Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 9, 65-құжат; № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122, 134-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 48-құжат; № 24, 146, 148-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 6, 45-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92-құжат; № 15, 97-құжат):
26-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін адамға, егер мемлекеттік қызметті тоқтатар алдындағы соңғы бір жылда мемлекеттік функцияларды орындау кезеңінде аталған адам өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коммерциялық ұйымның қызметін тексеру нысанында бақылауды тікелей жүзеге асырған болса не осы коммерциялық ұйымның қызметі аталған адаммен оның құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болған болса, мемлекеттік ұйымдарды және жарғылық капиталындағы мемлекеттiң үлесi елу пайыздан көп, оның iшiнде акционерi мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы өздеріне тиесiлi олардың еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы аталған еншiлес ұйымдарға тиесiлi заңды тұлғаларда болатын ұйымдарды қоспағанда, бір жыл бойы коммерциялық ұйымға жұмысқа орналасуға жол берілмейді.».
2. «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 773-құжат; 2001 ж., № 13-14, 170-құжат; 2003 ж., № 4, 24-құжат; № 18, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 61-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2009 ж., № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 5, 36-құжат; № 13, 91-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «А» корпусы - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеудің және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
2) ауысу - мемлекеттік қызметшіні атқарып жүрген қызметінен бір мезгілде босата отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау рәсімі;
3) «Б» корпусы - «А» корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
4) бiлiктiлiк талаптары - мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға олардың кәсiптiк даярлық деңгейiн, біліктілігін және нақты мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға сай келуiн айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
5) лауазымды адам - билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
6) лауазымдық өкiлеттiктер - мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген құқықтар мен мiндеттер;
7) мансаптық жоспарлау - «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің лауазымдық ауыстырылуы және кәсіби дамуы кезеңдерін айқындауға бағдарланған процесс;
8) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi - осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органда кәсіби қызметін тұрақты негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
9) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты - тиісті біліктілік талаптары бар мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
10) мемлекеттiк қызмет - мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы қызметi;
11) мемлекеттік қызметтің кадр резерві - бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылған жүйеленген тізімі;
12) мемлекеттiк қызметшi - мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
13) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы - мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда, мемлекеттік органдардың актілерінде белгiленген және жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларға негізделген мінез-құлық қағидалары;
14) мемлекеттiк лауазым - мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер және лауазымдық мiндеттер аясы жүктелген құрылымдық бiрлiгi;
15) мемлекеттiк саяси қызметшi - тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауапты болатын мемлекеттiк қызметшi;
16) мүдделер қақтығысы - мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше атқармауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық;
17) ротация - осы Заңға сәйкес мансаптық жоспарлау шеңберінде «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін олардың келісімімен лауазымдық ауыстырулар;
18) тағылымдама - мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы;
19) тәлімгер - мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған адамға бекітілген, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
20) уақытша бос мемлекеттік лауазым - аталған лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік демалыста болуына, сондай-ақ ауыруы салдарынан, егер ауру Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімін белгілеуі мүмкін ауру түрлерінің тізбесіне енген болса, оның жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым.»;
2) 5-баптың 1-тармағында:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi республикалық дерекқорды, оның ішінде автоматтандырылған бірыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйені) қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің кадр құрамы жай-күйінің және мемлекеттік лауазымдардың мониторингін жүргізу;»;
мынадай мазмұндағы 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) мемлекеттiк әкiмшілiк қызметтің кадр резервін қалыптастыру;
4-2) мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын айқындау, сондай-ақ тестілеуді ұйымдастыру;»;
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін, сондай-ақ актілерді әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсыну;»;
мынадай мазмұндағы 9-1) және 10-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«9-1) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;»;
«10-3) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісе отырып, мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені бекіту;»;
3) 6 және 7-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«6-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)
1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын орындауы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
2) тәртіптік, аттестаттау, конкурстық және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;
3) аттестаттауды және конкурстық іріктеуді жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді қызмет бойынша жоғарылату, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметінен босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
4) кадрларды іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдейді;
5) мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасын, тәлімгерлігін, қызметін бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу түрлерін және оларды қолдану тәртібін әзірлейді;
7) мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді есепке алуды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.
3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарын сыныптау
1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының құрамына мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси және әкiмшiлiк лауазымдары кіредi.
