Қазақстан Республикасының
Заңы
Босқындар туралы
(2013.16.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2013 жылғы 29 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пана іздеген адамдардың және босқындардың құқықтық жағдайын айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) босқын - нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам;
2) босқын куәлігі - босқынның жеке басын куәландыратын және мәртебесін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат;
3) жол жүру құжаты - босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тысқары жерлерде жүріп-тұруы үшін берілетін құжат;
4) қауіпсіз үшінші ел - пана іздеген адам Қазақстан Республикасына келгенге дейін уақытша болған және оған қорғану мен босқын мәртебесін анықтаудың тиімді тетіктеріне қол жеткізу мүмкін болатын немесе қол жеткізу жағдайы жасалған ел;
5) пана - пана іздеген адамдарға босқын мәртебесін беру жолымен Қазақстан Республикасының аумағында қорғау ұсынылуы;
6) пана іздеген адам - уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
7) пана іздеген адамның куәлігі - босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттың тіркелуін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат;
8) уәкілетті орган - босқындар мәселелері бойынша қатынастарды реттеу саласында басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
9) шыққан елі - шетелдіктің өзі азаматы болып табылатын елі немесе азаматтығы жоқ адамның тұрақты тұратын елі.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пана іздеген адамдардың және босқындардың құқықтық жағдайы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
2. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында саяси пана берумен байланысты қатынастарға, сондай-ақ өзі азаматы болып табылатын елден немесе тұрақты тұратын елінен экономикалық себептерге байланысты кеткен адамдарға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
4-бап. Босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері:
Мыналар:
1) пана іздеген адамдарды және босқындарды осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес пана алу құқығымен қамтамасыз ету;
2) босқын мәртебесін беру жөніндегі рәсімдерді жүргізу кезінде әлеуметтік тегіне, нәсіліне, ұлтына, азаматтығына, діни сеніміне және саяси нанымына байланысты кемсітушілікке жол бермеу;
3) пана іздеген адамдар мен босқындардың жеке өмірі туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау;
4) пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу;
5) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында жүрген босқын балалардың құқықтарын қорғау;
6) осы Заңның 18-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде пана іздеген адамдарды және босқындарды елден шығарып жіберуге жол бермеу босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
3) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату тәртібін айқындайды;
4) пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде уақытша қоныстандыру пункттерін айқындайды және осы мәселелер бойынша шешім қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
3) босқындар мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) босқындар мәселелері жөніндегі бағдарламалық құжаттар мен нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және іске асырады;
5) босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді;
6) Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) босқын мәртебесiн беру туралы өтiнiшхатты тiркеу мен қараудың тәртібін, пана iздеген адам куәлiгiнің үлгiлерiн бекiтедi;
8) босқын деп танылған адамға шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға өз құзыреті шегінде жәрдемдеседі;
9) пана іздеген адамның куәлігін береді;
10) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асырады;
11) босқын куәлігінің және жол жүру құжатының үлгілерін бекітеді және оларды беруді жүзеге асырады;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) пана іздеген адамдардың және босқындардың тізімін қалыптастырады және ай сайын ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді;
13) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы ережені әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ аталған комиссияны құрады;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) пана iздеген адамдар және босқындар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етедi;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 13-2) тармақшамен толықтырылды
13-2) пана iздеген адамдарды және босқындарды тiркеудi жүзеге асырады;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 13-3) тармақшамен толықтырылды
13-3) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, шекара бұзушыларды шекарада iздеген, Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кiрудi немесе шектес мемлекет азаматтарының жаппай өтуiн тойтарған кезде пана iздеген адамдардың және босқындардың шекара аймағында (белдеуiнде) орналасқан жердегi жекелеген учаскелерге немесе объектiлерге жiберiлуiн ұлттық қауiпсiздiк органдарының ұсынуы бойынша шектейдi немесе оған тыйым салады;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 13-4) тармақшамен толықтырылды
13-4) пана iздеген адамдарды және босқындарды соттың заңды күшiне енген шешiмдерiн орындау үшiн мәжбүрлеп шығарып жiберудi жүзеге асырады;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) босқындар мәселелері бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
