3. Осы Кодекстің 641-бабында айқындалған ұйымдар немесе жеке тұлғалар тексерілетін салық төлеушіде алынған (алынуға жататын) басқа табысы бар екендігіне қатысты ақпарат берген кезде аталған табыстардың сомасы жалпы табыс сомасына (салық салынатын айналымға) енгізілуге жатады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдары берген ақпарат негізінде салық төлеушінің экспорттық операциялары бойынша валюталық түсім сомаларының түсу фактісі анықталған жағдайда, валюталық түсімнің бұл сомасы өткізу бойынша айналым мөлшеріне және жиынтық табыс құрамына енгізіледі.
5. Осы бапқа сәйкес салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) бастапқы құжаттарымен расталмаған шығыстары корпорациялық табыс салығын есептеу үшін шегеруге және қосылған құн салығын есептеу үшін есепке жатқызылмайды.
6. Акцизделетін тауарлар бойынша салық салынатын база осы Кодекстің 283-бабы 1 және 2-тармақтарының негізінде айқындалады.
Бұл ретте өндірілген акцизделетін тауарлардың көлемі шикізаттың, энергетика ресурстары мен қосалқы материалдардың шығыстары мен ысыраптарының салалық нормаларына сәйкес айқындалады.
7. Негізгі құралдардың, оның ішінде аяқталмаған құрылыс объектілерінің, көлік құралдарының, жер телімдерінің, материалдық емес активтердің, инвестициялық жылжымайтын мүліктің бастапқы құнын растайтын құжаттар салық төлеушіде (салық агентінде) болмаған (жоғалған, бүлінген) жағдайда аталған мүліктің нарықтық құны осы салық төлеушінің жиынтық табысына қосылады.
8. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген объектілердің нарықтық құны салық қызметі органдары таратқан, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын бағалаушының есебі негізінде айқындалады.
9. Жалақы төлемдерін төлеуге банк шотынан ақша алу және (немесе) жеке тұлғалардың банктік шотына банк шотынан ақша аудару фактілері анықталған кезде ақша жеке табыс салығы, әлеуметтік салық салынатын салық салу объектісі болып табылады. Бұл ретте салық міндеттемесі банктің салық төлеушіге (салық агентіне) немесе үшінші тұлғаларға тиісті ақша сомаларын аудару (беру) туралы салық төлеушінің (салық агентінің) өкімін орындаған сәтте туындайды.
10. Салық қызметі органдары жанама әдістер негізінде айқындаған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтер салық төлеушінің (салық агентінің) салық декларацияларында (есеп-қисаптарда) көрсетілген тиісті деректермен және салық қызметі органдарына табыс етілген өзге де есеп-қисаптармен салыстырылады.
11. Салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігінде мәлім еткен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомалары жанама әдістерді қолдану негізінде айқындалған салықтардың сомаларынан көп болған жағдайда, тексеру кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігінде көрсетілген салықтардың сомалары қабылданады.
12. Егер салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігінде мәлімдеген табыс сомасы басқа (қосымша) ақпарат көздерінен анықталған табыс сомасынан артық болған жағдайда, тексеру кезінде салық есептілігінде көрсетілген кіріс сомасы қабылданады.
643-бап. Салық салу объектілерін жекелеген жағдайларда айқындау
1. Егер жеке тұлғаның салық декларациясында көрсеткен табыстары өзінің жеке тұтынуына, соның ішінде мүлік сатып алуына жұмсаған шығыстарына сәйкес келмейтін болса, салық органдары өткен кезеңдердің табыстарын есептей отырып, олардың жасаған шығыстары негізінде табысы мен салығын айқындайды.
2. Басқа да тұлғалар мен органдар аталған табысты алудың заңдылығына дау салған жағдайларда да, табысқа салық салынуға тиіс.
3. Егер сот шешімі бойынша табыс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жатса, онда аталған табыс одан төленген салық сомасы шегерілмей алынады.
