2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бiрлескен ұсынысы негiзiнде ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) аумағындағы шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi, олар:
жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оған аффилиирленген тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;
уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдiктерде, азаматтығы жоқ адамдарда және шетелдiк заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленеді.
51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi
1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жер учаскесiнiң бөлiнбейтiндiгi сәйкестендіру құжатында көрсетiледi.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер учаскесінің бөлінетін бөлігімен мәмілелер жасаған кезде, бұл бөлік белгіленген тәртіппен алдын ала дербес жер учаскесі болып бөлініп шығарылуға тиіс. Қалған жағдайларда мәміле нысанасы оны шартта сипаттау немесе жер учаскесінің бөлігіне белгіленетін құқықтың қолданылу аясын (жалдау, өтеусіз пайдалану, сервитут және басқалары) сәйкестендіру құжатына енгізу арқылы айқындалуы мүмкін.
52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге (құрылысқа, ғимаратқа) құқық
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге (құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесiне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi.
Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодексте белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келісімi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.
5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен айырып беруге құқылы болмаған жағдайда, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйлердi (құрылысты, ғимаратты) иелiктен айыруға құқығы жоқ.
6. Уақытша жер пайдаланушы жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келісімдерi болған жағдайда жер учаскесiне тұрғызылған үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) осы Кодекстiң 64-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен меншiк құқығын алған реттерде шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жер учаскесi қайтарылуға тиiс. Бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртібі тараптардың келісімiмен белгiленуi мүмкiн.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 7-тармақмамен толықтырылды; 2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Осы баптың 1-тармағының ережелерi мемлекеттiк жер пайдаланушыларға бекiтiп берiлген «Байқоңыр» кешенiнiң үйлерiне (құрылыстарына, ғимараттарына), сондай-ақ магистральдық құбырлардың желілік бөліктеріне меншік құқығына қолданылмайды.
53-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану
1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгіндегі жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Жер учаскесiне ортақ меншiк Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн жағдайда (осы Кодекстiң 51-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерiктi түрде бiрiктiрген кезде туындайды.
3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестерi анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
4. Ортақ жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде туындайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлестерi жерге қатысты құқықтар мен мiндеттердiң дербес объектiсi болып табылады.
6. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртібі ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келісімге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртібін сот айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану тәртібі туралы қатысушылардың келісімi немесе соттың шешiмi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
54-бап. Ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібі
1. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібін үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың алдағы жиналысы туралы хабарлама оның өткiзiлетiн күнiнен бiр айдан кешiктiрiлмей жазбаша түрде қолхат алу арқылы жүргiзiледi.
2. Тиiсiнше хабарланған жағдайда үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50%-i қатысқан кезде жиналыстың құқықтық күшi бар деп саналады. Шешiм үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жиналысына қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданып, хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысып отырғандарының барлығы қол қояды.
55-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлестерiмен жасалатын мәмiлелер
1. Ортақ үлестiк меншiк құқығындағы үлестi иелiктен шығаруға бағытталған мәмiлелер жасасу кезiнде жер учаскесiн жер үлестерi есебiне бөлiп шығару талап етiлмейдi.
2. Жер үлесiн сатушы өз үлесiн бөгде тұлғаға сатқысы келетiнi туралы ниетiн үлестiк меншiктiң қалған қатысушыларын, оның сатылу бағасын және басқа да жағдайларын көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Егер үлестiк меншiктiң қалған қатысушылары жазбаша хабарламадан кейiнгi бiр ай iшiнде сатылатын үлестi сатып алудан бас тартса немесе сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген тұлғаға сатуға құқылы.
56-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлесiн айқындау тәртібі
1. Егер учаскеге ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жер үлестерiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде айқындау мүмкiн болмаса және оның барлық қатысушыларының келісімiмен белгiленбесе, жер үлестерi тең болып есептеледi.
2. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылардың келісімiмен олардың әрқайсысының ортақ жер учаскесiн сатып алуға және игеруге қосқан салымына қарай олардың жер үлестерiн айқындау мен өзгерту тәртібі белгiленуi мүмкiн.
57-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi (ортақ үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлісу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар ортақ жер учаскесiн бөлудiң әдiсi мен талаптары жөнiнде келісімге келе алмаған жағдайда, әрбiр қатысушы ортақ жер учаскесiнен өзiнiң жер үлесiн нақтылы (белгiлi бiр жерде) бөлiп шығаруды талап етуге құқылы, бұған осы Кодекстiң 62-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген басқа да жағдайлар қосылмайды.
