2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ.
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ НЕГІЗДЕРІ
19-бап. Еңбек қатынастарының субъектілері
1. Қызметкер мен жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып табылады.
Шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін орындайды.
2. Жеке және заңды тұлғалар нормативтік құқықтық актілер, сот шешімдері, сондай-ақ құрылтай құжаттары не сенімхат негізінде өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде қызметкерлердің немесе жұмыс берушінің мүдделерін білдіреді.
20-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары қызметкер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалған еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасау алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) заңда уәкілеттік берілген органдардың белгіленген квота есебіне жұмысқа жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
21-бап. Белгіленген квота есебіне жіберілген азаматтармен еңбек шартын жасасу
1. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді.
2. Жұмысқа орналасу үшін жіберілген адамдардың біліктілігі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келген жағдайда, жұмыс берушілер белгіленген квота шегінде олармен еңбек шартын жасасады.
22-бап. Қызметкердің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Қызметкердің:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
2) жұмыс берушіден еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын орындауды талап етуге;
3) еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
4) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және дәйекті ақпарат алуға;
5) еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне;
6) бос тұрып қалу үшін осы Кодекске сәйкес ақы алуға;
7) тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өз еңбек құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін, кәсіподақ немесе басқа да бірлестіктер құру, сондай-ақ оларға мүшелік құқығын қоса алғанда, бірігуге;
9) өзінің өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге қатысуға және ұжымдық шарт жобасын әзірлеуге, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға;
10) осы Кодексте көзделген тәртіппен кәсіптік даярлықтан, қайта даярлықтан өтуге және өзінің біліктілігін арттыруға;
11) еңбек міндеттерін атқаруға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда міндетті әлеуметтік сақтандырылуға;
13) кепілдіктерге және өтемақы төлемдеріне;
14) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;
15) бірдей еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз бірдей ақы алуға;
16) еңбек дауын шешу үшін таңдауы бойынша келісім комиссиясына, сотқа жүгінуге;
17) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;
18) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасында, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген талаптарға сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге;
19) өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшы немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
20) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуі себепті ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының сақталуына;
21) еңбек жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне өзінің жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын тексеру туралы өтініш жасауға, сондай-ақ еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеру мен қарауға өкілдікпен қатысуға;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 22) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
22) жұмыс берушінің еңбек және сонымен тікелей байланысты қатынастар саласындағы іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
23) біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
24) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ұжымдық шартта көзделген нысандарда ұйымды басқаруға қатысуға;
25) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге құқығы бар.
2. Қызметкер:
1) еңбек міндеттерін еңбек шартына, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға;
2) еңбек тәртібін сақтауға;
3) жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі мен өндірістік санитария жөніндегі талаптарды сақтауға;
4) жұмыс берушінің және қызметкерлердің мүлкіне ұқыпты қарауға;
5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен қызметкерлер мүлкінің сақталуына қауіп төндіретін ахуал туындағаны, сондай-ақ бос тұрып қалу туындағаны туралы жұмыс берушіге хабарлауға;
6) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияны, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
7) жұмыс берушіге келтірілген зиянды осы Кодексте белгіленген шектерде өтеуге міндетті.
3. Қызметкердің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
23-бап. Жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыс берушінің:
1) жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне;
2) қызметкерлермен еңбек шартын осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
3) өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға құқығы бар.
Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты актілер шығару осы Кодекстің 48-бабына сәйкес жүзеге асырылады;
4) өз құқықтары мен мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау мақсатында бірлестіктер құруға және оларға кіруге;
5) қызметкерлерден еңбек шарты, ұжымдық шарт талаптарының, еңбек тәртіптемесі ережелерінің және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен қызметкерлерді көтермелеуге, оларға тәртіптік жаза қолдануға, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тартуға;
7) еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкердің келтірген зиянын өтетуге;
8) еңбек саласындағы өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгінуге;
9) қызметкерге сынақ мерзімін белгілеуге;
10) егер жеке еңбек шартының талаптарында ескертілген болса, қызметкерді оқытуға байланысты өз шығындарын өтетуге құқығы бар.
2. Жұмыс беруші:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық шарттың, еңбек шартының, өздері шығарған актілердің талаптарын сақтауға;
2) жұмысқа қабылдаған кезде осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда қызметкерлермен еңбек шарттарын жасасуға;
3) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға;
4) қызметкерге еңбек шартында келісілген жұмысты беруге;
5) қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек тәртібі қағидаларымен және жұмыс берушінің қызметкердің жұмысына (еңбек функциясына) тікелей қатысы бар өзге де актілерімен және ұжымдық шартпен таныстыруға;
7) қызметкерлердің өкілдеріне ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шарттар жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау үшін қажетті толық және дәйекті ақпарат беруге;
8) қызметкерлер өкілдерінің ұсыныстарын қарауға, ұжымдық келіссөздер жүргізуге және осы Кодексте белгіленген тәртіппен ұжымдық шарт жасасуға;
9) қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек шартына, ұжымдық шартқа сәйкес еңбек жағдайларымен қамтамасыз етуге;
10) қызметкерлерді жабдықпен, құралдармен, техникалық құжаттамамен және еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге;
11) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындауға;
12) егер жұмысты жалғастыру қызметкердің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтата тұруға;
13) қызметкерлерді міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыруға;
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
14) қызметкер еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға;
15) қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге;
16) қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаны ұстап қалу мен аудару туралы деректердің сақталуын және мемлекеттік мұрағатқа тапсырылуын қамтамасыз етуге;
17) қызметкерге зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыс жағдайлары мен кәсіптік аурудың болу мүмкіндігі туралы ескертуге;
18) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде қауіп-қатерді болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып профилактикалық жұмыстар жүргізуге;
19) жұмыс уақытының, оның ішінде әрбір қызметкер орындайтын үстеме жұмыстардың, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың нақты есебін жүргізуге;
20) қызметкерлердің кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан өтуін және олардың біліктілігін арттыруды осы Кодекске сәйкес қамтамасыз етуге;
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) қызметкердiң еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындау кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуге;
22) еңбек жөніндегі уәкілетті органның және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын, қызметкерлер өкілдерін, еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларды ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігінің, еңбек жағдайы және еңбекті қорғаудың жай-күйін және Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасының сақталуын, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиға мен кәсіптік ауруларды тексеру үшін кедергісіз жіберуге;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 23) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
23) жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодекстің 31-бабына сәйкес еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттарды талап етуге;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 24) тармақшамен толықтырылды
24) жұмыс беруші айқындайтын, он сегіз жасқа дейінгі қызметкерлердің тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және туған күні көрсетілетін тізілімдердің немесе басқа да құжаттардың жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жұмыс берушінің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
2-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ
4-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ
24-бап. Еңбек шартының нысанасы
Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмысты (еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртіптемесін сақтайды, ал жұмыс беруші еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген жалақыны уақтылы және толық көлемінде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге асырады.