90-тарау. БАҚЫЛАУ-КАССА МАШИНАЛАРЫН ҚОЛДАНУ ТӘРТІБІ
644-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1) бақылау-касса машиналары - тауарларды жұмыстарды, қызметтердi өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулары туралы ақпаратты тіркеуді және көрсетуді қамтамасыз ететін фискалды модульдер, фискалды жады блогы бар электронды құрылғылар және (немесе) компьютерлік жүйелер;
2) бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - мемлекеттік тізілім) - уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат берген бақылау-касса машиналары модельдерінің тізбесі;
3) бақылау-касса машиналарының тіркеу карточкасы - бақылау-касса машинасының салық органында тіркелуі (есептен шығарылуы) фактісін растайтын есепке алу құжаты;
4) бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі - техникалық қызмет көрсету орталығы) - бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету бойынша жарғыға (қызмет түріне) сәйкес қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
5) бақылау чегі - бақылау-касса машинасының сатушы (тауарды, жұмысты, қызметтi жеткізушi) мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын бастапқы есеп құжаты;
6) қолма-қол ақша есебінің кітабы - ауысым сайын қолма-қол ақша айналымын, тауарлық чектерді, бақылау-касса машинасының фискалды жады көрсеткіштерін есепке алу журналы;
7) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалы - қызмет көрсеткені үшін төлем ретінде қолма-қол ақшаны автоматты режимде қабылдауды жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
8) салық органының пломбасы - бақылау-касса машинасының корпусын рұқсатсыз ашудан қорғау құралы;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
9) салық төлеушінің жауапты адамы - бақылау-касса машинасын қолдана отырып сатып алушымен (клиентпен) есеп айырысуды жүзеге асыратын және оның жұмыс істеуіне жауап беретін салық төлеуші не салық төлеушімен еңбек қатынасында тұрған адам;
10) сауда автоматы - автоматты режимде қолма-қол ақша арқылы тауарларды сатуды жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
11) тауарлық чек - бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысуды растайтын бастапқы есепке алу құжаты;
12) тауар чектерінің кітабы - кітапқа біріктірген тауарлық чектердің жиынтығы;
13) ) фискалдық белгі - бақылау-касса машинасының фискалдық режимде жұмыс істейтінін растау ретінде бақылау чектерінде көрсетілетін ерекше белгі;
14) фискалдық деректер - бақылау-касса машинасының фискалдық жадында тіркелетін ақшалай есеп айырысулар туралы ақпарат;
15) фискалдық есеп - белгілі бір кезең ішінде бақылау-касса машинасының фискалдық жадындағы көрсеткіштердің өзгеруі туралы есеп;
16) фискалдық жады - ақпараттың ауысым сайын түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;
17) фискалдық режим - ақпараттың фискалдық жадында түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бақылау-касса машинасының жұмыс істеу режимі.
645-бап. Жалпы ережелер
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 10 бабына сәйкес 645-баптың 1-тармағының қолданылуы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылды
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2011 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру кезінде, қолма-қол ақша арқылы жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысу міндетті түрде бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүргізіледі.
Осы тармақтың ережесі:
1) жеке нотариаттық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда, дара кәсіпкерлер ретінде міндетті мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жеке тұлғалардың;
2) дара кәсіпкерлердің (акцизделетін тауарларды өткізушілерден басқа):
қызметін шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимі шеңберінде патент негізінде жүзеге асыратындарының;
қызметін шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асыратындарының;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) уәкілетті органның келісімі бойынша көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысанда билеттер беру арқылы қоғамдық қалалық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде ақшалай есеп айырысуға;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
2. Жергілікті атқарушы органдар есепті тоқсаннан кейінгі айдың
20-сынан кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган бекіткен нысанда қалалық қоғамдық көлік тасымалдары бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде салық төлеушінің билеттерді пайдалануы туралы есепті табыс етеді.
3. Сауда операциялары немесе қолма-қол ақша арқылы қызмет көрсету кезінде ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын сауда автоматтары мен қызмет көрсетуді төлеу терминалдары модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген бақылау-касса машиналарымен жарақтандырылады.
4. Бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) қолма-қол ақша арқылы ақшалай есеп айырысумен байланысты қызметін бастағанға дейін бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін (сауда автоматында пайдаланылатын бақылау-касса машиналарын қоспағанда) немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;
3) бақылау-касса машиналарына салық органдары лауазымды адамдарының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
646-бап. Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, бақылау-касса машинасын пайдаланатын жерi бойынша салық органдарына есепке қоюға модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары жатады.
