12-бап. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметке кіру құқығы
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.
Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуы ол тиісті бос тұрған лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, мемлекеттік қызметшінің және уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен конкурстық іріктеусіз ауысу тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшіге әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған жағдайда, ауыстыру тәртібімен мемлекеттік әкiмшiлiк қызметке орналасуына жол берiлмейдi.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Өз өкiлеттiгiн доғарған, терiс себептермен доғарғандарын қоспағанда, өз өкiлеттiгiн кемiнде алты ай орындаған және қойылатын біліктілік талаптарына сай келетiн Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттік саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға конкурстық iрiктеусiз орналасу құқығы бар. Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттік саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналасу тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
4. Мемлекеттік қызметке кіру кезiнде жынысына, нәсiлiне, қай ұлтқа жататынына, тіліне, әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге қатынасына, сенімiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына және кез келген өзге де мән-жайларға қарай қандай да болсын тiкелей немесе жанама шектеулер белгілеуге жол берiлмейдi.
5. Осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, конкурстық iрiктеуден өтпеген азаматтарды мемлекеттік әкiмшiлiк қызметке қабылдаған лауазымды адам осы Заңның 28-бабында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 13-бап толықтырылды (бұрынғы ред. қара)
13-бап. Мемлекеттік қызметке кіру кезiнде қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;
2) егер Республиканың заңдарында тиiстi лауазымдар жөнiнде өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға;
3) қажеттi білімi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Азамат мемлекеттік қызметке кiрген кезде салық қызметi органдарына өзi алған табысы мен өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, салық салу объектiсi болып табылатын мүлкi туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналасу азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік саяси қызметке кіру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
5. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік органдар лауазымдар санаттарына қойылатын үлгі біліктілік талаптары негізінде әзірлейді және бекітеді.
ҚР 04.06.01 ж. № 204-II; 11.03.03 ж. № 393-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07 № 75-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 14- бап өзгертілді
14-бап. Мемлекеттік әкiмшілiк лауазымға орналасуға арналған конкурс
1. Мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурсты өткізудiң шарттары мен тәртібін, оның iшiнде конкурстық комиссия құру тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Конкурсты бос лауазымдар бар мемлекеттік орган не Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша уәкілетті орган конкурс өткізу туралы мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жарияланғаннан кейін өткізеді.
Конкурс орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінде және ведомостволарда өткізілген кезде хабарландырулар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады. Жергілікті мемлекеттік органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
3-1. Егер конкурс белгілі бір жұмыс мерзімімен бос тұрған орынға өткізілетін болса, онда жасалғалы отырған еңбек шартының жағдайы конкурсты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
4. Конкурсқа Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының қатысуға құқығы бар.
5. алып тасталды
6. Конкурстық комиссияның шешiмi мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналасуға не мұндай лауазымға кіруге бас тартылуға негiз болып табылады.
7. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылардың мемлекеттік әкiмшілiк лауазымға орналасуға құқығы бар.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Тағайындауға құқығы бар адам жарияланған лауазымға конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушыны қабылдауға мiндеттi. Бұл орайда мемлекеттік қызметке кіру үшiн заңдарда көзделген талаптар сақталуға тиiс.
9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған, бiрақ ол мемлекеттік қызмет үшiн ұсынған конкурсқа қатысушылар уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi құратын кадрлар резервiне тiркелуi мүмкiн.
10. Кадрлар резервiне тiркелген конкурсқа қатысушылар оларды тiркеу күнiнен бастап бiр жыл iшiнде қосымша конкурстан өтпестен тиiстi мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға орналаса алады.
11. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
4-тарау. Мемлекеттік қызмет өткеру және қызметтік мансап
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07 № 75-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 15- бап өзгертілді
15-бап. Мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға кіру кезіндегі сынақ
1. Мемлекеттік әкiмшілік қызметке алғаш рет немесе қызметiн тоқтатқаннан кейiн жаңадан қабылданған, сондай-ақ жоғары дәрежелi санаттағы мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға қабылданған азамат үшiн үш айға дейiнгi мерзiмге сынақ белгіленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшi дәлелдi себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
3. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшi сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсе отырып, сынақ, мерзiмiнен өтпеген адам ретiнде жұмыстан шығарылуы мүмкiн.
4. Егер сынақ мерзiмi өтiп, мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшi мемлекеттік қызметтi жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып саналады және сынақ мерзiмi мемлекеттік қызмет стажына есептеледi. Одан кейiнгi жұмыстан босатуға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша ғана жол берiледi.
