Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссиялар осы баптың 2-тармағында айқындалған функцияларды жүзеге асырады және осы баптың 3-тармағында айқындалған құқықтарға ие болады.
23-бап. Мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның міндеттері, функциялары және құқықтары
1. Мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның негізгі міндеттері:
1) осы Заңның және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару туралы өтініштерді қарау;
2) мемлекеттің басым құқығын іске асыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу.
2. Мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның функцияларына:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау;
2) тұлғалардың жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғалардағы өздеріне тиесілі қатысу үлестерін (акциялар пакеттерін) иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау;
3) егер осы заңды тұлғалардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, тұлғалардың шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғалардағы өздеріне тиесілі қатысу үлестерін (акциялар пакеттерін) иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау;
4) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты иеліктен шығарылатын объектіні мемлекеттің сатып алуы туралы не сатып алудан бас тартуы туралы ұсыныстарды әзірлеу, негіздеу және құзыретті органға енгізу кіреді.
3. Мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның:
1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуға;
2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың өкілдерін және азаматтарды өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстарға шақыруға және тыңдауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан және азаматтардан өз функцияларын жүзеге асыруға қажетті материалдарды сұратуға және алуға құқығы бар.
24-бап. Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның және кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссиялардың міндеттері, функциялары мен құқықтары
1. Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның негізгі міндеті осы баптың 2-тармағында көрсетілген, кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығының (оның бір бөлігінің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің айналымымен байланысты мәселелер бойынша құзыретті органға ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның функцияларына:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) иеліктен шығаруға;
2) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығаруға;
3) жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін), жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғалардағы қатысу үлестерін (акциялар пакеттерін) кепілге беруге;
4) осындай жер қойнауын пайдалану құқығынан (оның бір бөлігінен), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерден ақы өндіріп алу жағдайларында, оның ішінде кепілге салу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі жария сауда-саттыққа қатысуға;
5) банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру кезінде құрамына жер қойнауын пайдалану құқығы (оның бір бөлігі), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер кіретін конкурстық массаны өткізу (сату) жөніндегі жария сауда-саттыққа қатысуға;
6) кепілге салынған жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін), жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесін (акциялар пакетін) өткізу жөніндегі сауда-саттық өткізілмеді деп жарияланған жағдайда кепіл ұстаушының кепілге салынған жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін), жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесін (акциялар пакетін) сатып алуға;
7) бір немесе бірнеше қатысушылардың қосымша салымдар енгізуі жолымен, сондай-ақ заңды тұлғаның қатысушылары құрамына жаңа қатысушыны қабылдау жолымен жарғылық капиталды ұлғайту нәтижесінде жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы үлеске құқықты сатып алуға;
8) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның, сондай-ақ егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның акцияларын немесе акцияларға меншік құқығын растайтын өзге де бағалы қағаздарды не акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы айналымға бастапқы шығаруға, оның ішінде қосымша эмиссия шеңберінде шығарылған осындай бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында бастапқы орналастыруға;
9) жұмыс бағдарламасы, келісімшарт бойынша міндеттемелердің өзгеруі;
10) келісімшарттардың қолданылу мерзімдерін ұзартуға арналған өтініштерді қарау, оларға рұқсат беру (беруден бас тарту) туралы ұсыныстарды әзірлеу, негіздеу және құзыретті органға енгізу кіреді.
Құзыретті органның тапсырмасы бойынша жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссия жер қойнауын пайдалануға байланысты өзге де мәселелерді қарайды және олар бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, құзыретті органға енгізеді.
3. Жер қойнауын пайдалану және олармен байланысты құқықтар мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның:
1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуға;
2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың өкілдерін және азаматтарды өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстарға шақыруға және тыңдауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан өз функцияларын жүзеге асыруға қажетті материалдарды сұратуға және алуға құқығы бар.
4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссиялардың негізгі міндеті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына осы баптың 2-тармағында көрсетілген, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғалардағы қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) айналымына байланысты мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссиялар осы баптың 2-тармағында айқындалған функцияларды жүзеге асырады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органдарының тапсырмасы бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссиялар кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдаланумен байланысты өзге де мәселелерді қарауға, олар бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына енгізуге құқылы.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссиялар осы баптың 3-тармағында айқындалған құқықтарға ие болады.