Сауда автоматтары және (немесе) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалдарымен жарақтандырылған компьютерлiк жүйелер болып табылатын бақылау-касса машиналары әрбір сауда автоматының және (немесе) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалының орналасқан жерi бойынша салық органында есепке қойылуға тиiс.
Автодүкендерден және (немесе) шатырлардан көшпелi сауданы жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын бақылау-касса машиналары мұндай салық төлеушiлердiң орналасқан жерi бойынша салық органында есепке қоюға жатады.
2. Салық органдары осы Кодекстің 645-бабының 1-тармағына сәйкес бақылау-касса машиналарын қолдану бойынша талап қолданылмайтын салық төлеушілердің бақылау-касса машиналарын есепке қоюды жүргізбейді.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
3. Бақылау-касса машиналарын есепке қою салық төлеуші бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірін бере отырып және бақылау-касса машинасының карточкасын бере отырып жүргізіледі.
4. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын қоспағанда, бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қойған кезде салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) іске қосу фискалды режимді орнатпай-ақ мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтерді қамтитын бақылау-касса машинасын;
3) дайындаушы зауыттың паспортын;
4) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен расталған қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын табыс етеді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машинасын есепке қойған кезде салық төлеуші өзінің орналасқан жері бойынша салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) компьютерлік жүйенің жұмыс істеу мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасын;
3) салық органында тіркеуге қою үшін мәлімделген компьютерлік жүйе моделінің «Салық инспекторының жұмыс орны» модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулықты табыс етеді және онымен жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.
6. Салық органының лауазымды адамы компьютерлік жүйелерді қоспағанда, бақылау-касса машинасын есепке қою кезінде:
1) салықтық өтініште көрсетілген мәліметтердің ұсынылған құжаттарға сәйкестігін тексереді;
2) таңбалау тақтайшасында көрсетілген бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін дайындаушы зауыттың паспортында көрсетілген бақылау-касса машинасының нөмірімен салыстырады;
3) қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын ресімдеудің дұрыстығын тексереді;
4) бақылау-касса машинасы жұмысының фискалдық режимін белгілейді;
5) бақылау-касса машинасының корпусына салық органының пломбасын орнатады;
6) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын ресімдейді;
7) қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын өз қолымен, салық органы басшысының қолымен және салық органының мөрімен растайды;
8) салық төлеушіге:
фискалдық жұмыс режимі белгіленген және салық органының пломбасы орнатылған бақылау-касса машинасын;
расталған қолма-қол ақша есебінің кітабы мен тауар чектерінің кітабын;
бақылау-касса машинасын дайындаушы зауыттың паспортын қайтарады.
7. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын есепке қойған кезде салық органының лауазымды адамы осы баптың 6-тармағының 1), 4) және 6) тармақшаларында көзделген іс-қимылдарды жүзеге асырады. Бұл ретте компьютерлік жүйеге фискалды режим белгілеу ақпаратты компьютерлік жүйенің фискалды деректеріне рұқсатсыз қол жеткізуден криптографиялық тұрғыдан қорғайтын құралдардың белсенді жұмыс істеуін білдіреді.
8. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы салық төлеушіге бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қою кезінде беріледі, бақылау-касса машинасының бүкіл пайдалану мерзімі бойына сақталады және салық органдарының талабы бойынша көрсетіледі.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының, тауар чегінің, фискалдық есеп-қисапты алу актісінің, қолма-қол ақша есебі кітабы мен тауар чектері кітабының нысандарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 647-бап жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
647-бап. Бақылау-касса машинасының тiркеу деректерiне өзгерістер енгізу
1. Бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасында көрсетiлген мәлiметтер өзгерген кезде, салық төлеушi бақылау-касса машинасын есепке қойған жерi бойынша салық органына өзгерістер туындаған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде:
1) өзгерген мәлiметтердi көрсете отырып, бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтiнiштi;
2) бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасын табыс етуге міндетті.
2. Тіркеу карточкасын ауыстыруды:
1) тіркеу карточкасы жоғалған (бүлінген) жағдайда - осы баптың 1-тармағында көзделген салықтық өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
2) тіркеу карточкасында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда - осы баптың 1-тармағында көзделген салықтық өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
3) тіркеу карточкасында сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда - осы баптың 1-тармағында көзделген салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасының есепке қойылған жерi бойынша салық органы жүргізеді.
