24-бап. Сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру
Сатып алушы (өнім беруші) бәсекелесінің тікелей өзі немесе делдал арқылы өнім берушіні (сатып алушыны) шарт жасасудан бас тартуға немесе маңызы бірдей шарттар бойынша өзге де сатып алушыларға (өнім берушілерге) кемсітетін талаптар қолдануға мәжбүрлеуге бағытталған іс-әрекеттері сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру болып табылады.
25-бап. Бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру
Нарық субъектісінің тікелей өзі немесе делдал арқылы материалдық сыйақы, басқа да артықшылықтар беру немесе ұсыну не нарық субъектісінің қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіру арқылы бәсекелеспен шартқа қатысушының - нарықтың өзге субъектісінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына бағытталған іс-әрекеттері бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру болып табылады.
26-бап. Сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық
Сатып алушы бәсекелесінің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатушы (өнім беруші) қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін мүліктік және мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатып алушы бәсекелесінің сатып алушы алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатып алушының шығын шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғу мүмкін болса, сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық болып табылады.
27-бап. Сатып алушының қызметкерін сатып алушылық
Сатушы (өнім беруші) бәсекелесінің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатып алушы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін оған мүліктік және мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатушы (өнім беруші) бәсекелесінің сатушы (өнім беруші) алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатушының (өнім берушінің) шығын шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, қызметкерді сатып алушылық болып табылады.
28-бап. Коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді құқық иесінің рұқсатынсыз пайдалану коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
3-БӨЛІМ. БӘСЕКЕЛЕСТІК САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-тарау. КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАТЫСУ
29-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу принциптері
1. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу принциптері:
1) заңдылық;
2) негізділік;
3) шектеулілік;
4) жарысқа қатыспаушылық болып табылады.
30-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы
Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы:
1) мемлекеттік кәсіпорындар құру;
2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу жолымен жүзеге асырылады.
31-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының негіздері
1. Мемлекет мынадай:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін немесе қоғам мүддесін қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі болмаған;
2) мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілер пайдаланылған;
3) қоғамдық өндірістің бәсекелестік жоқ немесе бәсекелестік жеткілікті дамымаған салаларындағы тауарлар өндірісіне қоғамдық қажеттілік болған жағдайларда қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне қарай айқындалатын әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мақсатында кәсіпкерлік қызметке қатысады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құру, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы органның алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайда мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құру туралы шешім қабылдайтын орган монополияға қарсы органға негізделген материалдарды монополияға қарсы орган белгілеген нысан бойынша бере отырып, мұндай құру туралы өтінішхат береді.
Монополияға қарсы орган өтінішхат табыс еткен тұлғаға келісім беру туралы немесе мұндай келісім беруден бас тарту туралы негізделген шешімді өтінішхат келіп түскен кезден бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде жіберуге міндетті.
Монополияға қарсы орган өтінішхатты қарау барысында шешім қабылдау үшін қажетті қосымша ақпарат сұратуға құқылы. Қосымша ақпарат беру кезеңінде өтінішхатты қарау мерзімі тоқтатыла тұрады, монополияға қарсы орган бұл туралы өтінішхат берген тұлғаны жазбаша хабардар етуге міндетті.
4. Монополияға қарсы орган, егер мұндай құру бәсекелестікті шектеуге әкеп соғатын болса, мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құруға келісім беруден бас тартады.
5. Монополияға қарсы органның мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құруға келісім беру туралы шешімі өтінішхат берген тұлғаның мұндай құрудың бәсекелестікке теріс әсерін жоятын немесе бәсеңдететін белгілі талаптар мен міндеттемелерді орындауымен байланыстырылуы мүмкін.
6. Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғалар монополияға қарсы органның алдын ала келісімінсіз құрылған жағдайда монополияға қарсы орган аталған іс-әрекеттерге сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
7. Осы баптың 2-6-тармақтарының талаптары осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайға ғана қолданылады.
32-бап. Мемлекеттік монополия
1. Мемлекет тауарларды бәсекелес нарықта өткізу конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, халықтың денсаулығын сақтаудың жай-күйіне теріс ықпал етуі мүмкін қызмет салаларында тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оларды пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын Заңмен бекіту жолымен бәсекелестікті шектеуге құқылы.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Айрықша құқықты іске асыру мемлекеттік монополия субъектісін құру жолымен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметі не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік кәсіпорын ғана мемлекеттік монополия субъектісі бола алады.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидаларын мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп, монополияға қарсы орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік монополия субъектісіне:
1) тауарларды өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметті қоспағанда, мемлекеттік монополия саласына жатпайтын тауарлар өндіруге;
2) заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеленуге, сондай-ақ олардың қызметіне өзгеше түрде қатысуға;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) мемлекеттік монополияға байланысты құқықтарды басқаға қайтадан беруге;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) өздері өндіретін немесе өткізетін тауарларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтін бағалардан ерекшеленетiн баға белгiлеуге тыйым салынады.
