1. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы тұтыну кооперативiнiң қызметiне ағымдағы басшылық жасау мен оның iстерiн жүргiзудi жүзеге асырады және оның жалпы жиналысына есеп бередi.
Тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерi жарғыда белгiленген құрам мен мерзiмге сайланады және өз мiндеттерiн (өкiлеттiгiн) атқарудан жалпы жиналыстың шешiмiмен кез келген уақытта босатылуы мүмкiн.
2. Атқарушы органның жұмысы мен шешiмдер қабылдау тәртібі тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.
3. Осы Заңмен және кооператив жарғысымен белгiленген, жалпы жиналыстың құзыретiне жатпайтын тұтыну кооперативiнiң қызметiн қамтамасыз етудiң барлық мәселелерi атқарушы органның құзыретiне жатады.
Жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне жатпайтын, осы Заңның 19-бабының 4-тармағына сәйкес атқарушы органға берiлген өкiлеттiк те тұтыну кооперативi атқарушы органының құзыретiне жатады.
4. Тұтыну кооперативiнiң үшiншi тұлғалармен қатынастарында атқарушы органның өкiлеттiгiне өзi белгiлеген шектеулерге сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Алайда тұтыну кооперативi өзiнiң атқарушы органы үшiншi тұлғамен белгiленген шектеулердi бұза отырып жасаған мәмiлелерiнiң жарамдылығына, егер мәмiле жасалған кезде үшiншi тұлға мұндай шектеулердi бiлгенiн немесе алдын ала бiлуге тиiс екенiн дәлелдесе, дау айтуға құқылы.
5. Тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерiне:
1) жалпы жиналыстың келісімiнсiз тұтыну кооперативiмен мүлiктiк пайда табуға (сыйға тарту, қарыз алу, өтеусiз пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және басқаларын қоса алғанда) бағытталған мәмілелер жасасуға;
2) тұтыну кооперативiнiң үшiншi тұлғалармен жасасқан мәмiлелерi үшiн тұтыну кооперативінің өзінен де, үшіншi тұлғалардан да комиссиялық сыйақы алуға;
3) тұтыну кооперативiмен үшiншi тұлғалардың қатынастарында олардың атынан немесе мүдделерiн көздеп әрекет жасауға;
4) тұтыну кооперативiнiң осы қызметiмен бәсекелесетiн кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салынады.
6. Осы баптың 5-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы мүшелерiнiң жақын туыстары мен жекжаттарына да қолданылады.
21-бап. Тұтыну кооперативiнiң қадағалау кеңесi
1. Егер бұл тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделсе, оның мүшелерi тарапынан тұтыну кооперативi атқарушы органының қызметiн бақылау мақсатында тұтыну кооперативiнiң қадағалау кеңесi құрылуы мүмкiн. Қадағалау кеңесiнiң өкiлеттiктерi жарғыда айқындалады.
2. Тұтыну кооперативiнiң қадағалау кеңесi оның кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы сайлайтын мүшелерiнен тұрады. Қадағалау кеңесi мүшелерiнiң саны мен олардың шешiмдер қабылдау тәртібі тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.
3. Қадағалау кеңесiнiң мүшесi бiр мезгiлде тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшесi не тұтыну кооперативiнiң төрағасы бола алмайды.
22-бап. Тұтыну кооперативінің тексеру комиссиясы (ревизоры)
1. Тұтыну кооперативiнiң қаржы-шаруашылық қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн, егер жарғыда өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативi мүшелерiнiң iшiнен тексеру комиссиясы (ревизор) құрылуға тиiс.
Тексеру комиссиясының мiндеттерiн орындау ревизор ретiнде тұтыну кооперативi мүшелерiнiң бiрiне тапсырылуы мүмкiн.
2. Тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясын немесе ревизорын жарғыда белгiленген мерзiмге жалпы жиналыс сайлайды.
3. Тұтыну кооперативi атқарушы органы мүшелерiнiң тексеру комиссиясының мүшесi (ревизор) болуына болмайды.
4. Тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясы (ревизор) жалпы жиналысқа есеп бередi.