Осы тармақшада көзделген жағдайда, салық төлеуші салықтық өтінішке мына құжаттардың бірін:
1) сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғын растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
2) сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғын растайтын құжаттың түпнұсқасын көрсеткен жағдайда - оның көшірмесін қоса береді.
Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын ауыстыру үшін салық органына табыс етілген салықтық өтінішке сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғын растайтын құжаттың көшірмесі, оны осындай салық органына ауыстыру не осы Кодекске сәйкес құжатқа сәйкестендіру нөмірін енгізу мақсатында басқа құжатқа қайта ресімдеу үшін табыс еткен жағдайда, қоса берілмейді.
3. Салық органының лауазымды адамы салық органында салықтық өтiнiштi қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде бақылау-касса машинасының өзгертілген тiркеу деректерi бар тiркеу карточкасын ресiмдейдi және салық төлеушiге бередi.
4. Бақылау-касса машинасының жаңа тіркеу карточкасы берілген кезде салық органы бұрын берген бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы салық төлеушінің бақылау-касса машинасының аталған тіркеу карточкасын жоғалту (бүлдіру) жағдайларын қоспағанда, салық органына қайтарылуға жатады.
648-бап. Салық органында бақылау-касса машинасын есептен шығару
1. Бақылау-касса машинасын есептен шығару мынадай жағдайларда:
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1) сауда операциялары қолма-қол ақша арқылы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысумен байланысты қызметті жүзеге асыру тоқтатылған;
2) бақылау-касса машинасын пайдаланатын жер немесе бақылау-касса машинасын сауда автоматында немесе қызмет көрсетуді төлеу терминалында пайдаланатын салық төлеушінің орналасқан жері өзгерген жағдайда, егер мұндай өзгеріс бақылау-касса машинасын басқа салық органында тіркеуді талап ететін;
3) техникалық ақауларына байланысты бақылау-касса машинасын одан әрі қолдану мүмкін болмаған;
4) бақылау-касса машинасын мемлекеттік тізілімнен шығарған;
5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жағдайларда жүргізіледі.
2. Компьютерлік жүйелерді қоспағанда, салық органында бақылау-касса машинасын есептен шығару үшін салық төлеуші салық органына бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішпен бір мезгілде:
1) салық органы орнатқан пломбасы бар бақылау-касса машинасын;
2) бақылау-касса машинасын дайындаушы зауыттың паспортын;
3) нөмірленген, тігілген, салық органы басшысының қолымен және мөрімен расталған қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын;
4) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын табыс етеді.
3. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын есептен шығару үшін салық төлеуші салық органына бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті, бақылау-касса машинасын тіркеу карточкасын табыс етеді және «Салық инспекторының жұмыс орны» модуліне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
4. Салық органының лауазымды адамы бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті салық органында тіркеу күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасын есептен шығарады, ол үшін:
1) фискалдық есепті алады;
2) камералдық бақылау жасайды және қолма-қол ақша есебі кітабының деректерін фискалдық есеп көрсеткіштерімен және тауар чектері кітабының деректерімен салыстырып тексеру жүргізеді;
3) қолма-қол ақша есебі кітабы мен тауар чектері кітабының жабылғаны туралы жазба жүргізеді;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)
3-1) бақылау-касса машинасының корпусынан салық органының пломбасын алып тастауды жүргiзедi;
4) салық төлеушіге:
бақылау-касса машинасын;
қолма-қол ақша есебінің кітабы мен тауар чектері кітабын;
бақылау-касса машинасының есептен шығарылғаны туралы белгі қоя отырып, тіркеу карточкасын қайтарады.
5. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машинасын есептен шығарған кезде салық органының лауазымды адамы фискалдық есепті алады және салық төлеушіге бақылау-касса машинасын есептен шығарғаны туралы белгі қоя отырып тіркеу карточкасын қайтарады.
649-бап. Фискалдық есепті алу және бақылау чегінің мазмұнына қойылатын талап
1. Фискалдық есепті салық органдары:
1) салықтық тексерулер жүргізген;
2) фискалдық жадының блогын ауыстырған;
3) бақылау-касса машинасы есептен шығарылған;
4) фискалды жадыға кіру паролін енгізуді талап ететін бақылау-касса машинасын жөндеу жүзеге асырылған;
5) қолма-қол ақша есебінің кітабы толығымен толтырылған;
6) қолма-қол ақша есебінің кітабы жоғалған (бүлінген) жағдайларда алады.