25-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) жер қойнауының қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды ағызудың мемлекеттік кадастрын жүргізеді;
3) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып, жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшерін айқындайды;
4) келісімшарттық аумақта немесе одан тысқары жерде барлаумен немесе өндірумен байланысты емес және радиоактивті қалдықтарды, зиянды заттарды көмуге және сарқынды суларға арналған жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға рұқсаттар беруді келіседі;
5) мұнай операцияларын жүргізу, мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану кезінде аварияларды және өзге де қауіпті жағдайларды болдырмау жөніндегі іс-шаралар бағдарламаларын келіседі;
6) жер қойнауын пайдалану объектілерін консервациялау мен жоюға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
7) барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар жобаларына экологиялық сараптаманы жүзеге асырады;
8) құрамында кең таралған пайдалы қазбалар бар жер қойнауы учаскелерін қоспағанда, конкурсқа шығаруға жататын жер қойнауы учаскелері тізбелерінің жобаларын келіседі;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығына жазбаша рұқсат беруді келіседі;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
26-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де уәкілетті органдардың құзыреті
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) кадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу әдістемесін әзірлейді және құзыретті органның келісімі бойынша бекітеді;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың кадрлардағы жергілікті қамту бойынша, сондай-ақ кемсітпеушілік негізде қазақстандық кадрлардың еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеуді қамтамасыз ету бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындауының мониторингін жүзеге асыруға қатысады;
3) кадрлардағы жергілікті қамтудың ең аз санын есептеу тәртібін бекітеді;
4) құзыретті органмен келісілген тәртіппен оған жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс талаптарына енгізу үшін кадрлардағы ең аз жергілікті қамтуды ұсынады;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
2. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган:
1) қазақстандық мамандарды оқыту бойынша қажеттіліктің ең аз деңгейін есептеу әдістемесін әзірлейді және құзыретті органның келісімімен бекітеді;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық мамандарды оқыту бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындауының мониторингін жүзеге асыруға қатысады;
3) оқытуға жататын персоналдың жалпы санына пайызбен алғандағы қазақстандық кадрлардың ең аз санын есептеу тәртібін бекітеді;
4) құзыретті органмен келісілген тәртіппен оған жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс талаптарына қосу үшін оқытуға жататын персоналдың жалпы санына пайызбен алғандағы қазақстандық кадрлардың ең аз санын табыс етеді.
5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
27-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес келісімшартта айқындалған көлемде және мерзімге жер пайдалану құқығына жер учаскесін береді. Қажет болған жағдайда жер учаскесін аталған мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан алып қоюды жүргізеді;
2) өз құзыреті шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер және су учаскелерінің қорғалуын, жер қойнауын пайдаланушының экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын, археологиялық ескерткіштер мен басқа да тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
3) келісімшарт жасасу кезінде өңір халқының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерінің сақталумен байланысты мәселелерді шешу үшін жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздерге қатысады;
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту мен аумақтарды әлеуметтік дамыту, оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі бөлігінде жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындауының мониторингін жүзеге асыруға қатысады;
5) жер қойнауын пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар береді;
6) құрамында кең таралған пайдалы қазбалар бар, конкурсқа шығаруға жататын жер қойнауы учаскелерінің тізбесін бекітеді;
7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесін қалыптастыруды жүзеге асырады, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін қалыптастыру мен жүргізу мақсатында құзыретті органға тоқсан сайын ұсынылады;
8) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүргізуге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін конкурстарды дайындайды және ұйымдастырады;
9) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссиялардың құрамын бекітеді;
10) жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарттың талаптары туралы келіссөздер жүргізеді және жер қойнауын пайдаланушымен бірлесе отырып, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарт жобасын дайындайды;
11) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасын қоспағанда, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша келісімшарттық құжаттар жобаларының сараптамасын жүргізуді ұйымдастырады;
12) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды жасасады, тіркейді және сақтайды;
13) осы Заңның 37-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын табыс етуге арналған рұқсаттарды береді, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге салу жөніндегі мәмілелерді тіркейді;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығына рұқсат береді;
14) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың орындалуын және қолданылуының тоқтатылуын қамтамасыз етеді;
15) жер қойнауын пайдаланумен байланысты, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар объектілердің сақталуына жәрдемдеседі;
16) құзыретті және уәкілетті орталық атқарушы органдармен келісім бойынша жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілері мен жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған, айрықша экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінің тізбелерін бекітеді;
17) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге арналған келісімшарттардың қолданылуын жаңғырту туралы шешімдер қабылдайды;
18) кең таралған пайдалы қазбалар бойынша келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады;
19) Осы Заңда және Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жерді резервте ұстауды жүзеге асырады;
20) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ
28-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының түрлері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай операцияларды жүргізу:
1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу;
2) барлау;
3) өндіру;
4) бірлескен барлау мен өндіру;
5) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшін беріледі.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иеліктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтемді немесе өтеусіз болуы мүмкін.