2. Егер жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға Қазақстан Республикасының заң актілерінде жол берiлмесе немесе жер учаскесiне және онымен тығыз байланысты нәрсенiң бәрiне өлшеусiз залал келтiрмей жасауы мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығатын меншiк иесiнiң (жер пайдаланушының) ортақ үлестiк меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетуге, не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқa тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған жер үлесi кондоминиум объектiсiнiң құрамында болатын жағдай қосылмайды.
58-бап. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлiсу
1. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу әрбiр қатысушының жер үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу кезiнде қатысушылардың әрқайсысының үлесi тең болып есептеледi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудiң шарттары мен тәртібі, қатысушылар арасындағы қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, осы Кодекстiң 56 және 57-баптарына сәйкес айқындалады.
59-бап. Бөлiнбейтiн деп танылған жер учаскесiн бөлуге жол берiлмейтiндiгi
1. Егер жер учаскесi осы Кодекстiң 51-бабына сәйкес бөлiнбейтiн болып танылса, оны бөлуге және одан жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға жол берiлмейдi.
2. Бұл жағдайда үлестiк немесе бiрлескен меншiктiң (жер пайдаланудың) бөлiнiп шығатын қатысушысының жер учаскесiне ортақ меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлеткiзуге не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқа тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған кондоминиум объектiлерi қосылмайды.
60-бап. Жер учаскесiне ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптыларға тиесiлi жер учаскелерiне меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының құқықтық режимi ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының азаматтық және неке-отбасы заңдарында көзделген нормаларға сәйкес айқындалады.
2. Ерлi-зайыптыларға олар некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың мұрагерлiк тәртібімен сыйға алған жер учаскелерi мен жер үлестерi олардың әрқайсысының меншiгiнде (жер пайдалануында) болады.
Егер ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезiнде олардың ортақ мүлкi есебiнен осы жер учаскелерiнiң құнын едәуiр арттыратын салымдар жүргiзiлгенi анықталса, ерлi-зайыптылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының жер учаскелерi олардың бiрлескен меншiгi (бiрлесiп жер пайдалануы) болып танылуы мүмкiн.
3. Жер учаскесiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрлескен меншiктегi (бiрлесiп жер пайдалануындағы) үлестерiн айқындау тәртібі осы Кодекстiң 58-бабында белгiленедi.
61-бап. Ортақ жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы
1. Ортақ жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiктiң меншiк иесiнiң осы жылжымайтын мүлiктi өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге, соның iшiнде ортақ жер учаскесiн пайдаланудың Қазақстан Республикасының заң актiсiнде немесе шартта белгiленген талаптарына қайшы келмесе, тиiстi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) бұзуға құқығы бар.
2. Ортақ жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан кезде, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, ол тұлға жер учаскесiне құқықты жылжымайтын мүлiктiң бұрынғы меншiк иесiнде болған көлемiнде алады.
62-бап. Бiрнеше пәтерi және (немесе) кiсi тұрмайтын үй-жайлары бар үйдiң жанындағы және кондоминиумның басқа да объектiлеріндегі жер учаскесiне құқық
1. Көп пәтерлi үйдi немесе кондоминиумның өзге де объектiсiн орналастыру, пайдалану, күтiп-ұстау үшiн қажеттi жер учаскесi кондоминиум объектiсiнiң құрамындағы үй-жайлардың меншiк иелерiнiң ортақ үлестiк меншiгiне белгiленген тәртiппен өтедi.
Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, өздерiне үй-жайлар шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен тиесiлi болатын кондоминиум қатысушылары - мемлекеттік жер пайдаланушылар жер учаскелерiне ортақ тұрақты жер пайдалану құқығын белгiленген тәртiппен алады.
Қазақстан Республикасының аумағында жер учаскелерi меншiк құқығымен немесе тұрақты жер пайдалану құқығымен тиесiлi бола алмайтын кондоминиум қатысушыларының жер учаскесiне құқығы осы Кодекстiң 6-бабының 7-тармағына сәйкес айқындалады.
Кондоминиум объектiсiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн бөлiсуге кондоминиумға барлық қатысушылардың жазбаша келісімiмен, санитарлық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, құрылыс және басқа да нормалар сақталған жағдайда жол берiледi.