Дүлей зілзала, эпидемия, эпизоотия кезінде, сондай-ақ негізгі қызметін одан әрі жалғастыруға кедергі келтіретін шектеулер болған кезде мемлекеттік монополия субъектісіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша негізгі қызметін қайтадан жүргізгенге дейін технологиялық тұрғыдан негізгі қызметіне жақын өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқық беріледі.
4. Мемлекеттік монополия субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Мемлекеттік монополия субъектілерінің осы баптың 3-тармағында белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауды мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылауды және реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік монополияны енгізген кезде мынадай талаптар сақталады:
1) нарық субъектілері осы шешім туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде алты ай бұрын хабардар етілуге тиіс;
2) мемлекеттік монополия күшіне енгізілгеннен кейін осы тауарды алты ай мерзім бойы өндірумен, сатумен айналысқан немесе пайдаланған нарық субъектілері, орындалу мерзімі жоғарыда көрсетілген мерзімнен асатын мәмілелер жасауды қоспағанда, осы тауарды өткізуді жүзеге асыруға құқылы;
3) нарық субъектілеріне мемлекеттік монополия енгізу салдарынан келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеледі.
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАРСЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ
33-бап. Мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері
1. Мемлекеттік органдардың бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға немесе тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасауға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін актілер не шешімдер, жазбаша немесе ауызша нұсқаулар қабылдаудан, келісімдер жасасудан немесе өзге де іс-әрекеттер жасаудан көрінетін бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттеріне, мұндай іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тыйым салынады және олар толықтай немесе ішінара жарамсыз деп танылады.
2. Мемлекеттік органдардың:
1) қызметтің қандай да бір саласында нарық субъектісін құруға қатысты шектеулер енгізу;
2) нарық субъектісінің қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіру;
3) тауарлардың еркін қозғалысына қатысты тыйым салуды белгілеу немесе шектеулер енгізу, нарық субъектілерінің тауарларды өткізу құқықтарына өзге де шектеулер енгізу;
4) нарық субъектісіне тауарларды сатып алушылардың белгілі бір санаты үшін бірінші кезекте беру, не тауарларды белгілі бір сатушылардан (өнім берушілерден) бірінші кезекте сатып алу туралы немесе басымдық тәртіппен шарттар жасасу туралы нұсқаулар;
5) тауарларды сатып алушылардың осындай тауарлар ұсынатын нарық субъектілерін таңдауына шектеулер белгілеу;
6) бағаларды көтеруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға бағытталған іс-әрекеттер;
7) тауар нарығын аумақтық принцип, тауарлардың сатылу немесе сатып алыну көлемі, өткізілетін тауарлардың ассортименті бойынша не сатушылардың (өнім берушілердің) немесе сатып алушылардың құрамы бойынша бөлуге бағытталған іс-әрекеттер;
8) нарық субъектілерінің тауар нарығына кіруін, тауар нарығынан шығуын шектеу немесе оларды одан ығыстырып шығару;
9) нарықтың жекелеген субъектілеріне оларды бәсекелестерге қатысты артықшылықты жағдайға қоятын жеңілдіктер немесе басқа да басымдықтар беру немесе бәсекелестермен салыстырғанда қызметте қолайсыз немесе кемсітушілік жағдайлар жасау;
10) нарық субъектілерін тауарларды тұтынушылардың белгілі бір тобы үшін бірінші кезекте беруге не тауарларды белгілі бір сатушылардан (өнім берушілерден) бірінші кезекте сатып алуға шарттарды басымдық тәртібімен жасасуға тікелей немесе жанама мәжбүрлеу іс-әрекеттері де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттер болып танылады.
34-бап. Мемлекеттік көмек
1. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының нарық субъектілеріне осы Заңда көзделген мақсаттарда басқа нарық субъектілерімен салыстырғанда нарықтың жекелеген субъектілеріне тиісті тауар нарығында кәсіпкерлік қызметті жүргізудің неғұрлым тиімді талаптарын қамтамасыз ететін мүлік және (немесе) ақша беруі мемлекеттік көмек болып табылады.
