2) атқарушылық іс жүргізуді борышкердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайда, оның қызметтік іссапарда болған;
3) борышкер емдеу мекемесiнде болған;
4) сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне өндiрiп алушы, борышкер сотқа шағым берген;
5) борышкер не өндiрiп алушы елдi мекен шегiнен тыс жерде, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында мерзiмдi әскери қызмет өткеруiне байланысты жүрген;
6) өндіріп алушы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы ағымдағы шотқа сот орындаушысы белгілеген мерзімде енгізбеген жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін.
44-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру мерзiмдерi
Атқарушылық iс жүргiзу:
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) осы Заңның 42-бабының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - борышкердiң немесе өндіріп алушының құқықтық мирасқоры айқындалғанға, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi борышкерге қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғанға, заңды тұлғаны тарату туралы белгіленген тәртіппен шешім қабылданғанға, заңды тұлға немесе дара кәсiпкер (борышкер) банкрот деп жарияланғанға дейiн;
2) осы Заңның 43-бабының 2), 3), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - борышкер не өндiрiп алушы қызмет бабындағы iссапардан, мерзiмдi әскери қызметтiң аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнен, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарынан қайтқанға, емдеу мекемесiнен шыққанға дейiн;
3) осы Заңның 42-бабының 4), 5), 7) және 11) тармақшаларында және 43-бабының 1), 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - сот актісі заңды күшiне енгенге дейiн;
4) осы Заңның 42-бабының 12) тармақшасында көзделген жағдайда, - өндiрiп алушыдан арыз түскенге дейiн;
5) осы Заңның 42-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайда, - қадағалау тәртібімен iс жүргiзу аяқталғанға немесе соттың не өзге де органның шешiмiн тоқтата тұрудың күшiн жою туралы тиiстi лауазымды адамның өкіміне дейiн;
6) осы Заңның 43-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, - орындалуға жататын қаулының түсiндiрмесi келiп түскенге дейiн;
7) осы Заңның 43-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайда, -өндіріп алушы ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізгенге дейін;
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) осы Заңның 42-бабының 10) тармақшасында көзделген жағдайда - қаржы ұйымын қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейiн;
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8-1) осы Заңның 42-бабы бірінші бөлігінің 10-1) тармақшасында көзделген жағдайда, - бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейін;
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) осы Заңның 42-бабының 13) тармақшасында көзделген жағдайларда - оны талап еткен орган атқарушылық іс жүргізуді қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады.
45-бап. Борышкерге iздеу салу
1. Борышкердің жүрген жері белгісіз болған жағдайда сот орындаушысы ішкі істер немесе қаржы полициясы органдары арқылы борышкерге іздеу салуды жариялау туралы ұсыныспен атқарушылық құжаттың орындалу орны бойынша сотқа жүгінуге міндетті. Борышкерге іздеу салу жарияланған және оның өндіріп алуға жарайтын мүлкі болмаған кезде атқарушылық құжаттың түпнұсқасы өндіріп алушыға қайтарып беріледі, ол атқарушылық құжатты борышкердің жүрген жері белгілі болған немесе оның мүлкі анықталған кезде мәжбүрлеп орындатуға беруге құқылы, ал көшірмесі борышкер іздестірілетін кезеңде сот орындаушысының бақылауында болады.
2. Борышкерге iздеу салуды соттың ұйғарымы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iшкi iстер және қаржы полициясы органдары жүзеге асырады.
3. Борышкерге iздеу салу жөніндегі шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатады және борышкерден жергiлiктi бюджетке сот арқылы өндiрiп алынуға тиiс.
Борышкерге iздеу салу жөніндегі шығыстар іздеу салуды жүзеге асыратын ішкі істер немесе қаржы полициясы органының өтініші негізінде айқындалады.
46-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi қайта жалғастыру
Атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының арызы бойынша немесе сот орындаушысының бастамасы бойынша оның тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейiн қайта жалғастырылады.
47-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтатудың негiздерi мен салдары
1. Атқарушылық iс жүргiзу, егер:
1) өндiрiп алушы өндiрiп алудан бас тартса;
2) өндiрiп алушы мен борышкер бiтiмгершілік келiсiмiн жасасса және оны сот бекiтсе;
3) шешiмде белгiленген талаптар немесе мiндеттер өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін қайтыс болған адамның құқықтық мирасқорына ауыспайтын болса;
4) борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау мүмкіншілігі (белгілі бір әрекеттерді жасаудан тартыну) жоғалса;
5) тиiстi органның атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылса;
6) өндіріп алушы немесе борышкер болып табылған заңды тұлғаны тарату аяқталса, құқықтық мирасқоры болмағандықтан не атқарушылық құжат борышкер болып табылатын заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына немесе тарату комиссиясына орындау үшін жіберілсе;
7) атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса;
8) заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезiнде өндiрiп алушы борышкерден алып қойылған заттарды алудан бас тартса;
9) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 312-6-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайта құрылымдауды тоқтату туралы соттың шешімі заңды күшіне енсе, тоқтатылады.
2. Атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайларда бұл туралы сот орындаушысы бір тәуліктің ішінде қаулы шығарады. Тиісті белгі соғылған атқарушылық құжатты не оның көшiрмесiн мемлекеттік сот орындаушысы - сотқа немесе құжатты берген басқа органға, ал жеке сот орындаушысы - өндіріп алушыға жiбередi. Сонымен бір мезгiлде орындауды қамтамасыз ету шараларының күшi жойылуға тиiс. Осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасы негiзiнде тоқтатылған, орындалғаннан кейiнгі атқару санкциясы, орындау жөніндегі шығыстар мен жеке сот орындаушысының қызметіне төлем сомасы өндiрiп алынуға тиiсті атқарушылық құжаттар бойынша орындауды қамтамасыз ету шараларының күшi оларды өндiрiп алғаннан кейiн ғана жойылуға тиiс. Атқарушылық құжаттың орындауға берiлу мерзiмiн сот қалпына келтiрген не сот орындаушысының iс жүргiзу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекетi заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, тоқтатылған атқарушылық iс жүргiзудi қайта бастауға болмайды.
48-бап. Атқарушылық құжаттарды өндiрiп алушыға қайтару
1. Өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқарушылық құжат сот орындаушысының қаулысы бойынша мына жағдайларда:
1) өндiрiп алушының арызы бойынша;
2) егер борышкердiң өндiрiп алынуы мүмкiн мүлкi, оның iшiнде ақша, бағалы қағаздары немесе табыстары жоқ болса және оның мүлiктерiн немесе табыстарын анықтау бойынша сот орындаушысы қолданған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермесе;
3) егер мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжат бойынша заңда көзделген орындау жөніндегі барлық шаралар нәтиже бермесе;
4) егер өндiрiп алушы атқарушылық құжатты орындау кезiнде борышкердiң сатылмаған мүлкiн өзінде қалдырудан бас тартса;
5) егер сот борышкерге қатысты іздеу салу жарияласа;
6) егер өндіріп алушы жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына орындау жөніндегі шығыстарды жабу үшін қажетті аванстық сомаларды енгізуден бас тартса;
7) егер атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкердің, борышкер мүлкінің жеке сот орындаушысының өкілеттіктері қолданылмайтын аумақта екені анықталса;
8) жеке сот орындаушысынан бас тартуға осы Заңның 54-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер болса, өндіріп алушыға қайтарылады.
2. Атқарушылық құжатты өндiрiп алушыға қайтару заңда белгiленген атқарудың ескіру мерзiмi шегiнде осы құжатты орындауға қайталап ұсынуға кедергi болып табылмайды.
3. Өндіріп алу мемлекеттің пайдасына жүргізілетін атқарушылық құжаттар мынадай тәртіп сақтала отырып қайтарылады:
1) сот жазып берген (шығарған) атқарушылық құжат талап-арызға бастамашы болған немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырған мемлекеттік органға қайтарылады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) қаулысы тиісті уәкілетті органға (лауазымды адамға) қайтарылады;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) прокурордың қаулысы прокурорға қайтарылады;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) қылмыстық істер бойынша мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар сотқа қайтарылады.
4. 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
49-бап. Атқарушылық iс жүргiзудiң аяқталуы
Атқарушылық iс жүргiзу:
1) осы Заңның 48-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық құжат қайтарылған;
2) осы Заңның 47-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған;
3) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған жағдайларда аяқталды деп есептеледi.
50-бап. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру немесе тоқтату, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы мәселелерді қарау
1. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы мәселелерді сот орындаушысы қарайды.
Бұл жөнінде атқарушылық іс жүргізу тараптарына және олардың өкілдеріне хабарланады, алайда олардың келмей қалуы аталған мәселелерді шешуге кедергі болмайды.
2. Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы қаулы шығарады, оны мемлекеттік сот орындаушылары үшін аумақтық бөлімнің басшысы бекітуге тиіс.
3. Сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы қаулысына сотқа шағым жасалуы мүмкін.
51-бап. Орындалуға тиiстi атқарушылық құжатты түсiндiру
Атқарушылық құжат түсiнiксiз болған жағдайда оны орындауға алған сот орындаушысы, сондай-ақ өндiрiп алушы немесе борышкер атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмдi немесе өзге де актіні түсiндiру үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген органға жүгiнуге құқылы.