2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін лауазымдар санаттары белгіленеді. Мемлекеттік саяси қызметшілер үшін лауазымдар санаттары белгіленбейді.»;
4) 8-бапта:
мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
«8-1) мемлекеттік орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға немесе тағылымдамаға жіберген жағдайда жұмыс орнының (лауазымының) сақталуына;»;
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«10) бiлiктiлiгi, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, қызметi бойынша жоғарылауға;»;
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
«11-1) өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;»;
5) 9-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде бейтарап және саяси партиялардың, діни және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болуға;»;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) қызмет этикасы нормаларын сақтауға;»;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi тек қызметтiк мақсатта пайдалануға;»;
13) тармақшадағы «арттыруға міндетті.» деген сөздер «арттыруға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
«14) оқуды аяқтағаннан кейін өздерін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға жіберген мемлекеттік органда, сондай-ақ мемлекеттік қызметте тікелей жұмысты өтеуге мiндеттi. Оқу және жұмысты өтеу мерзімдері уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде айқындалады.»;
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттiк органның басшысы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де адамдар бекiтедi.»;
6) 10-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік қызметші қызметке кіріскеннен кейін бір ай ішінде, осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзінің меншігіндегі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шартты нотариат куәландыруға тиіс. Мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынады. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.»;
4-тармақта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адамды қабылдауға болмайды. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған адам мемлекеттік қызметке жіберілмейді;»;
6) және 6-3) тармақшалар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған;»;
7) 12, 13 және 14-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.
Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтардың «А» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурстық іріктеуге қатысуға құқығы бар.
3. Өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін, өз өкілеттіктерін тоқтатқан Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердің, судьялардың «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына конкурстық іріктеуден тыс орналасуға құқығы бар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен кадр резервіне іріктеуден және конкурстық іріктеуден өтпестен орналаса алады.
4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушілік белгілеуге жол берiлмейдi.
13-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай болуға:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиiстi лауазымдарға қатысты өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға тиіс.
Мемлекеттiк әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер адамдар мынадай талаптарға сай болуға:
1) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сай келуге;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған болуға тиіс.
2. Азамат мемлекеттiк қызметке кiру кезінде салық қызметi органдарына табыстары және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, салық салу объектілері болып табылатын мүлкi туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейiн жүзеге асырылады.
Мемлекеттік орган арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейiн азаматтарды мемлекеттік әкiмшiлiк лауазым көздейтін мiндеттердi уақытша атқару үшiн жұмысқа қабылдайды. Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi. Еңбек шарттары арнайы тексеруді жүргізу мерзіміне жасалады.
Арнайы тексеру жүргізу кезеңінде бұл адамдарға осы Заңның мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулер бөлігіндегі ережелері қолданылады. Бұл адамдардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
4. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындауы мүмкін.
5. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жүзеге асыратын лауазымдық өкілеттіктер ескеріле отырып, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде әзірленеді және оларды уәкілетті органның келісімімен мемлекеттік органдар бекітеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган бекітеді.
14-бап. Мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымға орналасуға арналған конкурс
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк қызметке тең қол жеткiзу құқығын қамтамасыз етедi.
«Б» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты мемлекеттік орган өткізеді.
Тестілеуден өту кезінде уәкілетті орган белгілейтін шекті мәндерден төмен емес баға алған азаматтардың конкурсқа қатысуға құқығы бар.
2. Конкурс орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде өткізілген кезде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
Конкурсты жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында, сондай-ақ уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері айқындаған мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметi) құрылған жағдайда, хабарландырулар ол құрылымына кіретін мемлекеттік органның интернет-ресурсында жарияланады.
3. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, онда осы шарт конкурсты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
4. Конкурсты өткізу және конкурстық комиссияны құру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурстық комиссия құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай конкурстық комиссия құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
6. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар.
7. Тағайындауға құқығы бар адам конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушыны «Б» корпусының жарияланған мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттiк қызметке кiру үшiн көзделген талаптар сақталуға тиiс.
8. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған, бiрақ ол мемлекеттiк қызметке ұсынған конкурсқа қатысушы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынуға құқылы.
Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған конкурсқа қатысушы өзі алынған күннен бастап бір жыл ішінде, біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, сол мемлекеттік органда «Б» корпусының тиісті мемлекеттік әкімшілік лауазымына қосымша конкурстан өтпестен орналасуға құқылы.
9. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкін.
10. «А» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізудің ерекше тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.»;
8) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:
«15-1-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасу
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзі келiсiм берген, қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда және оның соңғы лауазымындағы қызметінің нәтижелері ескеріле отырып, ауысу тәртібімен орналасуға құқығы бар.
Ауысудың жүргізілу тәртібі уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде реттеледi.
Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде көзделген жағдайларда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен жүзеге асырылады.
2. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, мемлекеттік органның, оның ведомствосының ішінде, сондай-ақ олардың арасында жүзеге асырылады.
3. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына басқа мемлекеттік органдардан, олардың ведомстволарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен ауысу тәртібімен орналасу Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ережеде айқындалатын жағдайларда жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiлмейдi.»;
9) 16-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметін бағалау және оларды аттестаттау
1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысының тиімділігін және сапасын айқындау үшін олардың қызметін жыл сайынғы бағалауды жүргізеді.