Мемлекеттік көмек:
1) іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу;
2) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру;
3) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсаттарында беріледі.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы заңдарының, оның ішінде тиісті қаржы жылына арналған бюджет туралы заңның ережесіне сәйкес нарық субъектісіне артықшылықтар беру;
2) өткізілген мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша төлемдерді жүзеге асыру;
3) мемлекеттік мүлікті нарық субъектілеріне шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығында бекітіп беру мемлекеттік көмек болып табылмайды.
35-бап. Мемлекеттік көмек берудің тәртібі
1. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік көмек беруі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
2. Нарық субъектісіне іріктеу нәтижелері бойынша мемлекеттік көмек беруді жоспарлауға мемлекеттік органдар мұндай көмекті беруге келісім берілуі туралы өтінішхатты монополияға қарсы органға жібереді. Өтінішхатқа:
1) мұндай көмекті берудің мақсаты мен мөлшері көрсетіле отырып, мемлекеттік көмек беру көзделетін дәлелді қорытындысы бар шешімнің жобасы;
2) өзіне қатысты мемлекеттік көмек беру жоспарланатын нарық субъектісінің өтінішхат берілген жыл алдындағы қаржы жылындағы, сондай-ақ уақыт кезеңін көрсете отырып, жыл басынан бергі ағымдағы кезеңдегі қызметі түрлерінің тізбесі, өндірген және (немесе) өткізген өнім түрлерінің атаулары, өнім көлемі;
3) өзіне қатысты мемлекеттік көмек берілу ниеті бар нарық субъектісінің өтінішхат берілген күн алдындағы соңғы есепті күнгі жағдай бойынша бухгалтерлік балансы не, егер нарық субъектісі салық органдарына бухгалтерлік балансты табыс етпейтін болса, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де құжаттама;
4) өзіне қатысты мемлекеттік көмек берілу ниеті бар нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кіретін тұлғалардың тізбесі қоса беріледі.
3. Монополияға қарсы орган табыс етілген өтінішхат пен құжаттарды қарайды және өтінішхат пен құжаттар алынған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде осындай өтінішхат бойынша шешім қабылдайды.
4. Монополияға қарсы орган өтінішхатты қараған кезде мемлекеттік органнан және өзіне мемлекеттік көмек беру жоспарланатын нарық субъектісінен өтінішхатты қарау үшін қажетті қосымша ақпарат сұратуға құқылы.
Егер монополияға қарсы орган өтінішхатты қарау барысында мемлекеттік көмектің бәсекелестіктің дамуына ықпал ету салдары туралы қосымша талдаудың қажеттігі туралы қорытындыға келсе, монополияға қарсы орган өтінішхатты қарау мерзімін ұзартады. Өтінішхатты қарау мерзімі екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Монополияға қарсы орган мұндай шешімнің қабылданғаны туралы мемлекеттік органды және өзіне мемлекеттік көмек беру жоспарланатын нарық субъектісін үш жүмыс күні ішінде хабардар етеді.
5. Монополияға қарсы орган мемлекеттік көмек беруге келісім беру туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша мынадай:
1) егер ол бәсекелестікті жоюға немесе бәсекелестікке жол бермеуге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік көмек беруге келісім беру туралы;
2) осы Заңның 34-бабының 1-тармағында аталған мақсаттарға сәйкес келмейтін немесе, егер оның берілуі бәсекелестікті жоюға немесе шектеуге әкеп соғуы мүмкін болса, мемлекеттік көмек беруге келісім беруден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
6. Монополияға қарсы органның мемлекеттік көмек беруге келісім беру туралы шешімі мемлекеттік көмек алатын нарық субъектісінің мемлекеттік көмек беру нәтижесінде туындайтын бәсекелестікке теріс ықпалды жоятын немесе бәсеңдететін белгілі бір шектеулерді орындауымен байланыстырылуы мүмкін. Мыналар:
1) мемлекеттік көмек берілуі мүмкін нарық субъектілерінің тобы;
2) мемлекеттік көмек берудің нақты мақсаттары;
3) бәсекелестіктің жай-күйіне ықпал етуі мүмкін өзге де мән-жайлар шектеулер болып табылуы мүмкін.
7. Егер монополияға қарсы орган өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша осы баптың 6-тармағында көзделген шешімді қабылдаса, өзіне мемлекеттік көмек беру жоспарланатын нарық субъектісі мемлекеттік көмек берілген күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде монополияға қарсы органға шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарды табыс етуге міндетті.
