Келісуші мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық кесімдерді «ескертулермен» келісуге тыйым салынады.
Келісуші мемлекеттік орган тұжырымдық сипаттағы ескертулерге байланысты кесімді келісуден бас тартқан жағдайда, мұндай мемлекеттік орган осындай ескертулерді жоюдың өзара қолайлы шешімдерін көрсете отырып, дәлелді жауап береді.
Бұл ретте, мемлекеттік органдарға өздері жасаған ескертулерді жоюдың өзара қолайлы шешімдерін көрсетпей, нормативтік құқықтық кесімді келісуден бас тартуға тыйым салынады.
56. Нормативтік құқықтық кесімді түпкілікті келісу келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның бұрыштамасымен ресімделеді және мөрмен куәландырылады.
Бұрыштамада мемлекеттік орган басшысының немесе оның міндетін атқарушы лауазымының атауы, қол қоюшының жеке қолы, қолдың таратылып жазылуы, күні мен елтаңбалық мөр қамтылады.
Келісу таңбасы нормативтік құқықтық кесімнің негізгі түрінің соңғы парағының астыңғы сол жақ бұрышына орналасады және «КЕЛІСІЛДІ», («КЕЛІСІЛГEH») деген сөзден тұрады.
Нормативтік құқықтық кесімді екі немесе одан да көп мемлекеттік орган келіскен жағдайда, келісу таңбасы әліпбилік тәртіппен орналастырылады.
57. Белгіленген тәртіппен мемлекеттік органмен келісілген нормативтік құқықтық кесімге түзетулер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
ҚР Үкіметінің 2009.30.10. № 1719 Қаулысымен 58-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
58. Келісуші мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы (не оның міндетін атқарушы адам) келісілген нормативтік құқықтық кесімнің әрбір парағына қол қояды.
59. Бірлесіп қабылданған не басқа мемлекеттік органдармен келісілген нормативтік құқықтық кесімді ұсынған кезде, әзірлеуші - мемлекеттік орган нормативтік құқықтық кесімнің негізгі де, туынды да түрінің бірінші бетінде әрбір қолдың тұсына мемлекеттік органның аббревиатурасын жақшаға алу жолымен заң қызметінің басшылары қолдарының тиесілілігін көрсетеді.