2. Үй-жайдың әрбiр меншiк иесiнiң (өзге де құқық иесiнiң) ортақ мүлiктегi үлесi оған тиесiлi үй-жайға бөлек (дербес) меншiктен (өзге де заттық құқықтан) ажыратылмайды. Егер кондоминиум қатысушыларының келісімiнде өзгеше белгiленбесе, үлестiң мөлшерi бөлек (дербес) меншiктегi (өзге де заттық құқықтағы) тұрғын үй-жайдың пайдалы алаңы мен тұрғын емес үй-жай алаңының осы кондоминиум объектiсіндегі барлық тұрғын үй-жайлардың пайдалы көлемiнiң және барлық кiсi тұрмайтын үй-жайлар алаңдарының жиынтығына қатынасымен айқындалады. Мұндай үлестi нақтылы бөлiп шығаруға болмайды (мiнсiз үлес).
Үйдiң iргетасынан тыс (шегiнен тыс) орналасқан жер учаскесiн пайдалану тәртібі кондоминиум қатысушыларының келісімiмен, қоғамдық мүдделердi, санитарлық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, қала құрылысы және басқа да нормаларының сақталуы шартымен айқындалады.
3. Yй (құрылыс, ғимарат) жанындағы жер учаскесi, бұл жер учаскесi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) қаңқасынан тыс орналасатын және оны пайдалану кондоминиум объектiсiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн пайдалану талаптарына, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, құрылыс және басқа нормаларға қайшы келмейтiн жағдайларда, кiсi тұрмайтын үй-жайлардың жұмыс iстеуiнiң технологиялық қажеттерiн қамтамасыз ету керек болған кездерде кондоминиум қатысушыларының бөлек меншiгiне берiлуi мүмкiн.
4. Пәтерге (үй-жайға) меншiк құқығының басқа тұлғаға ауысуы жер учаскесiне (жер учаскелерiне) құқықтағы тиiстi үлестiң пәтердi (үй-жайды) алушыға ауысуына ұласады.
5. Ортақ меншiктi басқару және оны пайдалану, бүкiл үйдi (үй-жайды, құрылысты, ғимаратты) және үй жанындағы жер учаскесiн (жер учаскелерiн) тиiсiнше күтiп-ұстау үшiн кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кондоминиум объектiсiн басқару нысанын таңдап алады.
6. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгіндегі (ортақ жер пайдалануындағы) жер учаскесiне құқықты сату, сондай-ақ жер үшiн ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
7. Гараж, саяжай және басқа тұтыну кооперативтерiнде қатысушылардың ортақ меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарына кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
63-бап. Жеке меншiктегi жер учаскесiнен және жер пайдалану құқығынан өндіріп алу
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке меншiктегi жер учаскесi, сондай-ақ тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы жеке және заңды тұлғалар мүлкiнiң құрамына кiредi, банкрот деп танылған жағдайларды қоса алғанда, олар өз мiндеттемелерi бойынша осы мүлiкпен жауап бередi.
Осы Кодекстiң 26-бабының 2-тармағында санамаланған жерден, сондай-ақ мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi жерден өндiрiп алуды қолдануға болмайды, бұған осы Кодекстiң 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
2. Жер учаскесi мен тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының азаматтық және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi және ол жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркеледi.
6-тарау. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану кезіндегі
құқықтары мен міндеттері
64-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалануға құқықтары
1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерi меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың:
1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу;
2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;
3) өз шаруашылығының қажеттерi үшiн жер учаскесiнде бар құмды, сазды, қиыршық тасты және басқа да кең таралған пайдалы қазбаларды, шымтезектi, екпелердi, жер үстi және жер асты суларын, кейiннен мәмiлелер жасасу ниетiн көздемей, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша өзгертілді
4) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу;
5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау;
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) меншік құқығын, уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлік қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру құқығы бар.
2. Уақытша жер пайдаланушылар үшiн осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктер жер учаскесiн беру актiсiмен немесе жалдау шартымен (уақытша өтеусіз жер пайдалану туралы шартпен) шектелуi мүмкiн.
65-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалану жөніндегі мiндеттерi
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, ал уақытша жер пайдалану кезiнде - жер учаскесiн беру актiсiне немесе жалдау шартына (өтеусiз уақытша жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;
2) санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес өндiрiс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесiнде халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруге, санитарлық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге;
3) осы Кодекстiң 140-бабында көзделген жердi қорғау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруға;
4) жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдары мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртібін сақтауға, жер учаскесiнде орналасқан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мұра объектілері мен басқа да объектiлердi қорғауды қамтамасыз етуге;
6) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтауға;
7) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыруға;
8) басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
9) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
10) осы Кодексте көзделген тәртiппен сервитуттар берудi қамтамасыз етуге;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) өздерінің меншігі болып табылмайтын анықталған өндіріс пен тұтыну қалдықтары туралы жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға міндетті.
2. Уақытша жер пайдаланушылардың уақытша жер пайдалану туралы шарттарда көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.