36-бап. Осы Заңның мемлекеттік көмек беру және оны пайдалану жөніндегі талаптарын бұзудың салдарлары
1. Егер мемлекеттік көмек монополияға қарсы органның алдын ала келісімінсіз берілсе, оның берілуі нәтижесінде бәсекелестік шектелген немесе жойылған болса, сондай-ақ ол осы Заңның 34-бабының 1-тармағында аталған мақсаттарға сәйкес келмейтін болса, монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша сот мемлекеттік көмек беру туралы шешімді толығымен немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Егер нарық субъектісі осы Заңның 35-бабының 6-тармағында көзделген мемлекеттік көмек беруге шектеулерді бұзуға бағытталған іс-әрекеттер жасаса және соның салдарынан бәсекелестік жойылса немесе шектелсе, мемлекеттік көмектің берілуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда нарық субъектісі, егер сот шешімінде өзгеше көзделмесе, алған мемлекеттік көмекті бір жыл ішінде қайтаруға, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік көмекті беруіне байланысты шығындарын өтеуге міндетті.
6-тарау. МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАН
37-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі
1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық мемлекеттік орган және оған бағынысты аумақтық органдар құрайды.
2. Аумақтық органдар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында және орталық мемлекеттік орган бекіткен ережелерде белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
38-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері
Монополияға қарсы органның міндеттері:
1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын құқықтық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу, жолын кесу;
3) экономикалық шоғырлануға бақылау жасау;
4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.
39-бап. Монополияға қарсы органның құзыреті
Монополияға қарсы орган:
1) мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) монополияға қарсы орган құзыретінің мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік органдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кеседі;
6) экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады және оны жояды;
8) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген іс-әрекеттерін, жосықсыз бәсекелестікті болдырмайды және олардың жолын кеседі;
9) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлейді;
10) бәсекелестікті дамыту, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі салаларында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;
11) тауар нарықтарындағы бәсекелес ортаның жай-күйін талдауды және бағалауды жүзеге асырады;
12) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметін талдауды және оның мониторингін жүзеге асырады;
13) тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) тауарлардың өзара алмастырылу критерийлерін, оларды сатып алуға қолжетімділікті, сондай-ақ тауар нарығының шекараларын қаржылық ұйымдарға қатысты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесін бекітеді;
15) тауарларын реттелетін нарықтарда өткізетін нарық субъектілерін қоспағанда, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары (төмен), монопсониялық төмен бағаларды айқындайды;
16) монополиялық жоғары (төмен) және монопсониялық төмен бағаларды айқындау жөніндегі әдістемені бекітеді;
17) нарық субъектілері мен мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен тергеу жүргізеді;
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) осы Заңда көзделген өкілеттігін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органнан, салық және кеден органдарынан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды және өзге де жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпия болып табылатын мәліметтерді сұратады және алады;
19) нарық субъектілеріне:
осы Заңды бұзушылықтарды және олардың салдарларын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Заңға қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту не жалтару бұзушылық болып табылса, нарықтың өзге субъектісімен шарт жасасу туралы орындалуға міндетті нұсқамалар шығарады;
20) мемлекеттік органдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы, бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ өздері жасаған осы Заңға қайшы келетін келісімдерді бұзу немесе өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқамалар енгізеді;
21) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және әкімшілік жазаларды қолданады;
22) сотқа талап қойып және өтінішпен жүгінеді, сондай-ақ соттар Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының қолданылуы мен бұзылуына байланысты істерді қараған кезде процестерге қатысады;
23) реттеуші органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
24) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына байланысты қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін құқық қорғау органдарына материалдар жібереді;
25) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы бәсекелестікті қорғауға және дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізу жөнінде ұсынымдар береді;
26) жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 маусымнан кешіктірмей жібереді;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 27) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
40-бап. Монополияға қарсы органның басқармасы
1. Монополияға қарсы органның басшысы болып табылатын төраға басқаратын Басқарма монополияға қарсы органның алқалы басқару органы болып табылады.
2. Басқарманың құзыреті Монополияға қарсы орган туралы ережеде белгіленеді.
3. Басқарма бес адамнан тұрады.
Басқарма құрамына монополияға қарсы органның басшысы, оның орынбасарлары және Қазақстан Республикасының Үкіметінен екі өкіл кіреді.
Қазақстан Республикасының Үкіметінен Басқарма мүшелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайды және босатады.