1. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыратын тасымалдаушылар халықаралық талаптарға сай келетiн, өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi бар автокөлiк құралдарын пайдалануға тиiс.
Белгiленген талап тiркемелер мен жартылай тiркемелерге қолданылмайды.
2. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерi Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасында белгiленген жүргiзушiлердiң еңбегі мен тынығуы режимiн сақтауға мiндеттi.
3. Жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдаулар уәкілетті орган беретін рұқсат ету туралы куәліктің негізінде жүзеге асырылады. Тасымалдаушыға қойылатын талаптар Жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыруға автомобильмен тасымалдаушыларға рұқсат беру қағидасында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасында тіркелген, тез бұзылатын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарында халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган беретін Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасында белгіленген талаптарға олардың сәйкестігі туралы куәлік болуға тиіс.
6-тарау. Автомобиль көлігіндегі жауапкершілік
46-бап. Автокөлiк құралдарын жөнелтудi кiдiрткенi үшiн жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылардың жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша жауапкершiлiгi
1. Тиеуге немесе түсiруге берiлген автокөлiк құралдарының келісілген мерзiмнен тыс бос тұрғаны үшiн жүк жөнелтушi немесе жүк алушы, егер кiдiру өздерiнiң кiнәсiнен болса, тасымалдаушыға тараптардың келісімiмен (шартымен) көзделген айыппұл төлейдi, ал аталған келісім болмаған жағдайда - бос тұрған әрбір сағаты үшін:
1) жүк көтергiштiгi төрт тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он екi процентi мөлшерiнде;
2) жүк көтергiштiгi төрт тоннадан жетi тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он үш процентi мөлшерiнде;
3) жүк көтергiштiгi жетi тоннадан он тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он төрт процентi мөлшерiнде;
4) жүк көтергiштiгi он тоннадан астам автокөлiк құралы бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он бес процентi мөлшерiнде төлейдi.
2. Арнайы бейiмделген автокөлiк құралдарының бос тұруы кезiнде осы баптың 1-тармағында аталған айыппұл мөлшерi екi есе ұлғаяды.
Аталған айыппұлды жүк жөнелтушi немесе жүк қабылдаушы, өздерiнiң кінәсінен автокөлiк құралдары тасымалдаушының көлік жайында немесе жол үстiнде тұрып қалғаны үшiн де төлейдi.
3. Автокөлiк құралдарының тұрып қалғанына айыппұл есептеу үшiн тауар-көлiк жүкқұжатындағы және жолпарақтағы келу және кету уақыты туралы белгiлер, ал көлiкжайда тұрып қалғаны үшiн жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жүктi жөнелтуден немесе қабылдаудан бас тартуы негiз болып табылады.
4. Автомобиль тасымалдарына тыйым салынған жүктi немесе автомобиль тасымалдары кезiнде ерекше сақтық шараларын талап ететiн, атауы немесе өзiндiк ерекшелiгi толық көрсетiлмеген жүктi ұсынғаны үшiн, жүк жөнелтушi келтiрiлген шығындардан басқа, тасымалдаушыға шартта көрсетiлген тасымалдау ақысының бес есе мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
5. Жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылар жүктi тиеу және түсiру, дұрыс тиемеу, дұрыс буып-түймеу немесе дұрыс бекiтпеу кезiнде бұл операцияларды тасымалдаушы жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, автокөлiк құралдарына артық тиеу, олардың зақымдануы салдарынан тасымалдаушыға өздерiнiң кiнәсiнен келтiрген шығындарының орнын толтыруға мiндеттi.
Тауар-көлiк жүкқұжатында кедендiк, санитарлық және басқа да ережелердi орындау үшiн қажет тиiстi құжаттар қоса берiлмеуi салдарынан автокөлiк құралдары мен контейнерлердiң кiдiртiлгенi үшiн жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдаушыға осы баптың 1 және 2-тармақтарында және осы Заңның 49-бабында белгiленген мөлшерде айыппұл төлейдi.
47-бап. Жолаушыны және багажды жөнелтудiң кiдiртiлгенi немесе межелi пунктке кешiгiп жеткенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушы тасымалдайтын автокөлiк құралының кiдiргенi немесе мұндай автокөлiк құралының межелi пунктке (қалалық, қала маңындағы, ауданішілік және ауылдық қатынастар тасымалын қоспағанда) кешiккенi үшiн тасымалдаушы кешiккен әрбір сағат үшiн жолаушыға жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, егер кiдiру немесе кешiгу еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, келтiрiлген зиянды да өтейдi. Бұл орайда айыппұл сомасы жолаушы сатып алған жол жүру құжатының (билетiнiң) құнынан аспауға тиiс.
2. Жөнелтудiң кiдiртiлуiне байланысты жолаушы автомобиль тасымалынан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға жол жүру ақысын толық мөлшерде қайтаруға, сондай-ақ мұндай кiдiрiске байланысты оның шеккен шығындарын өтеуге мiндеттi.
3. Тасымалдаушы багажды жеткізу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн багажды алушыға толық емес тәулiктi толық тәулiк деп есептей отырып, кешiктiрген әрбір тәулiкке багажды автомобильмен тасымалдау төлемақысының он процентi мөлшерiнде, бірақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Багажды жеткізу мерзiмiнiң өтуi багаж келуге тиiс күнтiзбелiк күнгi сағат жиырма төрттен бастап есептеледi. Багажды жеткізу мерзiмiнiң өтiп кеткенi үшiн айыппұлды тасымалдаушы жолаушының талабы бойынша жасалған акт негiзiнде багажды беру кезiнде төлейдi.