2. Фискалдық есепті алу үшін салық органына бақылау-касса машинасы және мынадай құжаттар:
1) нөмірленген, тігілген, салық органы басшысының қолымен және мөрімен расталған қолма-қол ақша есебінің және тауар чектерінің кітаптары;
2) соңғы фискалдық есеп алынған күннен бастап ауысымдық есептер табыс етіледі.
Фискалдық есепті алу кезінде деректері салық органдарының ақпараттық жүйесіне енгізілуге жататын фискалдық есепті алу актісі жасалады.
3. Компьютерлік жүйелерді қоспағанда, бақылау-касса машинасының бақылау чегі мынадай ақпараттарды:
1) салық төлеушінің атауын;
2) сәйкестендіру нөмірін;
3) бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін;
4) бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірін;
5) чектің реттік нөмірін;
6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жүргізілген күн мен оның уақытын;
7) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бағасын және (немесе) сатып алу сомасын;
8) фискалдық белгіні қамтуға тиіс.
Компьютерлік жүйелердің бақылау чегі (банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын компьютерлік жүйелерді қоспағанда) осы тармақтың 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қамтуға тиіс.
Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын компьютерлік жүйелердің бақылау чегінің нысаны мен мазмұнын уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Валюта айырбастау, металл сынықтарын, шыны ыдысты қабылдау орындарында, ломбардтарда қолданылатын бақылау-касса машиналарының бақылау чегі қосымша сату сомасы туралы және сатып алу сомасы туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
4. Бақылау чегі қосымша бақылау-касса машиналарын дайындаушы зауыттың техникалық құжаттамасында көзделген, соның ішінде қосылған құн салығы сомасы туралы деректерді қамтуы мүмкін.
650-бап. Бақылау-касса машинасын пайдалану
1. Салық төлеушінің жауапты тұлғасы бақылау-касса машинасын пайдаланған кезде:
1) бақылау-касса машинасын пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес тауар, жұмыстар, қызметтер көрсету құнын енгізу операциясын жүзеге асырады;
2) электр энергиясы болмаған немесе бақылау-касса машинасында ақаулар болған жағдайда тауарлық чек толтырады және береді;
3) қолма-қол ақша есебінің кітабын толтырады;
4) ауысым аяқталған кезде бақылау-касса машинасының моделін дайындаушының техникалық талаптарына сәйкес ауысымдық есепті алу
(Z-есеп) жолымен «ауысым соңы» рәсімін орындайды.
Ауысымдық есептер, қолма-қол ақша есебі және тауарлық чектер кітаптары, сондай-ақ олар бойынша жою және қайтару операциялары жүргізілген жою, қайтару чектері мен бақылау чектерін салық төлеуші оларға мөр қойылған немесе толық толтырылған күнінен бастап бес жыл бойы сақтауға тиіс.
Сауда автоматтарында пайдаланылатындарды қоспағанда, бақылау-касса машиналары үшін ауысым кезеңі жиырма төрт сағаттан аспауға тиіс.
Сауда автоматтарымен жарақтандырылған бақылау-касса машиналары үшін ауысым кезеңін салық төлеуші айқындайды, бұл ретте ол күнтізбелік бір айдан аспауға тиіс.
2. Қате енгізілген соманы жою немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшаларды қайтару операциялары бақылау чегінің түпнұсқасы және қолма-қол ақша есебі кітабында жүргізілген жазба болған кезде бақылау-касса машинасының моделін жасаушының техникалық талаптарына сәйкес жүргізіледі.
3. Қолма-қол ақша есебі кітабының деректері тиісті күнге ауысым есептерінің көрсеткіштеріне сәйкес келуге тиіс.
4. Кассаның ағымдағы жай-күйі туралы есептің көрсеткіштері қолма-қол ақша есебі кітабында көрсетілген тауарларды өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысы жоқ қолма-қол ақшаны қабылдау және беру сомасы ескеріле отырып, есепті алған кезде кассадағы қолма-қол ақшаның сомасына сәйкес келуге тиіс.