2005.08.07 № 75-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 16- бап өзгертілді
16-бап. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттау
Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлер олардың кәсiби даярлығы, құқықтық мәдениетi, азаматтармен жұмыс iстеу қабiлетi деңгейiн анықтау мақсатында аттестаттаудан өтедi. Мемлекеттік органдарда кемiнде 20 жыл жұмыс стажы бар мемлекеттік әкiмшілік қызметшiлер тестiлеуге жатпайды. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттауды жүргiзудiң тәртібі мен талаптарын уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Республика Президентi бекiтедi.
17-бап. Жұмыс уақыты
1. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес белгiленедi.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тұтас алғанда мемлекеттік органның немесе оның жекелеген бөлiмшелерiнiң қалыпты (үздiксiз) жұмысы әрi қарай жедел атқарылуына байланысты болатын шұғыл және күнi бұрын болжанбаған жұмысты орындау үшiн орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның жазбаша өкімі бойынша жұмысы Республиканың еңбек заңдарына сәйкес өтелетiн, демалыс және мереке күндерi қызметке келуге мiндеттi жекелеген мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлер тартылуы мүмкiн.
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 18-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
18-бап. Iссапарлар кезіндегі кепiлдiктер мен өтемақылар
1. Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының үкіметі белгiлейтiн тәртiппен қызметтiк, оның iшiнде шет мемлекеттерге, iссапарларға арналған шығындары өтеледi.
Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, көздеген жерiне барып-қайту жөніндегі шығындарға, тұрғын үй-жай жалдау жөніндегі шығындарға кепiлдiктер мен құқығы тиесiлi болады.
2. Iссапарға жiберiлген мемлекеттік қызметшілердiң iссапардың бүкiл уақыты бойы жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.
2005.08.07 № 75-III ҚР Заңымен 18-1- баппен толықтырылды
18-1-бап. Ротация
Мемлекеттік қызметте мемлекеттік саяси қызметшiлердi ротациялау жүзеге асырылуы мүмкiн. Мемлекеттік саяси қызметшiлердi ротациялаудың тәртібі мен шарттарын уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 18-2-баппен толықтырылды
18-2 бап. Мүдделер қақтығысы
1. Егер мүдделер қақтығысы бар болса, мемлекеттік қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Мемлекеттік қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдауға тиiс.
3. Туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте мемлекеттік қызметшi өзiнiң тiкелей басшысына немесе мемлекеттік органның басшылығына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Тiкелей басшысы немесе мемлекеттік органның басшылығы мемлекеттік қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде, мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға, оның iшiнде:
1) оған байланысты мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттік қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруды басқа адамға тапсыруға;
2) мемлекеттік қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік қызметшiнiң келісімi бойынша оны басқа лауазымға ауыстыруға тиiс.
4. Мемлекеттік қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттік органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 19-бап толықтырылды (бұрынғы ред. қара)
19-бап. Мемлекеттік қызмет өткерудiң өзге де мәселелерi
Мемлекеттік қызметтен өтудiң осы Заңмен реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібi туралы ережемен реттеледi.
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 20-бап толықтырылды (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07 № 75-III ҚР Заңымен 20- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20-бап. Мемлекеттік қызметтің кадрлар резервi
1. Мемлекеттік саяси және әкiмшiлiк лауазымдарға орналасу үшiн мемлекеттік қызметтiң кадрлар резервi қалыптастырылады.
2. Кадрлар резервiн қалыптастыру және олармен жұмысты ұйымдастыру тәртібі уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттік қызметтiң кадрлар резервi туралы ережемен реттеледi.
5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді қамсыздандыру
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 21-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
21-бап. Мемлекеттік қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу
1. Мемлекеттік қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдарды біліктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.
2. Мемлекеттік саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаржылары есебiнен не Ұлттық Банк қаржысынан төленедi.
Бюджет қаржысының қысқаруы жалақыны, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi және өтемақыларды қаржыландыруды азайту үшiн негiз бола алмайды.
4. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 22-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
22-бап. Мемлекеттік қызметшiлердiң демалысы
1. Мемлекеттік қызметшiлерге сауықтыру үшiн екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күнге ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiледi.
2. Мемлекеттік қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн демалыс оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттік қызметшiге жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік қызметшiлер мемлекеттік орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттік қызметшiге тиiстi жылдың басқа кез келген уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.
5. Мемлекеттік әкімшілік қызметші ауыстырылған жағдайда не мемлекеттік саяси кызметшінің басқа мемлекеттік лауазымға тағайындалуына байланысты, егер мемлекеттік қызметші бұрынғы жұмыс орнында демалысын пайдаланбаған болса, жаңа жұмыс орнындағы ақы төленетін жыл сайынғы демалысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін берілуі мүмкін.