2) босқындар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық саясаты стратегиясын іске асырады;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне босқындар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынасы мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды табыс етеді;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың қызметіне, босқындар мәселелері бойынша конференцияларға, кеңестерге, форумдарға және босқындардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық акцияларға қатысуын қамтамасыз етеді;
5) босқын деп танылған адамға шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға өз құзыреті шегінде жәрдемдеседі;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. 2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары босқындар мәселелері жөніндегі қатынастар саласында реттеуді осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде белгіленген құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
8-бап. Пана іздеген адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Пана іздеген адамдардың:
1) аудармашының ақысыз қызметтерін алуға және босқын мәртебесін беру туралы, өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алуға;
2) Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі арқылы босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат беруге;
3) босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты қайтарып алуға;
4) уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешіміне шағымдануға;
5) шағымдану мерзімдерін қоса алғанда, босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат бойынша шешім қабылдау рәсімі аяқталғанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасында болуға;
6) шыққан еліне өз еркімен қайтуға немесе кез келген үшінші елге қоныс аударуға;
7) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетілуіне;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке;
9) мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
2. Пана іздеген адамдар:
1) босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшін қажетті дәйекті мәліметтерді хабарлауға;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен міндетті медициналық тексеріп-қаралудан өтуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
4) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен шығып кету ниеті туралы уәкілетті органға хабарлауға;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жерін ауыстырған кезде уәкiлеттi органда есептен шығуға және тіркелуге және тиісінше жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде есепке тұруға және тіркелуге міндетті.
3. Пана іздеген адамдардың өзге де құқықтары мен бостандықтары болады, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарында белгіленген барлық міндеттерді мойнына алады.
9-бап. Босқындардың құқықтары мен міндеттері
1. Босқындардың:
1) панаға;
2) тиісті уәкілетті органдардан шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат сұратуға;
3) уәкілетті органның босқын мәртебесін ұзартудан бас тарту туралы, одан айыру немесе оны тоқтату туралы шешіміне шағымдануға;
4) шыққан еліне өз еркімен қайтуға немесе кез келген үшінші елге қоныс аударуға;
5) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетілуіне;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке;
7) мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға;
8) өзімен алып келген, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жиған мүлкін қоныстану үшін өзіне құқық берілген басқа елге әкетуге;
9) босқын куәлігін және жол жүру құжатын алуға құқығы бар.
2. Босқындар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен шығып кету ниеті туралы уәкілетті органға хабарлауға;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғылықты жерін ауыстырған кезде уәкiлеттi органда есептен шығуға және тіркелуге және жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісінше есепке тұруға және тіркелуге міндетті.
3. Босқындар мәртебесі бар адамдардың өзге де құқықтары мен бостандықтары болады, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарында белгіленген барлық міндеттерді мойнына алады.
10-бап. Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты беру және тіркеу тәртібі
1. Пана іздеген адам Қазақстан Республикасының аумағына келісімен күнтізбелік бес күн ішінде немесе өзі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезінде нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалауға ұшырау жағдайларының туындауы туралы білген кезден бастап, жазбаша өтінішхатпен өзі немесе осыған уәкілетті өкіл арқылы өзінің келген жері бойынша босқын мәртебесін беру туралы уәкілетті органға жүгіне алады.
2. Егер пана іздеген адам Қазақстан Республикасының аумағына әлі келмеген болса, ол жазбаша өтінішхатпен өзі немесе осыған уәкілетті өкіл арқылы босқын мәртебесін беру туралы Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жүгіне алады.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты дипломатиялық арналар арқылы уәкілетті органға қарауға береді.
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде - көші-қон бақылауы пунктіне, ал мұндай пункт болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметiнің бөлімшесіне жазбаша өтінішхат береді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункті болмаған кезде адам Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда, ол бір тәулік ішінде көші-қон қызметі жөніндегі уәкілетті органға жүгінуге тиіс.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Адамдар Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келгені немесе болғаны үшін ұсталған жағдайларда босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатпен жүгінуге ниет білдірсе, құзыретті органдар адам ұсталған кезден бастап бір күн ішінде уәкілетті органға хабарлайды.
Уәкілетті орган күнтізбелік екі күн ішінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мән-жайларын анықтайды және босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркейді.
5. Адаммен бірге келген оның он сегіз жасқа толмаған отбасы мүшелері туралы мәліметтер туу туралы құжаттардың негізінде - ата-анасының бірінің өтінішхатына, ал ата-анасы болмаған кезде, олардың заңды өкілдерінің өтінішхатына енгізіледі.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Пана іздеген адамға Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күні пана іздеген адамның куәлігі беріледі және оның өтiнiшхаты бойынша шешiм қабылданғанға дейiнгi мерзiмге оны тіркеу жүргізіледі.
7. Он сегіз жасқа толмаған отбасы мүшелері туралы мәліметтер пана іздеген адамның, ата-анасының бірінің немесе заңды өкілдерінің куәлігіне енгізіледі.
Он сегіз жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз келген пана іздеген адамға пана іздеген адамның куәлігі беріледі.
11-бап. Босқын мәртебесін беру
1. Уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш ай ішінде босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды.
Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады.
2. Бір отбасының мүшелері болып табылатын адамдарды босқындар деп тану осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар ескеріле отырып, он сегіз жасқа толған әрбір отбасы мүшесіне қатысты жүзеге асырылады.
Осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болмаған жағдайда, отбасының қосылуын қамтамасыз ету мақсатында он сегіз жасқа толған отбасы мүшелерінің біріне қатысты осы отбасы мүшесі де оның келісімі бойынша босқын деп танылады.
Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін алған немесе отбасымен қосылу мақсатында пана сұраған адамның жұбайына (зайыбына) өтінішхат беру кезінде осы баптың, сондай-ақ осы Заңның 10, 12, 13 және 14-баптарының талаптары қолданылады.
Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін алған адамнан немесе пана іздеген адамнан кейін келген адамның жұбайы (зайыбы) және кәмелетке толмаған балалары отбасына қосылу мақсатында өтінішхат берген кезде уәкілетті органға олардың отбасылық қатынастарын растайтын дәлелдемелерді және (немесе) құжаттарды табыс етуге тиіс.
Отбасының бірлігі ажырасу немесе босқынның қайтыс болуы салдарынан бұзылған кезде оның отбасы мүшелерінің босқын мәртебесі оған босқын мәртебесін беру туралы шешімнің қолданылу мерзімінде сақталады.
3. Он сегіз жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз келген адамды босқын деп тану ата-анасы немесе заңды өкілдері туралы мәліметтер алынғаннан кейін осы адамның мүдделері ескеріле отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Босқын деп танылған адам балалы болған жағдайда, баланың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
5. Босқын мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі. Босқын мәртебесі берілген адамға шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган босқын куәлігін береді.
Босқынның шыққан елінде оған босқын мәртебесін беруге негіз болған бұрынғы мән-жайлар сақталған кезде босқынның аталған мерзім аяқталудан бір ай бұрын берген өтініші негізінде уәкілетті орган босқын мәртебесі мерзімін бір жылға және әрбір кейінгі жылға ұзартады.
6. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда, уәкілетті орган бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде пана іздеген адамға бас тартудың себебін көрсетіп және қабылданған шешімге шағымдану тәртібі туралы түсіндіріп, шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді.