52-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын жер
1. Атқарушылық әрекеттердi борышкердiң тұрғылықты жерi бойынша немесе жұмыс орны бойынша не оның мүлкi тұрған жер бойынша сот орындаушысы жүргiзедi. Егер заңды тұлға борышкер болып табылса, орындау оның органы немесе мүлкi орналасқан жерде жүргiзiледi.
2. Борышкерді белгiлi бір әрекеттер жасауға мiндеттейтiн атқарушылық құжаттарды орындауды осындай әрекеттер жасалатын жердегi сот орындаушысы жүргiзедi.
3. Жекелеген атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мемлекеттік сот орындаушысының өкілеттігі қолданылмайтын аумақта мәжбүрлеп орындатудың жекелеген шараларын қолдану қажет болған жағдайда, ол атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануды тиісті мемлекеттік сот орындаушысына тапсыруға құқылы. Тапсырма осы Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысының қаулысымен ресімделеді және оны аумақтық бөлімнің басшысы бекітеді.
4. Егер атқарушылық құжатты орындау процесiнде борышкер, борышкердің мүлкі сот орындаушысының өкілеттігі қолданылмайтын аумақта екені анықталса:
1) мемлекеттік сот орындаушысы бұл жөнінде дереу қаулы шығарады және қаулы шығарылғаннан кейін атқарушылық құжатты және атқарушылық іс жүргізудің бүкіл материалдарының көшірмесін борышкердің жаңа тұрғылықты жері немесе нақты тұратын жері, оның жаңа жұмыс орны, борышкер-заңды тұлғаның жаңа орналасқан жері бойынша не борышкердің мүлкі тұрған жаңа жері бойынша мемлекеттік сот орындаушысына үш жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіп, бұл жөнінде өндіріп алушыға хабарлайды. Атқарушылық құжаттың көшірмесі атқарушылық іс жүргізуде қалады;
2) жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтарады, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.
53-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын уақыт
1. Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерiнде сағат алтыдан жиырма екі сағатқа дейін жасалады. Атқарушылық әрекеттердi осы шекте жасаудың нақты уақытын сот орындаушысы белгiлейдi. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық әрекеттер жасаудың өздерiне қолайлы уақытын ұсынуға құқылы.
2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге, кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.
54-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi бас тарту
1. Егер сот орындаушысы, аудармашы, маман атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесiне жеке өзi, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптармен, олардың өкiлдерiмен әділдігі күмән туғызатындай туыстық қатынаста болатын мән-жайлар орын алса, олардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуына болмайды және одан бас тартуға жатады.
2. Бас тартуға мән-жайлар болған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар бас тартатынын мәлiмдеуге мiндеттi. Бас тарту атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп, жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер бас тартуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
3. Мемлекеттік сот орындаушысынан бас тарту туралы мәселенi аумақтық бөлiм басшысы шешедi, бұл жөнiнде тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
Аудармашыдан немесе маманнан бас тарту туралы мәселенi сот орындаушысы шешедi, бұл жөнiнде аумақтық бөлiм басшысы бекiтетiн тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
Осы баптың 1-тармағында аталған негіздер болған жағдайда жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
4. Сот орындаушысынан бас тартуға қарсылық білдіру туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн. Шағым жасалу немесе наразылық білдіру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтата тұрмайды.
7-тарау. БОРЫШКЕРДIҢ МҮЛКIНЕН ӨНДIРIП АЛУ
1-параграф. Негізгі қағидалар
55-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі
1. Борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды.
2. Атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп белгiленбесе, бірiншi кезекте борышкердiң ақша сомаларына, оның iшiнде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда тұрған ақша сомаларына да қолданылады.
3. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу олар ұсынылған соң борышкердiң келiсiмiне қарамастан немесе олардың сақталу орнына қарамастан табылған соң дереу жүргiзiледi.
Борышкердiң қолма-қол ақша сомалары, оның iшiнде борышкер кассасының сейфiнде сақтаулы және осы кассаның оқшауланған бөлмесiнде немесе борышкердiң өзге де бөлмелерiнде сақтаулы ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесiлi екендiгi анық белгiлi болса, табылғаннан кейiн дереу алып қойылуға тиiс.
4. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомалары болмаған жағдайда, ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Өндiрiп алушының және борышкердің келiсiмiмен сот орындаушысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті мүлікті қоспағанда, мүлiктi алдын ала бағалап, оны сатпай сол қалпында беруге құқылы.
5. Орындау жөніндегі шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар ескеріле отырып, атқарушылық құжатты орындау үшiн қажеттi мөлшерде және көлемде борышкер мүлкiнен өндiрiлiп алынады. Борышкердiң басқа мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, өндiрiп алу борышкердiң атқарушылық құжат бойынша құны өндiрiп алу мөлшерiнен асатын мүлкiне қолданылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда мүлiктi сатқаннан түскен сома, атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алынған сома мен орындау жөніндегі шығыстар, сондай-ақ жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар шегерiле отырып, борышкерге қайтарылады.