5. Тексеру комиссиясы (ревизор) тұтыну кооперативiнiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзуге құқылы. Тексеру комиссиясының (ревизордың) осы мақсат үшiн тұтыну кооперативінің барлық құжаттамасын кез келген уақытта сөзсiз пайдалануға құқығы бар. Тексеру комиссиясының (ревизордың) талап етуi бойынша атқарушы орган ауызша немесе жазбаша түрде қажеттi түсiнiк беруге мiндеттi.
6. Тексеру комиссиясы (ревизор) тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есебi жалпы жиналыста бекітілгенге дейiн оған мiндеттi түрде тексеру жүргiзедi. Жалпы жиналыстың тексеру комиссиясының (ревизордың) қорытындысынсыз жылдық қаржылық есептi бекітуге құқығы жоқ.
7. Тексеру комиссиясының (ревизордың) жұмыс тәртібі жарғыда, сондай-ақ тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттейтiн ережелер мен өзге де құжаттарда белгiленедi.
23-бап. Тұтыну кооперативiнiң аудитi
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есебiн, сондай-ақ оның ағымдағы iсiнiң жай-күйiн тексеру және олардың дұрыстығын растау үшiн тұтыну кооперативi өзiнiң жарғысында көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша тұтыну кооперативiмен, оның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының мүшелерiмен немесе тұтыну кооперативiнiң мүшелерiмен байланысты емес аудиторлық ұйымды тартуға құқылы.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi кооперативтiк қаржы есебiне өз есебiнен аудит жүргiзудi талап етуге құқылы.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Егер кооперативтiң қаржы есебiне аудит жүргiзу мiндеттi болған не оның жүргiзiлуiн кооператив мүшесi талап еткен кезде тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы аудит жүргізуден жалтарса, аудит мүдделi тұлғаның не кооператив мүшесiнiң арызы бойынша сот қабылдаған шешiммен тағайындалуы мүмкiн.
24-бап. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерi мен iс-әрекетiне шағымдану
Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерi мен iс-әрекетiне жалпы жиналысқа немесе сот тәртібімен шағымдана алады.
Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы басшысының шешiмдерi мен iс-әрекетiне тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына немесе сотқа шағымдануға болады.
5-тарау. Тұтыну кооперативінің мүлкі
25-бап. Тұтыну кооперативiнiң мүлкi, оны қалыптастыру көздерi
1. Тұтыну кооперативiнiң балансында тұрған мүлiктiң меншiк иесi заңды тұлға ретіндегі тұтыну кооперативi болып табылады.
Тұтыну кооперативiнiң мүлкi оның мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру арқылы жасалады.
Мүлiктiк (пайлық) және қосымша жарналарды қоспағанда, тұтыну кооперативiнiң кәсiпкерлiк қызметтен алатын кiрiстерi мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастырудың көздерi болып табылады.
2. Тұтыну кооперативi алған табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жiберiледi.
3. Тұтыну кооперативiнiң меншiгіндегі мүлiкке билiк ету жалпы жиналыстың шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
26-бап. Мүлiктiк (пайлық) жарна
1. Мүлiктiк (пайлық) жарна ақшалай, бағалы қағаздармен, заттармен, мүліктік құқықтармен, соның ішінде жерпайдалану құқығымен және интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне құқықпен және өзге де мүлiкпен енгiзiлуi мүмкiн. Жарнаны жеке мүлiктiк құқықтар және өзге де материалдық емес игiлiктер түрiнде енгізуге жол берiлмейдi.
2. Заттай нысанда немесе мүлiктiк құқық түрiнде жасалатын жарналар тұтыну кооперативiнiң барлық мүшелерiнiң келісімi бойынша немесе тұтыну кооперативi жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақша түрiнде бағаланады.
3. Тұтыну кооперативiне мүлiктi салым ретiнде пайдалану құқығы берілген жағдайларда бұл салымның мөлшері пайдаланғаны үшін тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы белгiлеген бүкiл мерзiмге есептелiп төленетiн ақымен белгiленедi.
Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының келісімiнсiз пайдалану құқығы мүлiктiк (пайлық) салым болып табылатын мүлiктi мерзiмiнен бұрын алып қоюға жол берiлмейдi.
Егер жарғыда өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативiнiң пайдалануына берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылып кету немесе кездейсоқ бұзылу қаупi мүлiк иесiне жүктеледi.
4. Мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгізу мерзiмi тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.