25-бап. Еңбек шартын жасасу кезіндегі құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің кепілдіктері
1. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салынады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілік, үш жасқа дейінгі балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектей алмайды.
Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген адамдар санатының талабы бойынша жұмыс беруші бас тарту себебін жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
3. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің бұзылу фактісі анықталған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
26-бап. Еңбек шартын жасасуға қойылатын шектеулер
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек шартын:
1) медициналық қорытынды негізінде адамның денсаулық жағдайы бойынша қайшы келетін жұмысты орындауға;
2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкердің толық материалдық жауапкершілігі көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;
3) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес белгілі бір лауазымға тұру немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айырылған азаматтармен;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға не шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға жергiлiктi атқарушы органның рұқсатын алғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi немесе алып тастауларды сақтамай, Қазақстан Республикасы аумағында уақытша тұратын шетелдiктермен және азаматтығы жоқ адамдармен.
5) білім беру ұйымынан оқу нысаны көрсетілген немесе қабылдайтын ұйымнан кәсіптік даярлаудан және (немесе) тағылымдамадан өтуі туралы анықтамаларды және білім алу мақсатында болуға арналған рұқсатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдік студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен;
6) отбасына қосылу мақсатында Қазақстан Республикасына келуге және онда болуға арналған рұқсатты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен танылатын, Қазақстан Республикасының азаматымен некеде тұрғанын растайтын құжатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берілмейді.
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды
2. Адамға мемлекеттік қызметін тоқтатқаннан кейін бір жыл бойы коммерциялық ұйымға жұмысқа орналасуға, егер мемлекеттік функцияларды орындау кезеңінде аталған адам өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коммерциялық ұйымның қызметін тексеру нысанында бақылауды тікелей жүзеге асырған болса не осы коммерциялық ұйымның қызметі өзінің құзыретіне сәйкес аталған адаммен байланысты болса, жол берілмейді.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағаны: кісі өлтіргені, денсаулығына қасақана зиян келтіргені, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар немесе соттылығы болған адамдар жіберілмейді.
27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі
Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы:
1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;
2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы;
3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі болып табылады.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші-жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын мекенжайы және тұратын жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
жұмыс беруші-заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жері, жұмыс беруші-заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын жерінің мекенжайы және тұратын жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі және салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке коды;
2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың атқарылатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі;
13) сақтандыру жөніндегі талаптар;
14) тараптардың жауапкершілігі;
15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Тараптардың деректемелері өзгерген кезде еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі.
2. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
29-бап. Еңбек шартының мерзімі
1. Еңбек шарты:
1) белгіленбеген мерзімге;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Еңбек шартының мерзімі ұзартылған кезде, ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге шарт жасасқан қызметкермен еңбек шарты, ол атқаратын еңбек функциясы бойынша қайтадан жасалған жағдайда, ол да белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
Осы тармақтың 2) тармақшасының екінші және үшінші бөліктерінің ережесі еңбек қызметін шетелдік жұмысшы күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде жүзеге асыратын тұлғаларға қолданылмайды.
Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгілі бір мерзімге жасауға тыйым салынады.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі;
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына жасалуы мүмкін.
2. Жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген мерзімге жасалады. Мұндай шартқа осы баптың 3-тармағында белгіленген ережелер қолданылмайды.
3. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, онда шарт белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
30-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері
1. Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
2. Ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершілік тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін, осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.
31-бап. Еңбек шартын жасасуға қажетті құжаттар
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек шартын жасау үшін мынадай құжаттар:
1) жеке куәлiгi немесе паспорты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн туу туралы куәлiгi) қажет.
Оралмандар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдары берген оралман куәлігін ұсынады;
2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін);
3) тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;
4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшін);
5) әскери есеп құжаты (әскери міндеттілер мен әскери қызметке шақырылуға жататын адамдар үшін);
6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін);
7) салық төлеушінің тіркеу нөмірін және әлеуметтік жеке код беру туралы куәліктердің көшірмелері;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 9 тармақшамен толықтырылды
9) кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасқан кезде соттылығының бар не жоқ екендігі туралы анықтама қажет.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жұмыс беруші, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.
3. Қызметкердің келісімімен құжаттардың түпнұсқалары жұмыс берушіде сақталған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша міндеттеме береді.