6. Борышкердің іздеу салуда болуы оның мүлкінен өндіріп алуға кедергі болып табылмайды.
7. Атқарушылық құжатта көрсетілген белгiлi бір заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қойып, оларды өндiрiп алушыға өткізу актiсiн жасай отырып бередi.
8. Жеке сот орындаушысы мүліктен өндіріп алуды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен жүзеге асырады.
56-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған кезде (борышкердiң банктік шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса), егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктiк жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
2. Егер орындау барысында борышкер-заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Белгiленген тәртiппен дәрменсiз (банкрот) деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Атқарушылық құжатты орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мирасқорлығын белгілейді және шешiм шығарған сотқа борышкердi оның құқықтық мирасқорымен ауыстыру туралы ұсыныс жібереді.
57-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда борышкердің мүлкіне кепілдік құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін кепілге салынған мүлік, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талаптарынан басым болатын кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне өндіріп алынуы мүмкін. Кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландыра отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Бұл жағдайда мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Кепiл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепiл ұстаушының талабының алдында басым болып табылатын талаптарды өзінде қалдырылған мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға міндетті.
3. Егер өндіріп алушының (өндіріп алушылардың) талаптарын қанағаттандыру мақсатында өндіріп алынуы мүмкін өзге мүлік болмаса немесе мұндай мүлік жеткіліксіз болса, кепiл ұстаушының талаптарының алдында басымдығы жоқ осы өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында, кепiлге салынған мүлікті, ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, өндіріп алуға жол беріледі. Бұл жағдайда кепiлге салынған мүліктен өндіріп алуға кепіл ұстаушының құқықтары сақтала отырып, сот ұйғарымы бойынша жол беріледі.
58-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомалары мен басқа да мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
2. Борышкердiң банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндiрiп алуды сот орындаушысы инкассолық өкiм шығару арқылы жүзеге асырады. Инкассолық өкiмге жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған атқарушылық құжаттардың көшiрмелерi қоса беріледі. Атқарушылық құжаттар көшiрмелерінің дұрыстығы үшін жеке сот орындаушысы не аумақтық бөлім басшысы жауаптылықта болады.
3. Борышкердiң теңгедегі банктік шотында ақшалай сомалары болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бірлесiп белгiлеген тәртiппен айқындалған валюта айырбастаудың төлем жасалатын күнгi нарықтық бағамын қолдана отырып, сот орындаушысы теңгемен есептеп шығарған инкассолық өкiмдер негiзiнде өндiрiп алу борышкердiң шетелдiк валютадағы банктік шоттарынан жүргiзiледi.
59-бап. Инкассолық өкімді кері қайтарып алу
Аумақтық орган басшысының жазбаша келісімімен мемлекеттік сот орындаушысының, сондай-ақ жеке сот орындаушысының инкассолық өкімді кері қайтарып алуы:
1) атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған;
2) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған;
3) осы Заңның 48-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, атқарушылық құжат өндіріп алушыға қайтарылған жағдайларда;
4) өндіріп алушының инкассолық өкімді кері қайтарып алу туралы арызы бойынша жүргізіледі.
60-бап. Ортақ мүліктегі үлестен өндіріп алу
1. Борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы мүліктің меншік иелеріне хабарлауға және оларға борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдықпен сатып алу құқығын ұсынуға міндетті. Үлестің құны маманның жазбаша қорытындысы негізінде хабарламада көрсетіледі.
2. Тыйым салынған мүліктің қосалқы меншік иесі басымдықпен сатып алу құқығын іске асыра алатын мерзім Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалады және борышкердің мүлкіне тыйым салынғаны туралы қосалқы меншік иесіне хабарланған күннен бастап есептеледі.
3. Қосалқы меншік иелеріне хабарлау олардың тұрғылықты (болатын) жерінің белгісіздігі, тұрғылықты жерінде болмауы және басқа да дәлелді себептер салдарынан мүмкін болмаса, ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен соң жүргізілуі мүмкін.
4. Борышкердің үлесінің мөлшері туралы құжаттар болмаған және (немесе) борышкердің ортақ мүліктегі үлесіне балама нақты мүлікті айқындау мүмкіндігі болмаған кезде ортақ мүлікті бөлу, сондай-ақ осы мүліктегі үлестерді айқындау және борышкердің үлесін бөліп шығару сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі.
5. Ортақ мүліктегі борышкердің үлесін сату осы Заңда көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.