27-бап. Тұтыну кооперативiнiң қорлары
1. Тұтыну кооперативi өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:
1) мүліктік (пайлық);
2) тұтыну кооперативiн дамыту;
3) резервтiк;
4) тұтыну кооперативi мүшелерiн ынталандыру және әлеуметтiк қолдау;
5) жарғысына сәйкес өзге де қорлар құруға құқылы.
2. Мүлiктiк (пайлық) қор тұтыну кооперативi мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарынан тұрады және тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылады.
3. Тұтыну кооперативi алған табыстар және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер басқа қорларды қалыптастыру көзi болып табылады.
4. Тұтыну кооперативiнiң қорларын қалыптастыру мен пайдалану тәртібін, олардың қайта бөлiнуiн тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы белгiлейдi.
28-бап. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң мүлiктегi үлесi
1. Тұтыну кооперативiнiң барлық мүшелерiнiң тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі (мүлiк құнындағы) үлесi олардың тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі салымына бара-бар анықталады.
2. Тұтыну кооперативiнiң жарғысы немесе жалпы жиналыс олардың әрқайсысының мүлiктi құруға және көбейтуге қосқан үлесiне қарай олардың үлесiн анықтау және өзгерту тәртібін белгiлеуi мүмкiн.
3. Тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi өзiнiң қалауына қарай өз үлесін сатуға, сыйға беруге, мұраға қалдыруға, кепiлге салуға не осы Заңда және жарғыда көзделген талаптарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
4. Мүлiктегi өз үлесiмен қандай да бiр операциялар жасау алдында тұтыну кооперативiнiң мүшесi тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мерзiмде атқарушы органға ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп берудi талап етiп арыз беруге мiндеттi.
29-бап. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң мүлiктегі өз үлесiне билiк етуi
1. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң тұтыну кооперативi мүлкіндегі үлесi мүлiктiк (пайлық) жарнаны толық төлегенге дейiн жарна төленiп қойған бөлiгiнде ғана иелiктен алынуы немесе кепiлге салынуы мүмкiн.
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз таңдауы бойынша тұтыну кооперативiнiң бiр немесе бiрнеше мүшесiне сатуға немесе өзге де әдiспен беруге құқылы. Дәл солайша тұтыну кооперативiнiң мүшесi басқа мүше алдындағы өз мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн кепiлге салуға құқылы. Бұл мәмiлелердi жасауға тұтыну кооперативiнiң келісімi немесе тұтыну кооперативiнiң басқа да мүшелерiнiң келісімi талап етiлмейдi.
3. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi тұлғаға беруiне немесе тұтыну кооперативi мүшесiнiң үшiншi тұлға алдындағы мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн (үлестiң бiр бөлiгiн) кепiлге салуына жол берiледi.
4. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында үлестi үшiншi тұлғаға сату белгiлi бiр талаптарды орындағанда ғана жол берiлетiн болып көзделуi мүмкiн.
30-бап. Иелiктен алынатын үлестi сатып алуға басымдық берiлетiн құқық
1. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн немесе тұтыну кооперативi мүшелерi бiреуiнiң үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн сатқан жағдайда оны сатып алуға тұтыну кооперативiнiң мүшесi үшiншi тұлғаларға қарағанда басым құқықты пайдаланады. Мұндай құқықты тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi пайдалана алады. Егер сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келетiн тұтыну кооперативiнiң бiрнеше мүшелерi болса және жарғыда немесе тұтыну кооперативі мүшелерiнiң өзге де келісімiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлігін) сатып алудың басым құқығын тұтыну кооперативiнің мүшелері тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiнiң мөлшерiне қарай жүзеге асырады.
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесiнен үлесiн сатуға ұсынуы туралы хабарлама алған кезден бастап жетi күн iшiнде атқарушы орган бұл туралы тұтыну кооперативiнiң барлық мүшелерiне хабарлайды. Тұтыну кооперативiнiң сатып алудың басым құқығын жүзеге асырғысы келетiн мүшесi жетi күн мерзiмде бұл туралы атқарушы органға хабарлап, бұл орайда сатуға ұсынылып отырған үлестi толық немесе оның белгiлi бiр бөлiгiн сатып алғысы келетiнiн көрсетуге тиiс.
