арқылы бөлініп көрсетілген жеке нормасы болуы мүмкін.
Мәтіннің мағыналық жағынан тұтас, бірінші жолда азат жол арқылы бөлініп көрсетілетін және кіші әріппен басталатын бөлігі, бөліктің бас әріппен басталатын бірінші абзацын қоспағанда, абзац деп саналады. Абзацтар (бөліктің бірінші және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелі үтірмен аяқталады.
Заңнамалық актілер, әдетте, «бап» деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлікті, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкін.
Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауы «тармақ» деген сөзбен жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөліктерді, абзацтарды қамтуы мүмкін.
2. Көлемi қомақты нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау - бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлемi үлкен тараулар мен бөлімдерде тиісінше параграфтар және кіші бөлімдер бөлiніп көрсетілуі мүмкiн.
Нормативтік құқықтық актілердегі параграфтар мен кіші бөлімдер тиісінше «параграф» және «кіші бөлім» деген сөздермен белгіленеді.
3. Кодекс, әдетте, «бөлік» деген сөзбен жазылмайтын бөліктерге бөлінетін баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмірленеді.
4. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кіші бөлімі және бөлімі араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық актiнiң баптары, тараулары, бөлімдері және бөліктері тұтастай нөмірленеді. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбір тарауындағы параграфтар және әрбір бөлімдегі кіші бөлімдер дербес нөмірленеді.
5. Тармақтардағы тармақшалар және баптардағы тармақтар тиісінше дербес нөмірленеді. Тармақтардағы тармақшалардың нөмірленуі жақшамен жабылған араб цифрларымен мынадай түрде белгіленеді: 1), 2), 3) және одан әрі қарай.
6. Заңды қабылдаудың мақсаттарын және оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсiндiру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын жазудың алдынан кiрiспе бөлiм (кіріспе) берiледi.
Кiрiспе бөлiм (кіріспе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заң жобаларында жазылмайды.
7. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған жағдайда, онда олардың мәнiн түсiндiретiн бап (тармақ) берiледi. Қазақ тіліндегі нормативтік құқықтық актідегі терминдер мен анықтамалар әліпбилік ретпен орналастырылады. Орыс тіліндегі нормативтiк құқықтық актiдегі терминдер мен анықтамалар қазақ тілінде жазылған ретпен сәйкес келуге тиіс.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актіде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
8. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігі тиісті нұсқауларды нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құқық нормасының мағынасына нұқсан келтірмей жазу мүмкін болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкін.
9. Пайдалануға ыңғайлы болуы үшін нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауы, бөлiмі, бөлiгі, сондай-ақ тараудың параграфы мен бөлiмнің кіші бөлiмінің тақырыптары болуға тиiс.
Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық актілерді қоспағанда, заңнамалық актілер баптарының тақырыптары болуға тиіс.
Нормативтік құқықтық акт бөліктерінің, бөлімдерінің, кіші бөлімдерінің, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтіннен - екі, ал келесі мәтіннен бір жоларалық интервалмен бөлінеді.
10. Кодекстiң құрылымына мазмұн кіреді.
11. Нормативтік құқықтық актінің құрылымына қосымшалар енгізілуі мүмкін.
19-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұны мен жазылу стиліне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттік басқару деңгейi бойынша аражігі айқын ажыратылып белгiленуге тиiс.
Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Нормативтік құқықтық актінің мәтіні бірыңғай қаріппен басылуға тиіс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуға, нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиіс. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиіс.
Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде жазылған құқық нормасы дәл осы актінің басқа құрылымдық бөліктерінде қайталап жазылмайды.
4. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдардың не, қажет болғанда, олардың басшыларының атына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші адамға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Келісілген жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
5. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
6. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін ерекшелеп және астын сызып көрсетуге жол берілмейді.
20-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөліктеріне сiлтеме жасау, нормативтiк құқықтық актiлердің құрылымдық бөліктерінде осындай актілердің басқа құрылымдық бөліктеріне сiлтеме жасау. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөліктерін келтіру
1. Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерде жоғары деңгейлердегі нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық бөліктеріне сілтемелер жасалуы, сондай-ақ осындай актілерге сілтеме жасала отырып, жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерден жекелеген құқық нормалары келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінде оның басқа құрылымдық бөліктеріне сілтемелер жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Жолдарға және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық бөлікке сілтеме оның рет нөмірін жазумен немесе цифрлармен (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді) көрсету арқылы келтіріледі.
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде келесі кезектілігімен оның тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және осы нормативтік құқықтық актінің нысаны көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олар тіркелген нөмірлерді көрсету талап етілмейді.