3. Жер қойнауын пайдаланушыға жеке меншік немесе жер пайдалану құқығында тиесілі жер учаскелерінде кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру тұрақты және өтеусіз жер қойнауын пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың барлық қалған түрлері уақытша және өтемді жер қойнауын пайдалану негізінде жүзеге асырылады.
29-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері
1. Қазақстандық және шетелдік жеке және заңды тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері болуы мүмкін.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды және жерасты суларын өз мұқтажы үшін өндіруді жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушылар кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылуға тиіс.
3. Бір келісімшарт бойынша бірнеше тұлға жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері болуы мүмкін. Мұндай тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелері болып табылады және келісімшарт негізінде туындайтын міндеттемелер бойынша ортақ жауапкершілікте болады.
Жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелерінің құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына қатысты құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестерінің мөлшері келісімшартта айқындалады.
Жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелерінің құқықтары мен міндеттері және ортақ істерді жүргізу тәртібі келісімшартта, сондай-ақ бірлескен қызмет туралы шартта айқындалады. Бірлескен қызмет туралы шарттың ережелері келісімшарттың ережелеріне қайшы келмеуге тиіс.
Келісімшарт бойынша операторды құру немесе айқындау жағдайында жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелері бұл туралы құзыретті органға жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
Ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуы бар келісімшарттарда ұлттық компанияның оператордың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі кемінде елу пайызды құрауға тиіс.
Жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелері оператордың әрекеттері үшін мүліктік жауапкершілікте болады.
30-бап. Жер қойнауын пайдаланушы құқықтарының кепілдіктері
Жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтарының қорғалуына кепілдік беріледі. Келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушының кәсіпкерлік қызметінің нәтижелерін нашарлататын заңнама өзгерістері мен толықтырулары осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттарға қолданылмайды.
Осы бапта белгіленген кепілдіктер Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық салу және кедендік реттеу саласындағы заңнамасының өзгерістеріне қолданылмайды.
31-бап. Ұлттық компанияның функциялары
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес ұлттық компанияның функциялары:
1) жер қойнауын пайдалану саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және келісімшарттарда бекітілген өкілеттіктер шегінде ұлттық компанияның үлестік қатысуын көздейтін келісімшарттарда мемлекеттік мүдделерді білдіру;
3) конкурстың жеңімпаздарымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша келісімшарттарда үлестік қатысу жолымен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу;
4) тікелей келіссөздер негізінде берілген жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу;
5) жер қойнауын пайдалану және көмірсутек шикізатын тасымалдау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық және ішкі жобаларына қатысу;
6) Қазақстан Республикасының Президентіне және Үкіметіне келісімшарттардың орындалу барысы туралы жыл сайынғы есептерді дайындауға қатысу;
7) пайдалы қазбаларды барлау, игеру, өндіру, өңдеу, өткізу, көмірсутектерді тасымалдау, мұнай-газ құбырларын және мұнай-газ өнеркәсіптік инфрақұрылымын жобалау, салу, пайдалану мәселелері бойынша корпоративтік басқару мен мониторингті жүзеге асыру;
8) осы Заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес, иеліктен шығарушымен (иеліктен шығарушылармен) иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні сатып алу туралы келіссөздер жүргізу және келісімдер жасасу болып табылады.
2. Ұлттық компания жер қойнауын пайдаланушы болатын келісімшарттар бойынша барлауды қаржыландыруды, егер бірлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, оның стратегиялық әріптесі жүргізеді.
32-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері
1. Қазақстан Республикасы аумағының шекараларындағы жер қойнауы учаскелері мемлекеттік меншік болып табылады және осы Заңда белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін беріледі.
2. Жер қойнауы учаскесі айналым нысанасы бола алмайды.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңда айқындалған тәртіппен және талаптарда айналым объектісі болып табылады.
33-бап. Геологиялық және тау-кендік бөлулер
1. Барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған, сондай-ақ барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану құқығының иесі жер қойнауын пайдалану жөніндегі тиісті операцияларды геологиялық немесе тау-кендік бөлуге сәйкес айқындалған жер қойнауы учаскесі шегінде ғана жүргізуге құқылы.
2. Геологиялық бөлуді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурс жеңімпазы немесе осы Заңда көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс өткізбей-ақ берілген тұлға өтініш берген күннен бастап жиырма күн ішінде береді.
3. Тау-кендік бөлуді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурс жеңімпазына немесе осы Заңның 35-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс өткізбей-ақ берілетін тұлғаға аталған тұлға тау-кендік бөлу жобасын берген күннен бастап жиырма күннен кешіктірмей береді.