3. Егер түскен ұсыныстардың жиынтық көлемi сатылатын үлестiң мөлшерiнен аспаса, тұтыну кооперативi мүшелерiнiң әрқайсысы оның өз хабарламасында көрсеткен бөлiгiн сатып алады. Үлестiң қалған бөлiгi, егер бұлайша иелiктен айыруға дейiн тұтыну кооперативiнiң мүшелерiнен қосымша ұсыныстар келiп түспесе, үшiншi тұлғаға иелiктен алынып берілуi мүмкiн.
4. Үлес немесе оның бiр бөлiгi сатып алудың басым құқығын бұза отырып сатылған жағдайда тұтыну кооперативiнiң кез келген мүшесi үш ай iшiнде сот тәртібімен осы құқық бұзушылыққа шағымдана алады.
5. Иелiктен алынатын үлестi сатып алудың басым құқығы үлестi сатудың кез келген әдiсi жағдайында, оның iшiнде сауда-саттықта жүзеге асырылады.
6. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқаға беруге жол берiлмейдi.
7. Иелiктен алынатын үлестi немесе оның бiр бөлiгiн тұтыну кооперативiнiң мүшесi (мүшелерi) сатып алған жағдайда оның кооператив мүлкіндегі үлесi көбейедi.
8. Осы баптың ережелерi үлестi айырбас шарты бойынша иелiктен алу кезiнде де қолданылады.
9. Үлестi немесе оның бiр бөлiгiн үшiншi тұлғаға сату кезiнде тұтыну кооперативiнiң мүшелерi оны сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келмеген жағдайда сатып алудың басым құқығын тұтыну кооперативiнiң өзi пайдалана алады.
31-бап. Басқа мүшелердiң үлестi сатып алудан бас тартқан кезiнде тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн сату
1. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында тұтыну кооперативi мүшесiнiң өз үлесін үшінші тұлғаларға сатуына тыйым салу немесе оны шектеу көзделуі мүмкiн.
2. Yлестi сатуды сатушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салу немесе шектеулер сақтала отырып жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда тұтыну кооперативiнiң үлесiн сатқысы келетiн мүшесi осы үлестi сатып алуды немесе оны үшiншi тұлғаға сатуға рұқсат берудi талап етiп, тұтыну кооперативiне жүгiнуге құқылы.
Осы нұсқалардың бiрiн таңдауды тұтыну кооперативi мүшелерiнiң жалпы жиналысы жүргiзедi.
3. Тұтыну кооперативi үлестi сатып алған кезде үлестiң бағасы тараптардың келісімiмен, ал келісімге келе алмаған жағдайда сот арқылы белгiленедi.
4. Тұтыну кооперативi үлестi үшiншi тұлғаға сатуға келiскен жағдайда тұтыну кооперативiнiң мүшелерi үлестi сатып алуға басым құқығын сақтап қалады.
32-бап. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн тұтыну кооперативi сатып алуының салдары
1. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң үлесiн тұтыну кооперативi сатып алғаннан кейiн тұтыну кооперативi тұтыну кооперативiнiң басқа мүшелерiне осы үлестi жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген баға бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi.
2. Yлестi сатып алуға тұтыну кооперативiнiң бiрнеше мүшесi ниет бiлдiрген жағдайда үлес олардың арасында тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлестерiне бара-бар мөлшерде бөлiнедi.
Тұтыну кооперативiнiң мүшесi сатып алған үлес мөлшерi осы мүшеге сатып алғанға дейiнгi тиесiлi үлес мөлшерiне қосылады. Бұл орайда тұтыну кооперативiнiң бiр мүшесiне тиесiлi болуы ықтимал үлес мөлшерiнiң шектелу мүмкiндiгi сақталады.
3. Тұтыну кооперативi жалпы жиналыстың шешiмiмен тұтыну кооперативі атынан сатып алынған үлесті үшінші тұлғаға сатуға құқылы.
33-бап. Тұтыну кооперативiнен шығарылуға тиiстi тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн бөлiп беру
1. Тұтыну кооперативінен шығарылуға тиісті тұтыну кооперативі мүшесiнiң үлесiн бөлiп беру жалпы жиналыстың шешiмi бойынша жүргiзiледi.
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi тұтыну кооперативiне немесе оның мүшелерiне қасақана зиян келтiрген жағдайда олар зиян келтiрушiден бөлiнген үлесi есебiнен келтiрiлген зиянның толтыруды талап етуге құқылы.
3. Егер тараптар орны толтырылатын зиянның және тұтыну кооперативiнiң шығарылуға тиiстi мүшесiне бөлiнетiн үлестiң мөлшерi туралы келісімге келе алмаса, дау сот тәртібімен шешiледi.
34-бап. Тұтыну кооперативi мен оның мүшелерiнiң мүліктiк жауапкершiлiгi
1. Тұтыну кооперативi өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi және тұтыну кооперативi мүшелерiнiң басқа мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi қордаланып қалған залалды жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейiн қосымша жарналар арқылы үш ай iшiнде жабуға мiндеттi.
3. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң тұтыну кооперативiнiң мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен белгiленедi.
6-тарау. Тұтыну кооперативін қайта ұйымдастыру
және тарату
35-бап. Тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру
1. Тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару) жалпы жиналыстың шешiмi бойынша ерiктi түрде жүзеге асырылуы мүмкiн. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң құрамын үлестен айыру немесе өзге де өзгерту тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру болып табылмайды.
2. 3аң актілерінде белгiленген жағдайларда тұтыну кооперативiн оны бөлу немесе оның құрамынан бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативiн бөлiп шығару нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру сот шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
3. Тұтыну кооперативiн заңды тұлғалардың басқа түрлерi мен нысандарында қайта құруға болмайды.
36-бап. Тұтыну кооперативтерiнiң қосылуы, бiрiгуi
1. Екi немесе бiрнеше тұтыну кооперативiнiң қосылуы олардың мүлкiн толық бiрiктiру жолымен жүзеге асырылады. Қосылу нәтижесінде жаңа тұтыну кооперативi пайда болады, ал қосылған тұтыну кооперативтерi өз қызметiн тоқтатады. Бұл орайда тұтыну кооперативтерiнiң қосылуына әрбiр қатысушының барлық құқықтары мен мiндеттерi өткізу актiсiне сәйкес жаңадан пайда болған тұтыну кооперативiне ауысады.
2. Бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативiнiң басқа тұтыну кооперативiне бiрiгуi бiрiгетiн тұтыну кооперативi мүлкiнiң бiрiктiрушi тұтыну кооперативтерiнiң мүлкiне енгiзiлуi жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бiрiгетiн кооперативтер өз қызметiн тоқтатады, ал олардың барлық құқықтары мен мiндеттерi өткізу актiсiне сәйкес бiрiктiрушi тұтыну кооперативiне ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгiзiледi.
3. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы тұтыну кооперативтерiнiң атқарушы органдары қосылу, бiрiгу туралы шарттың жобасын әзiрлейдi және әрбiр тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының қарауына қосылу, бiрiгу жөніндегі және қосылу, бiрiгу туралы шартты бекіту жөніндегі мәселелердi енгiзедi.
Қосылу, бiрiгу туралы шарттың келісілген мәтiнiне тұтыну кооперативiнiң атқарушы органдары уәкiлдiк берген адамдар қол қояды.
Қосылу, бiрiгу туралы шартта қосылуға, бiрiгуге қатысушы әрбiр тұтыну кооперативтерiнiң фирмалық атауы орналасқан жерi мен мекен-жайы туралы мәлiметтер, олардың баланстарының негiзгi деректерi болуға, сондай-ақ қосылудың, бiрiгудiң тәртібі мен талаптары көзделуге тиiс.
4. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы тұтыну кооперативiнiң әрқайсысы жалпы жиналыс қосылу, бiрiгу туралы шешiм қабылдаған күннен бастап екi ай мерзiмде өздерiнiң барлық кредиторларына қосылу, бiрiгу туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) осы баптың 3-тармағында аталған қосылуға, бiрiгуге қатысатын басқа да тұтыну кооперативтерi туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.
Тұтыну кооперативiнiң кредиторлары хабарлама алынғаннан немесе хабарландыру жарияланғаннан кейiн екi ай мерзiмде тұтыну кооперативiнен не жұмысын мерзiмiнен бұрын тоқтатуына немесе тұтыну кооперативiнiң тиiстi мiндеттемелерiн орындауына және шығындардың орны толтырылуына қосымша кепілдіктер талап етуге құқылы. Талаптар тұтыну кооперативіне жазбаша нысанда жiберiледi.
5. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы тұтыну кооперативiнiң әрқайсысы жалпы жиналыстың қосылу, бiрiгу туралы шешiмi қабылданған кезден бастап, бұл шешiм туралы кредиторларға шешiм қабылданғаннан кейiн туындайтын мiндеттемелер жөнiнде хабарлауға мiндеттi.
Тұтыну кооперативтерiнiң қосылу, бiрігу туралы шарты негiзiнде қосылушы, бiрiгушi тұтыну кооперативтерiнiң мүшелерi жалпы жиналыста жаңадан құрылатын тұтыну кооперативiнiң жарғысын қабылдайды және атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлайды.
37-бап. Тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару
1. Тұтыну кооперативiн бөлу осы тұтыну кооперативiнiң мүлкiн пайда болатын екi немесе бiрнеше тұтыну кооперативтерiнiң арасында бөлу жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлiнетiн тұтыну кооперативiнiң құқықтары мен мiндеттерi бөлiну балансына сәйкес жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiне ауысады.
2. Тұтыну кооперативiнен бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативтерiн бөлiп шығару тұтыну кооперативi мүлкiнiң бiр бөлiгiн бөлiп беру және оны жаңадан пайда болатын бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативiне беру жолымен жүзеге асырылады.
Бұл орайда қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң құқықтары мен мiндеттерiнiң бiр бөлiгi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативiне ауысады.
3. Қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң бөлiну, бөлiнiп шығу жоспары мен жарғыларының жобаларын әзiрлейдi және тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару, жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң бөлiну, бөлiнiп шығу жоспарын, жарғыларын және бөлiну балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелердi жалпы жиналыстың қарауына енгiзедi.
4. Егер тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөлiп шығару кезiнде тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң әрқайсысындағы тұтыну кооперативi мүлкіндегі қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiне тең үлесiн алуға не жаңадан пайда болған тұтыну кооперативтерi бiрiнiң мүлкiнен бiрыңғай үлес алуға құқылы.
5. Жалпы жиналыс бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылдаған кезден бастап, тұтыну кооперативi осы шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындайтын мiндеттемелер жөнiнде кредиторларға хабарлауға мiндеттi.
6. Тұтыну кооперативi жалпы жиналыс бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылданған күннен бастап екi ай мерзiмде өзiнiң барлық кредиторларына бөлу, бөлiп шығару туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын әрбiр тұтыну кооперативiнiң атауы, орналасқан жерi және мекен-жайы туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.
7. Қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң кредиторлары хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екi ай мерзiмде тұтыну кооперативiнен жұмысын мерзiмiнен бұрын тоқтатуын немесе тиiстi мiндеттемесiн орындауын және шығынның орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талап тұтыну кооперативiне жазбаша нысанда жiберiледi.
8. Тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде пайда болған тұтыну кооперативтерi жаңа тұтыну кооперативтерi тiркелген кезден бастап бiр жыл iшiнде оның мiндеттемелерi бойынша бiрлесiп жауапты болады.
38-бап. Тұтыну кооперативiн мәжбүрлеп бөлу, бөлiп шығару туралы сот шешiмiн орындамаудың зардаптары
1. Егер тұтыну кооперативiнiң мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезiнде сот шешiмi бойынша бөлудi, бөлiп шығаруды жүргiзуге уәкiлеттi атқарушы органы бөлудi, бөлiп шығаруды сот шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот тұтыну кооперативiнiң мүлкiне сенiмгерлiк басқарушы тағайындайды және оған қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң бөлiнуiн, бөлiнiп шығарылуын соның мүлкi есебiнен жүзеге асыруды тапсырады.
2. Сенiмгерлiк басқарушы тағайындалған кезден бастап тұтыну кооперативiн басқару жөніндегі өкiлеттiк соған ауысады, тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдары өз қызметiн тоқтатады.
3. Сенiмгерлiк басқарушы сотта тұтыну кооперативiнiң атынан өкiл болады, бөлу балансын жасайды және оны тұтыну кооперативтерiнiң бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекітуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекітуi жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiн мемлекеттік тiркеу үшiн негiздеме болып табылады.
39-бап. Тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу
1. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеу заңды тұлғаларды тiркеу туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.