23-бап. Мемлекеттік қызметшiлердi көтермелеу
1. Мемлекеттік қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттік қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн:
1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықтармен марапаттау;
4) сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандары арқылы көтермеленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттік қызметшiлер ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталады.
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен 24-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
24-бап. Мемлекеттік қызметшiлердi әлеуметтiк қорғау шаралары
1. Мемлекеттік қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.
2. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру шарттарын Республика Үкіметі белгiлейдi.
3. Мемлекеттік қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.
4. Мемлекеттік орган таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жаңадан құрылған не басқа мемлекеттік органда өздерінің біліктілігіне сай жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік әкімшілік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады. Бұл орайда мемлекеттік органдарда кемінде үш жыл жұмыс стажы бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік органның штаты (саны) қысқарған жағдайда мемлекеттік қызметшiге мемлекеттік органдардағы жұмыс стажы үш жылдан кем болмаған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде шығу жәрдемақысын төлеу жүргiзiледi.
5. Мемлекеттік қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттік органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл орайда жәрдемақының мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгеннен төмен болмауы керек.
25-бап. Мемлекеттік қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру
Мемлекеттік қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы
ҚР 11.03.03 ж. № 393-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.29.11. № 502-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 26-бап өзгертілді
26-бап. Мемлекеттік саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен босатылуы
1. Отставка дегенiмiз мемлекеттік саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттік лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша арызы негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Отставканы мемлекеттік саяси қызметшiнi осы лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттік орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан дәлелдi бас тартылады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тартылу туралы шешiм жазбаша арыз берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Саяси қызметшi отставкадан бас тартылған жағдайда қызметтiк өкілеттiгiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қызметтен босауға құқығы бар.
3. Мемлекеттік саяси қызметшiлер Конституцияда, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша отставкаға шығады.
4. Лауазымдық өкiлеттiгiн өрескел бұзу, мемлекеттік қызметте болуға лайықсыз қылықтар жасау мемлекеттік саяси қызметшiнiң отставкаға шығуы үшiн негiз бола алмайды, қайта жұмыстан босату үшiн негiз болады. Мемлекеттік саяси қызметшiлердi қызметтен босатудың негiздерi мен тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметті тоқтатуы үшін:
сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн бұрын жұмыстан босатылған адамды, сондай-ақ ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік қызметке қабылдауы;
ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы оған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот тоқтатқан не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шектегі мерзімі өткенге дейін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан қылмыстық қудалау органы бас тартқан адамды мемлекеттік қызметке қабылдауы негiз болып табылады.
5. Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында аталған лауазымды адамдар отставкаға шығу құқығы бар лауазымды адамдар және отставкаға шығуға мiндеттi лауазымды адамдар болып табылады.
11.03.03 ж. № 393-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07 № 75-III (бұр. ред. қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 27-бап өзгертілді; 2011.29.11. № 502-ІV ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
27-бап. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттік қызметтi тоқтатуының негiздерi
1. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттік қызметтi тоқтатуы үшiн:
1) олардың өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы арыз беруi;
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1) тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартын жасасу жолымен олардың мемлекеттік қызметте болу мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы;
2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша еңбек шарттың бұзылуы;
3) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi;
4) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;
5) меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенім бiлдiрiлген басқаруға бермеуi;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;
7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауы;
7-1) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуi;
2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен 7-2) тармақшамен толықтырылды
7-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн бұрын жұмыстан босатылған адамды, сондай-ақ ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке қабылдауы;
ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы оған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот тоқтатқан не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шектегі мерзімі өткенге дейін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан қылмыстық қудалау органы бас тартқан адамды мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылдауы;
2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен 7-3) тармақшамен толықтырылды
7-3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатуы, сондай-ақ ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы қылмыстық істі қылмыстық қудалау органының немесе соттың тоқтатуы не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шектегі мерзімі өткенге дейін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан қылмыстық қудалау органының бас тартуы;
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 7-4) тармақшамен толықтырылды
7-4) мемлекеттік қызметке кіру кезiнде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болуы мүмкiн көрiнеу жалған құжаттар мен мәлiметтердi беруі;
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 7-5) тармақшамен толықтырылды
7-5) мемлекеттік лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымды конкурстан тыс атқаруы;
9) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталу нысанасына арнайы тексерудiң терiс нәтижелерi;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздемелер негіз болып табылады.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 7), 7-1), 7-2), 7-3), 7-4) тармақшаларына сәйкес жұмыстан босатылған адамдар терiс себептермен босатылған болып танылады.
2. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердi босатуды мемлекеттік органның мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
3. Қызметтен заңсыз босатылған жағдайда мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiнiң уәкiлеттi органға шағымдануға, сондай-ақ өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.