12-бап. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері
1. Мынадай мән-жайлар:
1) адамның нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалау құрбаны болуы мүмкін деген негізделген қауіп болмаса;
2) егер адам өзі туралы және Қазақстан Республикасының аумағына келу мән-жайлары туралы хабарлаудан бас тартса не көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа, сондай-ақ жалған құжаттарды ұсынса;
3) адамда өзі оның қорғауын пайдалана алатын үшінші мемлекеттің азаматтығы болса;
4) егер адам қауіпсіз үшінші елдің аумағынан тікелей келсе;
5) егер аталған адамға қатысты өзі азаматы болып табылатын елде не келген елінде әрекет ететін террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысады не қатысты деп топшылауға салмақты негіздер болса;
6) егер аталған адам жөнінде бейбітшілікке қарсы қылмысқа, әскери қылмысқа немесе адамзатқа қарсы қылмысқа қатысты шаралар қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде осы әрекеттерге берілген анықтамадағы осындай қылмыстарды жасады деп топшылауға салмақты негіздер болса;
7) егер осы адамға қатысты ол Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін оның шегінен тысқары жерлерде саяси емес сипаттағы ауыр қылмыс жасады деп топшылауға салмақты негіздер болса;
8) егер аталған адамға қатысты ол Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының және халықаралық ұйымдардың мақсаты мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттердің жасалуына кінәлі деген салмақты негіздер болса;
9) егер аталған адам Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасынан басқа, Біріккен Ұлттар Ұйымы органдарының немесе мекемелерінің қорғауын не көмегін пайдаланып отырса, пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері болып табылады.
13-бап. Адамды босқын мәртебесінен айыру
1. Егер адам:
1) босқын мәртебесі берілуі үшін негіз болған көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа не жалған құжаттарды ұсынса;
2) бейбітшілікке қарсы қылмысқа, әскери қылмысқа немесе адамзатқа қарсы қылмысқа қатысты шаралар қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде осы әрекеттерге берілген анықтамадағы осындай қылмысы үшін сотталған болса;
3) Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін оның шегінен тысқары жерлерде жасаған саяси емес сипаттағы ауыр қылмысы үшін сотталған болса;
4) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының және халықаралық ұйымдардың мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттер жасағаны үшін сотталған болса;
5) террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін сотталған болса, босқын мәртебесінен айырылады.
2. Босқын мәртебесінен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган аталған адамға бұл шешімнің себептерін көрсетіп және қабылданған шешімге шағымдану тәртібін түсіндіріп, шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді.
14-бап. Босқын мәртебесін тоқтату
1. Егер адам:
1) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алса және өзі азаматы болған мемлекеттің қорғауын пайдаланса;
2) өзінің босқын деп тануға негіз болған мән-жайлар өзгергендіктен, бұдан әрі өзі азаматы болып табылатын елдің қорғауын пайдаланудан бас тарта алмайтын болса;
3) өзінің бұрынғы мемлекетінің жоғалтқан азаматтығын өз еркімен қайта қабылдаса;
4) өзі азаматы болған елдің қорғауын өз еркімен қайта пайдаланса;
5) өзіне босқын мәртебесін беру негіздері болмағандықтан, шыққан еліне қайтып оралуға тілек білдірсе;
6) қудалау қаупінің салдарынан тастап шыққан немесе кетіп қалған еліне өз еркімен қайта оралса;
7) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетсе, босқын мәртебесі тоқтатылады.
2. Сондай-ақ босқын мәртебесі ұзартылмаған жағдайда, оның мерзімі өткен соң тоқтатылады.
15-бап. Уәкілетті органның шешіміне шағымдану тәртібі
Уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту туралы немесе босқын мәртебесінен айыру туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін.
16-бап. Босқын мәртебесін алуға тілек білдірген балаларды және босқын балаларды қорғау
1. Босқын мәртебесін алуға тілек білдірген балалар және босқын балалар ата-аналарсыз немесе өзге де заңды өкілдерінсіз келгенде де, ата-аналарын немесе отбасының басқа мүшелерін табу мүмкін болмаған жағдайларда да Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған басқа балалар сияқты қорғалады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында ата-аналарсыз немесе заңды өкілдерінсіз жүрген босқын балаларға босқын куәлігі беріледі.
17-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу
Босқындар Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алады.
18-бап. Қайтару және елден шығарып жіберу
1. Пана іздеген адамдар және босқындар уәкілетті органның немесе соттың босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту туралы не босқын мәртебесінен айыру туралы, сондай-ақ оны тоқтату туралы шешімі қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өздерінің отбасы мүшелерімен бірге Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығуға тиіс.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пана іздеген адамдар және босқындар Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және соттың заңды күшіне енген шешімдерін орындау үшін уәкілетті орган пана іздеген адамдарды және босқындарды елден мәжбүрлеп шығарып жібереді.