4. Тасымалдаушы багажды жөнелтушiден немесе алушыдан кiдiртуге байланысты туындайтын шығындарды, егер олар орын алған болса, өтеуге мiндеттi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қалааралық ауданаралық (облысішілік қалааралық) облысаралық және халықаралық маршруттарда автобусты, шағын автобусты жөнелту тасымалдаушының кiнәсiнен он сағатқа және одан да көп уақытқа кешiктiрiлген жағдайда тасымалдаушы жолаушыларға өз есебiнен қонақ үйден орын алып беруге және тамақпен қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жолаушының сұрауы бойынша автомобиль тасымалы мерзiмiнiң кешiгуi немесе рейстiң тоқтатылуы туралы оған ресми құжат берiледi немесе жүру құжатында (билетте) белгi соғылады.
7. Рейс тоқтатылған кезде, еңсерiлмейтiн күштiң әсер ету жағдайларын қоспағанда, тасымалдаушы жолаушының таңдауы бойынша жолаушыны жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген межелi пунктке дейiн жуық арада жүретiн рейспен жөнелтудi қамтамасыз етуге немесе жолаушыға жол жүру құжатының (билеттiң) екi еселенген құнын қайтарып беруге мiндеттi.
48-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша автокөлiк құралдарының берiлмеуi және пайдаланылмауы үшiн жауапкершiлiк
1. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы автокөлiк құралдарын жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша, автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде бермегенi үшiн, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) автокөлiк құралын бермеген әрбір жағдай үшiн, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
2. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы пайдаланылуы уақытша тариф бойынша төленетiн, автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде автокөлiк құралдарын бермеген кезде, тасымалдаушы жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) автомобильмен тасымалдау шартында көрсетiлген пайдалану уақытын ескере отырып, автокөлiк құралдарын пайдалану құнының қырық процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
3. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi (жүк алушы) жүктердi автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде автокөлiк құралдарын толық немесе iшiнара пайдаланудан бас тартқан кезде, ол тасымалдаушыға автокөлiк құралын пайдаланудан бас тартқан әр жағдай үшiн он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде немесе жұмысы уақытша тариф бойынша төленетiн автокөлiк құралдарын пайдаланудан бас тартқан кезде, автомобильмен тасымалдау шартында көрсетiлген пайдалану уақытын негiзге алып, автокөлiк құралдарын пайдалану құнының қырық процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
49-бап. Контейнерлердiң берiлмегенi және пайдаланылмағаны үшiн жауапкершiлiк
Тасымалдаушының контейнерлердi жүк жөнелтушiге бермегенi үшiн, ал жүк жөнелтушi контейнерлердi пайдаланбағаны үшiн тасымалдаушыға тараптардың келісімiнде көзделген мөлшерде, кiдiртiлген әрбір сағат үшiн, ал аталған келісімдер болмаған жағдайда:
1) жалпы салмағы бес тоннадан кем контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң он бес процентi;
2) жалпы салмағы бес тоннадан он тоннаға дейiнгi контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң отыз процентi;
3) жалпы салмағы он тоннадан асатын контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң алпыс процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
50-бап. Жүк жөнелтушiнiң құжаттарды уақтылы бермегенi үшiн жауапкершiлiгi
Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау үшiн қажеттi құжаттардың уақтылы берiлмеуi салдарынан келтiрiлген шығындар үшiн, сондай-ақ ол тауар-көлiк жүкқұжатында көрсеткен мәлiметтердiң дұрыс еместiгi, дәл еместiгi немесе толық еместiгi үшiн тасымалдаушының алдында жауапты болады.
51-бап. Тасымалдаушының жүктiң немесе багаждың жоғалғаны, жетiспегенi және зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi немесе багажды тасымалдауға қабылдап алған кезден бастап - алушыға, оған уәкiлеттi адамға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Тасымалдаушы, егер жүктiң немесе багаждың жоғалғаны, жетiспегенi немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жүктiң немесе багаждың жоғалғаны үшiн жауап бередi.
3. Жүктi немесе багажды тасымалдау кезiнде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде өтеледi.
4. Тасымалдаушы анықталған зиянды өтеумен қоса жөнелтушiге (алушыға) жоғалған, жетiспеген, бүлiнген немесе бұзылған жүк пен багажды тасымалдағаны үшiн өндiрiп алынған тасымалдау төлемақысын, егер бұл ақы жүктiң құнына кiрмесе, қайтарады.
52-бап. Жүктердi жеткізу мерзiмдерiнiң бұзылғаны үшiн жауаптылық
Жүктердi жеткізу, оның iшiнде автомобиль жолдары бойынша жолдың бір бөлiгiнде тiкелей аралас қатынаста жүктердi жеткізу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн тасымалдаушы, егер кешiктiру өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) кешiктiрiлген әрбір тәулiкке тасымалдау төлемақысының бес процентi мөлшерiнде, бірақ тасымалдау төлемақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
53-бап. Жауаптылықтан босату
1. Тасымалдаушының кiнәсi дәлелденген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушы қол жүгi ретiнде жолаушы өзiмен бірге алып жүрген багаждың сақталуына жауапты болмайды.
2. Егер жүктi автомобильмен тасымалдау туралы шартта өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi, жүк алушы апат немесе еңсерiлмейтiн күш салдарынан тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда жауаптылықтан босатылады.
54-бап. Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 54-1-баппен толықтырылды
54-1-бап. Өтпелі ережелер
Осы Заңның 1-бабының 2) және 9) тармақшаларында белгіленген автовокзалдар мен автостанциялардың аумағының алаңына қойылатын талаптар 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін пайдалануға қабылданған автовокзалдар мен автостанцияларға қолданылмайды.
55-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-баптың 3) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының