09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Өзге дәлелдер болмаған жағдайда туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы деп саналады.
3. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Егер өзiн жарияланбаған туынды қолжазбасының авторымын деп санайтын жеке тұлға оны басқалардың заңсыз пайдалануына немесе иемденiп кетуiне жол бермеу үшiн сақтауға өткiзудi қажет деп тапқан жағдайларда уәкiлдiк берiлген орган қолжазбаны қабылдап алуға мiндеттi, ол туралы қолжазбаны өткiзген адамға оның түскен мерзiмi туралы анықтама берiледi.
Қолжазбаларды тапсыру, қабылдау және сақтау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуді (бұдан әрі - мемлекеттік тіркеу) уәкілетті орган автордың (авторлардың) немесе құқық иеленушінің өтінішін алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Мемлекеттік тіркеу автордың (авторлардың) өтініші негізінде немесе құқық иеленушінің өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды тіркеуге берілетін өтініштің нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
2. Мемлекеттік тіркеуге берілетін өтініште автордың (авторлардың) деректері, өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты толығымен, тұратын жері, байланыс телефондары, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетіледі.
Егер өтінішті құқық иеленуші берсе, онда оның заңды мекенжайы көрсетіледі.
Егер туынды төл туындыдан жасалса, пайдаланылған туынды авторының (авторларының) тегін, атын, әкесінің атын көрсету қажет.
3. Әдеби, ғылыми, драмалық, сценарийлік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының бір данасы;
3) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
4. Мәтіні бар немесе мәтіні жоқ музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының жазбасы бар жеткізгіш, мәтін, партитура немесе клавира түріндегі ноталар;
3) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
Бөлек тең авторлықпен шығарылған музыкалық туындыларға құқықтар тең авторлық құқықтары сақталған жағдайда бөлек те, бірлескен түрде де тіркелуі мүмкін.
5. Хореография, пантомима туындыларына, дыбыстау-бейнелеу туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының жазбасы бар жеткізгіш;
3) туындының сипаттамасы;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
6. Сәулет, қала құрылысы, бақша-парк өнері туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) эскиздер, сызбалар, суреттер;
3) туындының толық сипаттамасы;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
7. Сурет өнері, мүсін, графика, бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының бір данасы немесе туындының фотосурет түріндегі бейнеленуі;
3) туындының толық сипаттамасы;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
8. Фотосурет туындыларына және фотосурет сияқты тәсілдермен алынған туындыларға, сондай-ақ географияға, топографияға және басқа да ғылымдарға жататын карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрацияларға және үш өлшемдік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) туындының бір данасы;
3) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
9. ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламаларға құқықтарды тіркеу кезінде мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2) ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламасы және бастапқы коды (бастапқы мәтіні) бар жеткізгіш (дискета немесе басқа да электрондық жеткізгіштер);
3) ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламаның атауын, өтініш берушінің атауын (тегін, атын, әкесінің атын), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын ЭЕМ-ге немесе дерекқорларға арналған бағдарламаның рефераты;
4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мемлекеттік тіркеу үшін алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы ұсынылады.
Құрамында ЭЕМ-ге арналған бірнеше бағдарламалар болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар (бағдарламалық кешендер) тұтастай тіркеуге жатады.
10. Бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсетілетін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсетілетін қызметтерінен) айыруға қызмет ететін (арналған) туындылар авторлық құқық объектілері ретінде тіркелмейді.
11. Жұмыс берушінің қызметтік міндеттерін немесе қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен шығарылған қызметтік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде тіркеу үшін ұсынылатын құжаттардан басқа, еңбек шартының көшірмесін, автор мен жұмыс берушінің арасында қызметтік туындыны пайдалануға мүліктік құқықтардың тиесілігі туралы қосымша шарт жасалған жағдайда, осындай шарттың көшірмесін, сондай-ақ, егер жұмыс беруші ұйым болса, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.
Егер туындыға құқықтардың құқық иеленушісі заңды тұлға болса, тіркеу үшін ұсынылатын құжаттардан басқа, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.
12. Құрамдас немесе төл туындыдан жасалған туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде төл туындының авторымен (авторларымен) немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі ұсынылады.
13. Автор (авторлар) немесе құқық иеленуші тіркеуге ұсынылатын материалдарды нөмірлеуге, тігуге және оларға қол қоюға тиіс.
14. Ұсынылған құжаттардың толықтығын және оларды ресімдеудің дұрыстығын тексеру он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда уәкілетті орган көрсетілген мерзімдерде, ұсынылған материалдарды қайтара отырып, жазбаша, толық дәйектелген түрде қараудан бас тартуды береді.
Автор (авторлар) немесе құқық иеленуші уәкілетті органның ескертпелерін жойғаннан кейін мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен қайта жүгінуге құқылы.
15. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру үшін уәкілетті органға ұсынылатын туындылар олардың жеткізгіштерде объективті нысанда болуын тексеру үшін қарап көруге жатады.
16. Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беру авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеудің расталуы болып табылады. Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
17. Автордың (авторлардың) немесе құқық иеленушінің өтініші бойынша уәкілетті орган мемлекеттік тіркеу туралы куәлік жоғалған немесе бүлінген жағдайда он жұмыс күні ішінде оның телнұсқасын береді.
18. Авторлық құқыпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ оларды қайта тіркеу, авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтардың тіркелуін куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.
10-бап. Тең авторлар
1. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады;
Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.
Егер тең авторлар арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
2. Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келісім арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 10-бап 3-тармақпен толықтырылды
3. Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келісіммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген шараларды қолдануға құқылы.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 11-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11-бап. Құрамдас туындыларға авторлық құқық
1. Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.
Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады. Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.
Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.
2. Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.
Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 12-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12-бап. Туынды шығармаларға авторлық құқық
1. Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.
Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.
2. Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.
13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық
1. Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары):
1) сценарий авторы;
2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер);
3) қоюшы-режиссер;
4) қоюшы-оператор;
5) қоюшы суретшi болып табылады.
Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.
Дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыc-бейнежазу туындысы данасының прокатқа (жалға) берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.
4. Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.
14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық
1. Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртібі бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.
2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады.
3. Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
4. 2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртібімен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды (осы Заңның 11-бабының 2-тармағы) жасауға бұл баптың ережелерi қолданылмайды.
15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар
1. Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:
1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);
2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);
3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғуға жол бермеу, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың ар-ожданына яки беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).
2. Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.
Қызметтiк туындыларды жасаған кезде бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.
3. Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөніндегі айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.
4. Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.
5. Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
16-бап. Мүлiктiк құқықтар
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.
2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:
1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде операциялар жасауына (тарату құқығы);
3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
9) туындыны аудару (аудару құқығы);
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);
2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы);
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.
3. Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келісімiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.
Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:
1) ноталық мәтiн түріндегі музыкалық туындының;
2) фонограммаға түсiрiлген туындының;
3) дыбыс-бейнежазу туындысының;
4) деректер базасының;
5) ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.
4. Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртібі авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға зиян келтiрмей, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18-26-баптарымен белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 16-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары
Туындының сипатына немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және телевизияда орындауға, туындыны механикалық, магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, туындыны автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.
17-бап. Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы
1. Бейнелеу өнерi шығармасының авторы туындының меншiк иесiнен өз туындысының көшiрмесiн жасау құқығын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруiн талап етуге құқылы (қол жеткiзу құқығы). Бұл орайда туындыны меншiк иесiнен туындыны авторға жеткiзiп берудi талап етуге болмайды.
2. Бейнелеу өнерi туындысының түпнұсқасын жария түрде (аукцион, бейнелеу өнерiнiң галереясы, көркемдiк салоны, дүкен және сол сияқтылар арқылы) қайталап сатқан әрбiр жағдайда мұндай бейнелеу өнерi туындысын меншiктену құқығынан бiрiншi рет айырылғаннан кейiн автордың немесе оның мұрагерлерiнiң сатушыдан қайталап сату бағасының бес процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар (қадағалау құқығы). Авторды тiрi кезiнде аталған құқықтан айыруға болмайды және ол заң бойынша немесе қалдырған өсиетi бойынша авторлық құқық мерзiмiнде тек қана автордың мұрагерлерiне көшедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Бейнелеу өнерi туындысына меншiк құқығының автордан басқа тұлғаға ауысуы (өтеулi немесе өтеусiз) осы туындының бiрiншi рет иелiктен айырылуын бiлдiреді.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 18-бап өзгертілді
18-бап. Туындыны жеке мақсатта автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келісімiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу
09.07.04 ж. № 586-II ҚР (бұр. ред. қара); 2005.22.11. № 90-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 1-тармақ өзгертілді
1. Заңды түрде жарияланған туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келісімiнсiз және авторлық сыйақы төлемей жеке тұлғаның тек өз мақсаты үшiн және табыс алмай, осы Заңның 26-бабында көзделген реттердi қоспағанда, жалғыз дана етiп көшiрмелеуiне жол берiледi.