2. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетiн әлеуметтiк төлемдi тағайындау үшiн өтiнiшке:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы);
3) еңбекке уақытша жарамсыздық парағы (парақтары);
4) жұмыс орнынан әлеуметтiк қатердiң басталуы алдындағы соңғы күнтiзбелiк он екi ай ішіндегі табыстары туралы белгiленген үлгiдегi анықтама (анықтамалар);
5) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктік шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер;
6) өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардан әлеуметтік аударымдар келіп түскен жағдайда, қосымша:
дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
салық органдары берген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салыстыру актісі қоса беріледі.
3. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетiн әлеуметтiк төлем денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген бүкіл кезеңге тағайындалады.
4. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады.
Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын он екіге бөлу арқылы айқындалады.
Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу арқылы айқындалады.
5. Егер бұл еңбек шартының және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасын шегергендегі орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді.
23-2-бап. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемді тағайындау және оның мөлшерi
1. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзі үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген және Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар қатысушысына 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалады.
2. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем екi және одан да көп бала туған кезде әр балаға жеке тағайындалады.
3. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемдi тағайындау үшiн өтiнiшке:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы);
3) баланың (балалардың) туу туралы куәлiгінің көшiрмесi, сондай-ақ оны салыстыру үшiн түпнұсқасы;
4) отбасының құрамы туралы мәліметтер;
5) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу фактісін растайтын құжат: қызметкерлер үшін - бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындауға өтініш жасаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысы бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыста екені туралы жұмыс беруші бұйрығының үзінді көшірмесі; әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар (салық төлеушілер) үшін - олардың қызметін тоқтата тұру туралы салық органына берген өтінішінің көшірмесі;
6) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктік шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер;
7) бір жасқа толмаған баланы (балаларды) асырап алған жағдайларда - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган берген баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімінен үзіндінің көшірмесі;
8) бір жасқа толмаған балаға (балаларға) қорғаншылық белгіленген жағдайларда - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешімінің көшірмесі қоса беріледі.
4. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем баланың туу туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап ол бiр жасқа толған күндi қоса алғандағы мерзімге дейiн тағайындалады.
Бiр жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, әлеуметтiк төлемдер қайтыс болған айды қоса алғанда төленедi.
5. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн ай сайынғы әлеуметтiк төлемдер табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстыру коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады.
Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
Табысты ауыстыру коэффициенті 0,4 болады.
Бұл ретте, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінің қырық пайызынан аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
6. Алушы қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған), ата-ана құқықтарынан айырылған немесе олар шектелген, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген жағдайларда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем баланы мемлекеттің толық қамсыздандыруы белгіленген жағдайларды қоспағанда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімін жүзеге асыратын адамға, мынадай құжаттар:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушының қайтыс болуы туралы куәліктің, соттың хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы, ата-ана құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу туралы шешімінің, соттың бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуі туралы үкімінің көшірмелері;
3) соттың бала асырап алу туралы заңды күшіне енген шешімінің үзінді көшірмесі;
4) қорғаншы етіп тағайындау туралы анықтама негізінде жүргізіледі.
7. Бала (балалар) бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
1) бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң;
2) баланы (балаларды) мемлекеттің толық қамсыздандыруы белгіленген ай өткен соң;
3) ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе олар шектелген, асырап алу туралы шешім жарамсыз деп танылған немесе оның күші жойылған, Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда, қорғаншылар өз міндеттерін орындаудан босатылған немесе шеттетілген ай өткен соң тоқтатылады.»;
14) 24-бап алып тасталсын;
15) мынадай мазмұндағы 27-1-баппен толықтырылсын:
«27-1-бап. Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары, бас бухгалтер Қордың басшы қызметкерлері болып танылады.
2. Қордың басшы қызметкерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
1) атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары үшін:
білімі - жоғары кәсіптік (заң, қаржы-экономикалық) білімі;
бағалы қағаздар нарығында және қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кәсіптік қызметпен тікелей байланысты басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі не халықты әлеуметтік қорғау саласында басшы лауазымдарда кемінде алты жыл жұмыс өтілі;
2) бас бухгалтер үшін:
білімі - жоғары кәсіптік (қаржылық, экономикалық) білімі;
қаржы-бухгалтерлік жұмыста кемінде бес жыл, оның ішінде басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы керек.
3. Қордың басшы қызметкері болып:
1) жоғары кәсіптік білімі жоқ;
2) осы баптың 2-тармағында көзделген қызмет салаларында ең аз қажетті жұмыс өтілі жоқ;
3) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
4) бұрын осы адам заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервациялауға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған осы заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған адам сайлана (тағайындала) алмайды.»;
16) 28-баптың екінші бөлігі алып тасталсын;
17) 29-баптың 1-тармағы:
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге;»;
5) тармақшадағы «алуға құқығы бар.» деген сөздер «алуға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) осы Заңда белгіленген тәртіппен артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар сомасын қайтаруды жүзеге асыруға құқығы бар.»;
18) 31-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Қордың активтеріне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.».
5. «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Қазақстан Республикасында қор нарығын дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2012 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 2, 14-құжат):
1-баптың 9-тармағы 3) тармақшасының үшінші абзацы алып тасталсын;
2-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы «3) тармақшасының үшiншi абзацын,» деген сөздер алып тасталсын.
6. «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 5, 40-құжат; 2013 ж., № 1, 128-құжат; 2013 жылғы 22 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 48-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Мерзімді қызмет әскери қызметшілері қысқа мерзiмдi демалысқа барған және керi қайтқан кезде, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары каникулдық демалысқа және тағылымдамадан өтуге барған кезде, сондай-ақ керi қайтқан кезде оларға мемлекет есебiнен темiржол, су және автомобиль көлiгiмен жол жүру құқығы берiледi. Шетелдік әскери оқу орындарында білім алатын курсанттарға каникулдық демалысқа барған және керi қайтқан кезде мемлекет есебiнен әуе көлігімен жол жүру құқығы да берiледi.
Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курс курсанттарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде почта жөнелтілімдеріне арналған өтемақы да төленеді.»;
2) 51-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Әскери қызметін өткеру кезеңінде әскери қызметші немесе әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оған мүгедектік белгіленген кезде немесе ол әскери қызмет мiндеттерiн орындауға байланысты мертiккен жағдайда біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүргiзiледi.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы ақпанның 4-і.
№ 75-V